Інжу-маржандарымыз лайланбасын!
01.12.2017
1545
1

Соңғы жылдары елімізде халық аспаптар ансамбльдерінің қатары көбейіп, ата-бабамыздан қалған музыкалық мұра өрісі кеңеюде. Көне аспаптар – жетіген, сыбызғы, саз-сырнай, шертер, қыл-қобыз бен қатар көптеген үрмелі аспаптар да ансамбль қатарына қосылды. Репертуар мәселесі де кеңейе түсті. Әр облыста халық аспаптар оркестрлерімен қатар, 10-15 адамдық ансамбльдер құрылып, халқымыздың көне ән-күйлерін насихаттай бастағаны қуантады.

Бұл мақала арқылы, дәстүрлі ха­лық музыкасының қазіргі даму ба­ғыты жөнінде, қалың оқыр­ман­мен кәсіби маман ретінде ой бөліс­пек­пін. Сонау 1934 жылдан бері академик А.Жұбановтың ұйым­дастыруымен алғашқы қазақ ор­кестрінің іргетасы қаланды. Му­зыкалық мұраларымызды ор­­кестр­ге түсіру жұмысы, сол кез­ден бас­­тап Ахаңның үлесінде болды. Одан бері де Е. Брусиловский,
А.Жұ­­банов, Л.Хамиди, Ш.Қажы­ға­­лиев, Н.Тілендиев, С.Мұхамед­жа­нов, А.Мырзабеков, М.Қой­шы­баев, К.Күмісбеков, Б.Жұ­­­­маниязов сияқты ұлттық үн мен ұлттық әуен­ді терең сіңірген ағаларымыз бұл істі өте сәтті жалғастыра біл­ді.
С.Мұхамеджановтың «Шаттық отаны», Н.Тілендиевтің «Алтын дән», Е.Брусиловскийдің «Жел­дір­­ме», К.Күмісбековтің «Вальсі», т.б. шығармалар оркестрге түсіру­дің озық үлгісі ретінде бәрімізге танымал. Демек, бізде аспаптаудың ір­гетасы берік қаланған. Бүгінде сол үрдісті А.Жайымов, Ж.Темір­ға­лиев, Ж.Бегендіков секілді за­ман­дастарым және мен, менен кейінгі жастар да орынды жалғас­тырып келеді. Ғалым Б.Сарыбаев елімізде ең ал­ғаш рет Торғай облы­сында «Шер­тер» ансамблін құрды. Ке­зін­де ансамбль болып құрылған «Отырар сазы» көрнекті компози­тор Н.Тілендиевтің арқасында үл­­кен оркестрге айналды. Қоста­най­да, Ақтауда, Талдықорғанда, Шымкентте алғашқы облыстық ан­самбльдер құрыла бастады. Ұмыт қалған жетіген, саз-сырнай, шер­тер, т.б. аспаптар тірілді. Бұ­рын белгісіз Байжігіт, Сүгір, Ықы­лас және Маңғыстау күйлері де ре­пертуарға кіргізіле бастады. Бар­лық шығармалар ұлттық на­қышты бұзбай сол қалпында жет­кізіліп келе жатыр еді…
Алайда, соңғы кезде халқы­мыз­дың осынша бай інжу-мар­жан­­­дарын іштей бүлдіріп, батыс­тың бізге мүлдем жат стиліне салу белең ала бастағанын байқадым. Ең қорқыныштысы, еліміздің көп­­теген ансамбльдері соған елік­теп бө­тен елдің дыбысын енгізіп бү­ліне бастапты. Аңдысын аңдып ба­ғамдасам, «Жер астынан жік шық­ты, екі құлағы тік шықты» де­гендей Алматыда Яков Хан де­ген «мықты» шығыпты. Ол біздің А.Жұбанов, Н.Тілендиев, Л.Ха­ми­ди, А.Мырзабеков сияқты ұлы тұл­ғаларымызды былай «ысырып» қойып, «өзім білемінге» салынып ата жолынан адастыра бастапты. Оның алғашқы «жаңалығы» Ал­ма­ты қалалық мәдениет бөлімінің «Сазген сазы» халық аспаптар ан­самблінде бой көрсете бастағанын 3-4 жыл бұрын байқаған едім. «Е, жарайды. Мұндай стилдегі өңдеу­мен ұлттық шығармалар тек мей­рам­хана, кафе, дәмханалар сияқты көңіл көтерер орындарда ғана орындалар. Музыканттар сөйтіп ризықтарын тауып жүр ғой», – деген оймен мән бермеп едім. «Бақ­сақ бақа екен» дегендей бұл «жаңалықты» еліміздің басқа да халық ансамбльдері жиын-той, мейрамханада емес, үлкен, киелі сахнаға шығара бастағанын көргенде ол ойым кілт бұзылды, бұдан ары үндемей отыруға арым жетпеді.
Жаңағы «мықты» «екі шоқып, бір қарап» дегендей ешкім үндей қой­маған соң құлашы кең жайып, қа­натын еркін қаға бастапты. Тә­різі «Иә… Бұл халыққа менің жаңа­лағым таңсық екен ғой», – де­ген оймен халық әндері мен күй­лерін халық музыкасына жат сти­льге оңды-солды салуға құл­шына кірісіпті.
Тіпті, еліміздің біртуар ком­по­зиторы Н.Тілендиевтің атақты «Жек­­пе-жек» күйін Нұрғисадан да асы­рып, «өңдеп» жіберіпті. Садық Кә­рімбаевтың «Жетісу» деген әнін, Манарбек Ержановтың сы­быз­ғыдағы «Сайра, Бұлбұлын», Н.Тілендиевтің «Алатауын» да өзін­ше «жаңартқан». Мұндай «жаңа­лыққа» «Сазген сазы» ан­самб­лінің көркемдік жетекшісі «жерден жеті қоян тапқандай», «өлгені тіріліп, өшкені жанғандай» қуанып, жабыса кетіп, жамырай бас шұлғысыпты. Мұны түк көрме­гендік дейміз бе, не дей­міз, аға­йындар! Сонда Ахаң бас­таған ұлы тұлғалар жайына қалып, қайдағы бір бастыстың әуенсымақ стилімен уланған Яков Хан сияқты біреу бізге оркестрге қалай жазуды үйрете ме? Әлде Қазақстан музы­ка­дан мақұрым қалған әлдебір жабайы тайпалар сияқты ел ме?.. Бізде, Құдайға шүкір, классикалық опе­ра, симфония, оратория, кан­тате және камералық шығар­ма­лармен қатар, халықтық дәстүрдегі оркестр шығармалары жетерлік. Эстрада жанрындағы шығармалар да, әндер де өз дәрежесінде өз уа­қытына сай дамуда. Ол «мықты» жаз­са эстрадалық оркестрлерге «Биг бэнд» сияқты топтарға жаз­сын. Біздің інжу-маржандарымыз­ды лайламасын!
2017 жылы қарашаның 3-8 ара­лығында өткен «Шабыт» фес­тива­ліне қазылар алқасының мү­шесі ретінде қатысқанда да әр об­лыстың ансамбльдерінен әлгі «мық­тының» қолтаңбасын анық бай­қадым. Мұны басқа ансамбль­дер де іліп әкетері даусыз. Бұлай жалғаса берсе, біздің ұлылары­мыз­­дың саф алтындай таза әуен­дері бұ­зылып, жеңіл-желпі бас­қосу­­лар­да балқып-шалқып отыр­ған ма­саңдау, біреулердің мазағына айналуы бек мүмкін. Бұл ойымнан өзім шошысам да, ондай жағдай­дың алдын алу үшін осы мақаланы жазып отырмын. Сөз соңында, республикалық халық аспаптар оркестрлері мен ансамбль жетек­ші­леріне және ұжым бас­шыларына «Ұлттық музыка­мызға аса зиянды осындай жат бағыттан аулақ бо­лыңыздар», – деген ойымды айт­пақ­пын. Онсыз да эстрада өнерін ұлттық бояуынан айырып жатқан даңғаза енді сонау ықылым заман­нан осы күнге аман жеткен Құр­ман­ғазы, Дәулеткерей, Тәт­тімбет, Ақан, Біржан, Мұхит сын­ды ұлы­лардың інжу-маржан­дарын бүлдіруіне жол бермейік! Кө­зі­міздің қарашығындай сақтап, ке­л­ер ұрпаққа саф алтын­дай таза күйін­де жеткізейік!

Ермұрат ҮСЕНОВ,
Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, республикалық Композиторлар конкурсының бірнеше дүркін лауреаты, екі мәрте ГранПри иегері, музыка зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

ПІКІРЛЕР1
Бек 05.12.2017 | 14:14

Атың шықпаса жер өрте дегендей кішкене өзгеріс болса неге сонша бұлқан талқан болат. Әлде 40 жыл бұрын жазған «арбакеш» деген шығармасын ойнап жүре беруіміз керекпа? Дәстүрлі ән күйлерді өңдеп ойнағанымызды айтпайт, тек бірнеше джаз бағытындағы шығармаларды жазыпты бұл мақаласында. Дәстүрлі өнердің бүлінген түгіде жоқ ағайын, дамып жатыр қайта. Ал басқа бағыттың келуә еш қандай зиянын тигізбейді. Одан керісінше аспаптың мүмкіншілігі артады. Бұл мақаламен келіспеймін бұл менім жеке пікірім.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір