Төкен Ибрагимов

0
112 қаралды

Қара нар өтті жалғаннан

Абаймен таңын атырып, Абаймен күнін батырған азамат өтті өмірден.
Мыңжылдық тауқыметпен күресіп, Алаш мұратымен үндескен қай­раткер өтті дүниеден.
Ширек ғасырлық қызметінде Алаш арыстары – М.Әуезов мұражайы, Ахмет Риза мешіт-медресесі, Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйі, Бөрі­лі­дегі М.Әуе­зовтің мұражай-үйі, Құндыздыдағы Ш.Әбеновтің мұра­жай-үйі, «Шә­кәрім­нің саят қорасы» экспозициясы, «Абай – Шәкәрім» мавзолей кешені, Көк­бай Жанатайұлының мұражайы, Әсет Найманбайұлының мұра­жайын қо­лымен құрған Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тари­хи-мәдени және әде­би-мемориалдық қорық-музейінің шырақшысы өтті пәниден.
Өткен ғасырдың 60-шы жылдары ұлы достықтың кемесінде А.Сүлей­менов, З.Серікқалиевтармен әдеби сынға белсене араласып, қазақ әдебиеті мен мә­де­ниетінің дамуына зор үлес қосқан қара нар өтті жалғаннан.
Көненің даналығынан нәр алып, артында өлмейтін сөз қалдырған Тө­кен Абайын іздеп кетті.
Семей елі «Қара шалынан» айырылды, шаңырағы қара жамылды.
Қаралы күндері өтуде…
Иманы кәміл, топырағы торқа болсын!

Арап Еспенбетов.


АБАЙ ШАҢЫРАҒЫНЫҢ АРҚАТІРЕГІ ЕДІ…

Күнделікті күйбең тірлік бізді өз иелуіне салып, көкірек көзін шел басады екен. Жанарымыз жарқырап тұрғанымен жанымызда жүрген жүрегімізге жақын жандардың да бағасын кеш біліп жатамыз. Ибрагимов Төкен (Төлеужар) Смайыл­ұлы… бүкіл ел білетін және ерекше қадір тұтқан көрнекті абайтанушы-әдебиетші ағамыз дүниеден өткенін естігенде де тап со­лай өкініштен сан соққандай хәл кеш­тік.
Абай шаңырағы үшін Төкен ағамыз­дың орны ерекше болатын. Бірақ, жүрегің «аға­лап» тұрғанымен жиірек кездесіп, кеңес­уге уақыт қарайлатпаса, амал қай­сы?! Ол бізге керек еді, ақыл-кеңесі өз ал­дына, қарағайдай болып ортамызда отыр­ғанда сырттансынған кейбіреу есік­тен сығалауға да бата алмайтын. Төкен аға­мыздың алдында ешкімнің де Ұлы ақын мұрасы туралы ділмарсып, мақтану­ға дәрмені болмайтын.
Киелі қара шаңырақты отыз жылдан ас­там уақыт басқарған, Абайтану мәсе­ле­леріне қалтқысыз қызмет етіп, зор ең­бек сіңірген Төкен Смайылұлы, тіпті ба­қиға озғанда да ешкімге салмақ салмай, мар­құмды қайтпас сапарға шығарып салу рә­сімі жарасымды үйлесім тауып жатты. Абай музейінің бас алаңында өткен қара­лы митингіде де, құран бағыштаған дас­тар­хан басында да Төкен ағаны білетін және құрмет тұтатын барша қауым бір­туар азаматқа деген алғыс пен ризашылық сезімдерімен шын жүректен бөлісті.
Қаралы митингіде Төкен ағаның тура­шыл, «қиқар» мінезі туралы да орын­ды айтылды. Туған қазағымыздың бодан заманда құрып кетпей, аман-есен тәуел­сіз­дікке жетуі де халқымыздың осындай сем­сер мінезді, қаһарман ұлдарының ар­қасы екені айқын. Жастық шақтан бері бі­летін, ерекше ардақ тұтатын ағамызбен бір­ге Абай шаңырағының аяғын қаз ба­сып, қанаты қатаюының үлкен бір кезеңі та­рих еншісіне айналды.
Ұлы Абайға адал шырақшы болған, абыз ақсақал енді арамызда жоқ. Қалың елінің қабырғасын қайыстырып кеткен Тө­кен Смайылұлы фәниден бақиға көш­кенімен, оның жарқын бейнесі іні-шә­кірт­терінің жадында ұзақ сақталады.

Болат Жүнісбекұлы,
Абайдың «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры.


Төлеужар Ибраһим рухына

Уай, Қара Шал,
Біресе, ашып тастап өлең аңқыған Түнге есік,
Біресе, көңілімізден Күн көшіп,
Біресе – пенделерге мінгесіп,
Періштелермен үндесіп, біресе,
Тірлік етіп келдік, соңыңнан құбыла ілесе.
Тұрмыз енді алтын сүйегіңді күзетіп.
Мұндайда,
Барша қызықтан
Бір тамшы көз жасы ауыр, мың есе!
Өмір дегенің – көлеңкесіндей ғана жұмақтың.
Ұзағанда, – бір-ақ күн.
Сол, бір-ақ күннің мыңжылдық тауқыметіне
Сен секілді өте алады шыдап кім!
Алыс та болса Алашыңа тілеген мұрат тым,
Абайдың жұпар жырымен Дала балбалдарын да жылаттың!..
Міне,
Қара Күз бізге қапалы қар-көзімен де қарайды.
Мұңайған мұз-көзімен де қарайды.
Әлі талай да талай өкінерміз, жарайды.
Сен, сірә, Құдаймен келісіп,
Іздеп кеттің-ау Ибраһим-Абайды!..
Жамандықта болмас ымыра.
Уақыт – ғайып зымыран.
Үйренсек едік,
Өзіңдей
Көненің дана…лығынан!..
Арттағыға сенен де сөз қалды,
Аузыңнан көркем бұрқырап ақылыңдағы шұғылаң!
Иә, Қара Шал,
Жақсының көкірегіндегі қиял – бай,
Басынан жасыл ну қаулатқан бұландай!..
Жаныңды нұрға бөлемеп едік тіріңде.
Тәніңді гүлге бөлеп қойдық, ұялмай…
Енді,
Жарқын бейнең ғана – жұбаныш,
Жадымызға жазып қалдырған дұғаңдай.
Қош бол, Қара Шал!

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы.


ДАНА
(Төкен Ибрагимовтың рухына)

Дүр сөзі нұр сезімнен боталаған —
Тым аз ғой бұл жалғанда төтен адам.
Құрыштай оттан алып, суға малған,
О, дүние-ай, өтті өмірден Төкен ағам!

Періште пәк жүректер бас иетін,
Түсінген талай дегдар қасиетін —
Ол мәңгі сақтап өтті жүрегінде
Абайдың қасіретін, өсиетін.

Ойларын бел асырған, тау асырған,
Жүрегі шаншып жиі, жаны ашынған.
Тәккапар тектіліктің бейнесі еді Ол —
Тасынан Тарбағатай жаратылған!

Сөзі — мір, көзі — жалын, тұрақты ісі,
Адамның нағыз құйма құлақтысы.
Ардақты азаматы Ол ел мен жердің,
Отыз жыл ұлы Абайдың шырақшысы!

Өзі еді Ол өзекті ойдың өрімінің,
Көзі еді Ол көркем сөздің көрігінің.
Іздерін ұмыттырмас әрбір тасы —
Семей мен Жидебайдың, Бөрілінің.

Өлеңнің сыншысы еді Ол кемел туған —
Келбетін байқайтұғын кемер шыңнан.
Әсерін ән мен күйдің әлдилеген,
Сіңіріп өн бойына өнер тұнған.

Бірі еді Ол — сиреп кеткен даналардың,
Аруағы Алашқа ардақ дара жанның.
Жазғанын, айтқаны мен тындырғанын,
Тәрк етпей, тәлімділер бағалар мың.

Әбубәкір Қайран.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.