Ат туризмінің болашағы зор

0
77 қаралды

Бүгінгі таңда отандық туризмді дамыту мәселелері өте өзекті. Оның өзектілігінің негізгі себебі – елдегі экономикалық, әлеуметтік, имиджік мәселе­лердің осы туризм саласы арқылы оңдап алуға болатындығында жатса керек. «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республика­сының Президенті Жарлығында да осы мәселелердің жай-жап­сары егжей-тегжейлі баядалған.

Соның бірі – «Қазақстанның туристік өнімдерін ақпарат­тандыру және ілгерілету мақса­тында көшпелі іс-шараларды, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен туризм индустриясының шетелдік кәсіпқойлар үшін Қазақстан бойынша таныстыру турларын ұйымдастыру» екені белгілі. Қа­зақ­с­танның туристік өнімдерін ақпараттандыру мәселесінде отан­дастарымыздың да толыққанды ақпаратпен қамтамасыз етілуі аса маңызды деп ойлаймыз.
Әр мемлекет экономика­сының дамуына түрлі факторлар әсер етеді. Соның басты фактор­лары­ның бірі – туризм саласы дер едік. Біз бүгінгі таңда актуал­ды тақырып болып тұрған Қазақстандағы туризм туралы сөз өрбітпекпіз. Ұлы Жібек Жолы бойында ор­на­ласқандықтан Қазақстан аума­ғын­дағы қалалар мен табиғаты ғажайып қорықтар ежелден-ақ шет мемлекеттердің қызығу­шы­лығын оят­қаны ­белгілі. Саяхат және туризм нысан­дары Қазақ­стан­ның кез-келген тұсында бар десек, артық айт­па­ға­нымыз болар еді.
Ойланып қарасақ, Қазақ­станда ат туриз­мін дамытуға да мүм­кін­­шілік мол. Ат тур­из­мі – әлемде дамыған саяхаттың түрі. Өкінішке қарай, бізде бұл сала әлі кенжелеп тұр. Туристік ба­ғыт­тар да тиісті деңгейде насихат­тал­май­ды. Оның бір себебі, бағдарлық маршрут­тардың әлсіз түзілуінде деп ойлай­мыз. Осы мәселені шешуге байланысты қазіргі сәтте GPS-бағыттауыш­тарды пайдалану қолға алып жатқандар көп.
Жалпы, статистикаға сүйен­сек, Қазақстанның сакралды тарихи және мәдени орындарына өз елімізден гөрі, шетелдерден келетін туристердің қызығушы­лығы басым екен. Бұл тұста да жолдың нашарлығы, авто­көлікпен жүру мүмкіншілігінің жоқтығы қолбайлау болмау үшін, Елбасы­ның тапсырмасына сәй­кес, атал­ған орындарға апаратын жол­дар­дың күрделі жөндеуден лайықты өтуін ұдайы қадағалап отыру да маңызды сипатқа ие болмақ.
Туризм – халықтың әлеу­мет­тік-экономикалық хал-ахуа­лын жақсартып қана қоймай, қор­ша­ған ортаны да көркейтудің тиім­ді бір жолы. Туризмнің 32 салаға жа­нама ыкпалы бар, соның бас­ты­ларын атап айтар болсақ, олар: туристік фирмалар, көлік түрлері, мейманхана кешендері, демалыс үйлері, шипажайлар, ұлт­тық парктер, тамақтану сала­сы­ның жұмыстары өркендеп, табыс еселенеді.
Біздегі туризмнің дамуына кедергі келтіретін мәселелердің бірі – интернет желілеріндегі ақ­па­раттың тапшылығы. Қазақ­станның өзінде тұрып, басқа ай­мақтардағы көрікті орындарды білмей, шет мемлекеттерге саяхат­тап, демалатын адам саны көп. Қа­зақстандық туристердің мейлін­ше көп баратын елдері: Ресей, Қытай, Германия, Корея, Польша, Туркия, БАӘ. Бұл – маркетингтің жоқтығының бір көрінісі. Жарна­маның әлсіздігі активтердің сырт мемлекеттерге кетуіне әкеп соға­ды. Әйтпегенде, жоғарыда аталған елдердің таби­ғатымен тең дәре­жеде бәсекелесе алатын демалыс ай­мақтары біздің елде де жетер­лік.
Тағы бір осал тұсымызды мой­ын­дау керек. Ол – сервистің тө­мендігі немесе мүлдем жоқты­ғы. Жамбыл өңіріндегі Мыңбұлақ, Көкшетаудағы Оқжетпес, Алматы аймақтарының өзі шебер таби­ғаттың ғажайып туындысы, туризм­нің басты нысандары емес пе!? Көрген жанның таңдайын қақтырып, тамсантар, мұндай жер елімізде тым көп. Алайда, аталған аймақтарға бару үшін, ең алдымен тасымалдау жағынан көптеген кедергілерге тап бола­мыз. Қазақс­танда әуе жолдары жақсы дамыған, бірақ авиабилет бағасының қымбаттығы Қазақ­станның турис­тік өнім бағасын үлкейтеді, ол сәйкесінше халық­аралық нарықта бәсекелестігін төмендетеді. «Қаза­қс­тан темір­жолы» республикалық мемлекет­тік кәсіпорны елімізде 14 бағыт бойынша жолаушылар тасымал­дайды. Қазақстанның темір жолдары арқылы Ресейдің, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Түркіменстанның және Тәжік­станның жолаушылар поездары өтеді. Қазақстан темір жолының басты қызметі – транзиттік қыз­метпен ғана шектелмей, шетелдік қонақтарды әрбір бе­кеттерде Қа­зақстан­дық мекен­дермен таныс­тыра берсе, бұл да құба-құп болар еді.
Алматы қаласы­ның да турис­терді қабыл­дауға мүм­кін­шілігі жо­ғары. Атап айт­сақ, «Шым­­бұлақ» тау шаңғы курор­ты тех­ни­ка­лық си­­пат­тамасы жа­ғы­нан Еуропа­ның ең жақсы жа­рыс жол­дары­нан кем емес. Қар­­дың сырға­нақ­тық сапасы бойын­ша, тіптен артықшы­л­ығы да көп.
«Қазақстан Респуб­ли­­ка­сы­ның туристік сала­сын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырым­да­масын бекіту туралы» Қазақ­стан Респу­бли­ка­сы­ның Президенті Жар­лы­ғында: «Ал­ма­ты халықара­лық тау шаң­ғысы туризмі және іскерлік туризм­нің орталығы бо­лады және «Қаладағы және таудағы ойын-сауық» кластері ретінде сипата­лады. Аталған кластер ұсы­натын негізгі туристік өнімдерге MICE-туризм, мәдени туризм және тур­не, таулардағы және көлдердегі демалыс және қысқа мерзімді де­малыс жатады», – деп атап көр­сетуін­де үлкен мән жатыр.
Қазақстандағы туризм мәр­тебесін көтеріп кеткен елеулі оқи­ға – ЭКСПО–2017 халық­аралық көр­месі. «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімовтің деректеріне сүйенсек, ЭКСПО көрмесіне келу­шілер саны 500 мыңға жеткен. Бұл өте жақсы көрсеткіштің бел­гісі, жақсы­лықтың нышаны.

Әйгерім ҚАСЕНОВА,
Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжінің ұстазы.

Пікір қосу