ӘЙ, ТАСТЫГҮЛ-АЙ!..
24.11.2017
1789
0

Таңдай Кенеев негізінен басқа «ауылдың» баласы болатын. Оны сатираға түртпектеп алып келген бойындағы тыным таптырмас таланты еді. Ол кейде: «Менің техника ғылымы саласында жүруім тақырыптарды молайтуға жол ашып жатыр ғой», – деп кеңкілдеп күлетін.
Иә, оның соңғы жылдары жазған «БОМЖ» повесі әзіл сүйер қауымның ыстық ықыласын аударды.
Шағын «дүниелерін» оқи отырыңыздар.


Таңдай КЕНЕЕВ


Жәмек пәтеріне кіріп, сыртқы есікті жаба бергенінде:
– Қолыңды көтер, орныңнан қозғалма! – деген қатал бұйрықты естіді ту сыртынан. Денесінен ток жүріп өткендей, тұла бойы дір етті. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей мұндай бәленің қайдан тап болғанын ойлап үлгерген жоқ, жіпсіген жауырынының үстінен қатты зат келіп тірелді. Мұны пистолетке жорыған Жәмек екі қолын басына көтерген қалпы орнынан қозғала алмай қалды. Ыстық сорпаға бұрыш қосып ішкендей ағыл-тегіл қара терге түсіп, көзі алақтап, қаны қашып, жүзі қуарып кетті.
Үйдің іші ала көлеңке. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» дегендей, қырсыққанда үйге жалғыз келуін қарашы! Күнде бала бақшадан бес баласын алып қайтып, шұбатылып кіріп жататын.
Түс кезінде әйеліне телефон соққанда: «Бүгін балаларды өзің аларсың, мен баспаға барамын, – дегенін пәле ойлаған біреу естіп тұрды ма екен, әлде…», – деп Жәмектің жүрегі жиі соғып, төбе құйқасы шымырлап, денесі дірілдеп кетті. Соңғы шыққан «Қарын көже» атты кітабы үшін алған қалтасындағы 500 сом қаламақысы мына арамға бұйырғаны ғой, сірә! Қарақшының ойын енді түсінген Жәмек ішінен: «Қу шұнақ сорлы басым-ай. Қолымды көтертіп, көзімді бадырайтып қойып, мына бұзақы өзімді өлтіріп кетпесе жарар еді», – деп жаны қысылды.
– Аларыңды алып, табаныңды жалтыратшы, өзің. Маған жан керек, бала-шағам бар. Әлі жазылмаған талай кітаптарым жатыр, соларды бітіруім қажет. Тірі қалдырсаң, жазған еңбектерімнің қаламақысының жартысын сен жалмауызға сыйлайын. Айтқаным айтқан, сенбесең, қолхат берейін, керек десең, кассаға аударып тұрайын…
– Сөйлеме, сүмелек! – деп анау «пистолетімен» Жәмектің жауырынан нұқып қалғанда, жүрегі суылдап қоя берді. – Қалтаңдағыны қолыммен аламын…
Жәмек жаураған торғайдай құты қашып тұрса да:
– Шамасы, бәрін алдың, жоғал енді тез, жексұрын! – деді іші күйгеннен.
– Ә, солай ма? Жан керек болса, шыныңды айт, тағы нең бар? – деп қарақшы қаһарлана түсті.
– Жұбайымнан жасырған аздаған…
– Оның қай жерде?
– Ұры қалтамда, – деген Жәмектің даусы тұншығып шықты. Сөйткенше болған жоқ, анау оны да алып үлгерді.
– Тағы тыққаның бар ма?
– Жо-о-қ, бо-бо… болды.
– Ал енді осылай қозғалмай тұр.
Тонаушы шкафтың аузын ашты, одан соң: – Кір мынаның ішіне бол, тез, – деп зіркілдеді. Жәмектің кіре берісте тұрған киім ілетін шкафқа кіріп, жан тасалағаннан басқа амалы қалмады.
Шкафтың есігі сыртынан тірелді де, іле-шала сыртқы есік жабылды. Жәмек сонда ғана демін сыртқа шығарып, әрең дегенде шкафты ашты. Не істеу керек? Көршіге жүгірейін десе, ретін таппады. Таңертең Тастыгүлге: «Жолдас-жора, кітабымды қараған редактор, корректор дегендер бар, бұл жолғы қаламақыдан дәметпе, соларға жаратамын», – деп кетіп еді, соның кәріне қалды ма, әлгі бұзықтың қайдан сап ете түскенін түсіне алмай, шыңылдаған шекесін ұстап, біраз тұрды.
Күн батып, үйдің ішін қараңғылық басты. Тірі қалып, қалқайып отырғанына қуанған Жәкең «қаламақының қалған жартысын келесі жолы тура Тастыгүлге берермін-ау, тілеуқор болып жүрсін, жарқыным», – деп түйді. Жан түршіктірген манағы көрініс көпке дейін көз алдынан кетпей қойды.
Бір кезде сыртқы есік сықырлай ашылып, ішке Тастыгүл енді, қолында қағазға ораған қомақты заты бар. Өңі қуарған шүберектей болып отырған күйеуін көріп, теріс айналып, жымың ете түсті де:
– Не болды, өңің қашып кетіпті ғой! – деді қамқор үнмен.
– Не дерің бар ма, қуаныш сенде, бір ажалдан қалды ғой, Жәмегің.
Ол қасқайып қасында тұрған әйелінің бетіне тура қарай алмай, болған жайды төменшектеп отырып, баяндап берді. «Көз майымды тауысып, қанша түн сарыла жазған еңбегімнің ақысы бір қарақшының қалтасында кетті», – деп түнере аһ ұрды, Жәкең. Зәресі ұшып, жаны күйген күйеуін шын аяп кеткен Тастыгүл одан әріге шыдамады:
– Ренжіме, шалым, қызығыңды Сәду құрдасыңнан естідім. Ақша қағаз емес пе, тәйірі, жан аман болсын, одан да мына менің ішігіме көрімдік бер. Аш қабағыңды, он жылдан бері бір тон әперетін жөнің бар ғой, мейлі оқасы жоқ. Келесі де қаламақының қалған жартысына балаларды киіндірейік. Мен ақшаны ретімен жұмсаймын, оны өзің білесің. Ал тап бала-шағаңнан жасырған ақшамен не марқадам табасың. Сендей қоян жүректі көрсем, төбем тесілсін, – деп жайраңдай күлді.
– Тастыгүл-ау, не деп тұрсың, жаңағы Сәду соққан ба еді? Қап! – Қуанышы қойнына сыймаған Жәмектің онсыз да жайындай аузы құлағына дейін жетті.
– «Бір әйелдің айласы, қырық есекке жүк болады» деген рас екен-ау, Тастыгүл-ай? – дей берді Жәкең, кеңкілдеп.


БІЗГЕ ЖАРАМАЙСЫЗ

Кадр бөлімнің бастығы сәл ойланып, балықтың сүйегіне қақалған адамдай көзін алайтып, кеңірдегін керді де, алдында отырған Бәдігүлге: «Болмайды», – деді.
– Не болмайды? – деді Бәдігүл, ештеңеге түсінбей.
– Мен өтінішіңізді өкінішке қарай қабылдай алмаймын. Түсіндіңіз бе? Ал енді барыңыз.
– Түсінбедім. Не, менің түрім көріксіз, киімім келіссіз бе екен? Неге қабылдамайсыз?
– Шырағым, мәселе онда емес. Бізге данныйыңыз, былайша айтқанда, өмірбаяныңыздың ішіндегі кейбір мәліметтеріңіз келмейді. Қабылдамаймыз.
– Данныйыңыз, географиям ба?
– География, биография маған бәрібір. Қабылдай алмаймыз, дегенді түсіну керек. Бар әйдә, марш!
– Бардан басқа басыңызда бірдеңе бар ма, ағай? Марш болмақ түгілі «кругом марш» десеңіз де мені қызметке неге қабылдай алмайсыз, соның түсіндіріңіз.
– Алло, Бөде, менде бір келіншек отыр. Бізге жарамайсыз десем жан алғыштай түсінбейтін біреу. Біраз болды бәрін тастап, базарда тұрғандай саудаласып, қара терге түсіп түсіндіріп отырғалы. Түсінбейді-ау, түсінбейді. Соны өзіңізге жіберсем, бір амалын тауып… Жарайды… Ұқтым…
Трубканы орнына отырғызып, қабағын түсіріп, түрін бұзып;
– Ал енді бастыққа барыңыз, – деді безбүйрек бөлім бастығы бедірейіп.
Бәдігүл бастықтың қабылдау бөлмесінің есігін ашқанда бүйеннен бөлініп шыққан соқыр ішектей ішінде тағы бір бөлме бар екен. Абырой болғанда бастықтың алды бос екен. Алды-артына алақтамай, атқан оқтай кабинетке бір-ақ кірді.
– Сәлеметсіз бе, – деді сызылып тұрмай, бірден.
– Кіріңіз. Иә, қандай шаруамен?
– Ә, ә, өте жақсы. Отырыңыз. Қызмет туралы келдіңіз ғой?
– Иә.
– Қандай қызмет істеп едіңіз?
– Алты жыл аға экономист болып істегем.
– Өте жақсы. Мұнда неге көшіп келдіңіздер?
– Күйеуімнің қызметі ауысып.
– Өте жақсы. Бірақ біз пәтер бере алмаймыз. Бізде пәтер мәселесі космос мәселесінен де қиын.
– Ол жағынан қам жемеңіз…
– Өте жақсы. Ал енді өтінішіңізді әкеліңіз, – деді де, бастық қаламының түбінен итеріп ұшын шығарып, сәл ойланды.
– Айтпақшы, «балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» екенін баяғыда аталарымыз айтқан. Балаңыз бар ма?
– Бар.
– М, м, қанша?
– Құдайға шүкір, үшеу.
– Жастары ересек болар?
– Үлкен екеуі мектепте оқиды. Кішісі балалар бақшасына барады.
– Ой, айналайын-ай, кенжелерің кішкентай екен.
– Дені сау болса әлі өсіп кетеді ғой.
– Әрине, елдің баласы арам шөп секілді, өскені сезілмейді. Ертең-ақ сырықтай серейіп, темекі шегіп, теңселіп шыға келеді. Бәдігүл басын изеді, езу тартты.
– Ойпырмай, ұмытып барады екенмін. Екі күннен соң хабарласшы. Кеше осы орынға біреу келіп кетіп еді. Экономист болып жем жегелі жеті жыл болған екен, егер ол келмесе, сізді қабылдаймын. Ұят болып жүрер. Уәдем – уәде, – деп бастық біраз ойланып отырып, қаламын қойнына тықты.
Бәдігүлдің салы суға кетіп, өтінішін кеудесіне басқан қалпы шығып бара жатты. Есіктің сыртынан «ұяты» бар «уәдешіл» бастықтың сөзін құлағы шалып қалды.
– Әй, айтқан сөз құлақтарыңнан ағып кете ме, осы? Қашанғы үйретемін сендерді? Көп сөзді қойып, келгендерге кішкентай балаң бар деп тоқетерін неге айтпайсыңдар, осы… Не дейді?.. Ұяламын? Сенің-ақ бет моншағың төгіліп тұрады екен, осы. Не дейді?. Әй, балаларына бюллетень алып, екі күннің бірінде үйлерінде отырғанда отчетты сен істеймісің, осы?.. Мен саған бұйрықты көрсетемін! Білдің бе? Бұйрықшылын! Бір күні бұйрықты қолыңа қыстырып қоңыз теріп, қаңғып кетерсің, – деп сегіз кессе де сіркедей қан шықпайтын бастық, сәлдесіне шоқ түскен молдалардай шошынып, бөлмені басына көтеріп, телефонды дірілдетіп жатты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір