Сөздердің сәулеленуі

0
54 қаралды

(ақын портретіне штрихтар)

Қай жанрда жазылғанына қарамастан, кез келген көркем мәтіннің өзінің ішкі өмірі бар. Оның ішінде поэзиялық шығармалардың ішкі дүниесі, мәтінішілік тіршілігі прозаға қарағанда динамикалы және динамикасы көп реттерде өлеңнің алғашқы жолдарынан байқалады. Өлең динамикасы өлеңнің креативтілігін оқырманның бірден тануына ықпал етеді. Өлең неге креативті? Себебі, өлең шығармашылық тұлғаның шарықтаған қиялы мен шығармашылық энергиясының нәтижесі, бұрыннан айтылып жүрсе де қайталауға тура келеді, кез келген туынды визуалды болса, өлең адам жанын тербететін аудиальды және визуальды туынды, қиялдан, ойдан туындайды, қағазға өріліп түседі. Өлеңдерін қағаз бетінде өрнектеп, өмірін поэзияға арнап келе жатқан ақын Болат Үсенбаев поэзиясы ақын ғұмырының өлшеміндей, тіршілік-ғұмырының есебіндей.

Өлеңдерден, әсіресе лирикалық өлең­дер­ден, бұлтартпас шындық іздеудің қажеті көп бол­майды, өйткені өлең қиял мен ойдың ша­рықтауынан дүниеге келеді, сондықтан өлең мен ақиқат арасындағы байланыс шартты бо­лып келеді. Дегенмен, Болаттың өлең­дерін­де өлең мен ақиқат өрілісі бөлек, тығыз байла­ныс сақталғандай. Өйткені, оның шындығы қа­рапайым тірліктен алынады. Ақынға қанат бі­тіретін қиял суреті Болат ақында былайша өрі­леді:
Қиялың кетіп алшаққа,
Көңілдің көнін жібітіп.
Шалқысаң, шіркін, сол шақта,
Пенде екеніңді ұмытып.
Ал ақын суреттейтін дү­ниенің қаншалық­ты шын, ақиқат болуы ав­тордың интенциясына (діттеміне) бай­ла­ныс­ты. Мысалы, Болат Үсенбаев:
Ертеңіне ебіл-дебіл қамданған,
Адамдарда өле-өлгенше жоқ тыным.
Батады күн, таң келеді тағы бір,
Сазарады меңіреу көк, сары қыр,
Біреу туып, біреу өліп әлек жұрт,
Атқан таңға, батқан күнге бәрібір, – дейді. Өзі ұғып-таныған тіршіліктің күнделікті су­ре­тін, мәңгілік дүние бейнесін, ақиқатты, тір­­шіліктің тынысын Болат ақын боямасыз сол күйінде береді. Бірақ әдемі сөйлетіп бе­ре­ді.
Көп ақында бар, белгілі жыр дүлдүлдері қа­лыптандырған «өмір-өзен» тіркесімін Бо­лат­тан да кездестіруге болады. Оның «өмір-өзені» былайша ағады:
Бірде тұнып,
Бірде тасып, лайланған,
Өмір-өзен, кезің бар ма жайланған?
Немесе:
…Өмір саған бағынбауға еркім жоқ,
Оң-солымды байыптасам олқым көп.
Жанталастым жасуды еш білместен,
Алға ұмтылдым
Тағаты жоқ толқын боп.
Абайдан бастап біртіндеп өлінетін тол­қын­ды Болат тағаты жоқ толқын, яғни қоз­ға­лыстағы тіршілік бейнесі түріндегі толқын ре­тінде суреттейді. Болат өзіндік «ағыс заңын» ұсынады. Оның заңы бойынша:
Ағыс заңы – ұмтыл алға, тек алға,
Аялдау да,
Дамылдау да жоқ онда.
Буырқандым,
Шамырқандым,
Ширықтым,
Жаңқа болып жатпау үшін жағаңда. «Жа­ңа­ны сарылып іздеген ақын»: «Сезбей де адам адам қалады Өмірдің өте шыққанын» – деп, «өмір-өзен­нің» соңы, арқырап барып соғы­ла­тын жа­ры өкініш, алдану, яғни:
Іздеумен жүріп жаңаны,
Алдану екен – ұққаным, – екенін тапқыр­лық­пен бейнелі түйіндейді.
Поэзиялық шығармалардан қалыптанған, нор­маланған тілдік бірліктерді іздеп әуре бол­ғаннан гөрі, көбінесе окказионал сөздер мен тіркестерді іздеген дұрыс. Неге жырларда, өлеңдерде мағынасы көмескіленген тіркестер көп, үйлеспейтін сөздердің тіркесімдері көп? Се­бебі, ақынның өмірді түсінуі, білуі, ұғынуы өзгелерге ұқсамайды және оның басқалардан түйсігі бөлек, бәлкім олар өмірді «үшінші» бір көз­бен көретін болар… Осы окказионалдар әр ақын­ның өзінің стилін қалыптастырады, көр­кем тілінің өлшемі болады. Бұл – ақын атау­лыны басқа бір өмірдің елшісі ретінде тануға жетелейтін себептердің бірі. Болат дүние-жалған туралы өз пайымын «Айналып барам қурайға, Жайқалған жасыл гүл едім» деп те, өмірдің өткіншілігін «өткінші нөсер – өткен күн», «күлімдеген көктем – сағым» (Күлімдеп жеткен көктемнің, Айналды бәрі сағымға) деп сипаттаса да, оның «қарт емені жас қайыңды қызықтайды», ол бәрібір де өмірді сүйеді, дүниені қызықтайды. Оның өзге де ерекше тіркестерді осылайша дүниеге әкелгені өлең жинақтарынан байқалады.
Әр ақын өз өлеңінде өзіндік кодтар жүйе­сін құрайды. Өйткені, әр ақынның интенция­сы, алдына қойған мақсаты бар, соған сәйкес ил­локутивтік қызметті атқаратын тілдік бір­ліктерді, қолданыстарды таңдап, талғап қол­данады.
Ал оқырман ақындар жасаған кодтарды шешеді. Ақын бақыты мен танымалдығы со­ны шешуге қалай талпыныс жасағанына, өре­сі жетіп шешімін қаншалықты табуына бай­ланысты.
Әрбір өлең сөзі кәдімгі қарапайым мәтін­нен тыс тұрған сөз емес. Себебі, өлең сөздері­нің мә­тін ішінде ғана жаны кіреді, жанданады, жұм­салыс кезінде ғана олар сәулеленеді. Сон­дықтан, өлең сөздерінің этимологиясын, те­гін іздеп әуреленгенше, сол сөздің неге мәтінде тұрғанын, қандай қызметке жегіліп тұрғанын уәждейтін себептерді іздеген абзал.
Болат Үсенбаев соңғы кездердегі ғана емес, алғашқы қалам ұстаған кездерінен бас­тап-ақ өзіндік ойы, өз түсінігі, өз стилі бар ақын болып қалыптасты. Әрбір өлеңінің соңын­да өз тұжырымын бірер жол, бір шу­мақ­пен түйіп кетеді. Мысалы, оның жастықты аңсауы яки қоштасуы «Жастығым, қалдың қай қырда, Жастанған қыздың білегін?», я болмаса «Өмірге келдің бітті енді, Тыным жоқ саған бір күнде, Қойғанша соңғы нүктені», «Өлілер сөйлер санаңда», өліге – «Фәнидің қы­зық-шыжығы, Бұл күнде оған жат тіпті», «Өтеді дүние – бір сағым», т.б. суреттері осылай деп бағалауға себеп бола алады.
Пайғамбар жасына аяқ басқан белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы­ның иегері Болат Үсенбаевқа бар жақсылықты, тір­шіліктің баянын тілей отырып өзі ай­т­қандай:
Тәтті бір ойдың дәмін ап,
Сіңірсең бойға шырынын.
Жігерді тасқа жанып ап,
Ұзара түссін ғұмырың! – дейміз.

Бағдан МОМЫНОВА,
филология ғылымының докторы, профессор.

Пікір қосу