Мұзафар Әлімбаев

0
203 қаралды

Қазақстан жұртшылығы, қазақ әдебиеті мен ру­ханияты орны толмас ауыр қазаға душар болды. 95 жасқа қараған шағында Қазақстанның халық жазу­шысы, Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік сый­лығының лауреаты, классик ақын, көрнекті қо­ғам қайраткері Мұзафар Әлімбаев дүниеден оз­ды.
Мұзафар Әлімбаев 1923 жылы 29 қазанда Пав­лодар облысы, Шар­бақты ауданындағы Маралды ауы­лында туған. ҚазҰУ-ді бі­тірген. Тырнақалды өлеңі он бес жасында Павлодар облыстық «Қы­зыл ту» газетінде жарық көрген. Соғыс жылдарында рес­пуб­ликалық, облыстық және майдандық газет­терде басылып тұр­ды.
Армиядан оралған соң (1948), «Пионер» жур­налында поэзия бө­лімін басқарады. 1956-1958 ж.ж. «Қазақ әдебиеті» газетінде бө­лім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары қызметін ат­қар­ған. 1958 жылы «Балдырған» журналы ашылған күннен 1986 жылға дейін журналдың Бас редакторы болған.
Алғашқы кітабы – «Қарағанды жырлары» 1952 жылы басы­лып шыққан. Жүз сексен әнге өлең жаз­ған. 70 төлтума және аудар­ма кітаптардың авторы. Шы­ғармалары 20 тілге аударылған. Көр­кем аударма са­ласында Сағдидың «Бостанын» («Жәннат» де­ген ат­пен), Петефи мен Тоқтағұлдың, Аполлинердің таң­да­малы өлеңдер жинақтарын, Ю.Фучиктің «Дар ал­дындағы сөзін», Орбелианидің «Ғибратнамасын» жә­не Пушкин, Лермонтов, Маяковский, Ғ.Тоқай, М.Жәлил, Фирдоуси, Х.Әлімжанның өлең-жыр­ларын қазақ тіліне аударған.
1982 жылы «Аспандағы әпке» жинағы үшін рес­публикалық Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. ҚР еңбек сіңір­ген мәдениет қызмет­ке­рі (1978), Қазақстанның Халық жазу­шысы, Жамбыл атын­дағы Халықаралық сыйлықтың иегері. Қа­­зақ­стан Республикасының алғашқы Әнұраны автор­ларының бірі.
Отан соғысының бірінші және екінші дәрежелі ор­ден­дері­мен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құр­мет грамотасымен, «Отан» орденімен марапаттал­ған.
«Қарағанды жырлары», «Жұмбақтар», «Лирика», «Ала­тау бау­райында», «Менің Қазақстаным», «Таң­дамалылар», «Шынық­саң, шымыр боласың», «Жол­дар – жырлар», «Жүрек лүпілі», «Өрнекті сөз – ортақ қа­зына», «Көңіл күні», «Балдәурен шіркін, ба­ла­лық», «Тәр­бие туралы әңгімелер», «Ер еңбегі – айнасы», «Қа­­лам қайраты», «Көңіл күнделігінен», «Маржан сөз», «Ақ­маң­дайлым», «Аянның алақаны», «Сүй­ме­ген жүрек семеді», «Өмір. Өнер. Өнерпаз», «Екі тақ­тай бір көпір», «Нақылдар кіта­бы», «Аулақ бол жа­ман әдеттен», «Хат», «Нақылнама», «Көп том­дық шы­ғармалар жинағы», «Балдәурен», т.б. кітаптары жа­рық көрген.
Мұзафар Әлімбаев Ел Тәуелсіздігін жан-жүре­гімен жырлаған абыз ақсақалымыз. Ол қазақ әде­биетін жаңа биікке көтер­ген­дердің алдыңғы қата­рын­да болды. Саналы ғұмырын халқымыздың бір­лі­гі мен келісіміне, ұлт әдебиетінің әлемдік биік­ке көтерілуіне арнады.
Жетпіс жыл бойы Қазақстан жұрты мен қазақ хал­қының ру­хани өсіп-өнуіне аянбай еңбек еткен Алаш жұртының ардақтысы, еліміздің абыз ақсақалы Мұзафар Әлімбаевтың жарқын бейнесі хал­қымызбен бірге мәңгі жасай береді.

Қазақстан Республикасының
Мәдениет және спорт министрлігі,
Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникация министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі,
Павлодар облысының әкімдігі,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының секретариаты.


Халықпен бірге жасай беретін қаламгер

Талант – тәңірдің сыйы, халықтың бағы. Та­лант­ты адамның өмірге келуі қаншалық қуаныш бол­са оның өмірден озуы соншалық ауыр қайғы.
Алла Тағала талант берген сол талант пен жан­кешті еңбектің арқасында биік тұғырға көтерілген тұл­ғалар өмірден озғанда халыққа ауадай қажет біраз асыл қазынаны өзімен бірге о дүниеге ала кетеді. Ол ал­мастай асыл, алтындай аз асыл қазына оның әлі ай­тып үлгермеген халыққа ауадай қажет, үлбіреген мақ­тадай жеңіл, табыттай ауыр ойлары, жазып үлгер­меген бұрынғы шығармаларынан да озық тың туын­дысы.
Мұзафар Әлімбаев балалар әдебиетінің басында тұр­ған классик, кеңес үкіметінің қылышынан қан та­мып тұрған қысылтаяң кезеңде «Менің Қазақ­ста­ным» атты поэма жазып, ұлттық рухты асқақтатқан ай­барлы ақын! Қуатты қаламынан афоризмдер туын­датып, қанатты сөздердің бағын ашқан, «Ақ­маң­дайлым» сынды сымбаты бөлек, сыңғыры ерек әйгілі ән­дердің мәтінін мінсіз жазған, Мұхтар Әуезовтің кө­зін көрген, оның дуалы аузына іліккен сан қырлы та­лант, санаулы саңылақтарымыздың бірі.
120 жылдығы елеусіздеу өтіп жатқан ұлттың ұлы ұс­тазы Мұхтар Әуезов еді-ау. Әуезов бастаған алып­тар тобында Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ға­биден Мұстафин сынды кемел ойлы кемеңгерлер бол­ды. Осы төрт ғұлама қазақ руханиятының төрт қа­бырғасын құлатпай ұстап тұрған төрт діңгек еді. Олар­дың сөздері де, істері де ірі, өздері халықтың пірі болатын.
Осы алыптар тобы өмірден озғанда Мұзағаң, Жұбан Молдағалиев, Әбділда Тәжібаев, Хамит Ер­ғалиев, Сырбай Мәуленов, Әзілхан Нұршайықов, Қа­лижан Бекхожин, Хамза Есенжанов, Тұманбай Мол­дағалиев, Қадыр Мырзалиев сынды өзінің қа­лам­дас-тағдырлас достарымен бірге алыптар то­бы­ның өмірлік өнегелерін сақтап қалуы!
Әдебиет – ардың ісі. Ардың жүгі нардың жүгінен де ауыр. Сол ауыр жүкті алқынбай арқалау үшін талантпен бірге жан дүние байлығы да ауадай қажет. Жан дүниесі жұтаң адамның қаламынан жақсы шы­ғарма тумайды. Мұзафар Әлімбаев қаламынан жақұт жырлардың құйма алтындай құйылып түсуінің бір сыры – оның халық алдында да, Алла алдында да ары­ның жаңа жауған ақша қардай ақтығында.
Әдебиет атты әулиеге адал қызмет еткен Мұзағаң жастардың жанашыры еді. Өткен ғасырдың алпы­сын­шы жылдары Мұзағаңның Абай даңғылы бойын­дағы үйіне Дүкенбай Досжанов екеуміздің бар­ғанымыз әлі есте. Әдебиет әлеміне жас қана қа­дам басқан бізді Мұзағаң ағалық ақпейілмен аңқыл­дап қарсы алып еді. Сол сәттен бастап Дүкеш екеуміз Мұзағаңның жақсылығын көп көрдік. Мұзағаңның шарапатын көрген жалғыз біз ғана емеспіз.
Осыдан біраз уақыт бұрын президент аурухана­сын­да жатқан Мұзағаңа сәлем беріп жаңа кітабымды ұсындым. Мұзағаң «Арманым көп, аз өмірім жетер ме?» деген өлең кітабыма көз жүгіртіп кеудесіне қой­ды.
– Ағаң сөйлей алмаса да оқи алады, – деді жең­ге­міз күрсініп.
Өмір – Алла Тағаланың адамға берген сыйы ғана емес, тағдырдың ауыр сыны. Сол сында сынбаған те­рең ойлы тектілер ғана тұлға атты биік тұғырға кө­теріледі. Өзінің терең ойлы текті талантымен ұлт­тық әдебиетіміз бен мәдениетімізге үлкен олжа сал­ған Мұзафар Әлімбаев халықпен бір жасай бе­ре­тін қаламгер .
«Ұмытпа! Сен өмірдің тұрғыны емес, жолаушысы ға­насың», – деген Лев Толстой сөзі мен артында қалған мол мұрасы халыққа қызмет ете береді деп өзімді қан­ша жұбатсам да көңілім көшкен елдің жұртындай құ­лазып тұр…
Қош бол, қоштасуға қимайтын асыл аға, ақыл­ман абыз Мұзаға!

Сәбит Досанов.


МӘҢГІЛІК ҰМЫТПАЙМЫЗ

Шығыс классигі Румидің: «Бақилық кеткендердің ара­сында тірілер бар, тірілердің арасында өлілер жү­ре­ді», – деген сөзі бар. Мұзафар Әлімбаев үлкен ғұла­ма, данышпан, кемеңгер жазушы. Өзім өте қадір­лей­тін, халық сүйетін осы бір үлкен, өзінің даныш­пан­дығымен халыққа өте жақын бола білген аға­мыз­дың жазғандары тек қана бір ұлттың емес, күллі әлем халықтарының, оқырмандарының рухани қазынасы деп есептеймін. Көзі тірі кезінде Мұзафар Әлімбаев­пен сырласып, мұңдасқанбыз. Ардақты жан: «Ба­ла­лар әдебиеті жайлы жазбасаң,біздің отанымыздың ке­лешегі жайында да әңгіме болмайды», – деуші еді. Мен оның осындай тазалығына қуанатын едім. Ол тек қазақ әдебиетін ғана емес, біздің ұйғыр әде­бие­ті­мізді де жақсы білетін. «Түркі әдебиетінің бір са­ласы ғой ұйғыр әдебиеті», – деп отыратын. Хизмет Абдул­лин, Қадыр Хасанов, Зия Самади сынды аға­ларымды өте жақсы сыйлайтын. Мұзафар Әлімбаев түр­кі халықтарының, соның ішінде ұйғыр халқының ма­қал-мәтелдерін жинаған адам. Өте көп білетін. Мы­салы, біздің ұйғыр жазушылары да онша біле бер­мейді. Ал Мұзафар Әлімбаев болса халықтың ер­теден келе жатқан мақал-мәтелдерін терең білетін еді. Мен сондықтан да оны «қамус энциклопедист» деп айтқым келеді. Біз кезінде бір-екі рет сапарға бір­ге шыққанбыз. Қазір соны сағынатын болдық. «Ондай сапарлар неге болмайды?», – деп ылғи ойлайтын шығармын. Бірақ сол бір кездегі біздің қырғыз еліне әдебиет күндерінде бірге барғанда оның: «Ай, Ахметжан бауырым!», – деп маңдайымнан сүйгенін осы күнге дейін ұмытпаймын.
Біздің әдебиет үшін де, жалпы түркі халық­тары­ның әдебиеті үшін де үлкен жоғалту болды. Ағамызды енді сағынамыз. Үй ішіне, отбасына үлкен сабыр­лы­лық тілеймін. Ол Алланың берген өмірін абыроймен сүрген жан. Ұрпақтары, ел-жұрты әрқашан оны еске алатынына сенемін. Мұзафар Әлімбаевтың өмірін, шығармаларын мәңгілік ұмытпаймыз. Ұйғыр жазушыларының, зиялыларының, өнер адамдары­ның, сондай-ақ Қуддус Қожамияров атындағы ака­демиялық ұйғыр театрының атынан ақынның туған-туыс­қандарына, қазақ халқына қайғырып көңіл айта­мыз.

Ахметжан АШИРИ.


ҚҰЙМАНЫҢ ҚҰНТТЫ ИЕСІ ЕДІ

9 жасқа толмай жатып әкесінен ай­рылып, 14 жасында шешесі көз жұ­мып, ағыл-тегіл жылаған, жетімдіктің тақ­сіретіне сол кезгі жоқшылықтың аза­бы қосылған Мұзағаңның берідегі тағ­д­ырына ең әуелі бақытты балаларға қыз­мет ету нәсіп етіліпті.
Жас дәурені майдан даласының өр­тіне шарпылып, сұр шинелін 1948 жы­лы ғана шешкен Мұзағаңның та­ла­нына беріде 28 жыл бойы ең «бейбіт» жур­нал — «Балдырғанға» Бас редактор болу жазылыпты.
Балалық шағы ашаршылыққа тап келіп, шай ішіп отырғанда 250 грамм нан­ның өзіне тиесілі үштен бір бөлігін бір­ден шайнамай, тіске үйкелеп, дәмін алып барып қана жұтатын Мұзағаңа бе­ріде Қазақстанның халық жазушысы ата­ғы беріліпті, балаларға арналған туын­дылары үшін Қазақстан Мемле­кет­тік сыйлығын алған алғашқы лау­реат атаныпты.
Мұзафар ағамыз кеше ғана көз ал­дымыздан өтіп кеткен тұтас бір әде­би дәуірдің куәгері, жай ғана куәгері емес, белсенді өкілі еді, құнтты өкілі еді. Кезінде, 1969 жылғы әдеби жыл қо­рытындысында: «Поэзияны, жалпы әде­биетті Мұзафардай бағалап, оны құ­ді­реттің құдіреті деп ұғынатын адам­ды, ақынды қаламдас ағайындардың ара­сынан мен әлі кездестіре қойғаным жоқ», — деген Мұқағали Мақатаевтың сөзі­не шек келтірген ешкім болмаған да шығар.
Ал Мұзағаң тәрбиелеген, шара­па­тын төккен балалар қаламгерлері қан­шама?! Алматыдағылар өз алдына ғой, мына жақта, Ақтөбеде жүріп, мен өзім дәмдес болып көрмеген Мұзағаңның қан­шама сырттай жылы ықыласына бө­лендім. Әлдебір сұхбаттарынан өз есі­мімді кездестіріп қалғанымда, менің ба­лаларға арналған дүниелерімді үйін­де демалыста отырған ағамның қа­лай­ша қадағалап үлгеретініне таң қа­ла­тын­мын.
Өзі соншама еңбек ете жүріп (ке­зінде қабатынан 7-8 сағат, тіпті 13 сағат тырп етпей отырып жазатынын айт­қа­ны да бар), сонысына қоса өзгені де ұмытпайтын, көкірегі алтын құймаға то­лы ардақты ағамыз да, міне, бақилық са­парға аттанды. Мұзағаңа келгенде жас­ты есептеудің де, жылды санаудың да қажеті жоқтай. Себебі Мұзағаңның есімі, әріні қоя тұрып, берісін ғана айт­қанда, радио мен теледидардан шыр­қалатын әндер мен әсіресе мектеп оқу­лықтарындағы өлеңдері арқылы ере­сектердің де, балалардың да жады­нан өшпейтіні даусыз.
Аяулы ағамыздың жаны жәннатта, ел-жұрты есендікте болғай.

Ертай АШЫҚБАЕВ,
Ақтөбе қаласы.


Мың жасаған Мұзағаң

Әдетте дәм-тұзы таусылып, дүниеден озған кі-сі­лерге «Пайғамбар жасынан асты. 80-ге келді, 90-ға кел­ді!», – деп салауат айтып, сабыр сақтап жатамыз. Сон­да да болса пендеміз ғой. «Қап, енді бес-алты жыл тұра тұрғанда ғой…», – деп о дүниеге опынып ат­тандырамыз. Ұзақ ғұмыр кешкен бір кәрияға:
– Шөбере, шөпшек сүйіп, көп нәрсені көрдіңіз, ата. Жүз жасадыңыз. Бұл да болса Құдайдың берген ба­ғы! – деп ризашылық білдірсе, ол ақсақалымыз:
– Ой, тәйірі-ай, жүз жасыңның өзі сұлу қызға сұқ­танып бір қарағандай-ақ дүние екен ғой! – деп азыр­қанса керек.
Әдебиет, оның ішінде поэзия – сұлулық символы бол­са, ұрпағына ұлағатты із қалдырған Мұзағаң сұлу­лыққа сұқтана қарап өткен қарымды қаламгер. Елін сүйді, жерін сүйді. Отанын одаға қосты. Балаларды бағбандай мәпеледі. «Жақсылықтың жоқ сәулем, ерте-кеші, жадырашы, назданшы, еркелеші» деп «Ақ маң­дайлымын» айналды, «Ақ сұңқарын» аялады. «О, Ма­ралдым, Маралдым, сенің үшін жаралдым!» деп ту­ған елін әспеттеп, әнге қосты. Әр халықтың «Мар­жан сөздерін» махаббатындай бағалап, ата-бабадан қал­ған алтындай сөздерді алқа ғып ұсынды.
Ежелгі Мысыр елінде адамды жасаған жасымен емес, көрген қызығымен бағалайтын салт бар. Лұқ­пан Хакімнің «Мың жасадым!» дегенінде үлкен мән болса керек. Ол ғұлама хакім әрбір көрген қы­зығын бір жасқа есептеген. Міне, таным! Міне, тағылым! Бұл тұрғыдан келгенде, ұстазым менің, ұстазым Мұ­зафар Әлімбай мың жасаған бақытты ақын. «Бал­дыр­ған» арқылы қаншама балалардың бағын ашты. Тә­лім берді. Тәрбиеледі. Бұдан асқан бақ бар ма? Мың жасаған Мұзағамның жатқан жері жарық бол­ғай.

Көпен ӘМІРБЕК.


«БӘРІНІҢ БІРЖАН БОЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ…» ДЕУШІ ЕДІ

Өнегелі өмірінен үлгі алар­лық асыл жандар көп қой. Ал ел-жұрт, қалың оқырман қауым со­лардың ішінен өздері қатты құр­меттеп, сыйлайтындарының есімдеріне «Аға» сөзін қосып ай­тып әспеттейтіні бар. Мы­са­лы, «Сыр-Аға» (Сырбай Мәуле­нов), «Қал-Аға» (Қалтай Мұха­мед­жанов), «Шер-Аға» (Шерхан Мұр­таза) деген сияқты. Сондай құр­метті ағалардың бірі «Мұз-Аға» (Мұзафар Әлімбаев) еді. Қы­рық жылдай балалар әде­бие­ті­нің бас бағбаны болған «Мұз-Аға­ның» өмірден өткені қабыр­ға­мызды қайыстырып кетті. Ба­­лалар әдебиеті бас бағбанынан айрылып, жетімсіреп қалды.
«Мұз-Ағамен» бірнеше рет кез­­дескен едім. Соның біреуіне ға­на тоқталайын. Өзім өз болып жү­ріп бір жолы «Ауылға сәлем» де­ген өлең жазғаным бар. Оны ұнат­қан композитор Әшірхан Тел­ғозиев ән шығарған. Кезінде бұл әнді Сұлушаш Нұрма­ғам­бе­това, Әсия Беркенова, Баян Са­ғым­баева, Ермек Әбілдаев сын­ды әншілер радио мен те­ледидардан талай рет орындаған бо­латын. Әрбір жаңа әнді, оның мә­тінін қалт жібермей қадағалап оты­ратын «Мұз-Ағаға» әннің мә­тіні ұнаса керек. «Қазақ әде­биеті» газетіне жазған мақа­ла­сын­да өзіне ұнаған 5-6 ән мәтін­де­рінің ішіне қосып жіберіпті. Тө­бем көкке жеткендей болып рах­метімді жаудырдым. Сонда Мұз-Аға:
– Осы күні бәрінің Біржан бол­­ғысы келеді. Әнін де шығара­ды, сөзін де өзі жазады және оны­мен қоймай даусының бар-жо­ғына қарамастан өзі орындай­ты­нын қайтерсің, – деп кіжін­ге­ні бар. Мұз-Ағаның бұл сө­зі­нен ұқ­қа­ным: дара дарын, тума та­ланттар Біржан, Ақан, Ке­нен­дер­дің жөні бөлек қой, ал қазір­гі­лерге не жорық?! – деген ой бол­ды.
Қайран Мұз-Аға! Иманыңыз са­ламат болсын. Пейіште нұ­рыңыз шалқысын.

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ.


Мұзағаммен қоштасу

Ұстаз еді баулыған өнерге елді,
Жаңбырынан жас өркен кенелген-ді.
Желе жортып жыраққа кеткен кие
Қайта айналып Ертіске келер ме енді?..

Ақындар көп биікке барам деген,
Ол – құзартта,
Біздерге қалар белең…
Мұзағамды аңсаумен сыңсиды әлі
Маралды көл, Маралды ән, Маралды өлең!

Тоқсан төрт жыл ел-жұртын аралап кеп,
Ол тоқтады «Осыған қанағат», – деп.
Сонсын, жүген, ноқтаны төріне ілді,
«Жыр пырағым – қазаққа аманат!» – деп.

Желге ұрынып сарыала жапырағым,
Жүрегімді жұлмалап жатыр ағын!
Келіп тұрмын Кеңсайға
Маралдының
Түйіп алып бір уыс топырағын…

Біз – пендеміз, ол рух боп алыстады,
Біз – жердеміз, нұр енді ол ғарыштағы.
Кеңсайда осы
Келгенше Ақырзаман
Аманат боп қалсыншы абыз тәні!..

Арман ҚАНИ.


ТОЛҒАНЫСҚА ТОЛЫ ҒҰМЫР

Қазақ балалар әдебиетін ақын Мұзафар Әлімбаевсыз көз алдыңа елестету мүмкін емес. Оны дамытуға барын да, жанын да салды, шарқ ұра із­­денді. Сол арқылы жанрын байыт­ты, көкжиегін кеңейтті, өрісін өрелі биік­ке шығарды. Формалық жағы­нан түрлендіріп, мазмұнын терең­де­туге үлес қосты. Балалар әдебиетінің өт­кен ғасырдағы көрнекті өкілдері Б.Соқпақбаев, Қ.Мырза-Әлі, Ш.Сма­қов, Ә.Дүйсен­биев, Т.Мол­да­ғалиев, т.б. қаламгерлер «Бал­дыр­ған­ға» – Мұзағаңның айналасына топтасты. Өз шығармасының ғана емес, қаламдастарының да кемел туындылар тудыруына ұйытқы болды. Ба­­лалар әдебиетінің қазіргі бета­лы­сын, бағыт-бағдарын жана­шыр­лық­пен бақылап отыруды соң­ғы демі біт­кенше өзіне парыз санады. «Бал­дыр­ғанның», «Ұланның», «Ақ жел­кен­нің» әр санын қалт жібермей оқып, қадағалап отыратын дағдысы бар еді.
Ересектер поэзиясына да елеулі ең­бек сіңірді. Асау ойдың, асқақ жыр­дың иесі өнерсізді өренге сана­ма­ған, дарыны барды дәріптеп өт­кен тұлға еді. Өндіре жазды, өрше­ле­не жазды. Өлеңмен ғана тұйық­­талып қалмады. Нені жазса да зерт­теп, зерделеп жазды. Қалам қай­ра­тымен көңіл күнделіктерін жайып сал­ды. Мақал сөздердің мәйегіне үңіл­ді. Өзі де қанатты сөздер туын­дат­ты. Әлем халықтарының мақал-мә­телдері жинақталған «Маржан сөз» кітабы оның керемет аудармашы ақын екенін айғақтады. Мұзағаңнан қай шығармасын оқысаң да мәйекті сөзге, дәйекті ойға құнарлылығымен бау­рап алатын. Ән әлемінде де жұл­дызы жоғары болды.
Оқырманнан оқ бойы озық болу­ға ұмтылған Мұзағаң әрдайым қа­ламын нық ұстады. Тоқсанға таян­ған шағында да том-том кітаптарды ай­наласына үйіп қойып, шұқшия із­деніп отырғанының куәсі болдым. Сол еңбектің қайтарымы деген жөн шы­ғар, Мұзағаң миллиондаған мек­теп жасына дейінгі, мектеп жасын­да­ғы балалардың басты ұстазына ай­налды. М.Әлім­баевтың өлеңінен тә­лім алмаған, оны жаттамаған шә­кірт жоқ.
Маған аракідік қоңырау шалып, «Бал­дырғанға» шыққан топтама өлең­дерің жақсы екен! – деп демеп, қол­дап қоятын бір абыз қария ке­міді. Қанша ұзақ ғұмыр кешті десек те, бесік пен табыттың арасы таяқ тастам-ақ жер екен ғой… Кеше бар, бү­гін жоқ. Өкінішті-ақ! Енді оның өне­гелі сөзі, өлеңмен өрілген өресі биік туындылары болашақ ұрпақпен бірге өмір сүретін болады. Жаныңыз жан­натта болып, жырларыңыз жүрек­терде ғұмырын жалғай берсін, Мұ­заға!

Болат ҮСЕНБАЕВ.


МҰЗ-АҒА

Арысым, Атам, асқарым,
Бұлттанды бүгін аспаным.
Тоқсан бес жасқа келсең де,
Өтпелі өмір қас-қағым.
Мұз-ағам қайтты деген де,
Батырып мұңға тастады.
Есіме түсті елжіреп,
Нұр-шуақ бізге шашқаны.

Ортаға әлі енбеген,
Халімді көріп «Кел!» – деген.
Жабырқау менің жанымды,
Жылуын беріп емдеген.
Бәйгеге қостың бапкерім,
Шешіп ап мені кермеден.
Сол күннен бастап ұлың боп,
Жүректі шаттық кернеген.
«Күнәсіз мекен» тұрғыны,
Бақиға бізден сырғыды.
Арадан алып жөнелді,
Ажалдың келіп шынжыры.
Бір ғасыр көшіп барады,
Артында қалып шын – Жыры.
Жаратқан Алла, рақым ет,
Тағдырдың сенде шылбыры.

Шежіре шертер «Балдырған»,
Баланың тілін бал қылған.
Ұрпаққа еткен еңбегің,
Сауап боп шықсын алдыңнан.
Бұлақтың көзін ашқасың,
Талайдың шамын жандырған.
«Бақиың жарық болсын!» – деп,
Оқимыз Құран әр қырдан!..

Дәулетбек Байтұрсынұлы.

Пікір қосу