Тепсініп туған текті жыр

0
175 қаралды
  (Ақын Әлия Дәулетбаеваның «Жандауыс» өлеңдер жинағы хақында)

Әйел ақын десек болды – нәзік мұң, құпия сыр, сағыныш пен көз жасы, арзу-арман, махаббат пен ғадауат, беймәлім зарығу, тарығу, күту, жеккөру, қызғаныш – жырланатын, солай болуға тиіс сияқты көрінетін. Осылай жазылу, жырлану жазылмаған заң секілді бекіп, оқырман көкейіне орнағалы қашан. Ал мына бір жырлар ше?

Егер аты-жөні болмағанда бұл өлеңдерді мен қыз үні, нәзік жанды, төмен етекті әйел-ақынның үні демес ем. Құдай-ау, әр жолынан ардың үні, ақиқаттың үні атой беріп, ұлт жоғын жоқтап, тап бастырмай, тапжылтпай шегедей қадалып тұрған жоқ па. Жұдырықтай әйелдің ұлт атынан, қазақ атынан сөйлеп тұрған, құрсақтан тулап шыққан сәбидей тепсініп тұрған текті шумақтары қандай!

Арманшыл кеуде таңда аппақ

Ата күлдігін ардақтап

Қарт шайырлардың ізімен

Қасида жазған Қарнаққа –

ақын енді бірде ұлтсыздық жайлаған ұлты үшін ұялып,

Уа, Би! –

деп, ана қырандай саңқылдап, Төле бидің рухына арзу айтады.

Көк шымылдық тартылған жәудір көзді қоғамның.

Алтын торды бұлбұлы, арғымағы тұсаулы

Алшая атқа қонатын абаданды аңсап ем,

Болып шықты көбісі ұрғашыға тәуелді

Қоңыр марқа жұртымның қос өкпесін сығымдап,

Айдаһардың ордасы, ақ аюдың апаны

Бүтініңнен – бөлшегім, оралманнан – орысым, –

деп отырған заманның, қоғамның саясатын көргенде:

Бөрі кеудем солықтап, булығып бір жыладым

Уа, би! Уата алармысың? –

дейді. Жылап тұрған кім? Ақын ғана ма? Жоқ, бұл ұлт үні, қазақ үні емес пе?!. «Уата алармысың, уата алар-мы-сың?» деген өксік аралас үн көпке дейін санаңда жаңғырып тұрады. «Мен бар» деп алшая атқа қонып, ақырып шығар абадан ұл қайда?

Қайтем анау ағамның қоқырайған бөркін құр.

Ұлттың емес, руының шежіресін шертіп жүр, –

деп түңіледі ақын. Өтірік деңізші. Бір ғана жүздің руын санап жазылған кітап, түсірілген кино кімді ұшпаққа шығарады. Ал Әлиянің, әйел-ақынның ендік пен бойлық қамту жағырапиясын қараңыз. Атыраудан – Алтайға, Жайықтан-Ертіске, Алатаудан-Қаратауға дейінгі аралықтың бәрін өзіне балап, өзінікі санап, перзенттік мақтанышпен, сағынышпен, махаббатпен, құрметпен ұлықтап жырға қосады. Үш жүздің қайсысының болмасын биін бедел, батырын ардақ тұтып, рухына бас иеді. Бұл – Әлия ақынның жүрегінің кеңдігі, ақылының молдығы, мұратының биіктігі. Бір ғана мысал – «Орбұлақ» дастанында Салқам Жәңгірдің қолы туралы айта келіп:

Қылшанда қызыл сырлы жебесі бар.

Ойратпен бітпейтұғын егесі бар.

Шапырашты Қарасай, арғын Қомпай,

Найманның Көксерегі, Бөдесі бар

 

Суаннан Елтінді бар ерен ері.

Сарбұқа суық бұлттай төнер еді.

Дулаттың Жақсығұлы атойласа,

Жиембет жырдан нөсер төгер еді

 

Қырғыздың Көтен батыр Табайы бар.

Бұл топта жолбарыстың талайы бар.

Жәңгірдің жан аяспас серіктері

Жау келсе табылатын маңайынан, –

дейді.

Кейбір аға ақын-жазушылардың екі кітап жазып айта алмағанын, дәл айтсақ айтуға кісілігі жетпегенін Әлия ақын екі-ақ шумаққа сыйдырды. Сіз жас ақынның сұңғылалығын мынадан көріңіз, біріншіден, Жәңгірдің маңайына әр жүздің, алыс рулардың батырларын топтау арқылы өз кейіпкерінің (Жәңгірдің) абырой-беделін өсіріп отыр. Әр рудың айлапат батырлары қасында жүрген қандыкөйлек досы болса, Жәңгірдің осал болмағаны ғой. Ақылды да алғыр, саясаткер қолбасы болғаны ғой. Екіншіден, «не жазсаң да ел бірлігін басты орынға қой» деген үлкен идея, мақсат жатқан жоқ па. Ары қарай жер жайын әйелге тән емес зеректікпен Ілияс ақынша төкпелеп кетеді:

Артында Алтынемел аспан асқан

Ақ бұлттан көйлек киген тастамастан

Батыстан Қояндытау мұнартады,

Шығыста Күреңкеймен бақталасқан

 

Мұнартып Кача таудың жоталары

Белгісіз бір қиырға апарады

Сарытау, Аламантау, Боңқан таулар

Аруана-Алатаудың боталары, –

деп төкпелегенде риза болғаннан

«Жарайсың азаматым!», – дейсің автордың әйел екенін бір сәт ұмытып. Сол әйел ақын, әйел-жүрек нені аңсап, жаһанға сұрау сап нені іздейді? Бақ па, тақ па, атақ па, ақша ма? Жоқ. Есім салған ескі жолды, Қасым салған қасқа жолды, Ер Жәнібек ұстаған алаштың ақ туын, термездік ұста соққан тайқазанды, Сарайшықтың орынын, Қарнақты, мұрты өрге шаншылып, төрде отырып кеңес құрған ақылман биді, әділетті ханды, көкжал батырды, арлы ару, текті баланы жоқтайды. Ақын сөйлеп тұр. Әр шумағынан от өріп, жасын жарқылдайды. Ақынның «Мені» – қазақ. «Мен» деп жазған қай өлеңін оқысаң да, өзінің күллі тарихымен, шежіресімен, бағымен, сорымен Қазақ келе қалады көз алдыңа.

Не деп маған сыр шертесің, боз далам.

Көне шоғы қоламтада қоздаған

Көне шері көкірегінде боздаған

Көкшіл жалын көздерінде маздаған

Сол отына өзі өртене жаздаған

Соры көп те, бақыты бар аздаған, –

десе, ол Қазақ емей кім?

Иә, солай, шері қалың туғаннан

Шөлін сосын Сорқұдықтан суғарған

Содан тайқы маңдайымда таңбам бар,

Содан мынау таңдайымда у қалған

Содан бері кекшілдеумін, асқақпын

Сұрмергендей сұр жебемді тасқа аттым, –

десе, ол Қазақ емей кім?

– Иілмейтін, майыспайтын… Сынатын

Көк аспанмен өлшер жалғыз мұратын

«Көп құдайдың» қырсығына бас ұрмай,

Тек Құдайдың қаһарынан ығатын, –

десе, ол Қазақ емей кім?

Нендей қайғыны басыма тілеп,

Жоғалттым нені білмедім

Балбал тастардың басына түнеп,

Өтті ғой бөрі күндерім

Бір ұртым-қанды, бір ұртым-майлы,

Рухым тұттай жалаңаш, –

деп аһ ұрған Қазақ емей кім?

Ақын-әйелдің жұдырықтай жүрегі шерге толып, тағы нені, кімді аңырап жоқтап, аласұрып іздейді?

Есімді жия алмай еңіреп жүргенде,

Бабамның басымен ойнады біреулер, –

деп Махамбет арысына ара түседі.

Өлігіңмен ойнаған

Өресізді қайтейін, –

деп Фариза үшін қиналады.

Көктем қайда құралай өрген

Бұл сорды неге жорыдым

Жанына сауға сұрамай өлген,

Жанары нәркес момыным

 

Өзгеше неге суық бұл көктем

Оғынан кімнің құладым

Көзіңнің жасы сіңіп бір кеткен

Құн сұрап жатыр құба қыр.

Ақ бөкендер тағдыры. Ақ бөкеннің тағдыры ғана болса екен-ау. Ақын жүрегі неге алаңдаулы?

Сахараға сұқты көзі өтпесін

Жақынның да, жаттың да

Жер анам ғой. Сол анамның ақ төсін

Қарақұртқа шақтырма.

О сорым мен бұ сорымның арасы

Айырмасы жоқ мүлдем

Ардағымның түскеннен соң бағасы

Жалдадың не, саттың не…

деп, қалың қазақтың жалғыз байлығы – жерін жатқа жалға беруден де қорқады. Ақыры не болар…

Ақындағы жыршылық, жыраулық сипат өз алдына бір төбе. Қарнаққа жазған қасидасында, Фариза апасына жазған жоқтауында анық көзге ұрады бұл сипат. Ең әуелі қобыз шанағындай күңірене толғанып, кешегі ұлы жыраулар сарынымен толғап, әруақ шақырғандай болады. Сонан соң, әй, төгіліп бір кетеді-ау:

Жан апа, сенде арман жоқ

Азаулының Айдамет

Ер Доспамбет ағасы

Сақсыры қанға толғанда,

Жапанда жалғыз қалғанда,

Уа, кімдермен мұңдасқан

Қарға бойлы Қазтуған

Мұнар болған күнді ашқан

Бұлт болған айды ашқан

Билер атты би соңы…

Сен солардан қалған бір тұяқ, –

дей келе:

Жан апа, сенде арман жоқ.

Қасарған жауға суырған

Қас сақтың ақинағындай

Тәңіри нұрмен жуынған

Жүректің от-иманындай

Сипаған мыңның маңдайын

Алаштың алақанындай

Құз-жардан ерте ұшырған

Қыранның балапанындай

Құпия бүккен ішіне

Нарынның шағылдарындай

Тоғыз балл толқын долданып,

Жартасқа соғылғанындай…

Ғажайып ғұмыр кештің сен!

Үзгің келмейді. Үзіле алмайсың. Оқи бергің келеді. кеше ғана көз алдымыздан ғайып болған тәкаппар жыр патшайымы Фариза Әлия ақынның жоқтау жырымен соншалықты құпия құдіретке, тылсым сырға, Тәңіри нұрға жуынып, асқақтай түседі.

Ақын жырын қаталдық пен нәзіктіктің қос бұрымдай қатар өріліп жымдасуы дедік. Ол рас. Ақиқатты айтқанда сонша сұсты, айбарлы болса, сезімді жыр еткенде сонша нәзік, сонша сұлу шумақтары қандай! Мына бір керемет кестеге көз салыңызшы:

Батыста жөңкіген боз бауыр бұлттарға ілесіп, жел қаққан жүзімнен

Жалғанның жабырқау мұңы есіп.

Өзенге айналса Мұзтаудан еріген мың моншақ.

Тусырап жатты түз, Толағай сипатты ұлды аңсап.

Жайықтан ұшқан жалқы мұң

Жанымды неге шарпыдың?

Серінің сынған сертіне

Сабырымды солай сарқыдым

Сынық сәулеге шағылған

Жанарлардың жарқылы

Боз таңда боз торғайың шырқаған ән

Санама сағыныш боп көшіп алды

Айдың нұры асылып кірпігіме

Қарашықтан аунады тылсым түнім

Шық мөлдіреп сезімнің бүртігіне,

Жапырағын жанымның бір сілкідім

Аптабыңнан аңқам кеуіп, ақ жаңбырға тірілдім.

Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмайын» оқығанда, еңіске еңкілдей құлағандай қалай тоқтай алмасаңыз, Әлиянің Жұмекенге арнаған «Ақынға толғатқан біздің ел» елеңін оқығанда да сондай екпінмен оқып, патша ырғаққа құлша бағынасыз. Маяковскийдің «Поэзияда ырғақ патшалық құрады» дегені еріксіз еске түседі. Оқып көріңізші.

Ашақтың басынан аймандай әлемге сүйінші сұратып,

Ақбурыл шалдарды шаттықтан жылатып,

Құба жон қырлардың құрсағын тепкілеп,

Дүн-дүние, дарының туар сәт жетті деп,

Қараша аспанын аппақ бір сәулелер аймалап,

Қоп-қоңыр әлемге сүттен ақ жөргегін жаймалап,

Ғарыштан тосқандай ғасырлық тұлғасын,

Тәңірлік сәулені түңліктен түздіріп,

Айлапат даланың атандай белдерін үздіріп,

Ақынға толғатқан біздің ел!

Ақынға толғатқан біздің ел!

Ақынның ерекше әдіс-тәсілдері:

  1. Кірме сөздердің араб сөздері болуы өлеңге ерекше сұстылық, тылсымдық сипат береді. Егер басқа бір елдің, мысалы, орыстың сөзі (ондай ақын да бар) көп кірсе, ол өлеңге осындай сипат бере алмас еді. Керісінше, жеңілтектік, сайқымазақтық сипат берер еді. Өлеңге құдірет бітірмек түгілі құнын түсірер еді. Шер, нала, қасида, кәуір, күпір, нәлет, шайыр, ұстын, ғазал, мәрт, әлмисақ, ғайып, бейдауа, һәм, дәргей, шаһид, ғұрып, ғадауат т.б.
  2. Көне сөздер. Бұлар өлеңге ұлылық, көнелік, шайырлық, экзотикалық сипат береді. Мысалы, берен, қылшан, ақинағ, сақсыр, бұлағай, сүлей, ада, мұңжерік, абадан, сағақ, шетінеу, қаймана, т.б.
  3. Синонимдік жұптар. Синонимдік жұптардың бір-бірінен сәл ғана эмоциялық реңкі басқаша екенін, бірін-бірі алмастыра алмайтынын тіпті үлкен ақындар да біле бермейді. Әлия осы әдісті орнымен қолданады. Мысалы, Әлияда күнә-кінә, айып-ғайыб, ғазал-азал, арзу-арман, гауһар-жауһар сөздері бар. Бір ғана мысал – арзу мен арыз. Бір қарағанда екеуі бір-ақ мағына беретіні рас. Бірақ, арыз – ол біреудің үстінен шағым айту. Ол көбіне материялық нақтылық жағдайда қолданылады. Арзу арман, мұң өкініш айту. Поэтикалық сипаты басым. Абстрактылық – ғайыптың сипатына қолданылады. Қысқасы, сотқа шағымдансаңыз, арыз болады да, Төле биге шағымдансаңыз, арзу болады. Әлия мұны мектептен оқымаса да, ішкі түйсікпен сезінген.
  4. Атаулы немесе жалаң сөйлемдердің сиқыры. Бұл әдіс өте сирек. Тіпті Әлиянің авторлық тапқырлығы. Негізгі шумақтың аяқ жағында ерекше аңдағайлап жалғыз сөздің не тіркестің тұруы. Былай қарасаң мұның өлеңге, оның құрлысына, техникасына түк қатысы жоқ. тіпті бұл сөздерді алып тастасаң да өлеңге одан келіп-кетер жоқ. сонда бұл сөздердің керегі не? Бақсақ, бұл сөздер өлеңдегі негізгі ойдың үзіліп түскен бөлшегі. Өлеңнің айтайын дегенім, ондағы ширыққан сезімді, жан айқайын, тамыр солқылын бір-ақ ауыз сөзбен түюі. Лирикалық кейіпкерімен керісу не келісу, кейде өзіне өзі қарсы келу. Қысқасы, поэзиядағы лейтмотив. Мына мысалдар осының айғайы:

Шағылғаны айнамның айып па екен?

Айт-шы-ыы!

Барыңызшы, бұрылып қарамаңыз.

Сізсіз өмір кешуге бекіндім мен

Сөйтіңізші…

Жасын түсіп жатқанда шарпылмаған

Айтыңызшы, сіздікі неткен шыдам?

Өлтіре көрмеңіз-ші-і…

Бізсіз-дағы ессіз ғой мына дүние

Болайықшы ақылды келесіде

Жарай ма?

     Қара түнге сіңе бердің

Сенде кетті бір өлеңім

Ех-х!

Бәлкім, менің бақытым күзде шығар

Кім білген…

Дәрменсіз саусақтарым құлай берді

Телефон тұтқасына мың сан барып

Ал сіз … Түк білмейсіз.

Жалғыз өлең сырласым ғой. Сіз емес.

Неге сіз емес?

  1. Одағайлардың орыны. Әлияда уа, о, ей, ех – одағайлары қолданылады.

Одағайлар да оңды солды қолданыла бермейді. Олардың да бір-бірінен реңктік бояуы өзгеше. Уа – жалпылық, ех – өкініш, көңіл қалу, о – ұлылық, құдіреттілік, қасіреттілік леп береді. Одағайды қоладнуға Әлияда бір қате бар. «Ей, Маха!», – дейді құрдасына не баласына айтып тұрғандай. Ей – адамға арналса, анайылау естіледі. Ал ғайып текті заттарға қарата риторикалық леппен айтылса ғана бір түрлі тылсымдық, ұлылық сипат алады. Мысалы:

– Ей, тәкаппар дүние.

– Керенау, күңгірт, ей, таулар.

– Ей, менің ессіз жылдарым…

Аздаған әттеген-айлар. Әлия-ау, айналайын, «Сізге» арналған тұтас цикліңді оқыдым. Поэзиялық тұрғыдан тағар мінім жоқ. мөлдіреген сезім, белгісіз мұң, арман, өкініш… Өйтпесең ақын болар ма ең. Ақын – әйелдің бағы да, соры да осы шығар. Бірақ осынша күйіп-жанып, өсек-аяңнан қорықпай құрбандыққа барып, баз кешуіңе себеп болған «Сіздің» қай қасиеті? Ал сен күлкің үшін сүйдім дейсің. Не деген арзан себеп.

– Күлкіңіз ед қапыда ұнап қалған

– Күлкіңіз ғой ұнаған

– Күлкіңіз ғой ішіме от түсірген.

Сен секілді абадан ердің тектілігін жоқтаған қыз әлдекімге күлкісі үшін ғана ғашық боп, осынша зар илегені несі?

Сонан соң көз туралы айтсаң болды «көкшіл» сөзін қолданасың. Жеке адамның, не ақынның, не лирикалық қаһарманның көзі көк болуы – қазақ көзінің өлшемі бола алмайды. Ұлттық түс емес. «Нағыз қазақ көк көзді сары болған» деген шикі тұжырым, ғылыми дәлел емес.

Тағы да «Неге сізге құмармын» деген жерің бар. Кәмпитке құмармын, балмұздаққа құмармын деген сияқты. Сонан соң құмарлық сөзі әйел-ақынға әдепсіздеу. Нәпсілік тойымсыздық секілді. Құштармын  десең жетіп жатыр.

«Ғашықтық, құмарлықпен ол – екі жол» деп еді ғой Абай.

Не деп маған сыр шертесің, боз далам.

Көне шоғы қоламтада маздаған.

Көне шері көкірегінде боздаған

Көкшіл жалын көздерінде маздаған.

2-ші жолдағы маздаған орынсыз. От маздайды, ал қоламта қоздайды. Ертеде әжелеріміз қоламтаның қозына нан көметін. Оның үстіне бір шумақта екі «маздаған» әдемі емес. «Көне шоғы қоламтада қоздаған» деген жол өзі-ақ сұранып тұр емес пе.

Арнау өлеңдер – арзандатып жібереді. Өйткені нағыз өлеңдер сезім мен шабыттан туады. Арнау өлеңдер (әкімге, дәрігерге, мұғалімге, той иесіне т.б.) қажеттілік пен міндеттен туады. Онда ой болғанмен, өрнек жоқ, техника болғанмен, тереңдік жоқ, ұйқас болғанмен, ұлағат жоқ.

«Сіз»… «Сіз»! Япыр-ай, бүкіл қазақ қыздар поэзиясына дерт болып жабысты ғой бұл. Бұл не өзі? Дерт пе, ұран ба, сән бе, науқан ба, мақтан ба? Басында бір-екі әйел-ақында болғанда, оғаш көрмедік. Тағдыр шығар, кешігіп келген махаббат шығар дедік. Ал қазір «Сізсіз» бір қазақ қызы қалмады ғой. Мақпалды оқысаң – «Сіз», Мағизаны оқысаң – «Сіз», Толқынды оқысаң – «Сіз», Сағынышты оқысаң – «Сіз», Әлия да Сіз… Елбасымыздың өзі «қазақтың ұлттық кодын сақтау керек» деді емес пе. Сол кодтың қазақ қызына қатысты жері – қазақ қыздарының әсіре ашық болмауы, сақалы сапсиған «Сізге» ғашық болмауы…

Айналайын ақын қыздарым, не «Сізбен», не бізбен болыңдаршы…

Әмина Құрманғалиқызы.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.