Тарих таңдауы
01.12.2017
1451
0

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты


1991 жыл…

Қара орман қазақ жұртының жадында айырықша оқиғалармен таңбаланып қалған тағдырлы жыл.

Тағылымды жыл.

Тарихи таңдау жасалған жыл!

Әлемнің «алтыншы империясы» күйреп, Кеңестер Одағы біржола ыдыраған жыл…

Араға жиырма жеті жыл салып, со бір зобалаңы мен қиындығы мол, ауыртпалығы мен тауқыметі шаштан асар өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарын еске алған сайын, арқамызды аяз қапқандай күй кешетініміз рас. Ойлап отырсақ, осы бір сұрақ-сауалы миллиондардың шашын ағартып, жанын жүдетіп, жүректерге әжім салған уақыт үзігі жалғыз Кеңестер Одағын ғана емес, күллі әлемді, барша адамзат баласының тағдырын жіп ұшына ілгені де шындық еді…

Қолында қас-қағым сәт ішінде дүниені тып-типыл жасап, жойып жіберетіндей аса қауіпті ядролық қарудың бай арсеналы бар алып ел жаралы жолбарыстай бүктетіліп, ашу шақыра, өз жарасын өзі жалап, өз тағдырымен өзі жанталасып жатты. Арғы-бергідегі жер үсті жылнамасына енген ұлы империялардай бұл империяның да тарих аренасынан кетуі аса жеңіл бола қойған жоқ. Кетіргісі келген күштер мен кетпеуге ұмтылған долы мінездің алыс-жұлысы ширығудың шегіне жетті. Әлемнің «алтыншы бөлігі» белгісіздік белдеуінің ұйығына бір батып, бір шығып, тұншығып жатты. Ұлт республикалары бірнен соң бірі тәуелсіздігін жәриялап, Орталық жанұшыра аласұрды. Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі әлемнің ара салмағын ұстап келген алпауыт күштердің тепе-теңдігі бұзылды. Ядролық қарудан сескеніп, алты құрлық Мәскеудің ашулы қабағы мен әр қимылын қалай бақса, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзімен айтқанда, «Қазақстанда орналасқан 104 дана СС-18 тұрақты қондырғылы ракета мен оқшантайындағы 1400 жебе хақында мәселе көтеріп…» солай алаңдаулы болды.

Жасыратыны жоқ, ұзақ уақыттар бойы әлемдік билікке таласқан екі елдің көкейі белгілі. Мәскеудің жағдайы әлгіндей… Ал АҚШ бұл мәселеде өз мақсаты мен өз ұстанымы барын әлем жақсы білді. Ол туралы ұлт лидерінің «Ғасырлар тоғысы» кітабында жан-жақты талданған. Түпкі мақсаты – Тәуелсіздікке туған жұртын өрісті, өркениетті жолмен қансыз, қапысыз жеткізуді ойлаған Қазақстан есімді жас елдің жалынды басшысы Кеңестер Одағы тұсындағы ел басқару ісінде жинаған «бес қаруын» – бай тәжірибесін, Алла Тағаладан бойына дарыған кенен кемеңгерлік мінезімен, терең парасат-пайымымен, ерен мәмілегерлік қарым-қабілетімен үйлестіре отырып, жаңа мемлекет құру ісін қолға алды.

Бәрі көз алдымызда өтіп жатты. Біз білетін, біз білмейтін жайлар қаншама?!

Сол біз білетін, жалпақ жұрт жақсы құлақтанған үш тарихи оқиға осы атаулы жылдың еншісіне кіргені белгілі.

Біріншісі – осы жылы мемлекет басшысының Жарлығымен Семей ядролық полигонының жабылуы. Бұл – шынайы тарихи ерлік еді!

Екіншісі – 1 желтоқсан күнгі өткен Қазақ Елінің тарихына нағыз демократиялық сипаттағы айырықша ұлы оқиға болып енген жалпыхалықтық алғашқы Президент сайлауы!

Үшіншісі – Алаш тарихына алтын әріптермен жазылған 16 желтоқсан  күнгі Парламенттің қолдауымен алғашқы Қазақ Президентінің Жарлығымен өмірге келген Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Күні!

Көріп отырсыздар, ұлт өмірінің өзгеше өріс алып, жаңа тарихтағы көшін үлкен жолға салуын қамтамасыз еткен үш бірдей құжаттың тұсауының кесілуі, міне, осындай төркінінде күрмеуі қиын, күрделі саяси оқиғалар жасырынып жатқан, экономикалық қиындықтары тізгін ұстатпас, әлеуметтік іркілістері мен сілкіністері де бет қаратпас кезеңде жүзеге асты. Тәуелсіздену дәуірінің хроникасына ден қойсақ, Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың осынау негізгі үш тарихи іргелі құжатына келу үшін Орталық тарапынан болған қарсылық пен наразылыққа қарамай, 1990 жылдың 24 сәуірінде Республиканың саяси өміріне Президенттік билік үлгісін кіргізгенін, 1990 жылдың 25 қазаны күні «Қазақ ССР-ның «Мемлекеттік Егемендігі туралы Деклорациясын» жариялағанын көреміз.

Қоғам, заман талаптарына сай сабақтаса отырып өмірге келген бұл құжаттардың қай-қайсысы да ұлт көшін жаңа асуларға бастаған тұрлаулы тарихтың тағылымды қадамдары мен жарқын беттері еді.

Біздің бүгінгі әңгімеміздің арқауы – 1991 жылдың 1 желтоқсаны күні өткен Республика өміріндегі жалпыхалықтық Президент сайлауы туралы болғандықтан, таразы басына әлемдік аймақтық, республикалық геосаяси оқиғаларды араластыра отырып, айтқанды жөн көрдік…

Сонымен…

1991 жыл берісі – Қазақстан, әрісі – әлем тарихына қырық жыл бойы қазақ жеріне ажал сеуіп келген Семей ядролық полигонының жабылған уақыты болып енді.

Бұл – тұңғыш Қазақ Президентінің пәрменімен жүзеге асқан адамзат баласының жаңа тарихында бұрын-соңды болмаған теңдессіз шешім. Ерліктің үлгісі еді! Соның арқасында «арғы-бергі дәуірлерді өзінің өлмес «өлең-сөзімен» жалғап, «Патша-Құдайға» сиынған, адамзат өркениетінің өрісін кеңейткен данышпан Абайдың бесігін тербеткен, қасиеті мен қасыреті ұлт мәңгілігіне айналған Қазақ жері әлем назарын бірден өзіне бұрды.

Төрткүл дүние жанталаса қаруланып, бір-бірінен асып түсуге,  ұмтылып жатқан, ақылдан гөрі алтын мен ашу озыңқырап тұрған кезеңде Еуразия атты ежелгі құрлықта әлі өзінің Тәуелсіздігін ресми түрде жариялай қоймаған «алтыншы империяның» форфосты саналатын бодан елдің «атом қаруынан бас тартып, адамзатты ядросыз әлемде өмір сүруге үндеуі» алты құрлықты өзіне жалт қаратты. Батыстың да, Шығыстың да сұрақ-сауалы қоюлана түсті. Аталмыш шешім полигонмен қоса, Қазақ Елін, осындай көзсіз ерлікке  барып, тәуекел еткен Назарбаев есімді Қазақ Елінің басшысын – кесек мінезді, кескекті саяси тұлғаның да атын әлемге жайды.

Қазақ жері мен Қазақ елінің Президентіне назар аударып, қызығушылар көбейді. Әрқайсысы әртүрлі мақсат пен әралуан мүддені көздеген сыртқы  күштердің Алтай мен Атырау арасын жайлаған осынау ұлы кеңістікті жаппай зерттеуі басталды. Ел тамырын басып көрудің алуан-алуан жолы бар. Ел басқару жұмысындағы ала-құла әңгімелер мен демократияны желеу етіп, Республика басшысына ықпал жүргізу дейтін ежелден белгілі ескі әдіс іске қосылды. Бұл қадамдар өз кезегінде күйреуге бет алып, ыдырау қарсаңында тұрғанымен, әлі сахнадан кете қоймаған Кеңестер Одағы дейтін қызыл империя тарапынан да наразылықты күшейтті. Орталық Назарбаев туралы көзқарасын қырық құбылтты. Жерінің үсті де, асты да сыңсыған қазына мен сарқылмас байлық болып елестейтін Қазақ Елі мен қазақ жері ХХ ғасырды осындай аса қатерлі жанжалдың ошағы болып аяқтау қарсаңында тұрды. Егер… Қайсыбір бауырлас республикалардағыдай ұшқалақ сөз бен асығыс әрекеттерге жол беріле қалған жағдайда, Еуразия кеңістігіндегі осы бір Ұлы Дала аймағында соғыс өрті лап ете қалуы ғажап емес еді. Ондай өрт жалыны Тәжік, Қырғыз, Қапқаз бен Балтық жағалауы елдерін қалай қапқаны, оны кімдердің, қалай жүзеге асырғаны ел есінде…

Қысқасы… Сыртқы күш те, ішкі күш те әлекедей жаланып, сөзінің қыры мен көзінің сұғын Қазақстанға қадаудай қадап бақты.

Ұлт көшбасшысының «Ғасырлар тоғысында» кітабында айтқан мына ойлары соның дәлелі. «…Тіпті Кеңес Одағы әлі бар кезден бастап «ақыл айту» көбейді. Сонау 1991 жылдың 16 наурызында Мемлекеттік хатшы Джеймс Бейкер мені АҚШ-тың  Мәскеудегі елшілігіне шақырды. Түн ортасы ауа кездестік. Бейкер елдегі жағдайды білгісі келді… Сол кезде-ақ Батыстың ядролық қару мәселесін шешуге жол іздей бастағаны аңғарылды. Кейін бұл турасында сол жылғы 16 қыркүйектегі Алматы басқосуында  ашықтан ашық сөз болды…

Түбі Кеңес Одағының әлденеше тәуелсіз мемлекеттерге ыдырап кетерін Батыс сол кезде-ақ ұға бастады. Егер мұндай жағдай туа қалса, АҚШ-тың әр мемлекетпен жеке-жеке «шұғылданатынын» Джеймс Бейкер ашық айтты… АҚШ-тың ахуалды қадағалай алатын, экономикалық реформаны нақты жоспармен жүзеге асырып, нарықты экономиканы дамыта алатын қуатты мемлекеттермен ғана  істес болғысы келетінін жасырып жатпады», («Ғасырлар тоғысында», Алматы, «Өнер», 1996 жыл, 61 бет.) – деген сөз төркінінде өтпелі дәуірдің өзек өртеген қаншама ақиқаты мен шындығы жатыр?!.

1991 жылдың әр айын қойып, әр күні, тіпті әр сағаты қымбат екенін ой тезіне салып отырып сезінуге болады. Мұхиттың арғы бетіндегі ұлы жұрт өз ұсынысы мен өз ықпалын осылай айтса, Солтүстіктегі «тонның ішкі бауындай болып» араласқан, Ұлы Далаға өзінің шексіз билігін жүргізіп келген, әлі де жүргізгісі келетін екінші жұрттың – Кеңестер Одағының соңғы Президентінің «тағынан тайып» бара жатып, «Қазақстанның солтүстіктегі бес облысы Ресейдің жері болуы тиіс» дегенін қалай ұмытуға болады?! Бұл, сайып келгенде, өз саясатын өзі анықтап, өз жолын өзі белгілеуге  ұмтылған –Тәуелсізденуге түбегейлі бет бұрған Жаңа Қазақстанның ішіне ұлтараздығының қызыл шоғын лақтырып, өрт салу еді… Төркінінде екі құрлыққа алтын көпір болған ұлы байтақты дау-жанжалдың кеңістігіне айналдыру дейтін арам пиғыл жатқаны күмәнсіз…

Қазақстан екі бірдей алпауыт елдің қыспағында тұрды.

Қазақстан «тар жол тайғақ кешудің» ғаламдық тайталасынан қайткенде аман өтер, өз жолын өзі анықтар жаңа дәуір қарсаңында тұрды.

Көріп отырсыздар, тарихи  жылдың тағдырлы тәлімінің бүгінгі ұрпаққа айтары көп. Өте көп…

Міне… Азаттық дейтін аяулы ұғымды қанат етіп, Тәуелсіздікке ұмтылған Алаш жұртының алдынан қырық қатпарлы мінезі бар үлкен әлем осындай көлденеңдерін тартумен болды. Ежелгі қазақ жерінің басына кесір мен кесапаттың қара бұлты осы бір қысқа мерзім ішінде неше жиналып, неше сейілді… Оның себебі айтпай белгілі.

Әлгіндей ірі мүдделер мен мақсаттарды жүзеге асыру үшін алып елдің бірі жаңа қожайын болғысы келсе, бірі ежелгі тежеусіз билігін сақтап қалуға барын салды. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» – Қазақ елін өтпелі дәуіодің өртінен аман өтуін қиындатар тарихи факторлардың қоюлана түскені.

1991 жылғы тамыз оқиғасы осы айтқанымыздың айқын көрінісі, анық белгісі еді.

Кеңестер Одағын сақтап қалудың қамалқасын ойлаған шоғырдай топтың шалдуар әрекеті талайдың тынысын тарылтып, талайдың көкірегіндегі «мысық дәмесін» оятты. Шынын айту керек, тарих доңғалағын кері бұрғысы келгендер ішімізде де болмай қалған жоқ… Ондай пиғылдың буына бойы мен ойын алдырғандар Қазақстанның тәуелсіз ел болып, әлемдік өркениетке еркін араласуын қаламағаны айдай ақиқат еді. Әлдекімдердің долбарымен айтқанда, «демократия дейтін сұлу қыздың» жалпақ жұртты жұтындырып тұрған шағы. Басқасын былай қойғанда, алуан-алуан сөз айтып, аламанға ат қосқан «популистердің» арасынан ел тұтастығын бұзғысы келген кеудесіне «халық депутаты» деген жалауша  қадаған  жігіттердің де ара-тұра көрінгенін қалай ұмытуға болады?! Сөз бостандығын желеу етіп, «сүреңшілердің» түкірігі жерге түспей, «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» шашырап, Алматының аспаны қалың митингілердің айқайына шашалып жатқаны аздай… Оралдан казачествоның шпорының сартылы естіліп, Солтүстіктен «горькая линияны» еске алушылардың үнінің жарқын-жарқын шыққаны, Шығыстан Ертістің «оң жағалауын» «сол жағалуынан» бөліп әкетуге тырысушылардың бой көрсетіп жатқаны ел ішін алаңдатқаны рас… Сайып келгенде, бұл әрекеттер әлі жариялана қоймағанымен, ісі мен сөзінен азаттыққа деген ерен мінезі анық аңғарылған Қазақстанның Тәуелсіздігіне  жасалған қатерлі қарсылықтар еді.

ГКЧП дегеннен шығады… Адамдардың ойы мен санасы сеңдей соғылысып, Мәскеуге үрке қараған сол бір күндерде тарихты кері бұрғысы келгендерге қасқая қарап, ел атынан «қарсылық» мәлімдемесін берген Нұрсұлтан Назарбаевтың мінбедегі қайсар кейпі көз алдымда. Ел Президентінің Парламент мінбесінен депутаттарға қаратып: «Сөз – оқтан да қатерлі! Соғыстың бәрі сөзден бсаталған.Таулы Қарабақты ұмытпаңдар!» деген жалынды сөзі жадымызды. Алматының қақ ортасына орналасқан Ескі Үкімет үйінің мінберінен естілген сол дауыс әлі күнге құлағымнан кетпейді…

Менімен қатарлас отырған қазақ юрисприденциясының корифейі, «ұлтым» дегенде өзегін суырып беруге әзір тұратын марқұм Зиманов Салық Зиманұлының: «Жарайсың, Нұреке! Жарайсың!.. Дер кезінде айтылған сөз. Мұндай бір ғана ел емес, ондаған елдердің тағдыры сынға түскелі тұрған кезде жасқанбау керек! Тарихи мәлімдеме!» деп қуана қол соққаны есімде. Әрине ұлттық юрисприденцияны әлемдік ойлау кеңістігіне алып шығып, қазақ топырағындағы бірде-бір елге ұқсамайтын билер соты дейтін ежелгі мектепті қайта тірілтуге күш салған ғұламаның бұл сөзін қолдаушылар да, үндемей қарсылық білдірушілер де болғанын ішіміз сезді. Ұлттық құндылықтар мен ұлттық ұғымдар таразы басына түскенде суырылып шығып, Президент ұсыныстарын қолдайтын қалың, қуатты күш – зиялы қауым өкілдерінің көзінен де, сөзінен де Орталықтың мына кісәпір мінезін жазғыру ашық байқалды.

Сол күндерде Қазақстанның Телерадио Комитетінің Төрағасы, көрнекті әдебиет сыншысы, қайраткер-досымыз, марқұм Сағат Әшімбаевтың күйіне күйзеліп: «Нұрлан, мыналардың бет-әлпеті де, ауыз-әлпеті де жаман. «Ұлтым» деген азаматтардың барлығы Нұрсұлтан Әбішұлының айналасына тас-түйін шоғырлануымыз керек!» – деп жалын ата сөйлегені есімде… Сол күйзелістің ақыры қоғамшыл, қазақшыл, халықшыл, «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін дала жұртының ежелгі тәрбиесіне сеніп өскен Сағатты ойда-жоқта арамыздан алып кетті…

Сенім мен күдік айқасқа түскен сол бір күндерде жанымды шүперекке түйгендей қыл үстінде отырып жазған мына бір «Сенім» атты өлеңімді қағаз бетіне түсіргенім қаз-қалпы жадымда. Өлең  Нұрсұлтан Назарбаевқа арналып еді.

«Халық деген бір ұлы қалыпшы бар,

қиналса да бәріне налып, шыдар.

Халық аман болса егер ұл тумайма

қиын-қыстау күндерден алып шығар?!

 

Көкіректі тіледі қат-қабат үн,

мәймөңкелер жәйім жоқ ақталатын.

Ел басына сын туды серпіл, Аға,

соқты сенің көрінер сәт, сағатың.

 

Топ алдына шық, қане!

Алаңға шық!

Көріп сені сілкінсін ғалам-ғашық.

«Көсемсіген» біреулер білсін әлін,

ұясына тығылсын жаман, жасық.

 

«Әулиелер» сезінсін пенделігін,

қайтсын жүзі қаталдық шеңгелінің.

Түзе бойды, мезгілге тура қара!

Ашыл, Ойым!

Айтыл, Сөз!

Жөндел, Ұғым!

 

Құм құйылсын өсектің өңешіне,

Арман…

Ақыл…

Оралсын ел есіне.

Алып шығар ғасырдың дауылынан

Басшы керек Замана кемесіне.

 

Жаңылдырмай баста алға санамызды,

Кеуделерде соқ жүрек, адал, ізгі!

Бағыт керек адаспай табатұғын

«Болашақ» деген асыл жағамызды.

 

Халық деген бір ұлы қалыпшы бар,

қиналса да бәріне налып, шыдар…

Елім менің күтуде бір Асылын,

қиын-қыстау күндерден алып шығар…»

21 тамыз, 1991 жыл.

(Шығармалар жинағы, 3 том.)

Жасыратыны жоқ, біраз жыр жинақтарыма енген осы бір тағдырлы жеті шумақ өлеңіме көз тоқтатқан сайын есіме ескі Алматы, ескі Үкімет Үйі, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымының депутаттары түседі.

Бәрі есімізде, бәрі жадымызда…

Мен мұны сол күндердің біраз қою оқиғаларының ішінде жүрген, болған, көрген, Қазақ Елінің басшысын әрқилы кезеңде, әртүрлі жағдайда алыс-жақыннан қадағалаған, әлденеше мақала жариялап, саяси сұхбаттар мен саяси сапарнамалар, эссе-толғаулар жазған қаламгер ретінде, қолын жүрегінің тұсына қойып әнұранға ұйыған осы елдің бір азаматы ретінде айтып отырмын. Әрі-беріден соң Қазақ Елінің ертеңі мен болашағынан тек қазақ тілінің ертеңі мен болашағын көріп, жыр жазған осы елдің бір ақыны ретінде, бір ұрпаққа – әке, бір ұрпаққа ата болып, жетпістің биігіне көтерілген ел ағасы ретінде жеткіншек буынға біздің ішкі ойымыз жетсе екен деп айтып отырмын. Мына дала, мына таулар – Қазақты Елі дейтұғын ұлы байтақ жалғыз Назарбаевқа ғана емес, осы кеңістікті өзінің Отаны санайтын әрбір қазаққа, әрбір қазақстандыққа керек!

Бұл – даусыз ақиқат!

Бұл –  әрбір жүрек түкпірінде жатқан Құнарлы ұғым, тұмарлы сөз!

Бүгінгі әлем танып, әлем мойындаған, шекарасы ресми түрде тұңғыш рет тарихи құжаттармен бекітіліп, өзге бір елдердің билеп-төстеуімен емес өзінің қалауымен, мемлекеттік пәрменімен шегенделген, өз Астанасы бой көтерген, жеңісі мен жемісін халқымыз көріп жатқан Тәуелсіз жұрттың кешегісін білу, ұмытпау, соны ұрпақ  жадында жаңғыртып отыруға бағыттау – ортақ Парызымыз.

Тарих – халықтың өмірбаяны!

Тарих халықтың қуанышы мен қайғысы, жүрегінің соғысы! Ой-санасының, еткен еңбек, төккен терінің көрінісі.

Тәуелсіз елдің иесі де, киесі де – халық.

Өзінің Көшбасшысын анықтап, Сенім білдіруде осыдан тұп-тура 27 жыл бұрын жасалған халықтың қапысыз таңдауы тарихтың таңдауына айналғанын уақыт, заман көзімізд жеткізе түсуде.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір