Абыржы. Арал. Адам тағдыры.

1
365 қаралды

Қазақта «абыржу» деген етістік бар. Мәні – әбігерлену, абдырау, са­су. Абыржушылық дегеніңіз тағы бар. Құты қашып сасқалақтаушылық де­генге саяды. Және, жазушы Сай­лау­бай Жұбатырұлының «Абыржы» атты романы бар. Дәл осы үш ұғым бір-бірімен туыстас екені күмәнсіз. Ал автордың өзіне салсақ «абыржы» – осындай өліара сәттің жә­ді­гер сөзі екен. Демек, туынды – совет үкіметі атты алып империя құлап, қазақ елі Тәуелсіздікке қол жеткізіп, саяси жүйе алмасқан тұстағы аласапыран мен тоқсаныншы жылғы то­қырау кезіндегі шындықтар тура­лы. Роман қаламгердің «жер тағ­ды­ры – ел тағдыры» жолындағы көп жыл­дық ізденістер нәтижесінде дү­­ниеге келген. Аралдың эко­ло­гия­лық-әлеуметтік жағдайына ар­на­л­ған шығарманы трилогия ретінде жос­парлаған жазушымыздың ал­ғаш­­қы кітабы – «Баратария аралы­ның губернаторы» қолымызға ти­ді…

Туынды бас кейіпкер – гидролог Медет Жарболов айналасында өрбиді. Жазушы сұмдық бір кесек-кесек ойлар айтып, я болмаса оқыр­манды салған жерден таң қалдыруға ты­рыспайды. Алайда, оның туын­ды­сы алыстағы ауылдың елеусіздеу кө­рінген тұрмыстық ахуалын сурет­теу арқылы персонаж трагизмін аша түсуімен бағалы:
«Қайта-қайта құлағын тосып, ана­сының тынысын тыңдап көреді. Шу­лы санасы еш нәрсе ұға қоймаған соң, тарамыс білекте адырайған та­мырларды ұстап байқайды. Солар әрі-сәрі күйі отырғанда:
– Жасаған ием! – деді сырқат жан күңірене күрсініп. – Мұнша біз­ге не кәрің түсті, Жасаған?
Сонан кейін сұлық қалды. Бұл үн­сіздік тым ұзаққа созылды. Тек қайыр­сыз күннің кешінде ғана, ал­дына келген шайға қол созбай, көз қиығымен бағып жатқан анасы:
– Мырзабалаға бар! – деді ес­ті­лер-естілмес күбірлеп. – Азары бол­са да безері жоқ туыс… Ауырып қал­ды де… Үргеніштен келген әу­лие­нің салқыны түсті де…».
Мұнда айтылмай, «кадр сыр­тын­­да» – қалтарыста қалған нәрсе бар. Ол – жалпы жұртқа белгісіздеу, бей­мәлімдеу құмды жерді қоныс ет­кен тұрғындардың қоңыр тірші­лі­гі, драматизмге толы өмірі мен жү­ріп өткен жолы. Жазушы оқиғаны ой­дан құрап немесе жан-жақтан алып-жұлып «жапсыруға» іштей қар­сы. Бәрі табиғи. Себебі, бұл оның көптен бері көріп, зерттеп жүр­ген тақырыбы. Сондықтан болса керек, қаламгер сюжеттік желіні да­мыту барысында күшенбейді жә­не уақыттың өзі тудырған уақи­ға­ларға ортажолдан киліге де бер­мей­ді. Нар­ратология – «авторлық бая­н­дау­ды» зерттейтін әдебиеттанудың бір саласы. «Абыржыны» оқығанда жазушы баяндау тәсілінің табиғатын жақ­сы тани түскенін аңғартады. Өйт­кені, ол оқырманға ойланып оқу­ға мұрша беру арқылы, тоқса­нын­шы жылдардың топалаңын се­зінуге, сол кезгі атмосфераға ба­ты­ра түсуге барынша жағдай жасап ба­ғады…
Автор «Арал тақырыбы» арқылы ұлт­тың мінезі, болмыс-бітімі өз­ге­ріп бара жатқанын көрсетеді. Және сол қазақ бойындағы өзгеріс орта­лық­тан емес, шалғайдан бастал­ға­нын байқатады. Автордың әр кейіп­кері өздігінше жалғыз, бірақ біл­­­­­дір­гісі жоқ. Тәні де сау емес, жа­ны да жара­лы. Әлгілерде маза­сыздық, әбігер­лену, абдырау бар. Экология, саясат, билік, жүйе, антимораль, жұмыс­сыз­дық, шарап­құмарлық, еңсені ез­ген енжарлық, берекесіздік, бәрі-бәрі көз алдың­нан кинолента се­кіл­ді өтіп жатады. Ал «құлағын түре түскен» адам жазушы жанайқайын еститіні анық:
« – …Арал қалай? – депті осында келген бір қонақ.
– Сәтімен өлуін жалғастыруда!
– Ол қалай сондай?!.
– Сол психология… Тек ұрандар ға­на сәл өзгерген…
– Ау, азат Орталық Азияңның оян­ған азат дүниетанымы не болды?!. – деп «партеев» Әлқуатқа шұқ­­­­шияды. – Адамдар мен Құдай алдындағы биік уәде қайда? Аралға деген отыз миллиард уәделі сол су қайда?..
– Өзім де түсіне алар емеспін, – деп ақталады Әлқуат, бәріне бір өзі кі­нәлі адамның кейпінде. – Осы кү­ні оңды-солды өтірікке ешкімнің жү­зі жанбайтын болды. Жауап­сыз­дық па? Екіжүзділік пе?.. Соны ен­ді бүгін мен еске алуға ұяламын… Ал байқұс теңізде, қай кездегідей, тіл жоқ қой…».
С.Жұбатырұлының кейіпкер ау­зына салған: «Арал – Жердің, ға­лам­шардың емес – Жердің Қара­шаңы­рақ кіндігі!» сөзі – қаламгер арзу-арманы. Теңіз қалпына келсе деген дәме. Бұл – әр қазақтың де­мей-ақ қоялық, еліне, жеріне шын жаны ашитын азаматтың үміті. Туын­дыны оқу барысында ұмыт бо­ла бастаған естеліктер ұшқыны мен сана сынығына негізделген іш­кі ағысқа мейлінше мән беруге ты­рысасың. Бірақ мұндағы ой ағысының бір айырмашылығы – фраг­менталды түрде, фреска сықылды, яғни үзік-үзік боп бе­рілуін­де. Онда жады мен тарих, ке­ше мен бүгін, өң мен түс қатар өріл­ген. Тырнақшаға алынған ойлар – пунктуациялық қателіктер емес, керісінше Медеттің айтқысы кел­ген, алайда бейсаналы түрдегі тұ­жырым-түйіндері. Ақиқатты айт­қызбай тұрған факторлар – болмыс-бі­тімі мен сыртқы жағдаяттар. Қай­бір сәтте, оның әлгі бір саналы сан­дырағын таразылай келе: «Бі­леді, бірақ айтпайды» деген тоқ­тамды жөн көресің. Бас кейіпкердің ант­ропометриясы мен психо-фи­зиологиясына зер салсақ, көп нәр­сенің сыры ашылар еді. Себебі, ав­тор романды соның дүниета­ны­мына, жалпы жаратылысына негіздей жазады. Демек, оқырман өмірге Жар­болов призмасымен қарауға үй­ренеді. Бұл тәсіл әдебиетте жаңа­лық болмаса да, роман табиғи­лы­ғымен тартымды. Бір айта кетерлік нәрсе, шығарманы Арал тақыры­бы­на ғана байлап, матап қою біржақты болар еді. Себебі, бұнда формация ауысқандағы адамдар тағдыры бар. Ал, Арал – фон!..
Роман иесі бір сәтке атомдық бөл­шекке айналып, ара-тұра әр кейіп­кер бойынан табылып отырады. Айталық, Медетке жолыға кет­кен шопыр жер жайын жетік білетін автор боп сөйлеп отырған жоқ деп қалай айта аласыз: « – …Бұл қар емес, інішек. Шілдедегі ненің қары? Бұл – екология дегеннің сор-тұзы… – Арал сорынан түскен теміреткі… Алыстан келе жатқан бала көрінесің, жан-жағыңа үркек қарайсың. Бірақ беті безергенге бұ жерді бетпақ екен деме! Екологияңның тап атасының аузын!.. О-от, бала, әлгі, қол көтер­ге­нің – Қамбаш-станса тұсы. Ал, ано-оу көгерген – Қамбаш-судың нақ өзі. Теңізді жоқтатпаған… Қам­бар батыр мына тұс, «Шулыған»-шың­нан, қыз Назымның дидарын кө­рем деп, ат жалдап келе жатып суға кеткен… Алпамыс батырдың да жайы осы маң боларға деген кеп бар… Мынау – Қосжар, балық бақ­қан жұрт… Мынау – Кәрібөгет (Бұл атауға шофердің күмәні бар: сірә, көнеде, Қамбаш суын кері ағыз­байтын Керібөгет). Бұл енді Арал­дың курорты, қаласаң қазақтың ку­рорты!.. Мынау – Аманөткел. Онан ары Хан – Қарға бойлы Қаз­туған-ердің Қызылқұм өткен тұсы болуы кәдік… Мынау – Сарышы­ға­нақ жаққа қазған жыра – Арал ке­са­патынан қалған бір жара. Пенде сал­ған тыртық… Ал ана көрін­ген…».
С.Жұбатырұлы Медет пен Сер­ван­тес «Дон Кихотындағы» атқос­шы – Санчо Пансаның туған деревниясымен амандасу эпизодын бе­керден-бекер мысалға алып отыр­ған жоқ. Туынды интонациясы ұқ­саң­қырамаса да, психологиялық па­рал­льельдің бар екені рас. Өйт­ке­ні, араға біраз жыл салып барып Мөң­кенің ұлы Медет өз ауылы – Бө­генге табан тірейді. Бұл Гомер «Одис­сеясындағы» патшаның Отаны – Итакаға келуі секілді дүние ғой!.. Дәп осы тұсты қаламгер: «Қай­та оралған қаңғыбастың Фуд­зиі» деген қып-қысқа штрихпен бе­ре кетеді. «Абыржы» мен «Дон Ки­хот» арасында үндестік, жақын­дық бар. Дон Кихот келмеске кеткен алтын ғасыр идеалдары жөнінде ой қоз­ғап, сол кезеңді барынша қай­тар­­ғысы келсе, Медет те күйреген кеңес­тік жүйе турасында терең тол­ға­нады. Бірақ ол идеалдар алтын да, кү­міс те емес, тұрақсыз, баянсыз боп шығады. Басшылыққа сенім, идея­ға сенім, империяға деген се­нім­нен түк қалмаған. Тек елес қана. Кейіпкерлердің оқырманды өң мен түс арасында жүргендей әсерге бө­лейтіні сондықтан болса керек. Тәуел­сіз ел атансақ та советтік дәуір­­ді әлі де көксейтіндер көп-ақ, ара­мызда. Бұл да адам бойындағы пси­хологиялық ахуал. Жазушы со­ны жете түсініп, мән-маңызын жан-жақты ашуға ұмтылған. Дон Кихот адам­дарды бақытты тіршілік кеш­ке­нін және жақсы өмір сүргенін ой­ласа, Жарболовты да ел басын­да­ғы ауыр жағдайлар алаңдататыны шындық. Мигель де Сервантес об­ра­зы өмірге оң өзгеріс алып келуді мақ­сұт тұтты. Сол идеяға сенді әрі өң­гелерді де сендіргісі келді. Бірақ!.. Жазушы «Әлімсақ» журналына бер­ген сұхбатында бүй депті: «Ұлы Сер­вантес «Дон Кихотты» жазды. Әлем әдебиетінде ондай роман әлі жазылған жоқ. Неге ол ақылынан алжасқан Дон Кихотқа күректей екі роман арнады?.. Сондағы есі ауыс­қан адамның сөзімен азғындаған адамгершілікті, қоғамның көлең­ке­лі жақтарын ашып айтты. Төрт жүз жыл бұрын сол Сервантесті оқыр­­мандары түсінді. Әлі түсінумен ке­ле жатыр. Міне, қазақ оқырманы да сондай болса деймін».
Романда физикалық һәм мета­фи­­зикалық әлем бар. Екі әлем. Бі­рін­ші әлем – Медет маңындағы ауыл адамдары мен екінші әлем – Сай­тан Үндер, Сайтан Сұрақ, Ызың­мен сөйлесетін әлем. Тағы, оны сюрреалистік әлем десек те бо­лады. «…Мәселе сонда, достым! Ер­теңің жоқ. Бүгінің – далбаса. Өмір сен үшін тек естеліктерде қал­ды…». Дәл осы ойды екі-үш жерден ұшырастырамыз. Бұның өзі «сана фрагменталдығын» анық аңғар­тады. Тұтастай авторлық ойды, туынды идеясын түсіну үшін мозайканы жинап, сынықтарды теруің қажет. Шығармада қоңыр бояу басым болғандықтан ба, жазушы персонаждарын Тағдырдың есалаң желі есеңгіретіп кеткендей көрінді, бізге. Олар орталықтан алыста, тым алыста. Шукшин түсірген «Калина крас­ная»-дағы бір ақсақал айтқан­дай: «Ну, это же жизнь!..». Олар не іс­терін білмей абдырап қалғанымен де, өмір-өзен ағып жатыр, ағып жа­тыр, тоқтар емес. Тоқтайтын жері – өлім. Оған дейін тіршілік етпек. Өз­гелерге қарағанда, Медет шет жақ­ты көрді, үйренді, тәжірибе жи­нады. Және, елінің осынау хал-күйі оны қынжылтатыны белгілі. Бірақ амал нешік, қолдан келер дәрмен жоқ… Аралдың адамның көз алдын­да құрдымға кетіп бара жат­қа­нын­дай, кеудесінде жаны бар бақы­р­бас­тының да қолынан келер шарасы жоқ, дәрменсіз күйде. Басшы­лық­тың өзі бұтақ басын сындырмаған соң, қара халықтан не күтесің?! «Ан­дерграундтық» рухтағы кино іс­петтес роман үзінділерден құрал­ған. Әр үзікте – түйін бар. Жазушы шындықты берудің осындай бір әдісін құп көрген. Осыған қарап-ақ, қаламгердің дәстүрлі жазу үлгісінен алшақтай түскенін байқау қиынға соқпас. «Абыржының» қозғаушы кү­ші – сюжет – ой ағысы – кейіп­кер­лер іс-әрекеті – грампластинкаға жа­зылғандай жадыдағы естеліктер төрт-тағаны. Медет өміріндегі то­қырау мен елдегі дағдарыс қатар кел­ген. Жалпы алғанда, романшы­ның ұтқан тұсы, көркемдік ерекше­лігі орталық образ – Медет жанында орбита түзе алғандығында. Жа­­­зарманның шығармашылық кре­досы – Арал мен Шөл табиға­ты­ның мәңгі өлмес жанды панорамасы.
«Абыржының өкпегі тым қатты. Бі­рақ мына суда долы ашу жоқ сияқ­ты. Ол тіпті қаһарлы да емес. Он­да, сірә, терең сыр ғана бар. Әле­мет сарын – сол ұшан сырдың ұлы өксігі. Соның үні…». «Абыржы» – өт­пелі кезеңнің символы, социализмнен капитализмге өткен кездегі қазақ қоғамының аллегорияланған жай-күйі. Ал Абыржының тағы бір мағынасы, бұл – қыс мезгілі өзінің күшін әлі жоймаған, ал көктем әлі толықтай келе қоймаған кезең. Де­мек, сең сетінегенмен, қар, мұз әлі ері­меген шақ. Жазушы екі ұлы қа­ра­ма-қарсылықты, дуалистік сы­пат­ты: ақ пен қараны, ессіз бен ес­ті­ні, жақсы мен жаманды, Жер мен Көкті, бар мен жоқты, мазасыздық пен бей-жайлықты қатар қояды. Осындай, бір аумалы-төкпелі уа­қытта: «Саясатта ойын көп… Болмыс ақырын бебеу қағады… Оны естіп жатқан кім бар?..» деген ішкі Дауысты біреу ести қалуы екіталай. Жар­болов әл-Фараби, грек философтары, хакім Абай, ой шыңы­рауына түсіп шыққан қандай даналар бар, бәріне тоқталады. Бас кейіп­кер өз потенциалын, интел­лек­туалдық, физикалық күш-қуа­тын толық ашып, толық көрсете алмағандай әсерде боласың. Романды құр баяндаудан сақтандырып отыратын фактор – оқиға. Құл­жұ­мыр, Зылиха, Айғара, Үмбет, Әб­діраман, Басатбай, Іңкәр, Темірхан, Сүйінтай, Африза, Мәмбет, Өрдәш, Әлқуат, Дүзжан, Қаримолдадалар шығарманың уықтары іспеттес. Олар роман конструкциясына оң әсерін тигізген. Дегенмен де, жылт етіп көрініп, келесі бір тұста тағы бір төбе көрсететіндер де бар. Әб­діжәміл Нұрпейісовтің Жәдігері се­кілді айшықты образ «Арал тақы­рыбы» аясында ғана қалып қойған жоқ, әдеби кеңістікке шықты, рухани айналымға енді. Әдебиет теориясы бар болғанымен де, жазудың формуласы жоқ екенін ескерсек, тәп-тәуір роман жазу, тек роман­шы­ның ғана ісі, жеке – индивидуал­ды шаруа. Бахтинның: «Белинский сын жанрын өнерге айналдырды» дегеніндей, жазушылықты өнерге, оқыр­манды табындыра түсетін ку­льт, идолға айналдыру – жазылуын­да. Шығарманың ар-ұяты – көркем­дігі!.. Осы тұрғыдан келгенде, ав­­­тордың бұл шығармасы қазақ әде­биеті атты айдын көлге құйылған өзен деп білгеніміз жөн шығар.

P.S.: С.Жұбатырұлы 1970 жылы, үшінші курста оқып жүргенде-ақ «Алыстағы аралдар» атты әңгіме жазып, ол 1971 жылы Қазақстан комсомолы және «Жалын» баспасының алғашқы жабық бәйгесінде жүлдегер атанған екен. 1980 жылы «Қазақфильм» киностудиясы осы повестің желісі бойынша «Әнші Аралдың құпиясы» атты толық-метражды көркем фильм түсірген-ді. Сөйтіп, повесть ел оқырмандары сүйіп оқитын шығармаға айналған. Ал жазарманның «Алақандағы ұя» әңгімесі бес тілге аударылған-ды. С.Жұбатырұлы 1967 жылдан бастап Арал, Сырдария, Байқоңыр, Балқаш көлі мәселелерін көтеріп жүрген қаламгер. Біз дәл қазір Табиғат перзенті екенімізді, қоршаған ортаға тигізер зәредей ғана зардап өзімізге еселене қайтатынын санамызға толықтай сіңіре қоймаған ұлтпыз. Сол себепті де, бұл тақырыпты күн тәртібінен түсірмей көтеріп отыру – қазақ жазушылары міндетінің бірі. Арал – романшының көркемдік әлемі, көркемдік кеңістігі. Күйреместей, құламастай көрінген кешегі азуы алты қарыс «Қызыл империя» бір демде-ақ «аяғы аспаннан келгені» белгілі. Халық не істерін білмей абдырап, жастар сең соққан балықтай есеңгіреп, сенделіп далада қалды. Арал теңізі шөлге айналып, арамзалардың құрбанына айналды. Бұл – абыржыған кезең еді, соның әсерінен біз сөз еткен «Абыржы» атты туынды туғанға ұқсайды…

Әлібек БАЙБОЛ.

1 пікір

  1. Әлібек Байболдың С.Жұбатырұлының «Абыржы» романы туралы рецензиясы шығарманың түпкі мəнін аша алған парасатты талдаудың қатарына жатады. Сыни пікірлері орынды əрі мәдениетті, теориялық талдау сипатына ие. Ой- түйіндері шымыр. Романды оқымаған адамның өзі рецензияны оқығанда оқығандай күйге түседі. Шынында, рецензент өзі айтқандай, «сын өнерге айналса» игі еді. Рецензенттің бұдан əрі де қаламы ұшқыр бола берсін демекпін. Жетістіктері мен азын-аулақ кемшін тұстары туралы (сынға сын дей ме) дəйектерімді шағын пікірге сыйғыза алар емеспін. Жалпы, осындай білікті талдау-сын қажет-ақ.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.