Сахна өнерінің саңлағы
01.12.2017
3981
5

(Қазақ елінің талантты актері Әділ Ахметов туралы)

Қайрат ИМАНАЛИЕВ, Қырғызстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Айтматов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, драматург


Талантты ешкім қолдан жасай алмайды. Тіпті оны біреуден сұрап алуға, ақшаға сатып алуға да болмайды. Ол тек Жаратқаннан берілетін қасиет. Әкенің қанымен, ананың сүтімен келетін дара сипат. Құдайдың ондай талант берген адамдары мәдениеттің көгінде жұлдыз болып жарқырап, халықтың қадірлісіне айналары хақ. Қазақ мәдениетінің актерлік әлемінде бағы жанған Нұрмұхан Жантөрин, Асанәлі Әшімов, Ыдырыс Ноғайбаев, Құман Тастанбеков, Досхан Жолжақсынов қатарлы кино және театр өнерінің майталмандары Қазақтың ғана емес, Қырғыз елінің де бөліп жарғысыз ардақты адамдарына айналып кеткелі қашан!.. Өйткені, бұл кісілер алып шыққан таңғаларлық тамаша образдар күні бүгінге дейін көрермендердің жүрек төрінде. Ұлы қазақ елінің өнер керуені үзілген емес. Театр және кино саласының біз атап өткен заңғар биіктерінің өкшесін баса бір шоғыр шашасына шаң жұқпас жүйріктер құйрық тістесіп құйындатып келеді. Дәл осындай бүгінгі күні қазақ мәдениетіне үлкен үлес қосып өнер өлкесінде өрісін тауып, өнегелі жолын жалғастырып жатқан жастар туралы толғанғым келеді. Дәл осы топта оқ бойы озып, өз ортасынан суырылып шыққан жастың бірі – Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері – Әділ Ахметов.

Мен Әділді алғаш 2012 жылы 22 та­мызда Бішкек қаласында өткен Қа­зақстанның Қырғыз еліндегі мә­дениет күндерінің ашылу салта­на­тын­дағы «Гала-концертте» көрдім. Кон­цертті жүргізуші ретінде жарқ етіп шыға келгенде оның қоңыр дау­сы, сахнаға үйлесе кеткен келіс­ті сымбаты, сымдай тартылған бойы, биік мәдениеті, бірегей білімнен туын­даған білікті сөзі жұрттың на­за­рын бірден аударды. Әне сол жігіт­тің сұлтаны болып жалпыға жылы қабылданған азаматты «нағыз сахна үшін жаралған жан екен-ау!» – деп ба­ғаладым тамсанып. Кейін біл­дім, Әділ Ахметов бауырымыз қазақ сах­на өнеріне жаңалық алып келген Астана Жастар театрының негізін қа­лаған даңқты режиссер Нұрқанат Жа­қыпбайдың ең мықты шәкірт­те­рінің бірі екен. Нұрқанат Жақыпбай аға­мыздың шығармашылықтағы жи­нақталған мол тәжірибесінің тас­қындап тұрған кезінде мәдениеттің мәр­тебесін арттыру мақсатымен 2007 жылы Астана Жастар театрын аш­қан болатын. Театрдың труппасы өз қолында оқыған Әділ секілді та­лант­ты жастардан жасақталыпты. Қан­шама қиыншылықтарға қар­а­мас­тан Нұрқанат аға жанкештілік та­нытып театр ашты. Ол ә дегеннен тал­ғамы биік, тартысы терең таң­дау­лы спектакльдер қойып, нағыз ше­девр болған қойылымдарымен көзге түс­ті. Атап айтар болсақ, әлемдік дең­гейдегі атақты Шыңғыс Айтматов пен қазақтың біртауар перзенті Әбіш Кекілбаевтың «Шыңғыс хан» спек­так­лімен театр шымылдығын ашты. Не­бір атақты актерлер сомдаған күр­делі рольді енді ғана 23 жасқа кел­­ген Әділ Ахметке жүктейді. Әділ­дің мұ­қият ізденуі, шымырлап толыс­қан актерлік мүмкіндігі арқасында жер-жаһанды дірілдеткен Шыңғыс хан­ның жаңа қырлары ашылып, қойыл­ған­нан бері он жыл бойы ре­пер­туардан түспей жалғасып келеді. Актердің іш­кі дүниесі арқылы Шың­ғыс хан­ның шын бейнесі сомдалып, кө­рер­меннің көз алдында өзгеше мінез қа­­­лыптасты. Оның қаһарлы кәрі мен за­лалды зәрінен өзге ой-әлемі, көз­қарасы, дүниетанымы, жүрегін­дегі құ­пия сыры, аяулы се­зім­дері сурет­те­ле­ді. Осы күнге де­йінгі Шың­ғыс хан жайлы сыңар­жақты көз­қарас­­тар­дан өзгеше күйге бөледі. Өте жо­ғары деңгейдегі поэ­тикалық ше­шім­дерге иек артқан бұл спек­такльде Әділ Ахметовке 2010 жылы орта Азия­ның халық­аралық ІІІ театр фес­тивалінде «Шың­ғыс ханның рөлін ең мықты сомдағаны үшін» де­ген сый­лық бекер берілмесе керек!..
Сол жылдың сәуір айында Түр­кістан және Шымкент қалаларында қа­зақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шаниннің 125 жылдығына орай «Театр көктемі» халықаралық фес­ти­валі өткен. Фестивальге Қырғыз Ұлттық академиялық драма театры менің қаламымнан туған «Қорқыт ата» драмасын алып барғандықтан ар­найы шақырумен мен де қатыс­тым. Алғашқы күні Астана Жастар театрының В.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясын тамашаладық. Бұл қойылым мен үшін үлкен жаңа­лық болды. Олай болатыны, бұрын­ғы­дан мүлде өзгеше жаңа идея, жаңа тә­сілмен сахналаныпты. Нағыз жас­тардың театры осындай болу керек деген үлгіні алға шығарып, аталмыш театрдың әртістері әсерлі қойылым жасады. 1593 жылы жазылған Шекс­пирдің атақты шығармасына қазақ режиссері Нұрқанат Жақыпбай мүл­де басқаша сипат енгізіп, сырын те­реңдетіпті. Театрға көрерменді өзі­не баурайтын элементтерді қосып ансамбль мен қимыл-қозғалыстар ты­ғыз бірлестіріліпті. Ол көзді арбап, көңіл­ді толқытып, өзіне тарта түсті. Ак­терлердің пластикасы, драмалық об­раз жасалуы, қойылған билері ше­берлікпен өрілген спектакль өзі­нің жан-жақты ерекшелігімен сіл­тідей тындырды. Қалай соңына жет­­кенімізді сездірмей бір деммен аяқ­тады. Айлакер Катарина – Айнұр Ра­хипованың асау мінезін кім ауыз­дықтар екен деп отырғанда келісті Пет­ручио – Әділ Ахметов сахнаға шы­ға келеді. Алғашында билеп кел­ген актердің қимылының икемділігі, бойының ұзын болғанына қарамай өте бейімділігі, қаншалаған трюктар­ды орындаса да дәл орны-орнымен жа­сағаны, құлаққа жағымды үнімен қиял­дағы күрделі образ нағыз Пет­ручионың бейнесін таныдық. Ве­ро­на­лық көпес Петручио әкесі өліп, әйел іздеп шығып, мінезі шаһар асау қыз Катаринаға жолығады. Оны ауыз­дықтап сабасына түсіріп махаб­ба­тын білдіріп өзіне басыбайлы ба­ғындырып алады. Ер мінезді кесек бітімді Петручио образын өз кезінде Кеңестер одағының Халық әртісі Ва­лерий Гаркалин және кәдімгі Гит­лер­дің бейнесін мықты сомдаған атақ­ты неміс актері Фриц Диц те ой­наған болатын. Ал, Қырғыз сах­на­сына келер болсақ, өткен ғасыр­дың 80-жылдары бұл шығарма ре­жис­сер Парк Рубинштейн тарапынан қойылып, Катаринаны Қырғыз­стан­ның Халық әртісі Жамал Сей­дак­матова, Петручионы Еңбек сіңір­­ген әртіс Болат Шалтаев өте жо­ғары са­натта ойнап шыққанын түсі­рі­лім­дерден тамашалап, риза­лы­ғымызды әр­кез айтып жүрміз. Бұлар­ды мысал етіп естеріңізге салып отыр­ғаным, біз­дің Әділ Ахметов сом­даған Пет­ру­чио тіптен бөлек. Кей адамға киім­­нің құйып қойғандай жараса ке­­тетіні секілді, кейбір роль­де табыл­ған әртіске сондай жараса кетеді. Ал кейбіреуге аққа жамаған қара ма­та­дай мүлде жараспай тұрады. Біз, дра­матургтер пьеса жазып отыр­ғанда «осы образды анау әртіс ойнаса бап келер еді» деп көз алдымызға келті­ріп отыратынымыз бар. Есіл ер, қай­­­ран Шекспир де бұл рольді әде­йі­леп Әділге жазған секілді елес­тей­ді. Олай дегенім, роль өз иесін шы­найы тапқан. Петручио Әділге, Әділ Пет­ручиоға киіле қалғандай көр­дік.
Актердің тағы бір ерекше рөлде­рі­нің бірі Қырғыздың Халық жазу­шы­сы Сұлтан Раевтың «Меккеге қа­рай ұзақ жол» драмасындағы им­пера­тордың образы. Бұл өте күрделі, тар­тысқа толы, психологиялық, фи­лософиялық шығарма. Негізінде Әділ­дің жаратылысы, ішкі жан әлемі сон­дай нәзік, сыпайы, кішіпейіл адам. Ал, анау императордың ролінде ол өте қатал, қаһарлы, көзқарасы бір­беткей тоңмойын патшаның бей­несін жасаған. Дәл осындай ойынды жазушы Әбіш Кекілбайдың «Нар­тәуе­кел» драмасындағы Абылай хан­ның образынан да көруге болады. Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Нұрлан Оразалиннің «Шы­рақ жанған түн» драмасындағы Таңат, Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен Суретші» драмасындағы сурет­шінің бейнесін қайталанбастай сом­дағаны үшін Астана Жастар теат­ры­ның тарихындағы дәуірлік көріністер қатарына жатқызуға болар еді. Өйт­кені ол образдарды шынайы, шырқау шыңына шыққан бейнелер деуге болар еді. Аталған образдарда жасан­дылық мүлде жоқ, кейіпкердің жан әлемімен әртістің ұқсауы илеген қа­мы­рдай басы бірігіп тұтасып кеткен тығыз дүниеге айналыпты. Әділ Ах­метовтің актерлік ауқымы, қамту мүм­кіндігі өте орасан. Қандай бағыт­тағы роль болса да, ол мейлі комедия, ол әлде трагедия болсын, лирикалы немесе эпикалы болса да талғам­паз­дықпен танып, орны-орнымен ой­нап шығады. Қысқасы, күнделікті Әділ мен кейіпкер Әділді мүлде жа­қын­дата алмай қаласың. Демек, ол өзін-өзі қай­таламайды. Драмалық терең тар­тыс­тарға құрылған Шыңғыс Айт­матовтың «Жан азабы» драма­сында зорекер жуандардың, адамның жа­нын тітіркендіріп аза бойын қаза қы­латын қаһарлы жаудың жалмауыз бей­несін мізбақпай тұрып жеткізеді. Го­гольдің «Ревизор» комедиясын­да­ғы қала бастығы Антон Антонович – Ахметов бейнесі Хлестаков – Дәу­рен Серғазинмен сахнадағы балық­тай ғана «сөйлеп» көрерменді күл­ді­ріп ішек-сілесін қатырады. Міне, бұл салыстырулар біз сөз етіп отыр­ған ак­тер­дің жан әлемінің өте бай, өнер­ді сүйегіне сіңірген сұңғыла адам екенін көрсетеді. Негізінде ак­тер Ах­метовтің мінезінде мырзалық, ақ­сүйектік тек, мәдениет, қырағы көз, сергек сезім бар. Мұндай сипат­тарын КСРО-ның Халық әртісі, қырғыз ұлтының ұлы Сүйменқұл Чокморовқа ұқсатуға болар еді. Чок­моровтың «Көксерек» фильміндегі Аханғұлы, Әділдің «Кек» көркем фи­льміндегі Дүйімқараға ұқсап ке­те­ді. Біз Чокморовты «қырғыздың келбеті Чохморовтың тұрпатындай» деп мақтанамыз. Әділ Ахметов те, Құ­дай бұйыртса, «қазақтың келбеті Ахметовтың түр-түсіндей» деп айта­тын дәрежеге жететініне сенеміз. «Ана­ға апарар жол» фильміндегі Ілияс, «Астана менің қалауым» филь­міндегі Ерлан, «Қара шаңырақ», «Па­рыз» телесериялдарында Дәурен мен Асанның бейнелерінде нағыз қазақтың ер мінезін, тұрпатын, Алаштың алып ұлдарының айбарын асырып тұр.
Әділ сомдайтын образдар, Әділ ба­ғындырар биіктер әлі алда. Әлем­дік театр мәдениетін дамытуда және қырғыз қаламгерлерінің шығарма­лары бойынша қойылған спектакль­дерде образдарды мықты сомдағаны үшін, Қырғызстанның Мәдениет министрлігі Астана Жастар театры­ның актері Әділ Ахметовті «Құрмет грамотосымен» марапаттады. Енде­ше, сол жетістігі құтты болсын! Орда бұзар отыздан енді асып, қамал алар қырыққа бет түзеді. Ат-атағы алысқа тарап, қаншама фестивальдарда лау­реат болып мінбелерден көрінген, абы­ройы Алаш жұртына ғана емес, көр­ші мемлекеттерге де белгілі бол­ған Әділ бауырымызға көз тимесін дейміз!.. Алдағы уақытта ойымыздан орын алатын, тарихқа таңба баса­тындай образдарды сомдайтынына се­неміз.

ПІКІРЛЕР5
Асем 03.12.2017 | 21:22

Керемет!!! Дəл тауып айтылган сөздер. Əділ қазақ театр жəне кино жұлдызы. Бұл сөздерге қарсы шығатын адам жоқ деп ойлаймын. Қөз тимей үнемі биіктерден ғана қөріне берсін, бақытты болсын!!!!!

Мирас Сарим 04.12.2017 | 13:04

Мықтыыыы!

Айман 07.12.2017 | 12:21

Талантты актердың бағындырар шыңдары көп болсын!

Аноним 14.06.2021 | 11:10

ой білдә

Аноним 14.06.2021 | 11:11

ойййй біілләәә

Добавить комментарий для Асем

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір