Мақпалдың «Жалғызы»
17.11.2017
2098
0

Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты Мақпал Жұмабайдың «Жалғызым» атты концептуалды альбомының тұсаукесеріне тыңдарман көп жиналды. Мақпал ақын қыз, ол бұған дейін «Қырандар мен қазақтар» атты жыр жинағын шығарған, осы жылдың басында «Мақпал шер» кітабы мен аудиоальбомын жұртшылыққа ұсынды. «Мақпал шер» жарыққа шықпас бұрын ел аумағында шағын кештер өткізіп, кітабының иллюстрациясын өлеңімен үндес әрі анық жеткізу үшін сурет салу машығын жетілдірген.

Ол «Мақпал шер» альбомымен Президент қорының мәдени жобалар грантын жеңіп алған еді. ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы қорының қолдауымен жарық көрген «Жалғызым» альбомының тұсау­кесе­рінде Мақпал өзінің мақамды жырларын бұрынғыдай гитарамен емес, mixing&mastering MB STUDIO музыкант­та­рының сүйемелдеуімен орындады. Сөз – мақам – автор – аспап сынды төрт эле­менттің бірігуінен туған мақамды жырлары поэзияның түрленген, түлеген, заманға сай әрленген нұсқасы десек қателеспейміз. Мақпалдың өлеңге келуінің бастауында оның анасы ақын Биғайша Медеуова тұр­ғаны анық. Адам оқып ақын болмайды әрі ақыннан ылғи да ақын туа бермейді. Ал Мақпалдың жаратылысы мен поэзияға қа­рым-қатынасының өзгелерден ерек бо­луы­на анасының «Өлеңдеріңнің ырғағын ес­ти­сің бе?» деген бір сөзі себеп болған. Содан бері өлеңнен ырғақ іздеуден еш тал­маған Мақпал қазір өз жолын тауып қа­зақ­тың жыраулық дәстүріндегі ел ұмыта бастаған үлгіні ел есінде қайта жаңғыртып, заманға сай түлетіп, «Мақамды жыр» деген атаумен жұртшылыққа ұсынып жүр. Демек Мақпалдың мақамды жырларын поэзия емес деп айта алмайсыз.
«Жұлдыз тамып, бір-бір үміт сөнеді.
…Көк жүзіне қарамайды ел енді…
Сен аспанды көре алмай қалды деп,
Асфальттардан аршып алғым келеді…», –
бұл шумақтың әр жолынан алуан ой түюге бо­лады. Бір қызығы барлық адамға тән, таныс ойды алдыңғы екі жолға сыйғыза алғанына сүйсіне отырып, «аспанды көре алмай қалды деп, жерді асфальттан аршып алу» деген ойдың Мақпалға ғана тән екенін мойындайсыз.
«Қайда барсам, қайда шықсам Ой тауы.
Ой таулардан тек мұңайып қайтамын.
Сен булығып… жылап жатыр екен деп,
Мен үнемі бесік жырын айтамын…», –
бұл шумақта да Мақпал оқырманды тосын ойымен таңғалдырады. Жерге бесік жырын айту салқынқанды, образды ойлау жүйесі жетілмеген адамдар үшін күлкілі дүние көрінгенмен, ұғынған адам оның жер анаға деген сүйіспеншілігін ұтымды жеткізгеніне қызығары сөзсіз.
Ақын қыздың Жер туралы ой қозғай­тын тағы бір жыры «Ана». Онда автор «Дауыл­датса да, құйындатса да мен жерге мүлдем ренжуді қойдым. Өйткені онда сен барсың Ана», – дейді. Адамзаттың жерден нәр алатынын, оның жаратылысы жермен етене жақын екенін және одан алыстағысы келмейтін ниетін де, анасынан алыстағысы келмеген бала тілекті де осы сөз толық жеткізіп тұр. «Сені жылап тұрып та сүйем, соры көп біздің бойлық пен ендік», – деген сөз сіздің көз алдыңызға адамзат баласа­ның жаратылғалы бері жерге жасап келе жатқан қиянатын елестетеді. Бұған паралелль аналар тартқан тақсірет те есіңізге түсіп жүректі шымырлатады. Әлемдегі экологиялық-моральдық мәселенің бәрі осы шумаққа сыйып тұр.
«Айдыным, тауым, орманым тасым
Бәрі де асыл, бәрі де асыл
Орнайды түбі… бұл мекенге бақ
Солардың жасы құрғатылғасын
Өйткені онда сен барсың Ана», –
бұл сөз сізге әп-сәтте сізге үміт сыйлайды. Адамзаттың ізгілігі жер әлемді құтқараты­нына бір сәт­ке болса да иланасыз. Ғасырдан ғасырға жалғасып қордаланған адамзаттық проблеманы баланың анаға деген тілегі ар­қылы паралелль жеткізу шеберлігі Мақпалға ақындық түйсікпен, поэзияға деген нәзік қарым-қатынаспен дарығанын ұғынасыз. Поэзия тек даурықпа пафос емес, жаратылысқа деген нәзік сүйіспен­шілік екенін және нәзіктіктің де өзіндік өр рухы болатынына көз жеткі­зесіз.
Әдетте Мақпал өзі орындайдын жырларды өзге әншілердің орындауына және оны ән деп атауға қарсы. «Мақпал шерді» тыңдаған адамдар мұның ән емес екенін өздігінен ұғынады. Және ол шер тек Мақ­пал­дікі ғана емес, қазаққа тіпті адамзатқа тән шер.
«Біздің жұртта бар еді бір даралық
Қазақтардың жаны мәңгі далалық.
Дала иісін ұмытқанда ұрындық
Дала мұңын ұмытқанда жығылдық», –
осы бір жолды оқыған соң адамзат ақыл ойы­ның дамуы оны қанша жетістікке жеткіз­генімен жерден, даладан, табиғаттан алыс­­тауы соншалықты проблемаға кезік­тіріп отыр-ау деген ой сізді еріксіз шырмап алады. Бұл өткенді аңсау яки жаңа өмірді жатырқау емес. Табиғатты сақтаудан оған жанашырлықпен қараудан туған ой. Мұны Мақпал:
«Тұлымшағы желкілдеген өрім қыз
Парасатқа жеткен кезін көріңіз
Сол аруың атқа қонар Тұмар боп
Тауларды да күзетеді ұлар боп», –
деп нақтылайды. Мақпал – Тұмардың мінген аты – жыр, ол жырымен тауларды да ұлар құс боп қорғағысы келеді. Ол әр ойын поэзияға тән әдемі ырғақпен, өзіне тән мақаммен, шығармашылық нәзіктік­пен көркем жеткізеді.
Альбомның концептуалды деп аталу себебін автор « Мені түсіну үшін менің бір ғана жырымды тыңдау жеткіліксіз, мені түсіну үшін кем дегенде 10 шақты жырымды тыңдаған жөн», – деп түсіндіреді. Мақпалды бір қырынан танытатын мақамды жырдың бірі «Қарсылық»:
«Көңіл…
сенің өкпеңді жаза бергім келмейді
Санамдағы ойлардан оза бергім келмейді
Шер түбінен шындықты
қаза бергім келмейді,
қаза бергім келмейді.
Тағдыр басқа салғанға көне бергім
келмейді,
Жөне еместі өбектеп жөн дей бергім
келмейді.
Өтіріктен жерідім
Сене бергім келмейді, сене бергім келмейді», – Бағзы заманда да, бүгін де әр адам бойын­дада әйтеуір бір қарсылық бар. Қоғамдық құ­рылымға, өзіндегі кейбір мінезге қарсы­лық. Сондай-ақ әр адамда жамап қойғысы келетін жара, азат болғысы келетін ауырт­палық бар. «Қарсылықты» тыңдағанда залға жиналған тыңдарман бір сәт болса да сол ауыртпалықтан арылғандай күй кешті десек қате болмас. Адам баласына тән сыр дейтін тылсымға көзқарасын да Мақпал «Қара жәшік» мақамды жырымен ерекше жеткізеді. Тіршіліктің түйткілінде көп сынаққа түскен жүрегін ақын бір сәт ойша «Тас бұлаққа» тастайды. Өзегі өртен­ген сезім барлық адамға тән алайда, жүрек­ті ойша тасбұлаққа лақтыру тағы да Мақ­палдың ойына келіпті.
«Сонда…
Бұлқынысын тияр ол, күрсінісін тияр ол», – дейді. Ширығу, ширау, ес жию тіпті сабырға келу құбылысын қысқа-нұсқа анық дәл жеткізеді. Адамға тән түңілу, торығу, жұбану, қуану шаттану т.б сезім­дер­ді Мақпал «Көзіңнен жас шығады» атты жырымен жинақы, тиянақты етіп жеткізеді. Бұл өлең адамның көз жасы құрғағанда кеудесінен жан да шы­ғады деген тоқтамға келеді. Тыңдап отырып көзіңізден шыққан жасқа да шүкір­шілік еткеніңізді сезбей қаласыз. Адамның жан дүниесіне бұлайша нәзік, көркем түрде әсер етіп, эстетикалық ләззат сыйлар концерт-кештер кейінгі жылдары сиреп кеткені рас. Мақпалдың ойлы жырларынан кейін «Өмір иісі» атты жып-жы­лы жырына тоқталмай өтуге болмас. Автор өмір иісі мен сәби иісін қатар қояды. «Азайып кетсе мейірім, тарылып кетсе пейілің. Балаңды қысып құшаққа бір иіскеп көрші бауырым», – деп түйеді.
«Ізгілік кешер сәтің бұл
Бақытты тілер сәтің бұл
Адам болып жаратылудың
Қасиетін ұғар сәтің бұл
Құлағыма келіп тұнық ән
мені ұстап тұрған ұлы ән
Ұлымды құшып отырып,
Ана бауырына тығылам.
Қарашығыма мұң сіңіп
Жылап жатсам да ұмсынып
Сәбидің иісі аңқыған
сүйемін сені тіршілік».
Ана мен бала арасындағы байланыстың өмірдегі үйлесімді сақтайтын күшін Мақ­пал терең түйсінеді. Әрі оны «Өмір иісі» арқылы оқырмандарына да түсіндіре біл­ген. Сөзге орайласқан мақамның да жанға жайлылығы сөз бен саз бір-бірінен бөлін­бейді деген Мақпал ұстанымын дәлелдей түседі.
Жер, Отан, Ана, Адам жайлы концептуалды альбомның адамзатқа айтқысы келетіні де ғаламның үйлесімділігін ұғы­ну, қадірлеу. Адамзат осы үйлесімді сақ­та­ғанда ғана өзін сақтайды. Және өзін сақтау жолында адамзат баласының ең қа­дірлейтін дүниесі өзі өмір сүріп отырған жер шары. «Жер менің – жалғызым», – дейді Мақпал. Бұл мақамды жырды тың­дағандар жер Мақпалдың ғана емес, жалпы адам бала­сының жалғызы екенін түсінері хақ. Мақпалдың тағы бір мақамды жыры «Бір адым». Оның мазмұны әр адамның өмірінде маңызды бір адым болады дегенге саяды. Біздіңше Мақпал «Жалғызым» атты альбомы ар­қылы адам­зат­тың Жерден басқа жалғызы жоқ екенін сезіндіруге бір адым жа­қын­дады.

Назым САЙМАСАЙҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір