Әкемнен қалған жылылық, Шешемнен қалған жылылық…
01.12.2017
1771
0

Алмат ИСӘДІЛ


Дүдәмал
Өмір – өмір емес сияқты,
Көргенімнің бәрі – түс,
Өңім емес сияқты.

Көңіл – көңіл емес сияқты,
Бәрі әншейін алданыш –
Қоңыр елес сияқты.

Өзім – өзім емес сияқты,
Көлеңкем де сұлбама
Егіз емес сияқты.

Сезім – керім емес сияқты,
Шаттығымның кесесі,
Толық емес сияқты.

Төзім – берік емес сияқты,
Алдымдағы даңғылдың,
Жолы дөңес сияқты.

Өлең – өлең емес сияқты,
Өз шындығың басқаға,
Керек емес сияқты.

…Бәрі жақсы болса екен,
Уайымның теңізі,
Терең емес сияқты.

Бір тамшы…
Бір тамшыдан жаралдық,
Бір-ақ өмір бұйырып.
Бір Құраннан нәр алдық,
«Бір Аллаға сыйынып».

Он сегіз мың ғаламның,
Бір қиырын мекендеп,
Көшіне ердік заманның,
Бір бақытқа жетем деп.

Тұл тағдырға көнеміз,
Уақытқа жалданып.
Тірлік етіп келеміз,
Бір үмітке алданып.

Өтер өмір, заулар күн,
Өзегіңді өртетіп:
Жанарынан жалғанның,
Бір тамшы жас мөлт етіп…

Қамығу…
..Көкейімде бір ой бар:
Елдің жайын кім ойлар?
Жиында отыр есінеп,
Күллі ығай-сығайлар.

Шеттерінен кіл шешен,
Шеттерінен дүр көсем.
…Өз елімде жүрсем де,
Өгейсіген күн кешем…

Несібесі азайып,
Несиесі молайып,
Нән дөкейлер қағынып,
Қамығып жүр халайық.

Сөзімді кім есіткен,
«Бүліндім бе бесіктен?».
Сығалап тұр қараша,
Үлкен емен есіктен…

Бүгін
Өзгерді бүгін қоғам –
Көз көрді түрін жаман.
Кез келді Ақиқаттың,
Көмейін тығындаған.

Тағдырды мойындадық,
Әр күнді уайымдадық.
Жақсылар жасып қалды,
Жаманның жайын бағып.

Күдіктен көңіл сынып,
Үмітпен өмір сүріп,
Өзгелер менсінбейді,
Бізді әлі тобырсынып.

Заңғардан өте алмадық,
Арманға жете алмадық.
Жылтырақ дүниеге,
Арбалып, неше алданып?!

Жасырып шындығыңды,
Ақыры сұмдық ұрды.
Алаштың – тірегі еді,
Ластадық тілді, дінді.

Тар жолда тығындалып,
Ақ жолға бұрылмыдық.
Мастанған төрелерге,
Мадақтау жырын жазып.

Ақшадан оңалмадық,
Жақсы адам бола алмадық.
Тілге тіл қосып алып,
Басқаша амалдадық.

Даланы күмілжітіп,
Қаланың уын жұтып,
Шындықты айта алмайсың,
Тұрса да тілің қышып.

Уақыт – құйын, боран –
Артына бұрылмаған.
Алдыңда жер қалмады,
Тұзақ, тор құрылмаған.

Әлі де тыйылмаған,
Бұрынғы қиын заман.
Жол кесіп Батыраштар,
Жасап жүр бұрын қадам.

Құйғытып Құлагермен,
Асқанда құба белден,
Баяғы Батыраштар,
Балта алып, шыға келген…

Түнде
… Дала суық.
Әншейінде шулайтын қала – сұлық.
Терезеден телмірем тысқа қарай,
Бірдемені күбірлеп, данасынып…
Мен сияқты көктемін күте ме екен —
Бүрсеңдейді гүлзарда дара шыбық.
Әнебір жан қашанғы тұрар екен,
Әлдекімді күтумен таң атырып…
Сұр көшенің шамдары сығырайып,
Аспаннан Ай төніп тұр жағы ашылып.
Тереземді соғады қайта-қайта,
Шұбар қанат көбелек аласұрып.
Ұйқым қашып отырмын, ойға батып,
Мойыныма мешел-мұң тағы асылып.
Тарқатылмай тұрғаны-ай
жақсы жырдың,
Қаламымның ұшында оратылып…

Есениннің елінде
Бөренелі сол үйлер,
Сол баяғы, сол өлке:
Басын жерге сәл иген,
Қайың түбі – көлеңке.

Бәрі, бәрі қалпында,
Көне шіркеу, сол орман.
Қалпында жүр халқың да,
Күпәйкесі жамалған.

Өлеңіңді ежіктеп,
Әніңді айтып мұжықтар,
Есенинге еліктеп,
Көшеде жүр «бұзықтар».

Жанарында мұң, нала,
Білгісі кеп сырыңды,
Пеш түбінде бір бала,
Оқып отыр жырыңды.

Ел-жұртыңа қош, қош деп,
«Тым аулаққа» кеткенде.
Есенинде ес жоқ деп,
Тілдеп еді көп пенде.

Мұқағали мұң шағып,
Тағдырыңмен үндескен.
Қызыл қоғам мін тағып,
Ол да сендей күн кешкен.

Шайқап жүрдің, шайырым,
Шараптан да бас алмай.
Қасіретке байыдың,
Күйігіңді баса алмай.
Гитараның күйімен,
Көңіл мұзын еріттің.
Айседора биіне,
Есің кетіп, еліттің.

Тағдыр неге мұңайтып,
Жігеріңді уатты?
…Шаганеңе сыр айтып,
Өзіңді-өзің жұбаттың,
Қайран анаң қамығып,
Қаншама рет езілді?
Желбегейін жамылып
Тосты қанша жолыңды?..

Елге оралдың ақыры,
Артта қалып елес-күн:
Русьтің Ұлы ақынын,
Елемеді көп ешкім…

Өртендің де, жандың да,
Жырға арналды хас, күшің.
Есігіңнің алдында,
Мұңайып тұр тас мүсін.

Елге аңыз болдың да,
Жарқырады нұрлы айың.
Есігіңнің алдында
Жалғызсырап тұр қайың..

Бір өмір…
Бір Өмір,
Бір Тірлік,
Бір Өлім,
Жұмбағын шешіпті кім оның?
Алдамшы жалғанның түр-өңін,
Түбінде
Басады Ажалдың түнегі…

Бір Бақыт,
Бір Шаттық,
Бір Қайғы:
Алмасып ай-жылдар зырлайды.
Тіршілік әйтеуір тынбайды.
Алайда,
Бұл Дәурен
Бір баста мәңгілік тұрмайды.

Бір Сезім,
Бір Үміт,
Бір Күйік,
Ойларға жетелеп тұңғиық,
Шешілмес жұмбағын жасырған,
Беймаза,
Бірі кем дүние – қым-қуыт.

Бір Сенім,
Бір Күдік,
Бір Шындық,
Шындықты білуге ұмтылдық.
Қуанып, соңыра күрсіндік:
Барлығын тұмшалап тастапты,
Өтірік дейтұғын бір Сұмдық.

Боларын біліпті кім бұлай,
Қай жақта біз күткен Нұрлы Жай?
Бір Жарық,
Бір Түнек алмасып,
Күн шықса кетеді сырғып Ай…
Тіріге – Береке,
Өліге – Иман бер,
Жаратқан Бір Құдай…

Жылылық
Әкемнен қалған жылылық,
Шешемнен қалған жылылық.
Лебіңе жүрем жылынып…
Сарсаңға түскен сәттерде,
Мұз болып қатқан көңіліме,
Көктем боп келдің жылымық.
Бабамның салған жолымен,
Әйтеуір, келем сүрініп,
Әлсіздігім де білініп…
Бір Алла берген ғұмырдың
Көшіне әрең ілігіп.
Ей, Әлем, сен де бір ұлдың
Айтылмай жүрген сырын ұқ;
Бақыт та кетті қона алмай,
Басымнан кері бұрылып.
Уақыт та кетті таба алмай,
Ақыннан кінә, бір ілік.
Шытынап түйсік-терезем,
Аязды күнгі атыздай
Айғыз да, айғыз тілініп.
Ағадан көрмей ірілік,
Кішіден көрмей інілік.
Аспалы көпір шетінде,
Тұрғандай болам ілініп.
Сондай бір сұрқай сәттерде,
Әкемнен қалған жылылық,
Шешемнен қалған жылылық —
Лебіңе жүрем жылынып…
Маңымда қалған жақсылар,
Сендермен қайғым жоқ шығар,
Болыстың маған жұмылып.
Жаныммен сүйдім бәріңді,
Алдыңда белім бүгіліп.
Сыртымнан өсек боратқан,
Басыма пәле жалатқан.
Жандарға кінә тақпаймын,
Жатсам да жолда жығылып.
Өйткені менің бойымда,
Жағып тұр Өмір шырағын —
Әкемнен қалған жылылық,
Шешемнен қалған жылылық.
Тағдырға көндім амалсыз,
Жетелеп алға бір Үміт.
Біресе Мысым басылып,
Біресе Рухым тіріліп.
Ескексіз қалған қайықтай,
Жанашыр адам жолықпай.
Болам деп жүрген кезімде,
Өмірдің сырын ұғынып,
Бәріне мені үйреткен —
Әкемнен қалған жылылық,
Шешемнен қалған жылылық.
Және де,
Өлеңнен қалған ұлылық.

Қабылдау бөлмесі
Қабылдау бөлмесі. Хатшы қыз…
– Қарындас, қалайсыз?
– Жақсымыз.
– Жазылып қойып ем тізімге,
Өзінде отыр ма бастығың?

– Ол кісі маңызды жиында,
– Түсінем, ел қамы – миында.
Бүгін де жолығу бастықпен,
Шынында түседі-ау қиынға.

…Майдалап, тырнағын егеген,
Сүйкімді қыз еді не деген?!
Өтірік жымиып тұрса да,
Маңайын шуаққа бөлеген.

– Күтейін, кеп қалар кеңсеге,
(Көкейде мың күдік, шер шемен.)
– Ағасы, одан да алдағы
Дүйсенбі келіңіз, ертемен.

–Жетеді, мың мәрте шыдағам,
Қажет пе, сотқа да шыға алам!
…Көрінбей, көрмей де жүретін,
Өмірде бар ма өзі бұл адам?

Кіре алмай жүрмін ғой, жыл болды,
Шашым да ағарып үлгерді.
Бастығың соншама кісі боп,
Менсінбей қалды ма біздерді?

Жоқ әлде жоғарылап өсті ме,
Болмаса – ұсталып кетті ме?
Жоқ әлде артынып-тартынып,
Шетелге біржола көшті ме?

Өмірі орнында болмайтын,
Не деген дөкей бұл оңбайтын.
Осындай кещелер көкке өрлеп,
Баяғы халық қой сорлайтын.

Қатқылдау шықты үнім шамасы,
Кенеттен, сиқырды қарашы –
Кабинет есігі ашылды:
–Маған ба, кіріңіз, ағасы…

Шамам да келмеді «өй» деуге,
Бұлқынып, құлшынып сөйлеуге.
Басекең хатшыға бұйырды:
– Бізге бір жақсылап шай демде…

Уайым
Жібіте алмай мұңымның мұздай тасын,
Жүргенімді, ағасы, кім байқасын?
Тар өткелден өткізіп жіберген соң,
Дос-бауыр да өзінше бұлдайды атын…

Көкейімде сансыз ой қарбаласқан,
Қашан туар, білмеймін, алдан ақ таң?
Жаман болды,
Бұл өзі заман болды,
Шындықты шырмап алған
жалған ақпар.

Болыса алмай біріміз-бірімізге,
Адастық па, түсіп ап қиын ізге?
Мінбелердің қадірі кеткеннен соң,
Саясатты соғамыз үйімізде.

Ала алмай жүр қанша адам өз бағасын,
(Мақтағанға әйтеуір, мәз боласың.)
Қыранның да тордағы ¬¬қадірі жоқ,
Қең қанатын көсіліп жазбағасын.

Болғанымен аты – зор, заты – бекем,
Биліктің де бұл күні нәші бөтен.
…Қолтаңбалы кітабым қай әкімнің,
Тартпасында шаң басып жатыр екен?

Тау
Әрдайым көз тігіп заңғарға,
Сүйеніп өстім мен тауларға.
Таулардан үйрендім төзуді,
Тағдырым тәлкекке салғанда.

Сонау бір кезімнен ес білген,
Қаймығып көргем жоқ ешкімнен.
Тауларды қазық қып жаратқан,
Тек Алла деп ғұмыр кештім мен.

Құбылып, бүлінді заманым…
Таудай боп тұрса да талабың –
Аласа адамдар әр тұстан,
Қоймайды-ау бәрібір талауын.

Жеткізбей зуласа арман-күн,
Өткізбей туласа орман-мұң:
Жауымның дауылды күшінен,
Тауымды қалқан ғып қорғандым.

Еске алып бозбала шағымды,
Сағынып келгенде ауылды:
Бауымды төсеніш еттім де,
Жастанып жаттым мен тауымды.

Бұлт шалса шыңдардың төбесін,
Көресің табиғат егесін.
Күрсінтіп алмайық тауларды,
Сілкінтіп жіберер Жер өсін.

Биіктен барлығын көретін,
Ел-жұрты соңынан еретін.
Сиреді данагөй шалдар да,
«– Таудай бол!» – деп бата беретін.

«Таулардан – тәкәппар қараған,
Тау ғана еңселі бола алар!»
Болсын деп тілеймін дін аман,
«Таудай ұл» табатын аналар!

Бағынтам деп жүрсең шың басын,
Таулардай асқақ бол, тың, батыл.
Тірлікте тауың да шағылмай,
Сынақта сағың да сынбасын!

Қыранның қанаты талатын,
Жырыма зау шабыт болатын.
Аспантау аясы – мен үшін,
Киелі мекенсің ең асыл.

Әрдайым көз тігіп заңғарға,
Сүйеніп өстім мен тауларға.
Таулардан үйрендім төзуді,
Тағдырым тәлкекке салғанда.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір