Қазақтың Чеховы
01.12.2017
4408
1

Қазақтың көрнекті жазушысы, Халықаралық бейбітшілік қоры алтын медалінің иегері Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығы Ресей оқырмандарына етене таныс. 1927 жылдан жарық көріп келе жатқан атақты «Роман-газета» журналы жақында (22-саны) қаламгер туындыларына бір санын тұтастай арнапты. Оған жазушының «Шыңғыс ханның көз жасы» повесі мен он алты әңгімесі енген. Айта кету керек, «Роман-газета» журналы 1970 жылдары қазақтың көрнекті жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовке тұтастай санын арнағаннан кейін, бұл басылымда қазақ қаламгерлері жарық көрген емес. Осы ретте, қазақ әдебиетінің мерейін өсіріп жүрген жазушыға құтты болсын айтып, шығармашылығына табыс тілейміз. Және Әбдіжәміл Нұрпейісовтің Рахымжан Отарбаев шығармашылығы туралы айтқан лебізін оқырман назарына ұсынғанды жөн деп санаймыз.


Әбдіжәміл Нұрпейісов,
Қазақстанның Халық жазушысы,
КСРО және Қазақстан
Мемлекеттік сыйлықтарының иегері.


Мен бүгін іні-досым, жазу­шы Рахымжан Отарбаев туралы көптен бері көңілімде жүрген ойым­ды қысқаша ғана білдіргім ке­ліп отыр. Халқымызда «әр пай­ғамбар өз тұсында» деген ата­лы сөз бар.Ол сірә, әр заман­ның, әр қоғамның өз тұсындағы өмір салты, үрдіс-дәстүрі, тіпті бар-ау, әрі-бері десін тура тіршілік әре­кетіне қарай айтылған сөз бо­лар. Міне, сол әртүрлі қоғам, әр­қилы заман көрінісін, адам өмі­рінің небір қым-қиғаш, шым-шытырық тағдырын көр­се­тетін құдіреттей күш – ол көр­кем сөз, көркем әдебиет. Сол әдебиеттің ең бір парасатты, ең бір елгезек ұшқыр жанры – әңгіме екенін де білесіздер. Қай халықтың да «әп» дегенде ауызға алынар ең ірі романист, эпик жазушыларының көпшілігі, оның ішінде кеше ғана дүниеден өткен қос дана – жазушы Мұх­тар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов те жазушылығын әңгімеден бас­таған. Орыстың әлемге әйгілі жазу­шысы Чеховтың ұлылығы басқа шығармаларынан бұрын ал­дымен осы елгезек, ұшқыр жанр – әңгімелерімен ауызға ілі­гетіні белгілі. Ал, қазақтың ар­ғы-бергі ғұмыр-тіршілігін осы ұшқыр әңгіме жанрының атасы Бейімбет Майлиннен артық ешкім де суреттей алған емес.
Әлгінде Чехов дедім ғой. Сол Чеховтың «Тоска» деген, не­бәрі үш-төрт беттен тұратын қып-қысқа әңгімесінде арбакеш шал әңгіме болады. Осының алдында ғана жалғыз баласы өлген. Осынау дүниеде көкірегін өр­теп бара жатқан қайғы-қа­сіретін айтып, мұңын шағатын тірі жан болмағасын қайтесін, күні бойы кісі тасып көктен жау­ған қар астында мүлгіп тұр­ған дәл өзіндей кәрі атына мұңын шағады. Міне, бар әңгіме кәрі шалдың кәрі атқа шаққан мұңында. Осынау адыра қалғыр жал­ған дүниеге деген реніші мен жүрегін өртеген шері… Осы кұйт­тай әңгімеге бір сәт, бір ға­на сәт ойланып қараңыздаршы. Осын­да бүкіл жер бетіндегі адам-пендеге ортақ тағдыр бар емес пе? Міне, әңгіме жанрының бүкіл құдірет күшін осыдан-ақ байқауға болады. Чеховтың осы кіп-кішкентай әңгімесіне бүкіл адам тағдыры сиып тұр. Және соның бәрі қазаққа да, орысқа да, ағылшынға да, қытайға да, қаласа тіпті африкалықтарға да, бәрі-бәріне де ортақ , бәріне тү­сінікті. Сондықтанда, сен жан-тәніңмен қабыл алып, жү­ре­гіңмен түсініп, әлгі арбакеш же­тім шалмен бірге өзің де қо­сыла тебіренесің, өзің де, қосыла күңіренесің.
Мен, өз басым мына Рахым­жан­ды бүгінгі, яки XXI ғасыр­да­ғы қазақ Чеховы дер едім. Ра­хым­жан өте шебер, өте ойлы жә­не жаны сұлу жазушы. Ол ең алдымен әрі ұшқыр, әрі асқан ше­берлікті, парасатты суреткер­лік­ті талап ететін әңгіме жанры­ның асқан ұстасы. Рахымжанның ма­ған ұнайтын тағы бір қасиеті – ол сон­дай қарымды да дарынды қа­ламгер бола тұра кейбіреу­лер­ше кеудеге ұрып мен мұндалап, өкіректеп, өзін жарнамалап жа­рия қылудан аулақтығы. Айт­са адалына жығылатын жаны нәзік, сезімі сұлу қарапайым­ды­лы­ғы.
Иә, жазушы адам қайда жү­ріп, қайда тұрса да, не жазса да өзінің әр қимыл-харекеті арқы­лы ең әуелі өз халқының, ең әуе­лі өз ұлтының мұң-мұқ­та­жын, қайғысы мен қуанышын, же­тістігі мен кемшілігін, қыс­қа­сы әуелі өз ұлтының сөзін сөй­леуі керек. Рахымжанды мен дәл сондай жазушы деп білемін. Ол қазақтың ұлттық рухы бар жаңа әдебиетінің ең алдыңғы қа­тарында тұрған жазушы дер едім. Ал, ендігі кезек осындай ойы терең, парық-парасаты биік Рахымжандай қаламгерін хал­қы, елі қалай қадірлей біле­тініне байланысты.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 10.02.2020 | 21:01

Сәлем

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір