ФРАНЦУЗ ОҚЫРМАНЫМЕН ҚАУЫШҚАН ҚАЗАҚ ЖЫРЫ

0
45 қаралды

Биылғы жылғы қазан айында ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасы таныстырылды. Осы тарихи күн аясындағы «Қоғамдық сананы жаңғырту: Нұрсұлтан Назарбаев моделі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция, «Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің» көрмесі, өнер шеберлерінің концерті тәрізді мәдени шаралар қатарында қазақстандық ақын-жазушылар кітаптарының тұсаукесер рәсімі де өткізілді. Соның бірі – белгілі ақын және жазушы Бақытжан Қанапияновтың француз тілінде жарық көрген «Perspective inversée» («Кері перспектива» – «Обратная перспектива») жыр жинағы. Кітапты француз тіліне аударған – ақын және прозаик Тьерри Мариньяк, ал алғы сөзін жазған – ақын Кира Сапгир. Француз баспагерлері автордың төл есімін өз тілдерінің үлгі-өлшеміне, үндестігіне сай етіп Жан Бақыт (Jan Bakhyt) деп атағанды жөн көріпті. Қалай болғанда да, ақынға француз әріптестері «сыйлаған», кітаптың атауындағы мағынаға дөп келетін бұл есім әуелгі түпкі мәнін жоғалтпай, өзіндік жарасым тапқан.

Бақытжан Қанапиянов – қазақтың бел­гі­лі ақыны, сценарист, аудармашы, қоғам қай­раткері, халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының және тәуелсіз «Тарлан» сый­лы­ғының иегері. Оның есімі поэзия сүйетін қауым­ға кеңінен таныс, өлеңдері алыс-жа­қын шетелдердің көптеген тілдеріне аударылып, әдеби антологияларға енген. Танымал ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлық­бек Есдәулет ЮНЕСКО-ның штаб-пә­терінде сөйлеген сөзінде атап көрсеткендей, Ба­қытжан – әдебиетімізді әлемге танытып жүр­ген саусақпен санарлық ақындардың бірі, Қазақстанмен қатар Ресей, Украина, АҚШ, Ұлыбритания және Малайзия елде­рі­нің баспаларынан жарық көрген отыздан ас­там поэзия мен проза кітаптарының авторы. Ол қазақ әдебиеті мен мәдениетін шетел­дер­­де насихаттап, әлемдік өркениет үдеріс­тері­мен байланыстыруға да үзбей атсалысып келеді. Ақын АҚШ, Англия, Франция, Ресей, Германия, Швеция, Түркия, т.б. мем­ле­кет­терде өткен халықаралық поэзия фес­ти­вальдеріне сан мәрте қатысып, көп ұлтты қа­зақ әдебиетінің жетістіктерін әлемге паш ете білді. Дүниежүзінде алғаш рет Бүкілә­лем­дік поэзия күнін жариялап (1996 ж. 29 ақ­пан), Алматы қаласында Халықаралық поэ­зия кешін өткізді. 2000 жылы ақпан айын­да «Hivos» қорының қолдауымен Гаага қа­ласында Бүкіләлемдік поэзия кешін өт­кізуге мұрындық болды. Осы шаралардың ая­сында тұңғыш рет Интернет-поэзия жүйесі жұмыс істей бастады.
Ақынның француз тілінде шыққан кі­та­бына әр жылдарда жазған өлеңдері енген. Әдебиетші, аудармашы Тьерри Мариньяк заманауи мегаполистің қыз-қыз қайнаған тір­шілігінің құлақ тұндырған гуілі және оны­мен бір мезгілде Ұлы даланың мәңгілік са­рыны тұнған Бақытжанның өлеңдерін Ра­син мен Гюго тілінде сөйлетіп, көркем сөз­дің қадірін білетін талғампаз француз жұрт­шылығына қазақ поэзиясын өз жүрек со­ғысының ырғағымен, өз халқының мә­не­рінде жеткізіп отыр.
Кітапқа жазған соңғы сөзінде Тьерри Ма­риньяк: «Бақытжан – көп қырлы адам: ол ақын әрі инженер, фольклоршы әрі футурист. Шығармашыл тұлға ретінде поэзиядағы көне қасиетті ырғақтарды мүлтіксіз сақтай отырып, сөздің барлық күш-қуатын, реңк-бояуын жетік меңгерген шебер қаламгер», – дей келіп, оның өлеңдерін аударғанда, қиы­рына көз жетпес мұхит іспетті, әрі жаны­на жат жаңа бір әлемге енгендей болғанын атап айтады. Бұл әлем – көшпелі тіршіліктің шы­найы дәстүрлерімен, сан қилы күрес-шай­қастармен, атом дәуірінің қайғы-қасі­рет­терімен, кеңестік режимнің қасаң тәр­тіп­терімен арпалыса күн кешкен қазақтың ұлы даласының тыныс-тіршілігі болатын. Мұндай ауқымды да күрделі кеңістікті арқау еткен поэзияны тәржімелеу оңай емес. Оның қиындығы, аудармашының байқағанындай, Қанапиянов әлемін қамтудың қатаң шеңбер-шекті, лексикалық дәлдікті және міндетті тақырыптық тұрақтылықты сақтауды талап ететінінде. «Өйткені, – дейді Тьерри Мариньяк, – Бақытжанның өлеңдерінде көнелілік пен заманауилық астасып кеткен, жауын­гер­лік асқақ жыр мен күні жарқырап, қылы­шы жарқ-жұрқ еткен Шығыстың көмейден ыңырана шыққан үні алма-кезек ауысып жатыр… Бұл сипатты поэзияны аудару – от-жалынмен жекпе-жекке түсу артықшылы­ғы­на ие болуды, өзіңнің батылдығыңа сүй­сі­не отырып, аталмыш поэзияны қайта жа­сау­ды, оны …тәуекелге бармай-ақ, ақын се­кіл­ді өз жүрегіңнен өткізуді білдіреді». Мұн­дай биік кәсіби пікірді сөздің поэтика­лық табиғатын, құдірет-қасиетін молекуляр­лық деңгейде түсінетін ақын әрі аудармашы ғана айта алса керек. Бұл шын мәнінде
Б. Қа­напиянов шығармашылығына берілген әділ баға.
Сөйтіп, ақынның француз тіліндегі жаңа аударма кітабы Европаны поэзия тілі­мен бейбіт түрде «жаулап алуға», сөз өнерінің құдіреті арқылы екі елді өзара жақын­дас­ты­рып, бауырластыра түсуге бет алды.

Балжан ХАБДИНА.

Пікір қосу