Ар мен ақиқат сыншысы

0
219 қаралды

Өнерге өліп-өшкен сүйіспеншілік
жоқ жерде сын да жоқ.
А.С.Пушкин.


Ол жемістен – қызыл алманы жақ­­сы көреді.
Ақ та емес, сары да емес, тек қызыл алманы.
Ол әңгімеден – қырғыз хал­қы­ның құлагер қаламгері Шың­ғыс Айтматовтың «Қызыл алма» ат­ты әңгімесін жақсы көреді. Жә­не жай ғана емес, қызыға, құ­лай сүйіп жақсы көреді. Бүгінге дейін сан рет оқып шығыпты, оны. Алдағы уақытта талай ора­ла­ры анық, оған.

Ол өкініштен – алғашқы аяулы махаббаты – сол бір бәйшешек те Баяндай қызға қызыл алма сый­­­лай алмағанына өкінеді…
Бұл – Бақыт Сарбалаевтың тас­­­қа таңба басып айтқан өз сөзі, жү­рек­жарды сыры.
Бақыт Сарбалаев кім?
Бұл сұраққа кез келген әде­биет­­­сүйер қазақтың «Бақыт Сар­ба­­лаев – сыншы, сыншы бол­ған­да да рах­­меті аз, лағнеті көп осы бір жанр­­дың сәйгүлігі» дері анық.
Бақыт Сарбалаев десек, әде­биет сынын еске аламыз, әдебиет сы­­ны десек, басқа мықтылармен бір­ге Бақыт Сарбалаев та еске тү­се­­ді.
Халқымыз сөз өнерін бәрінен биік қойған. «Өнер алды – қызыл тіл» дейді. Қазақтың тілі мың ас­тарлы, мың қатпарлы. Кейде қа­зақтың бір мақалының мағынасын ұғындыру үшін том-том түсінік­те­ме қажет. Өзге түгілі, өзіміз де қа­зақ тілінің түсіндірме сөздігіне жү­гініп жатамыз. Қазақтың асыл сө­зін өзге тілге аудару кейде мүм­кін де емес. Құран сөзін арабшадан аудару қаншалықты қиын бол­са, қазақтың мақал-мәтелдерін өзге тілдерге аудару – соншалықты ауыр.
Әрегідік «қазақта сын болма­ған» деген жаңсақ пікір айтылып қалады. Бұл – «қазақта жазу-сызу бол­маған» деп жала жапқанмен пара-пар.
Қазақ – сыншыл халық. Қа­зақ­тың жеті («көп» деген мағынада) өнеріне (сөз бен саз өнерінен бас­қа, атбегілік, құсбегілік, итбе­гі­лік, т.б. дәстүрлі мәдениет түрлері) сай, сыншылық өнері де қоса өрі­ліп, дамыған. Сын өнердің барлық түріне айтылған. Сын дегеніміз – талғам, талап. Талғамға салып та­лап­танса ғана, адам тарландыққа таласа алады. Асылы, әлдекімнің әлдебір шығарма туралы пікірінің өзінде әдеби сынның элементі кездеседі.
«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деудің өзінде ұлы бір мән бар. Яғни Майқы би «Тү­гел сөздің түп атасы» атану үшін өзіне дейінгі данагөй сөз иелерінің айтқанын қаншалықты көңіліне то­қып, зерделеген болса, сонша­лық­ты сыншылық өнерді де меңгергені қисынға келеді.
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бишарасы, – де­ген Абай да қазақ әдебиетінің ға­на емес, өнерінің де, тіпті, әріден тарт­сақ, тұтас мәдениетінің ұлы сын­шысы болды.
Әдебиет, өнер бар жерде сын бар. Сынсыз әдебиет те, өнер де өс­­­пейді, өшеді.
Ежелгі дүние тарихына жүгін­сек, сонау антикалық дәуірде Гре­кия мен Ұрымда, ежелгі Үнді елі мен Қытайда сыншылық ай­рық­ша кәсіп болған екен. Бертін ке­ле, XVII ғасырдан бастап XIX ға­сырдың бірінші жартысына дейін, Еуропада Томас Карлайл, Шарль Огюстен де Сент-Бев, Ип­по­лит Тэн, Фердинанд Брюнетьер, Мэтью Арнолд, Георг Моррис Ко­хен Брандес есімдері сын­шы­лы­ғы­мен танылды.
Орыс әдеби сыны ХІ ғасыр­дан бастау алады. Ал – орыс әде­бие­тінде «критик» сөзін ай­на­лым­ға енгізген сықақшы-ақын һәм елші, Ыстамбұлда туған Антиох Кан­темир XVIIІ ғасырдың алғаш­қы жартысында өмір сүріп, орыс­тың әлеуметтік-саяси билігінде маңызды рөл атқарған. Оның арғы те­гін қазбалай берсек, атасы – Қан­темір мырза Ноғай Ордасын құр­ған атақты Едігеден тарайтын боп шығады.
Одан бергі Дүниежүзі әдебиеті­нің ірі пұшпағы саналған орыс әдебие­тін­дегі Николай Карамзин (Қара Мырза), Пушкин, Белинский мен Добролюбов дәуірін қопара бермей, өз сыншымызға оралайын.
Сын өнерінің қыр-сырын Ба­қыт Қызылордадағы Гоголь атын­дағы Педагогика институтының тіл-әдебиет факультетінде оқып жүргенде көкірегіне тоқып білді.
Бір қызығы – ол оныншы сы­нып­қа дейін сын мақала оқып көр­мепті. Сыни еңбектер туралы «мек­теп оқулығында қысқаша бе­рілген мағлұматты тек кеңейтіп, шұ­балтып баяндайтын дүниелер» деген теріс ойда болыпты. Алғаш оқы­ған дүниесі – Белинскийдің Пуш­кин туралы мақаласы. Кітап­ханадан ұлы сыншының қазақ тілінде 1948 жылы шыққан кітабы қо­лына түскен ғой. Соның әсері бар, одан бөлек Мұхаметжан Қара­таевтың «Туған әдебиет туралы ойларын» оқып, сын туралы көз­қара­сын түбегейлі өзгертеді. Сол-ақ екен, енді ол мерзімді баспасөз бет­теріндегі сыни еңбектерді, жаңа шығып жатқан әдеби сын кі­тап­тарын қалт жібермейтін бо­ла­ды.
Тағы бір қызығы – Бақыт «сын­шы болам» деп те ойламаған. Оқу­ға түскен 1965 жылы «Лениншіл жас» газетінің бетінде «Сізге қан­дай өлең ұнайды?» деген айдар ая­сында қызу пікірталас жүріп жа­тады. Өзі де тәп-тәуір өлең жаза ала­тын оған аяқастынан «Маған да неге өз пікірімді білдірмеске?» деген ой келеді. Сөйтіп, дәптердің па­рағымен 15 бет мақала жазып, ре­дакцияға жібереді. Не керек, ара­ға 6 ай салып, әлгі мақала «Өлең салмағы жүрекпен өлшене­ді» деген атпен жарық көреді ғой. Бұл кезде Бақыттың өзі оны «ұмы­тып» та кеткен-ді. Қайтсін енді, күте-күте шаршап, «шықпайтын бол­ды ғой» деп күдерін үзген. Енді қа­раса – мақала өзінікі, соңында «Ба­қыт Сарбалаев» деп тұр. Қуан­ғанынан қайта-қайта оқып, «Осыны жазған мен бе?» деп таңдана бе­ріпті.
Жалғыз мақаламен сыншы боп кете алмайсың. Алайда, Бақыт Сар­балаевтың сыншылық тәжірибесін аталмыш жарияланымнан бастап есептеуге әбден болады. Тағы бір тұ­жырымымыз – сыншылық қа­білет, талант Ба­қыт­тың бойында әу бастан бар-ды.
Десе-дағы Бақыт кәсіби сын­шылық жолға түскенге дейін біраз уа­қыт өтті. Сол екі ортада ол ауыл­­­да мұғалім, аудандық газетте тілші болды. «Лениншіл жастың» әде­биет пен өнер бөліміне келгенге дейін төрт жыл бойы «Қазақстан мұ­ғалімі» газетінде қызмет атқар­ды. Арадағы алты жыл зая кетті деу­ге келмес, ол қызметтің бәрі – өмір­лік тәжірибе. Осы уақыт ішін­де қарап жатпады, талай сы­ни мақала да жазды, іштей кәсіби сыншы болуға да дайындалды.
Асылы, Бақыт біраз уақыт бойы «ақын болсам» деген арман құшағынан шыға да алмай жүрді. Айтарлықтай ақындық қуаты да бар. Шеберлігін шыңдай берсе, өзі айтқандай, Жарасқан Әбдірашев пен Иранбек Оразбаевтай топ жа­рып кетпесе де, көштен қалып, шаң жұтпас еді. «Лениншіл жасқа» келгенше өлең жазып жүрді. Сол 1974 жылы «Қазақстан пионері» га­зетінде жарияланған соңғы өлеңі­мен ақындық жолдан мүлдем кету­ге кесім жасайды. Өлең жазу қо­лынан келмегендігінен емес. Бір сәттік сезімге берілгендігінен де емес. Анығында Бақыт мұндай қа­дамға саналы түрде барды. Сын­шылыққа біржола ден қою үшін ақындық қабілетін құрбан­дық­қа шалды. Ұзақ ойлана келе, сын­шылық деген – өзінің басты сти­хиясы, бейімділігінің басты қы­ры екендігін айқын түсінді. Сын өнерін оңай да көрген жоқ. Ақын-жазушыларға мін айту, ақыл-кеңес беру оңай дүние ме екен?
Ақиқатын айтсақ, сыншылық – қызығынан да гөрі қиындығы мол, ғажабынан гөрі азабы көп өнер. Сыншылық деген – орасан зор жауапкершілік. Бақыт осындай жауапкершілік жүгі ауыр жол­ды неге таңдады?
Мұның басты себебі – Бақыт әде­биетті шексіз сүйді. Әдебиетті шек­сіз сүю деген – оның ыстық-суы­ғына төзу, бар ауыртпалығын кө­теру, барды «бар», жоқты «жоқ» деп айту. Ақырында, әдебиетті шек­сіз сүйетін адам өз өмірін құр­бан­дыққа шалуға дейін әзір тұра­ды екен. Тереңінен ойлап, тол­ға­сақ, Бе­линский, Добролю­бовтардың тағдыры соның жарқын мысалы емес пе? Қазіргі тоғышар заман мұн­дай «шектен тыс» құрбандықты қа­былдамас та, түсінбес те еді…
Бақыт Белинскийдің оның сын өнеріндегі қағидаларын берік ұстануға тырысты.
Бақыт Сарбалаевтың «Қызыл алма» атты тұңғыш жинағы 1981 жы­лы жарық көрді. Бұл кітапқа сын­шының газет-журнал бетте­рін­де жарық көрген эсселері мен әдеби портреттері топтастырылды. Алайда, автор жарияла­ным­да­рының бәрін жинаққа тықпалай бер­мей, тек сүбелі дегендерін ірік­теп алды. Кітаптың тақырыптық атауы мен мазмұнына зер сала оты­рып сыншының кітапты шы­ғаруға қаншалықты жауапты қа­рағанын білуге болады. «Өз ісіне адал­дық» деп осыны айтса керек.
Алғашқы сын мақаласы жа­рия­ланған күннен бастап тұңғыш кі­табы шыққанға дейін екі ара­лықта он бес жыл өтіпті. Бұл ке­зең­де «жас сыншы» аталып жүрген Бақыт жұртшылыққа кеңінен танылып үлгерген. «Лениншіл жас» газетінің оқырмандары одан «Қы­зыл алма іздеп жүрмін…», «Ал­тынкүрек соғып тұр» сынды сыр­шыл да шыншыл сыни мақа­лаларын асыға күтетін. Бақыт жас­тар газетінде төрт жыл қызмет ат­қарып, 1978 жылы «Жалын» алманағының сын мен өнер бө­ліміне ауысқанда, оның оқыр­ман­дары артынша сүйікті авторын із­деп, аталмыш журналдың да ай­ны­мас жанашырына айналды.
Бақыттың «Қызыл алма» жи­на­ғындағы «Өрт жүректің өмір дас­таны» атты көлемді мақаласы Мұқағали Мақатаев марқұм болған 1976 жылы жарық көрген «Өмір­дастан» атты таңдамалысын танып-талдауға арналған. Оны біз Бе­линскийдің Пушкин шығар­ма­ларының қайтыс болғаннан кейін­гі басылымына өзіндік жауап, тарихи баға ретінде жариялаған «Александр Пушкиннің шығар­ма­лары» атты 11 мақаладан тұра­тын топтамасына (цикл) ұқсаттық. Бұл жай ғана біз байқаған сырттай ұқсастық па, әлде, шынымен де Ба­қыттың Мұқағалидай ақын аға­сы, асыл ағасы қайтыс бол­ған­нан кейінгі басылымына өзіндік баға-құрметі, жоқтау жауабы ма?
Қалай болған күнде де, сыншы ұлы ақынның таңдамалысына лайықты баға берген һәм жар­қы­раған жақсылығын оқырманның жүрегіне жеткізе білген.
«Қазір қазақтың қара өлеңінің аты аталғанда Абай, Ілияс, Қасым Аманжолов, Әбділда Тәжібаевтар ғана емес, Мұқағали Мақатаевтың есімі де есіңе түседі. Мұның себебі неде?» деп сұрақ қойып алып, сын­шы оның дәлелді жауабын ұсы­нады. «Мұның себебі – қара өлең мен аталған асқақ ақындарға қоса, қара өлең мен Мұқағали Ма­қатаев та бір-бірімен ажырамас, алға қатар қадам басар құбылыс бо­лып кетті», – дейді. Соның ар­тын­ша тағы да «Неге?» деп сұрақ қоя­ды да, қайыра мықты уәж айтады: «Мұқағали Мақатаевтың бар және бірден-бір дерлік қаруы да, құдіреті де – осы қара өлең». Одан әрі сыншы «Рас, М.Мақатаев Пуш­­кин де емес, Лермонтов та емес, ол Махамбет те болған жоқ, Есе­нин де бола алмады» деп ақын­ның өз сөзін келтіре отырып: «Алай­­­да, ол қазіргі күннің ғажа­йып ақындарының бірі – Мұқаға­ли Мақатаев болды. Бірақ, оны осындай қазақ ақыны еткен де, мәрте­бе­сін биіктетіп, ақындық ғарышы­на самғатқан да – осы қазақ­тың қа­ра өлеңі», – деп түйіндейді.
Мұқағалитану ғылымы дамып, қарыштай түскен бүгінгі күн­нің биігінен қарағанда, Мұқа­ға­лиды Абайдың қатарына қойып, ұлы ақынмен шендестіру де, оны өлеңмен егіз жаратылған деу де ке­реметтей жаңалық болып та кө­рін­бес. Жаңалық болып көрінбей­тіні – қырық жыл ішінде Мұқаға­ли­дың ұлылығы әлдеқашан-ақ мойындалды, оның мұрасы жал­пы­халықтық рухани байлық қата­рына қосылды.
Міне, қызық, бір кезде Белинс­кий Пушкиннің күллі халыққа та­нылмай жатқанына қынжылып еді. «Біздің халық өзінің бірде-бір ақынын білмейді!» деп қатты таң­дан­ған екен ол. Бүгінде Белинс­кий тірі болса, күллі халық «Қа­лай­ша білмейді?!» деп оның өзін күл­кі қылар ма еді? Сол сияқты қы­рық жыл бұрын Бақыт Сарба­лаев­тың Мұқағали туралы айтқан тұжырымдары бүгінгі таңда әбден жауыр болған жаттанды пікірлер болып көрінуі де мүмкін. Бірақ сол классикалық пікірлерді ал­ғаш­­қылардың бірі болып айтқан кім? Ол – Бақыт Сарбалаұлы!
«Мұқағали Мақатаев десек – өлең дегеніміз. Өлең десек – Мұқа­ғали Мақатаев дегеніміз», – деп тұ­жырымдайды сыншы. Рас па? Рас.
Сенімді болатыны – Бақыттың өмірге ақынның көзімен қарай­тын­дығынан, шығармасын ақын­ның тілімен сөйлететінді­гі­нен.
«Мен жемістен – қызыл алманы жақсы көремін. Ақ та емес, са­ры да емес, тек қызыл алманы.
Мен өмірден – әрқашан маздақ та мөлдір махаббатты көргім келеді. Онда да Исабеков пен Бей­та­ныс қыз арасындағыдай алғаш­қы, аңғал, адасқақ сүйіспеншілікті емес, оларға енді жолығар, Даниярлар мен Жәмиләлар әлдеқашан тапқан, қазіргі Қозылар мен Баяндар бастарынан күнбе-күн ке­шіп жүрген таза, табанды, тамаша махаббатты көргім келеді. Бұл өмір­дің – өнерге, өнердің – өмірге ай­налуының өзі осы болса керек».
Бұл – Бақыттың «Қызыл алма із­деп жүрмін…» атты толғамының түйіні.
Сыншы Бақыт Сарбалаев өзі жақ­сы көретін жазушы Шыңғыс Айт­матовтың «Қызыл алма» атты әңгімесін талдай отырып, өзінің эстетикалық талғамын да, жүрек түкпіріндегі құпия-сырын да жасырмай, ашып бергенін әңгіменің басында там-тұмдап айттық.
Сын қай кезде де жауынгер жанр саналған.
«Сын деген – әдебиеттің шекарасы. Сырттан атылған оқ та, іштен атылған оқ та алдымен со­ған тиеді. Ал сыншы дегеніміз – сол әдебиет шекарасының сақ­шы­сы. Демек, оған қалғуға болмайды. Бір ғажабы – оған постыдан кетуге болмайды. Себебі, оны ешкім ал­мастыра алмайды. Демек, сыншы дегеніміз – сирек талант болумен қатар қоғамдық күрескер. Әде­биеттегі бірінші күрескер. Де­мек, ол әдебиеттегі жақсылыққа бірінші болып көз салып, жаман­дыққа бірінші болып аттандауға тиіс. Осы ретте, оның мақталып н­емесе датталып жатуы әбден заң­ды. Ол шекараны бұзушылардың жон терісін сыпырып қана қой­май­ды, оны әлгі шекараны бұзу­шы­лар соғып кетуі де мүмкін. Осы­ның бәріне төзген адам ғана сын­шы болса керек».
Бұл – Бақыт Сарбалаевтың сын­шылық кредосы. Байқап отыр­­­саңыз, оның сөзінде әдеби дегеннен гөрі, әскери дегенге көбірек ке­летін ұғымдар басым. Мұның өзі – сынның жауынгер жанр са­на­латынының жарқын көрінісі.
Бақыт Сарбалаев өзі тиянақтап бер­ген осы сыншылық кредосына барынша адал болды. Оны бүгінге дейін жазған мыңға жуық мақа­ла­ларынан, соларды іріктеп берген жи­нақтарынан анық байқауға бо­лады.
Бір байқағанымыз автор сын­шылық ғұмырында қаламын аз тербемесе де, кітап жинақ шы­ғару­ға келгенде, аузының салымы жоқ. Әйткенмен, шығарғандары аз да болса, саз. Оның әрбір жи­на­ғы – оқырман үшін қызға ұсынған қызыл алмадай қып-қызыл сый­лық, ажарлы базарлық. Оның се­бебі – сыншының кітап шығаруға үлкен жауапкершілікпен қарауы. Оны айтасыз, Бақыт тұтас жинақ түгіл әрбір мақаланы жазу алдында өзіне зор міндет жүктейді. Қа­тып қалған қалыптардан, сөз қай­­талаудан, ой ұқсастығынан қа­­шып, әрдайым тың шығар­ма­шылыққа ұмтылады. Тіпті, та­қы­рып­тық атауларының өзінде әдеттегі сыни мақалалардың аттарына ұқсамайтын сонылық бірден көзге түседі. Кейбірінен жүрекке жұм­сақ лиризм лебі есіп тұрса, кей­бірінен революциялық жел со­ғады, бірінен салмақтылық сал­қыны сезілсе, бірінен ойнақылық оты шарпиды.
«Ыстықкөлдің жарқыраған шал­қар айдынында ақ кеме көрі­не­ді. Қандай әсем еді, өзі? Толқын үстінде тербеліп, алысқа тартып барады. Ізінде шуда-шуда ақ көбік есіліп қалып жатыр. Ол алға беттеген, арман – ақиқатқа беттеген. Оқтай түзу, алған сара бағытынан таймай кетіп барады.
Шыңғыс Айтматовтың «Ақ ке­ме» атты тамаша туындысын оқып шыққаннан кейін сен де ерік­сіз авторға қосыласың. Қан­ша­лықты қимасаң да, Баламен амалсыз қоштасасың. Бала үшін бар айтарың: «Армысың, Ақ кеме. Бұл келіп тұрған мен ғой», – деген бір ауыз сөз. Оны да сол Баладан есті­генсің, соның пәк жүрегінен, адал сезімінен көкейге түйген­сің».
«Ақ кеме алысқа беттеді» деп әдемі атау қойылған бұл мақаланы қырғыздың құлагер қаламгері Шың­ғыс Айтматовтың әйгілі шы­ғар­масына ғана айтылған сыншы пікірі (ол да бар, әрине) деп ойлап қал­маңыз. Бұл – қазақ жазу­шы­лары­ның балаларға арналған әде­би шығармаларын шолған сыни ма­қала. Ал, сыншының «Ақ ке­ме­ні» мысалға келтіріп отырған се­бе­бі – қазақ балалар әдебиетіне ті­ке­лей қатысты көкейде жүрген сан алуан сауалдарға жауап іздеу­ден туындап жатыр.
«Ел болам десең, бесігіңді тү­зе» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, сыншы һәм педагог Бақыт Сар­ба­лаев­тың балалар әдебиетіне ар­нал­ған тағы бір мақаласын «Бесік жыры – басты жыр…» деп атауы­ның астарында осындай кесек-кесек ойлардың жатуы.
«Алып Абайдың мына бір жолдарын бәріміз де кішкен­тайы­мыз­дан жаттап өстік:
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең…
Бұл – қашаннан қазақ өміріне тән, етене болмыс. Қашаннан қа­зақ өмірінде тал бесік пен тас та­быт­тың арасын өлең алып жатыр. Бі­рақ, осы ғажайып өлең әлемінің төл басы, тұңғышы қайсы?» – деп сұ­рақ қойып бастаған сыншы Бе­сік жырынан үзінді келтіреді де:
«Иә, есте жоқ ерте кезден-ақ қа­зақ баласы анасының әлдиі ар­қылы Бесік жырымен ауызданған. Олай болса осы ұлы өлең – қазақ ба­лалар әдебиетінің ғана емес, күл­лі тіл өнеріміздің тұңғыш туындысы емес пе? Бұдан аңғарары­мыз: Бесік жыры – біздің әде­бие­тіміздің бастауы, қайнар көзі, бе­сігі. Ал бесіксіз айдарлы бала да жоқ, азамат Баһадүрлер де жоқ», – деп тұжырымдайды.
Аталған мақаланың өткен ға­сырдың 80-ші жылдары жазылға­нын ес­керсек, автордың қанша­лық­ты озық ойлы, парығы мол парасатты сын­шы екенін аңдауға болады. Бұл мәселе әлі де күн тәртібінде тұр…
«Егерде есті кісілердің қата­рын­да болғың келсе, күнінде бір мәр­тебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп ал­ғаннан бергі өмірді қалай өткіз­дің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіп­пі­сің? Жоқ, болмаса, не қылып өт­кіз­геніңді өзің де білмей қалып­пы­сың?».
Бұл – ұлы Абайдың он бесінші сө­зінен алынған үзінді.
Бақыт Сарбалаев данышпан ақынның осы өсиетін мүлтіксіз орындап, басқаларға да үлгі етіп, ай­тып жүреді. Ол өзінен-өзі есеп алу­ды әлдеқашан дағдыға айнал­дырған.
Міне, Бақыт жетпіс жасқа кел­ген сәтінде де, осы дағдысынан ай­ныған жоқ. Өзі туып-өскен Сыр өңі­ріне арнайы барып, ел алдында есеп беріп қайтты. «Жетпіске кел­дім» деп желпініп те отырған еш­теңе­сі жоқ. Туабітті сыншылық мі­незіне салып, еш бүкпесіз барды «бар», жоқты «жоқ» деп ашығын айтты. Бар болмысын жасырмай жайып салды. Ар мен Ақиқат ал­дын­да адалын айтты.
Біз білетін Бақыттың бар бол­мы­сы – осы. Қара басын күйттеу оған жат. «Елге болса екен» дейді. «Жа­ратқан иеміз жұртты жарыл­қа­сын» деп тілейді. Іштарлығы жоқ, қызғаныштың қызыл итінен аулақ. Біреудің жетістігіне шын сүйініп, қол жеткен табыстарына шын қуанады.
Осының сыры сыншының те­гінде жатса керек. Әдетте, біз жақ­сылардың тегін қазбалап жатамыз ғой. Бақыттың атасы – Сарбала Сыр өңіріне белгілі би болған екен. Жұрт­тың айтуынша, Сарбала би өз заманында жұрттан жақ­сы­лы­ғын аямаған мәрт кісі болыпты. Ашар­шылық тұсында дүние сал­ған көрінеді. Сарбаланың баласы Тұрсынды да ауыл-аймақ «би» деп атап, қатты құрметтепті. Тұрсын шаруа­шылық, ферма басқарған, тұрмыс комбинатының директоры қызметін атқарған.
Бақыт Сарбалаев 1990 жылы «Ана тілі» газетінің Бас редакторы орын­басарының қызметін атқар­ды. Бас редактор – көрнекті жур­на­лист Жарылқап Бейсенбаев. Сол тұста ақпарат кеңістігіне жаңа қо­сылған «Ана тілі» газеті аз ғана уа­қыт ішінде бірден-бір ұлт ба­сы­лы­мына айналды.
Ойы – ұшқыр, қаламы – жүй­рік Ба­қыт Сарбалаев жұртқа енді талантты көсемсөзші ретінде таныл­ды. Алашорда арыстарындай өзі­нің өткір ойларымен, жалынды сөз­дерімен ұлтты оятуға бар күшін салып бақты. Шын сыншы қоғам қайраткері дәреже­сіне дейін кө­терілетінін тағы бір аңдатты.
Ойымызды сөз өнері үшін от пен суға түсіп жүрген көрнекті сын­шы Бақыт Сарбалаевтың: «Сын­­ға тиісінше қамқорлық қа­жет, жас ақын, жазушылардан гөрі – екі есе көп нақты қамқорлық қажет. Бұл арада қомақты қалама­қы төлеу деген – жай сөз: ұлағатты, ұлық сын ғана емес, әділдік пен шын­дыққа суарылған ұстаз сын та­мыр тартып, Әдебиетті – сол ар­қылы әлеуметті (бұқараны ғана емес, билікті де) де түзейтін көркем сын салтанат құруын қамтамасыз ететін қамқор­лық жасалуы мін­детті.
Азаттығымызды бекемдеудің, жер бетін қазақ болып мекендеудің жал­ғыз жолы – әдебиетімізді тү­зеу. Әдебиет түзелмей, әлеуетіміз де, әлеуметіміз де түзелмейді», – де­ген көркем ойымен түйіндеуді жөн көрдім. Бұл ой – сын сар­дары­ның тек Ар соты мен Ақиқат ал­дын­да сөйлеп тұрғанына бек илан­­­дырады.
Қолыңнан семсерің түспесін, Сын Сардары!

Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ


Жаңа кітап

Бақыттың құрдастары

Жуырда «Ан Арыс» баспасынан сыншы Бақыт Сарбалаевтың «Менің құрдастарым» атты кітабы жарық көрді.
Туған сөз өнеріміздің шалқар айдынына сар­қырап құйып жатқан бір арна, мөлдірі мол толқын – Соғыстан соң туғандар. Өзі де осы толқынның өкі­лі, белгілі сыншы Бақыт Сарбалаұлы жаңа кітабында аталмыш буынның көрнекті өкіл­дерінің көркемдік әлемін жанды да жан-жақты та­ныстырып, төл шығармашылық ерекшеліктерін та­бу, адамдық-азаматтық қыр-сырларын тану ар­қы­лы олардың қаламгерлік, қайраткерлік тұлғаларын қалыптай ал­ған.
Халық үшін жасаған қызмет, өшпес із қалдырған өнер өлмейді. Өмір­ден өтіп кеткен әріптестер өлең-мақалалары, әңгіме-повестері осы­ның айғағы болса, қатарымызда жыр қашап, сыр шертіп жүрген сурет­керлердің тың туындылары мұны дәйектей түседі. Автордың ны­санасы нақты – тек 1947 жылы туған он бір тұлға, сыншы Сағат Әшімбаев, ақындар Нұрлан Оразалин, Иран-Ғайып, Дәуітәлі Стамбеков, Жарылқасын Боранбай, прозашы-қаламгерлер Әділбек Тауасаров, Смағұл Елубай, Несіпбек Дәутайұлы, Ризабек Әдуов, Ырым Кененбай, Жарылқап Бейсенбайұлы.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.