Ер есімі – ел есінде
01.12.2017
1930
0

Ерсілі-қарсылы ағылған ығы-жығы адамдардың, мыңдаған машиналардың ара-арасымен жүріп отырып, Москвадағы Смоленская-Сенная алаңына келсеңіз, қарсы алдыңыздан мрамор таспен қапталған көпқабатты үлкен қоңыр үйге тап боласыз. Ал осы үйдің маңдайшасындағы алтын әріппен жазылған КСРО Сыртқы істер министрлігі деген таблицаға қарап тұрып, еліміздің басынан кешкен талай-талай тарихи қанды оқиғалардың куәгері болған сыртқы саясаттың бас штабы осы екен ғой деген ойға қаласыз. Ауыр есікті ашып, кең фоэге кіре бергенде, бірден көзге шалынатын залдың қақ ортасында қабырғадағы мрамор тақтаға ұзыннан ұзақ алтын әріппен тізілген «Өзінің азаматтық борышын атқару үстінде опат болған КСРО Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлеріне мәңгілік ескерткіш» деген жазу жазылған. Тақтаның ең жоғары тұсында, Кеңес өкіметінің алғашқы орнауы кезінде, шетел империалистерінің қастандық әрекетінен қазаға ұшыраған Б.А.Жемчужнии (1918 ж.), Г.А.Светличный (1918 ж.), И.И.Коломейцев (1919 ж.), В.В.Воровский (1923 ж.), Т.Я.Нетте (1926 ж.), П.Я.Войков (1927 ж.), А.И.Хасис (1927 ж.), т.б. дипломаттардың фамилиялары бар.

Осы тізімнің орта тұсында біздің отан­дасымыз С.С.Сүндетбаевтың да фа­ми­лиясы кездеседі. (Осы жерде біраз шегініс жасап, 70 жылдық кеңестік дипломатия кезеңіне тоқталсақ дейміз. Кеңестік 70 жыл ішінде Қазақстаннан небәрі 7-8 азамат қана дипломатиялық қызмет атқарды. Мәселен, 1920-37 жылдар аралығында Н.Төреқұлов, С.Шарипов деген екі азамат Араб елдері мен Иранда елшілікте қызмет атқарып, ақыры 1937 жылы «халық жауы» деген жалған айып­пен атылып кеткен болатын.
Ал кейінгі 1950-80 жылдар аралығында дипломатиялық қызметке Қазақстан Орталық партия комитеті аппаратында немесе КСРО Сыртқы істер министрлі­гінде жауапты қызметтерде болған
Т.Тәжібаев, С.Фазылов, С.С.Сүндетбаев, Б.Омаров, Е.Идрисов сияқты бірлі-жа­рым азаматтар ғана дипломатиялық жо­ға­ры оқу орындарына жіберіліп, кейін шетел­дерде елшілікке тағайындалған еді).
Біз Самат Сүндетбаевтың қалай қазаға ұшырағанын білсек деген ниетпен, қызыл шұғамен көмкерілген қалың альбомды қолымызға алып, әр беттерін парақтап ақтарып өттік. Альбомның аяқ жағында жымия қарап тұрған әдемі қара торы жігіттің фотосуретінің астында машинкаға басылып жапсырылған, екі бет өмір­баянды көз жүгіртіп оқып та шықтық.
Елін сүйген қазақтың жалынды азаматы С.Сүндетбаевтың өмірбаянына көз жүгірткенімізде, оның қысқа өмірінде қыруар жауапты жұмыстарды ойдағыдай атқарып, еліне адал қызмет еткенін байқадық. Самат Сүндетбаев 1929 жылы 24 желтоқсанда бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, Қаражартас ауылында дүниеге келген. Ол 1946-47 оқу жылы Семей қаласында Затон орта мектебін «5»-ке бітіріп, сол жылы Семейдегі сауда техникумына түскен. 1950 жылы техни­кум­ды үздік дипломмен оқып бітіреді де, Ленинградтағы Г.Плеханов атындағы Сауда-экономикалық институтына оқуға түсіп, оны 1954 жылы жақсы бағамен та­мамдап шыққан. 1954-58 жылдары Гурьев, Ақтөбе облыстарында облыстық сауда басқармасы бастығының орынба­сары, ал 1958-61 жылдары Ақтөбе облыс­тық сауда басқармасы бастығы қызмет­терін атқа­рады. 1961-63 жылдары Қазақ КСР Сауда министрлігінің бөлім мең­геру­шісі, коллегия мүшесі болады. 1963 жылдың қаңтар айында С.Сүндетбаев Қазақстан Компартиясы Орталық ко­мите­тінің жеңіл тамақ өнеркәсібі және сауда бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне жоғарылатылады. 1964 жыл­дың тамыз айында Қазақстан Компар­тиясы Орталық комитетінің жолдама­сымен КСРО Сыртқы істер министрлігі жанындағы Жоғары дипломатия мекте­біне оқуға жіберіледі. С.Сүндетбаев 1967 жылы осы оқу орнын үздік дипломмен бітіріп, Йемен Халық Республикасындағы Кеңес елшісінің екінші секретары қызметіне тағайындалады.
С.Сүндетбаев 1967 жылы 11 желтоқ­санда Йемен Халық Республикасындағы Кеңес елшісінде осы қызметті атқарып жүріп, ерлікпен қаза табады.
Ал бұл Йемен Халық Республикасының алғаш орнауы, монархистердің жаңа құрылған республикалық халық өкіметіне тұтқиылдан шабуыл жасауы, Кеңес елші­лігіне қауіпті жағдай төнгенде Самат Сүндетбаевтың Кеңес азаматтарын қауіп­қатерден құтқарып, өз отанына жедел көшіріп жүрген кезінде болған оқиға.
Коммунистерді діннен безгендер деп бағалағандар Кеңес елшілігіне тұтқиылдан шабуыл жасап, елшіліктің бірінші сек­ретары В.А.Яковлевке тап бергенде,
С.Сүндетбаев жан жолдасын құтқару үстін­де арпалысып жүріп өзі де мерт болған.
КСРО Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Үкіметі Саматтың денесін 1967 жылы 19 желтоқсан күні Алматы қала­сындағы сол кездегі орталық қорым – қазіргі Райымбек көшесіндегі зиратқа әкеп, құрметпен соңғы сапарға шығарып салды. Самат Сүндетбаевтың жерлеуі, қырқы кездерінде Қазақ КСР Сауда министрі Рымбек Ильяшев, министрдің орынбасары Аида Хасанова, Қазақстан Орталық партия комитетінің сауда және жеңіл өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі Ербосын Хасенов, т.б. азаматтар басы-қа­сында болып, азаматтық жасап, көп ма­териалдық және моральдық қолдау көрсетті.
Саматтың жылына дейін басына ес­керт­кіш орнату керек болды. Осы мәсе­лені Ербосын Хасеновпен ақылдас­қанымда (Саматпен мен 3-4 атадан қосылатын туыс болып келеміз): «Сер­ғазы, үкіметке сенсеңдер, ескерткіш көпке созылып кетуі мүмкін. Оған дәлел: Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатқан мемлекет қайраткері Әліби Жангелдинге де үкімет қаулысына қарамастан, 20 жылдан бері ескерткіш қойылған жоқ. Сондықтан ағайын-туыс, жолдас-жоралар болып ұйымдасып, қаржы жинап, ескерткішті өздерің Саматтың жылына дейін қойыңдар», – деп кеңес берді. Мен күндіз-түні жолдас-жора, ағайын-туыс­тардан ақша жинап, скульптор Еңсеп деген жігітпен шарт жасасып, 10 ай соңында жүріп, әлденеше рет барып 10 айда әзер бітірттім. Ақыры ескерткіш Саматтың жылы қарсаңында, 1968 жылы 10 желтоқсанда ашылды.
Халқымыз: «Ел үмітін ер ақтар, Ер ата­ғын ел сақтар» деп текке айтпаған. Елінің ар-намысын қорғау жолында жанын қиған асыл азаматтардың есімін ардақтау, еліміздің ежелгі дәстүрлі салты еді. Еліміз осы жақсы дәстүрді жалғас­тырып, өзінің ардақты ұлдарын мәңгі есте қалдыру мақсатында игілікті істер атқаруды ешқашан да ұмыт қалдырған емес. Соның айғағы – Кеңес елінің дипломаттары В.А.Яковлев пен С.С.Сүн­дет­баевқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Прези­диумы 1968 жылы 28 қазандағы Жарлы­ғымен «Құрмет белгісі» орденімен марапаттады.
1987 жылы Самат Сүндетбаевтың қазаға ұшырағанына 20 жыл толуына байланысты, оның есімін мәңгі есте қал­дыру мақсатында Еңбекшілер депутат­тарының Абай аудандық Кеңес атқару комитетінің арнаулы қаулысы бойынша, туған жері Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылының бір көшесін оның есімімен атауын, ол оқыған Семей қала­сындағы сауда техникумының қабыр­ғасына ескерткіш тақта қойып, техникумда музей-бұрыш ұйымдастыруын – халқымыздың өз перзентіне көрсеткен зор құрметі деп білеміз.
Бұл игілікті істерге де мен мұрындық болдым десем артық айтқандық болмас. Сол кездегі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Михаил Иванович Есеналиевке барып бар жайды айтып, Семей облыстық Кеңес атқару комите­ті­нің төрағасы Е.Қашағановқа қоңырау шалдырып, хат жаздырған едім.
Кешікпей Абай елінің азаматы, дипло­мат Самат Сүндетбаевты еске алып, оның дүниеден қайтқанына 20 жыл толу қар­саңында жоғарыда аталған игілікті істер атқарылды.
Осы кеште Асқар Макин өзінің до­сына арнаған, орыс тілінде жазған «Дала бәйшешегі» атты дастанының қазақша аудармасынан:
Ерліктің ескерткіші сенің тұлғаң
Дұшпанмен арпалысып намыс қуған.
Мақтанып рухыңа бас иемін
Досыма жастайынан дара туған! –
деген үзіндіні үлкен тебіреніспен оқып берген болатын. Ол дастан «Қазақ әде­биеті» газетінің 1983 жылы 28 қазандағы санында республикаға белгілі ақын Ғафу Қайырбековтің аудармасымен жарық көрді. Бұл дастан 1985 жылы Ғ.Қайыр­бе­ков­тің «Жалын» баспасы арқылы шыққан «Туған топырақ» атты жинағына да енді.
Ел сүйсе ірге тепкен жерін сүйеді,
Жеріне сіңген еңбек, терін сүйеді.
Ел сүйген ер мен жерді мен де сүйем,
Ерекше секілденер маған киең.
Басқа менің табынар тәңірім жоқ
Ел мен жер жаратушы сенсің ием –
деп, Әубәкір Оспанұлы айтқандай, елі мен жерін сүю, қиын-қыстау кезең­дерде елі, жұрты, отаны үшін басын бәй­геге тігу – нағыз патриот ұлдардың ғана қолынан келетін асыл қасиет.

Серғазы Қалиұлы,
Қазақ білім академиясының құрметті академигі, педагогика ғылымының докторы, Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогика­лық университетінің профессоры.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір