ҰЛТ ТҰТАСТЫҒЫНЫҢ ШЕЖІРЕСІ
01.12.2017
2367
0

Көші-қон және демография саясаты – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап тікелей өзі ұйымдастырып, қалт жібермей қадағалап отырған аса іргелі, стратегиялық ауқымды саясатының бірі. Биыл Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайы шақырылып, шетелдегі қандас бауырларды Отан құшағына оралту туралы ұлттық бірегей бағдарламаның қабылданғанына 25 жыл! Тәуелсіз мемлекет құрудың қиындықтарымен қатар жүзеге асқан ел Президентінің көші-қон саясатының арқасында 1,5 миллионға таяу қандастар тарихи отанына оралды. Үстіміздегі жылдың маусым айында Елордада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы шақырылғаны белгілі. Сол құрылтай қарсаңында Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан ҚР Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Көші-қон және қазақ әлемі» атты кітабы жарық көрген болатын. Бұл кітапқа Елбасының еліміздің тәуел¬сіздік жылдарындағы көші-қон саясатына, сондай-ақ халқымыздың мәдениеті мен тарихына, бүгіні мен болашағына қатысты сөйлеген сөздері, жасаған баяндамалары, жарық көрген мақалалары мен ақпарат құралдарына берген сыр-сұхбаттары топтастырылған. Кітапты құрастырып, баспаға дайындағандар саяси ғылымдарының докторы, профессор Махмұт Қасымбеков пен филология ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Дүкен Мәсімханұлы. «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне» орай, сол кітаптың алғысөзін Сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.


Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Н.Назарбаев­тың Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құ­рылтайын шақырып, Дүниежүзі қауым­дастығын құрып, сол арқылы мем­лекетіміздің ұлттық сипаттағы кө­ші-қон саясатын ресми түрде бас­тап бергеніне биыл 25 жыл. Мем­ле­кет басшысының көші-қон мәсе­ле­сі­не, ұлтымыздың ұлы тұлғалары мен халқымыздың бүгіні мен бола­ша­ғына қатысты әр жылдары айтқан өрісті ойлары, сөйлеген сөздері, баяндамалары, сыр-сұхбаттары мен тол­ғаныстары жинақталған кітап «Кө­ші-қон және қазақ әлемі» деген атау­мен қалың оқырманға жол тарт­ты.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2017 жылғы 12 сәуірде «Егемен Қа­зақ­стан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында өткен ХХ ғасырдың халқымыз үшін қасіретке толы қиын кезең болғанын айтты. «Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы бір­жолата күйретіліп, қоғамдық құры­лым­ның бізге жат үлгісі еріксіз таңыл­ды, – деп атап көрсетті мақа­лада. – Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері жазылмай келеді».
Елбасымыздың осындағы демог­рафиялық соққы деп отырғаны Кеңес өкіметінің солақай саяса­ты­ның салдарынан халқымыздың қол­дан ұйымдастырылған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінге ұшырауы және қисапсыз қырғынға тап болып, еріксіз бас сауғалап, шетел асуы.
Түрлі саяси себептерге байла­ныс­ты шетелдерде тұратын мил­лион­даған қандастарымызбен көп жыл бойы емін-еркін қатынас жасау­ға мүмкіндігіміз болмай келді. Бұл ұл­тымыздың жан жарасысының бірі еді. Тәуелсіздік жылдарында Елбасы­мыз Н.Назарбаевтың басшылығымен осы олқылықтың орнын толтыруға жол ашылды.
Өткен ширек ғасырда тәуелсіз Қазақ елін құру, қалыптастыру және нығайту жолында Президентіміз та­бысты атқарып шыққан аса ау­қым­ды істерінің қатарынан біз мына үш мәселені ерекше бөліп атаған бо­лар едік. Оның біріншісі – көр­ші­лес мемлекеттермен шекара ше­бі­мізді бейбіт жағдайда, дипло­ма­тия­лық жолмен шегендеп беруі болса, екін­шісі – елордамызды Алматыдан Ар­қа төсіндегі Ақмолаға ауыстырып, аз жылда Астана сияқты айшықты қа­ланы тұрғызуы. Ал үшіншісі – алыс-жақын шетелдерден бір мил­лион­нан астам қандас бауырлары­мыз­ды Атамекенге оралтуы.
Әрине, тәуелсіз елді қалыптас­тыру­дың қат-қабат қиындықтарымен арпалыса жүріп жүзеге асырылған осынау үш игіліктің қай-қайсысы да халқымыздың «ғасырлық жетістігі» деп айтуға лайықты. Алайда тағ­дыр­дың теперішімен әлемнің түкпір-түк­піріне тарыдай шашылып кеткен қандастарымызды Қазақстанға жи­най бастауымыз саяси-стратегиялық тұрғыдан да, патриоттық тұрғыдан да ешқашан маңызын жоймайтын та­рихи ұлы істердің бірі болып қа­ла­тыны – басы ашық ақиқат.
Жалпы, қай елде болса да, ха­лық­­тың саны мемлекеттің әлеуеті мен мүмкіндігін айқындайтын маңыз­ды фактор екені сөзсіз. Біздің елдің жағдайы тұрғысынан қазіргі демографиялық ахуалымыз бен жер ау­мағымыздың үйлесімі әлі де көңі­лімізден шыға бермейтіні жасырын емес. Президентіміз «Ұлт жоспары» бағдарламасында 2020 жылға қарай Қазақстан халқының санын 20 мил­лионға жеткізу туралы міндет қой­ғанда, осы жайтты да ескергені анық. Сондықтан шетелдерден ата­ме­кенге оралған әрбір қазақтың ор­ны айрықша. Елбасымыз осының маңызын дұрыс пайымдап, бұл мә­селеге тәуелсіздік жылдарының ба­сы­нан-ақ мән бергені қуантады.
1991 жылғы 16 желтоқсан күні Алаш баласының ғасырлар бойы аң­саған асқақ арманы орындалып, тәуелсіз ел атандық. Ол кезде рес­пуб­ликамызда мемлекет атын иеле­ніп отырған жергілікті халықтың үлес салмағы небәрі 40 проценттің маңайын­да ғана еді. Осындай жағ­дай­да «Азаттықтың айдынына жаңа шыққан Қазақ елі кемесінің желкені қайда апарып соғуы мүмкін, тосын соқ­қан дауылдарға төтеп бере ала ма?» деген сұрақ баршамызды маза­ла­ғаны рас.
Елдің тағдыры мен болашағына қа­тысты осынау күрмеуі күрделі мә­се­лені жедел шешудің бір жолы шет­елдерде тұратын қандас бауыр­лар­ды мүмкіндігінше елге оралтып, сол ар­қылы кемімізді бүтіндеу еді. Президент осыны ерте аңғарып қана қой­ған жоқ, іске де жедел кірісті. Тіп­ті, Елба­сы­мыз­дың бұл бағыттағы қадамы рес­пуб­ликамыз тәуелсіздік алмай тұрып-ақ басталып кеткені жұртшылықтың жа­дынан шыға қой­маған болар.
Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жыл­дың қыркүйек айында ел Президенті ретінде Түркияға ресми сапармен барды. Сапар барысында, Стамбұл қа­ла­сында қазақ диаспорасының өкіл­дерімен кездесіп, оларды елге кө­шіріп алуға уәде берді. Бұл оқиға сол кезде тек Түркиядағы ғана емес, со­нымен бірге шетте жүрген күллі қа­зақ диаспорасы өкілдерінің жүрек­теріне үміт отын жағып, болашаққа деген сенімдерін оятты.
Осы кездесуде қазақ диаспора­сы­ның өкілдері Елбасыға кезінде Ауғанс­таннан ауып, Пәкістан, Иран, Сауд Арабиясы және Түркияда бос­қын ретінде тұрып жатқан қазақ бауыр­ларымызды алдымен елге қай­таруға қолұшын беру туралы өтініш біл­дірген болатын. Президент осы өті­нішті бірден қабыл алып, Тәуел­сіздігіміз жарияланғаннан кейін аз уақыт ішінде Қазақстаннан арнайы ұшақ жіберіп, аталған мемлекеттерде босқын болып жүрген бауырлары­мыз­ды атамекенге алдыртты.
Бір кездері тағдыр тәлкегіне тү­сіп, Ауғанстаннан пана таппай, бө­тен ел, жат жұрт арасында азып-то­зып жүрген сол ағайындар бүгінде Қа­зақстанның әр жерінде өсіп-өніп, ең­бек етіп, туған халқымен бірге ба­қытты болашағының бесігін тер­бету­де.
1991 жылдың 16 желтоқсанында Қа­зақстан Республикасы өзінің Тәуел­сіздігін жариялады. Содан тура 15 күннен кейін Елбасымыз шетел­дерге хабар тарататын «Шалқар» ра­диосы арқылы сөз сөйлеп, алыста жүрген ағайындарға ақ тілегін жол­дады. Азат ел, Тәуелсіз мемлекет бас­­шысының үні қандай асқақ, сөз­де­рі қандай екпінді еді десеңізші! Әуе толқынынан саңқылдай шыққан бұл тілекті өз құлағымен естіген қа­зақ баласының қуанышында шек бол­мады. Президенттің әсіресе: «Қымбатты отандастар! Ежелгі ата­мекенінен жырақтап қалған сіздерді ке­шегі күнге дейін «Ата-баба жеріне қай­­тып келе аламыз ба?» деген сұрақ­тың алаңдатып келгенін мен жақ­сы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дей­ді халқымыз. Қандас бауыр­­лары­мызды байырғы атақо­ны­сына тарту мақсатында Қазақстан үкі­меті арнайы Қаулы қабылдады. Сон­дықтан ата­ме­кенге келемін деу­ші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруа­ғы алда­рыңыз­дан жарылқасын!», – деген сөздерін тол­қымай тыңдау мүмкін емес еді.
Айтылған сөз ақиқатқа айналса ға­на құнды. Ал Елбасымыздың сөй­ле­ген сөздері мен айтылған ойла­ры­ның бәрі біртіндеп жүзеге асты. 1992 жылы қыркүйек айында сол кездегі астанамыз Алматы қаласында Пре­зи­дентіміздің тікелей бастама­сымен Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы шақырылды. Ғасырлар бойы жат жерде жүрген қазақ диас­порасы өкілдерінің бастары ата ме­кенде қосылып, бір-бірімен жылап кө­рісті. Мұндағы жұрт та жеті атасы тіріліп келгендей қуанды. Шетелден келген бауырлардың ұшақтан түсе са­лы­сымен әуежайдың топырағына ау­нап, қара жерді құшырлана сүй­ге­нін көргенде жүректері тебіренбеген жан қалмады. Осы Құрылтайда Дү­ние­жүзі қазақтарының қауымдас­ты­ғы құрылды. Оның төрағасы болып Елбасымыз бірауыздан сайланды.
Дүниежүзі қазақтарының тұң­ғыш құрылтайы өткен соң, көп ұза­май, Қазақстан Президенті 1992 жыл­­дың қараша айында Иран пре­зидентінің арнайы шақыруымен осы елге тұңғыш рет ресми сапармен бар­­ды. Сапар кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Иранның сол кездегі пре­зиденті Әли Акбар Хашеми Раф­сан­жани мырзамен сондағы қазақтардың тағдыры туралы арнайы әңгімелесіп, ағайынның өз қалауы бойынша ата­жұртына еркін көшуі туралы келі­сім­­ге келді. Бұл да, әсіресе, жастары пар­­сыланып кетуге бейім тұрған Иран­­дағы қазақ диаспорасы үшін тең­­десі жоқ қуаныш еді.
Басқаны былай қойғанда, бұ­рын­­ғы Кеңес Одағының құрамында бол­ған Ресей, Өзбекстан, Қарақал­пақ­­стан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қыр­ғызстан республикалардағы қа­зақ­тарды атамекенге оралтудың заң­­дық тетіктерін жасаудың өзі оңай­­ға түскен жоқ. Дегенмен Елба­сы­мыз бұл елдерде өмір сүріп жатқан ағайындарды елге оралту мәселесін Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аталған мемлекеттердің басшылары­мен жеке-жеке сөйлесіп, келісімге келу арқылы оңтайлы шешіп берді. Со­ның арқасында, әсіресе, Өзбек­стан­дағы қандастар Отанға кедергісіз оралуға толық мүмкіндік алды.
Азаттықтың алғашқы кезеңінде алыс­тағы ағайындарды елге оралту үшін Қытай елімен келісімге келудің қиын­­дығы көптің көңілін күпті қыл­ған күрделі мәселенің бірі болғаны ж­асырын емес. Алайда, Елбасымыз ҚХР-дың сол кездегі төрағасы Цзянь Цзэминмен ауыз-екі келісіп, «бө­лі­ніп-жарылған отбасылардың қоныс аударуына» рұқсатын алды. Қытай еліне жасаған кезекті бір сапарында Нұрсұлтан Әбішұлы ондағы ағайын­дар­дың хал-жағдайын білу мақса­тымен Құлжа қаласына дейін барып, қандастардың өкілдерімен кездесіп, тұрмыс-тіршіліктерін көзімен көріп қайтқан болатын. Осындай қадам­дар­дың арқасында Қытайда өмір сүріп жатқан қандастар арасындағы атажұртқа ораламын деушілердің көшіне кең жол ашылды.
Дүниежүзі қазақтарының құрыл­тайы бес жыл сайын өтіп келеді. Со­ның бәріне де Президенттің өзі қа­ты­сып, шетелдердегі қазақ диас­порасының мұң-мұқтажын, көші-қонға қатысты түйткілді мәселелерін мұқият тыңдап, тиісті басшыларға оларды тездетіп шешу жөнінде нақ­ты тапсырма беріп отырды.
Елбасымыздың Құрылтай қо­нақ­тарына арнап айтқан жүрекжарды лебізінен оның туған халқына деген сүйіспеншілігін, алыстағы ағайынға де­ген ыстық ықыласы мен бауыр­мал­дығын аңғару қиын емес. Осыған бір мысал: 2005 жылы 29 қыркүйек кү­ні өткен Дүниежүзi қазақтарының ІІІ құрылтайында Н.Назарбаев хал­қымыздың «Жол жүрсе өнеді» деген қанатты сөзін мысалға ала келіп: «Ал ең басты жол – Отанға бастайтын жол, ол жырақта жүрiп сағыныштан сарғайған қандастарымыздың жүрегi арқылы өтетiн жол. Талайларыңыз атамекенге жүрек жолымен келiп, туған жер төсiнде тұрақтап қалып та жатырсыздар. Оттан да ыстық Отан­ның ыстығына күйiп, суығына тоңып келесiздер. Қай жерде жүр­сеңiз­дер де, атамекендi ардақтаған адал жүректерiңiзбен туған жерi­мiз­дiң жақсы атын шығарып келесiздер. Сол үшін Сіздерге мың да бір рахмет ай­тамын», – дегенде залдағы жұрт­тың көбі лықсып келген көз жас­та­рына ерік берген болатын. Бұл әри­не, қуаныштың, бақыттың, те­бі­­ре­ністің көз жасы еді…
Иә, бүгінде Қазақ елі – қомақты қа­ра­жат бөліп, қандастарын еліне ша­­қырып отырған санаулы ғана мем­­лекеттің бірі. Соның арқасында өт­­кен ширек ғасыр ішінде 300 мыңға жуық отбасы Атажұртқа оралды. Бұл – бұрыннан керегесі кең, бүгінде өз­­гелермен терезесі тең тәуелсіз елі­міз­­дің халқы 1 миллионнан астам жаңа қандастарымызбен толықты деген сөз. Айтқанға қысқа көрінгені­мен, бұл біздің еліміз үшін үлкен бір облыстың немесе оншақты ауданның халқына шамалас келетін қомақты сан екені сөзіс.
«Елге ел қосылса – құт!» дейтін қа­зақ даналығын бір сәтке де естен шы­­ғармайтын Елбасымыздың Жар­лығымен 2008 жылдан бастап алыс-жақын шетелдердегі қандастары­мыз­дың көшіп келу квотасы жылына 20 мың отбасыға дейін көбейтілді. Бұл жыл сайын шетелдерде тұратын 100 мың­ға жуық қазақ мемлекеттің кө­­ме­гімен атамекенге оралып, емін-еркін қо­ныстануына мүмкіндік бер­ді. Ал ата­жұртқа өз күшімен, өз қа­ра­­жа­ты­мен оралып жатқандары қан­­­шама!
Елбасының көші-қон саяса­ты­ның түпкі мәнін терең түсініп, ел тағ­дыры мен болашағына қатысты іргелі шараға жұмыла қолдау көрсет­кен бірқатар аудан, аймақ басшыла­ры­ның туған елмен қауышып, орта­мыз­ды толтырып жатқан қан­дас­тарымызға қолдан келген көмектің бәрін жасап, тіпті, арнайы ауыл салып беріп, сауапты да игілікті іс тындырып жат­қа­нын атап айтуға тиіспіз. Бүгінде еліміздің бірнеше аймақтарында бейімдеу орталықтары құрылып, өзге ортадан келген ағайынның өз елі­не тез сіңісіп кетуі үшін қажетті жағ­дайдың бәрі жасалуда.
Алайда, 2009 және 2010 жылдары көш кідіріп, белгіленген квота мөл­шері толмай қалатын жағдай жиі қай­талана бастаған болатын. Бұл мә­селеге 2011 жылы мамыр айының 25-27 күндері елордамыз – Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайында Мемлекет басшысы­ның өзі баса назар аударып, қандас­та­рымыздың құжат тапсыру, тіркеуге тұру, азаматтық алуы кезінде ұшы­ра­сатын түрлі кедергілерді жойып, олар­дың ата мекенге оралуын бір жүйе­ге түсіру жөнінде нақты тапсыр­малар берді.
Елбасымыз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы ретінде осы құрылтайда алдағы кезде атқа­рылуға тиіс жұмыстардың бес бағы­тын айқындап берді. Оның бірін­шісі – елге оралып жатқан қандастары­мыз­дың жағдайын жақсартуға септігін тигі­зе­тін «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа заң қабылдау; екіншісі – ше­телдегі қазақ жастарының Қазақ­стан­ға келіп сапалы білім алуы үшін олар­ға бөлінетін грант квотасын нақ­тылап, талапкерлермен жүйелі жұ­мыс жүргізу; үшіншісі – шеттегі қа­зақ­тардың Қазақстанмен жан-жақ­ты байланыс орнатуына көмек­тесу; төртіншісі – қандастарымыз тұр­а­тын елдерде ұлттық мәдениет пен өнердің кеңінен таралуына жәр­демдесу; бесіншісі – шетелдерде кі­ші құрыл­тайларды тұрақты өткізіп тұру.
Демек, бұл – қазақ көші әлі де жал­ғаса береді деген сөз. Келемін дей­тін ағайынға Отанымыздың құ­шағы айқара ашық. Ал келген ағайындарымыздың басым көпшілігі атажұртқа орнығып, тиісті шаруа­сымен айналысып, бала-шағасын өсіріп, атамекеннің төрінде алаңсыз өмір сүруде.
Өкінішке қарай, кейде ана жер, мына жерде Қазақстандағы көші-қон жұмыстарын сыпыра жоққа шығарып, оралман атаулыға түгелдей жетім баланың күйін кештіртіп, оларды күнін көре алмай жүргендей етіп сүмірейте көрсету пікірлері де қылаң беріп қалады. Тағы да қайта­лап айтамыз: Президентіміздің са­ли­қалы саясатының арқасында тәуел­сіздік алғалы бері елімізде ат­қарылған, мақтанып айтуға лайық­ты маңызды да ауқымды істер аз емес. Өзімізбен қатар тәуелсіздік алған республикалардың ешқайсысы мұндай іс-шараны жүзеге асыра ал­ған жоқ. Мұндай қадамға тек Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев қана бара алды. Бұл ерлік іс емей не­мене?!
«Әр қазақ – менің жалғызым!», – деп ақын Сабыр Адай жырлағандай, жанымызға жан, айбынымызға ай­бын қосқан бір миллион қазақ түгілі, біздің еліміз үшін бір азаматтың соқа басының өзі баға жетпес байлық еке­ні сөзсіз. Оның сыртында, шеттен кел­ген бауырларымызбен бірге елге мәдени-рухани құндылықтарымыз да оралып, ұлттық мәдениетіміздің да­муында тың тыныс, жаңа өріс пай­да болғанын мақтанышпен ай­ту­ға тиіспіз. Сол арқылы қаймағы бұзыл­маған шұрайлы тіліміз мен бай әде­би мұрамыз, діни сенім-наны­мы­мыз бен халықтық салт-дәстүр­ле­ріміз, ұлттық қолөнер туындылар­мыз, ата мекенде ұмыт қалып бара жатқан көптеген ән-күйлеріміз бен билеріміз соңғы жиырма бес жылдың ауқымында отандық мәдениетімізге жаңа қазына болып қосылып, одан әрі байи түсті.
Атажұртқа оралған ағайындар­дың арасында бүгінде елімізде кәсіп­кер­лікпен табысты айналысып,
ғы­лы­мымыз бен білімімізді, мә­де­­­ние­тіміз бен өнерімізді дамытуға белсене атсалысып жүрген айтулы тұлғаларымыз қаншама десеңізші!
Бір ғана әдебиет саласын алсақ, көші-қон саясатының арқасында қазақ қаламгерлерінің қатары жүз­деген талантты ақын-жазушылармен толықты. Елге оралған қандас қа­ламгерлер әдебиетімізге тың тыныс, жаңа леп ала келді. Олардың қала­мынан туған шығармалар отандық оқырманның жүрегіне жол тауып, сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерді.
Сондай-ақ қазақ қисса-дастан­дарының ондаған томы, ағартушы ақын­дар – Ақыт қажы Үлім­жіұлы­ның, Көдек Маралбайұлының, Әсет Найманбайұлының, Таңжарық Жол­дыұлының шығармалары, XV ғасырда өмір сүрген әйгілі қазақ шипагері Өтейбойдақ Тілеуқа­былұлы­ның «Шипагерлік баян» ат­ты медициналық еңбегі, Қажығұмар Шабданұлының 6 томдық «Қылмыс» романы атажұртта жарық көріп, ру­ханиятымыздың көкжиегін кеңей­те түсті.
Бұл арада әлемнің түкпір-түк­пірінен елге оралып жатқан бұлбұл көмей, жез таңдай әншілердің бәрін тізбелеп жатпай-ақ қоялық. Бір ғана Майра Мұхамедқызының өзі Қазақ­станның ән өнері мен музыка мәде­ниетін әлемдік жаңа белеске көте­руге қаншалықты үлес қосып жүр­генін айтсақ та жеткілікті.
Ұлттық би өнеріміз де тәуелсіздік жылдарында өзінің жаңаша даму ар­насын тапты. Бұл салада Шұғыла Сапарғалиқызы алып келген би мек­те­бінің өзіндік орны бар екені әм­бе­ге аян. Ал ұлттық дәстүрлі би өне­­р­інің жауһары болып саналатын «Қа­ра жорға» – бүгінде той-жиын­дар­да халқымыздың жанына шаттық нұ­рын сыйлайтын ортақ игілігімізге ай­налды.
Таэквондо – бүгінде елімізде қа­на­тын кеңге жайып, тез өркендеп келе жатқан спорттың бір түрі. Оның қазақ топырағында тамыр жаюы Мұс­тафа Өзтүріктің есімімен тікелей байланысты. Ал боксшыларымыз Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Ислам әлемдік ең мәртебелі бокс бәсеке­ле­рінде ел абыройын асқақтатып, көк туымызды биікте желбіретті.
Тәуелсіздік жылдарында әлемнің әр түкпірінен еліміздің білім мен ғы­лым саласына келіп қосылған бі­лікті педагог және ғалым бауырлары­мыз да емес. Осынау іске өлшеусіз үлес қосқан Халифа Алтай, Зардыхан Қи­наятұлы, Мініс Әбілтай, Қаржау­бай Сартқожа, Нәпіл Бәзілханұлы, Нәбижан Мұхаметхан, Дүкен Мә­сім­ханұлы сынды тарихшы және әдебиетші ғалымдардың есімдерін құрметпен айту ләзім.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­ры­нан бастап бұлардың әрқайсысы өз саласы бойынша жастар тәрбиелеу мен ғылыми зерттеулер жүргізу ісін қатар өрістетіп, отандық шығыстану және тарих ғылымдарын жаңа бе­леске көтеруге лайықты атсалысты. Олардың қатарында қазіргі және ежел­гі моңғол, қытай, парсы және ша­ғатай тілдерін жақсы меңгерген бі­лікті мамандар бар. Осындай ға­лымдар мен педагогтардың елге оралуының арқасында шығыстану саласы ілгерілей түсті.
Елге оралған қандастарымыз «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдар­ла­масы аясында Шығыстың көне мұра­ғаттарындағы қазақ халқы мен Қазақстан тарихына қатысты құнды дерек­терді ғылыми тұрғыдан жүйе­леп, ана тілімізге аударуға атсалысты. Сондай-ақ олардың қазақ тарихы­ның ақтаңдақ беттерін ашуға ықпал ететін ғылыми еңбектері оқырман­мен табысып, елімізде азат ой-сана мен жаңа тарихи көзқарастың қа­лып­тасуына септігін тигізуде. Бұған істің көзін білетін мыңдаған тәжіри­белі малшылар мен диқандарды, жа­ра­тылыстану салаласының ғалым-
­д­ары мен дәрігерлерді, әскери қыз­­­­­мет­шілер мен инженер-құры­лыс­шыларды, ІТ және сандық-технология ма­мандарын, тағы басқаларды қос­саңыз, ұлт ретіндегі ортақ олжа­мыз­дың қаншалықты қомақты екеніне кө­зіміз айқын жетеді.
Елге елдің қосылып, құтқа ай­нал­­­ғанының көрінісі осы болса ке­рек. Елбасымыздың көші-қон және де­мография саласындағы салиқалы саясатының, шетелдердегі қазақ диас­порасына қатысты ерен еңбе­гі­нің арқасында осылайша өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды, ортамыз тол­ды, ойдағымыз болды деп нық се­німмен айта аламыз.
Осы мақаланың басында атап өт­кеніміздей, қолдарыңызға тиіп отырған бұл кітаптағы материал­дар­дың ауқымы Мемлекет басшысының тек көші-қон тақырыбына қатысты ой-пікірлермен немесе Дүниежүзі қ­азақтарының құрылтайларында жа­саған баяндамаларымен ғана шек­теліп қалмайды. Кітапқа сондай-ақ Президенттің осы жылдарда жал­пы қазақ руханиятына қатысты өт­кен жиындарда сөйлеген сөздері мен жасаған баяндамалары да қоса ен­гізіліп отыр.
Бүгінде шет елдерде тұратын қан­дастарымыз, елге оралып үлгер­ген бауырларымыз, Ұлы даламызды, ата мекенімізді бұрыннан жайлап келе жатқан отандастарымыз – бәрі де өзіміздің қазақтар.
Баршамыздың мәдениетіміз бен өнеріміз, салт-санамыз ортақ. Қай жер­де өмір сүрсек те – ортақ ұлттық ко­дымыз біріктіріп тұрады. Сондық­тан, біз – өз туған жерімізде тұра­тын­дарға отандаспыз, өзге мемле­кет­терде өмір сүретін қан­дас­тарымызға ақжолтай тілекшіміз. Елбасымыздың осы кітапқа енген баяндамалары мен сөйлеген сөздерінің, сыр-сұх­бат­тары мен ой-пікірлерінің бәрі де бү­гінде жұмыр жердің түкпір-түк­пірінде өмір сүріп жатқан барлық қа­зақтың жанына жақын, ұлт ру­ханиятын байыта түсетін ортақ игі­лік екені сөзсіз.
Президенттің ұлтымыздың ру­хани тірегі Абай, жыр алыбы Жам­был, халқымыздың ғұламасы Әуе­зов, бар білімі мен қабілетін елінің ер­теңі мен халқының келешегі жо­лындағы күреске арнап, осы жолда жа­зықсыз мерт болған Алаш арыс­тары туралы толғаныстары ешкімді де бейжай қалдырмас дейміз.
Қолдарыңызға тиіп отырған бұл кі­тапты мазмұны жөнінен ұлт тұтас­тығының шежіресі десек те болады. Жинақ еліміздің өткеніне тағы бір мәрте көз жіберіп, ертеңіміздің қа­мын ойлауға жетелейтін рухани құн­дылыққа айналса екен дейміз. Әсі­ресе, қазір еліміздің үшінші жаң­ғыруы басталып жатқан кезде, Пре­зидентіміз санамызды жаңғырту міндетін алға қойып отырған тұста ұлт­тың тұтастығы мен елдің бірлігіне үн­дейтін мұндай басылым оқырман үшін пайдалы болар деп үміттене­міз.

Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ,
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір