Әлем бөлек, мен бөлек пе?

1
254 қаралды

Гүлімай Әбішқызы


***
Тылсымнан тырсыл озса дара шауып,
томсарып, құра алмаса қала сауық.
Саябақта саяқ қап сары шымшық
сарнаса санасы ауып;
Ақын біткен қаламын шала сауып,
ақыл біткен алысқа алаңдаса…
Не қауіп?!
Жә, жабысқан жоқ дерт ауып.
Тек…
бізден тәуір ел тауып,
көшіп кетті менмен күз!
Қалай?
Қалай сенгенбіз?!

***
Оңаша орын-ақ арман,
ой отауы-төркін.
Маңдайымда мұзды қыс,
өзегімде өртім.
Екіұдай күй кештірген
екі басты сертім.
Ертіп мені әкеткен
әулекі есіл дертім!
Сен оңбассың!

***
Тәй-тәй, тамыз, төскейге шық,
құлық жақтым табаныңа
гөй-гөйле, Жем, гүрілдеп өт,
гүл қадайын жамалыңа.
Шөк-шөк, керуен,көше көрме
күмбір-күмбір күз келеді
күзге бер деп, сары алқасын
Сүмбіле қыз үзген еді.
Сағағына серт байласып,
сәулеге иек сүйесем кеп,
сидаң қақты сумақай жел
сол алқаның иесі ем деп.
Мырың-мырың Мизам мырзам
төрелік те айта алмады,
тасыр-тұсыр тұрақсыз жел
ұрлағанын қайтармады.
Жасыл біткен жөнеді ақыр
жаннан безген бір көлікпен
ыржың-ыржың ұят қашты
ұстыны өлген іргеліктен.
Көкжиектен көпе-көрнеу
жылыстап жүр сылаң сағым,
шашын жұлып шалғын байғұс
іздеп жатыр бұлаң шағын.
…менен де қайран болмады-ау…

***
Қол үздім,
бұ күзге ермедім.
Күзсіз де емеспін…
Қойнына қыстырып барады
сүмбіле сыңайлы дөңес күн.
Неғайбыл айналып келмегім
күткенім басқа күз.
Сары табан сағыныш
бағытын сілтейді
соңына тастап із.
Күз ортақ болса егер
со бағыт…тапсаңыз
…мына күз-басқа аңыз…

***
Ғазалбақтың әр күлтесін малданып,
көкжиектің көп түсіне алданып
қыр асқам,
жолай іздеп жүрек емін,
төбемді әркез тірегенім
бір аспан.
Жердің беті тұнған бақыт
шалқып өтем думандатып
дегенем,
соңыма сан жолтарап құр,
талқанымды орталап тұр
тегенем…
Қанша мұңды жетектедім
уіліңді етектедім,
тын, дауыл!
Бақсызбын деу-әсіре тым.
Бағы жанған қасіретім-
құмды ауыл.
***
Сәлеметсіз бе, БАҚЫТ?!
Сізді күтіп…
Төзімнің тамшыларын талмап жұтып
жүргенде,
арман бізді түу алысқа
алып кетті бір демде.
Жиырмамыз жамырасып,
ешкім білмей тұрағыңызды
ақ құмға жазып кетіп
ек сұрағымызды.
Жауабы желмен өшті ме,
әлде көшті ме құм?
Әлі күнге бір хабар естімедім…

***
Әлем бөлек, мен бөлек пе?
Бірақ ортақ дөңгелекке
ілініп барамыз
үзіліп түскенше өңге лепке.
Табиғат тұнжырағанда
бауырында бүрісіп,
жадыраса, жыртың-жыртың күлісіп,
емен-жарқын жүрісіп,
өтіп барамыз.
Өтіп барамыз,
бір қапас,әлде ұшпаққа жетіп қаламыз,
бұйырса.
Хақ таланға шиырса
жақ ішіндегі жұтылмай,
күйсеп барамыз сиырша.
Не тауып,не жауып кетер
пенде жүз?
Тірлікте неден кендеміз?
Тілекті тәннен өнгеміз,
тәй-тәйге бір сенгеміз,
қайда салса; енгеміз.
Рас-ақ,
құлдыраңдатып бұла шақ,
қол ілгеннен бір асап,
қутыңдаса тұра шап,
өткесін.
Кер бестіге мінгізген
әкем көште кеткесін,
келмесін
сезгесін;
Табиғат тұнжырағанда
бауырында бүрісіп…
Ай,ақыр кетіп қаламыз,
жетіп қаламыз
әке кеткен
көшке…

***
Жасып қапты жасыл ел
таланына күреңдеу күз тап келіп.
Қолтықтасып қорбаңдаған қоңырмен
барады, әне, сүреңсіз сұр
баққа еніп.
Қызыл мүлде болмаған-ау бұл маңда
жалқын сары апты ерік.
Жанай өткен жапырақты жеріктей
жалап жатыр шап беріп.
Көрмегенсіп көкке мойнын созады
сидаң сирақ, теңбіл терек-сақ керік.
Түбіріне бар үмітін құндақтап
тұмса шыбық наласыз,
тербеледі бас игендей батаға
бесік құмар келіншектей баласыз.
Мезі қылған масаң желдің мақамы
мұнараны мойындатып парасыз,
сора-сора соқпақтармен солықтап,
самал соқты саласыз.
Кеу-кеулесе келте етегін ызғырық
сары қыз да, саусағы да шарасыз.
Аспан күңгірт, аласыз,
көңіл тұман, дала сыз.
Еніпсіз ғой ен лайға етектен.
Енді қалай тазарасыз,
қала, сіз?

***
Құстар да құр қалқи ма
ұшу керек болғасын,
қарағашта қалғи ма
жасыл-жасыл қорасын?
Мен мен емес, бір міскін
меңіреу түн жолдасым.
Мысық мұрты мегзеген
маңда-ау, сірә, жол басым.
Табыл-табыл, тыныштық
табылсаңшы маған бір.
Тереземнің ар жағын
тезге салған ағам жүр.
Түнгі бақтың тылсымы-ау,
сенің берген бағаң-дүр!
Таптаурынға оралсам
тиындық пұл табам кіл.
Өз жанымды өксіткен
тәнге қалай жағам бұл?
(Қалай-қалай заман бұл?! ).

***
Көз құрты құж-құж қайнап,
құмарту-заңдылық дейді.
Нәпсінің балқаймағы
көзе асып,тәнді үгіттейді.
Жасылдың сарғаймағы
күз айтар әнді күтпейді.
Арашасыз ар мен сор арпалысы-
итжығыс!
Мәңгі бітпейді.
Қараның ағармағы
намыстың нарқын қақпайды
Ағеден сүрінгенше
әліптің артын бақпайды.
Нарт қызылға-сұқ саусақ
ақыры зар құндақтайды.
Табиғи түсің сенің қандай еді,
жалтылдақ қайғы?

***
Уа! Алаш! Құтты болсын бел балаң!
Көрімдігін бер, ғалам!
Маңдайға тіреп мың баған,
іргесін Үрім ымдаған
түртіп арымды.
Алаң ғасырым жерік пе ең,
Алшынға аян беріп пе ең
біртуарыңды?
Алтын құрсағым бұлтиярына,
Алашқа Аллам нұр қиярына
шын сенгем,
Абыз даланың арыны дарып
аруананың уызына жарып,
тұмса емген.
Құлыным түу-түу қияға шапты!
Көмейдің сырын сияға шақты
Ақсарбас!
Борбайлаған да бола алмай қалды,
Ойбайлаған да қона алмай қалды
жапсарлас.
Батадан тұмар таққаны-ырым,
Бабаға шырақ жаққаны ұлым,
шаттығым!
Таңдайға зәмзәм тамып кеткендей,
жалғанға жұмақ дәріптеткендей
тәтті үнің!
Қобыландың Бурыл тізгінін берді,
Ақтөбең көктен өз күнін көрді,
құлыным.
Төрткүлге тәубе жасатар әлі
Тамырын қаңтар босатар әлі
гүлінің…
ҚҰЛЫНЫМ!
ҚҰЛЫНЫМ!

1 пікір

Пікір қосу