Қиялдағы жұмбақ қыз

0
112 қаралды

Баянғали Әлімжанов


Дүние
Күнәлі болар кім-кім де,
Куәлік етпес күн түнге,
Күлкі мен қызық іздеген,
Не дерсің көңіл шіркінге,
Гулетпей қоймас дүние,
Дүрілдеп дүркін, дүркін де,
Сәби боп келдік өмірге,
Сәби боп өту мүмкін бе?

Сайланып тұлпар баптасаң,
Асудан асу аттасаң,
Өмірдің дәмін білер ме ең,
Ащы мен тұщы татпасаң,
Сүрдім деп дәурен ойлама,
Күнәға кейде батпасаң,
Қадірін жолдың білер ме ең,
Адасып барып таппасаң!?

Өзіңді өзің мықтасаң,
Жолына шындық шықпасаң,
Милау боп мүлде кетерсің,
Бас шұлғып бәрін құптасаң,
Күресте кейде жеңіліп,
Қайқайтып кейде жықпасаң,
Қуанған жанды құттықтап,
Жылаған жанды ұқпасаң.

Түзулікке де жетпес ең,
Қисайып әуел кетпесең,
Телегей теңіз тіршілік,
Қаймықпай кешіп өтпесең,
Шыңылтыр аяз мұздатпай,
Шыңдалып рухың, өспес ең,
Кешірім сұрап біреуден,
Біреуді өзің кешпесең!

Кегіңді қуып тістенсең,
Біреудің мінеп ісін сен,
Биіктей түсем деймісің,
Беделін жұрттың түсірсең,
Кісілік болмас, кімге де,
Ірілік қылып ісінсең,
Қолыңнан сенің келері,
Кешіру ғана, түсінсең!

Көрпеңе қарай көсілсең,
Еркіңе қарай есілсең,
Мейірге бөлер сені де,
Мерейін елдің өсірсең,
Есебін бермей қоймассың,
Еліріп бүгін есірсең,
Кешеді ертең сені де
Біреуді бүгін кешірсең!

Ұғарсың болса зейінің,
Алдыңнан шығар пейілің,
Өмірдің сыры сан алуан,
Кейбірі шаттық, кейі мұң,
Жығылма, алдап кей ағаң,
Аяқтан шалса кей інің,
Не болар еді адамзат ,
Болмаса рахым, мейірім!

Мадақнама
Есімде жоқ,
Көктем бе еді, жаз ба еді,
Көңіл көкте,
Уайымның да аз демі,
Жұмыс уағы,
Шақырып ап бастығым,
Бір досыма
Мадақнама жаз деді!

Ойланбадым,
Көр-жер сөзді термекке,
Талаптандым,
Тәуір баға бермекке,
Елге елеулі,
Һәм қалаулы халқына,
Жақсы азамат,
Адал дедім еңбекке!

Қуанар деп,
Көңілімнің хошына,
Мадағымды
Оқып бердім досыма,
Деді маған,
Қарс жабылып қабағы:
– Бар мақтауың,
Сый-құрметің осы ма?!

Досым мұндай емес еді,
Ұрысқақ,
Келістірді,
Тұздықтатып, бұрыштап,
Ойда-жоқта,
Ұятты боп алдында,
Жазуға оны,
Кірістім кеп дұрыстап!

«Азаматы
Алты Алаштың әйгілі,
Тұлпарлармен
Тайталасқан тай күні!»
Теңеуіме
Мұрынын бір шүйіріп:
«Жаттанды сөз! –
Деп қарап тұр жай мұны!

– Байқаттың-ау,
Көңіліңнің салқынын,
Қажет емес,
Маған гауһар, алтының,
Адамзаттың
Ақылманы емес пе ем,
Алаш маған,
Тарлау болар, жарқыным!»

«Орыны да,
Порымы да бөлекше,
Орда бұзып, қамал алған,
Керексе!»
«Қамал-самал…
Кім алмаған кезінде,
Демейсің бе,
Бәрінен де ерекше!

Күндейсің бе,
Пейілге әлде кедейсің,
Қалай ғана,
Басқалармен теңейсің,
Неге мені теңдесі жоқ,
Тарихта
Ең ғажайып,
Ең керемет демейсің?!

– Ең, ең деген жөн емес-ау,
Адамға,
Деп қалып ем,
Тас-талқан боп табанда:
– Көре алмайсың,
Айтуға да қимайсың,
Мендей адам,
Жоқ қой күллі ғаламда!

Қазақ үшін
Қымбат әр кез құрдасы,
Мадақ сөздің
Көрінген соң сұлбасы,
Теңеулерді
Төгіп-төгіп, түйдім кеп:
– Адамзаттың
Ардақты бір тұлғасы!

Досым тағы
Бір бәлені бастады,
Біраз жерге
Мені апарып тастады:
– Бірі деме…
Құдай берген ерекше,
Данышпан де, қатар қойғын патшаны!

Иттігіңді
Баяғыдан білгенмін,
Ұнамайтын,
Итиіп-ап жүргенің,
Мендей досты,
Мақтауға да жарамай,
Бұл да өзіңше
Балағымнан ілгенің!

Көпіршігі
Көкке ұшты да көпшіктің,
Кетті үзіліп
Нәзік қылы достықтың,
Көңілінің айнасында
Мен оның,
Андай, мұндай,
Сондай, сондай боп шықтым!

Жындандырып,
Оның асып-тасқаны,
Жазғанымды
Жыртып-жыртып тастадым:
– Сені құдай
Ерекшелеп жаратып,
Байғұс қылып
Қойып па екен басқаны?!

Бір қарадым,
Түгі шыққан түріне,
Кеттім шығып,
Көрместей боп түңіле,
Міне, сөйтіп,
Пәлен жылғы достықтың,
Мазақ емес,
Мадақ жетті түбіне!
Еске түсіп,
Кейде таза дос шағым,
Қимасам да,
Қайтіп есік ашпадым,
Содан былай жан адамды
Тойларда,
Көбік сөзбен
Келмей ылғи мақтағым!

Айтпа маған
Ойға, қырға желгенін,
Қара басы
Қандай қызық көргенін,
Әділ баға бергің келсе,
Адамға,
Елге сіңген еңбегін айт,
Еңбегін!

***
Замана жүйрік,
Қалмауға артта ақсап мен,
Интернет кірдім,
Жаңалық іздеп мақсатпен,
Көбейіп достар,
Ақпарат жолдап жатады,
Бір қыздан қызық
Хат келді бір күн,
Уатсаппен!

– Оқимын, аға,
Сүйініп әркез жырыңды,
Әуенді сезем
Бүгінгі және бұрынғы,
Менің ең жақсы көретін
Ақын қазағым,
Түсіндім, толқып,
Тұңғиық тұнық сырыңды!

Көрсеңдер менің
Сондағы шаттық түрімді,
Шарықтап кеттім,
Еске алып жастық күнімді,
Сырымды ұққан
Талғамы нәзік аруға,
Жолдадым мен де,
Қолдағы сурет гүлімді!

Талайды дос қып,
Шертеді сырды фейсбук,
Болса да кейде,
Пенделік өкпе, кейістік,
Кеңейтіп өріс,
Қолыңды біраз ұзартқан,
Фейсбук, уатсап…
Кемсіту оны нойыстық.
Хат жазып тұрды
ФБ-ға жұмбақ аяулым,
Суреті ғажап,
Қажеті бар ма бояудың,
Көкшеден келген
Ақ қанат хаттар дем беріп,
Құс болып ұшып,
Кетуге мен де таяумын!

***
Көзінен мейір,
Жүзінен шуақ төгілген,
Қоғалы көлде
Сұқсырдай болып көрінген,
Қиыла қарап,
Қиялымдағы бота көз,
Қоғадан маған
Бұлғауға қолын ерінген,
Еркелей басып
Еліктей еркін әлемде,
Көркемі болып,
Көкшеде кербез керілген!

Жағадан өтіп барамын
Жанымнан шуақ төгіліп,
Бұрылып, қимай қарадым,
Қалар деп сені көрініп,
Қоғадан жолға көз салып,
Бұлғар деп қолын керіліп!

Түнде де таңда сені ойлап
Бір тәтті күйді кештім мен,
Алыстан жеткен әуеннен
Әуезді үнің естілген,
Сезімің қандай отты еді
Жасарып, жанып кеттім мен,
Жаным-ау, қайда болғансың,
Жұлдыздай алыс кеш күлген,
Сұлулық, сымбат, нәзіктік,
Көрмедім сендей ешкімнен!..
Қияли бола жаздадым,
Қиялда туған кескіннен!

***
Ақындар
Сұлулыққа таңғалатын,
Жырлары
Жүректерге жалғанатын,
Бар ма екен бірақ мендей,
Бұл ғаламда
Аруға,
Көрмей ғашық болған ақын!

Қырық жыл,
Уақыт жатыр екі арада,
Кеңістік
Өткізбейтін шекарада,
Қиыны
Әдеп, ұят аттатпайды
Ақыл, ой
Шектен шығып кете алар ма?!

Есіме
Жастық шақты түсіретін,
Көңілді
Шаттандырып, өсіретін,
Қызығы
Қыз керемет қиялдағы,
Ойымды менің сөзсіз
Түсінетін.

Елеске
Елтимін деп мен несіне,
Ұмытсам,
Түседі кеп кейде есіме,
Қызға ғашық,
Болады-ау шыннан ғашық,
Сол қыздың
Қиялдағы бейнесіне!

Керемет
Өрімдей жас өмірдегі,
Бейнедей
Болар ма екен көңілдегі!?
Әйтеуір,
Таңғажайып күй кештірді,
Жұмбақ қыз,
Кербез Көкше жеріндегі!

Пікір қосу