Кәмшат Дөненбаева
17.11.2017
3521
0

Кәмшат Дөненбаева өзі өмір сүрген дәуірдің жаңа талабын қаймық­пай меңгерген, күш талғамас еңбектің жемісі мен жеңісіне жеткен қазақ қызы еді. Оның өмірі замандастарына ғана емес, өзінен кейінгі ұрпаққа да «Еңбек түбі – зейнет» боларын дәлелдеген нанымды ғұмыр болды. Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынова «Қазақтың бір қызы бар Кәмшат деген» атты поэма жазып, Кәмшат Дөненбаева көзі тірісінде әдеби кейіпкерге айналып еді. 1976 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, екі рет Ленин орденімен, Құрмет белгісі орденімен марапатталған Кәмшат Дөненбаеваның еңбегі мен ерлігі күллі қазақ қызының еңсесін тіктеген ерек құбылыс болды. Мұны Фариза ақын:
«Қуанды қазақтағы қыз атаулы
өздері Еңбек Ері атанғандай», – деп жырға қосты. Бүтін бір дәуірдің ұрпағына бір ғұмыр иесі үлгі болса, оның мысалына Кәмшат Байғазықызының өмірі жарқын мысал. Қош! Дәуірдің көшін алға жылжытқан қайсар қыз…

«Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымы.


Ғибратты өмір сүрді

Аяулы сіңіліміз, атақты механизатор, тың игеруші, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөнен­баеваның бұл дүниеден кө­шуі орны толмас қаза. Кеңес кезінде қазақ қыздары ауылшаруа­шылық техникаларын игеріп, ер азаматтардан қалыспай күні-түні еңбек етті. Солардың бірі Кәмшат Дөнен­бае­ва еді. Ол ауыр жұмыс істеп жүрсе де еш­қашан қабақ шытуды білмейтін, жүрегі нәзік, биязы адам еді. Анда-санда кездес­кен­де жара­сым­ды әзіл-қалжыңымен бә­рі­мізді үйіріп әкететін. Үнемі бір-бірімізге сырт­тай тілектес бо­лып жүрдік. Соңғы бір уа­қыттарда емханада бірге жаттық. Кәм­шатпен әңгімелес­кенде бірге туған апалы-сіңілілердей бауырыңды елжіретіп жі­беретін…
Кәмшат Дөненбаева өзінің еңбекқор­лы­ғының, өз ісіне тиянақтылығының ар­қа­сын­да халықтың құрметіне бөленді. Көп­теген марапат­тарға ие болды. Бас­шы­лық қызметтерді атқарды. Соған қарамас­тан әр­дайым кішіпейіл, қарапайым қалпын жо­ғалт­қан жоқ. Кәмшат Дөненбаеваның жар­қын бейнесі, ғибраты мол өмірі бүкіл Қазақ халқының жадында мәңгілік сақ­та­лады.
Марқұмның жатқан жері жайлы, то­пыра­ғы торқа болғай!

Ғайникен БИБАТЫРОВА.


Дүниеден өтті жақсы адам

Кәмшат Байғазықызы Дөненбаеваның дү­ниеден өткені туралы суық хабар ешкімді бей-жай қалдырмады. Себебі, ол болмысы бөлек адам еді. Мұндайда қазақ «өлім тұрмақ өкпеге қимайтын адам еді ғой» дейді. Шыны сол. Мен бірге өсіп, жақын араласып жүрген құрбысы емес­пін. Одақ көлемінде, республикалық дең­гейде өтетін ірі жиындарда, немесе әртүрлі сал­та­натты шараларда кездесіп жүрдік. Үлкен мін­берлерден сөйлегенінің куәсі біздер тілектес болып отыратынбыз. Ол қарапайым­дылығымен, сабырлы парасатымен, сыртқы сұлу сымбатымен, өте жоғары ішкі мәдениетімен көпші­лік арасында дараланып тұратын. Кәмшат ұлтымыз­дың тарихында болған дана аналарымыздың тектілігін сақтаған айтулы тұлға еді. Күш-қайраты ер адам­дармен таласа алмаса да, 19 жасында ауыр техни­каны меңгеруді мақсат еткен Кәмшат өзінің ең­бек­сүйгіштігімен, қайсарлығымен жетістік­тер­ге жетіп, «Еңбек Ері» атанды. Кәмшат Байға­зы­қызы ылғи да рухани өсу жолында болды да, қазақтың қайраткер қыздарының қатарынан көрінді. Ол сол кездегі Совет Одағы деп аталатын мемлекеттің және ҚССР-ның Жоғарғы Кеңес­тері­нің депутаты ретінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге, әлеу­мет­тік мәселелерін ше­шуге аянбай еңбек етті. Сөз жоқ, Кәмшат Бай­ғазықызы Қазақстанның жасам­паздық қуатын арттыруға сүбелі үлес қосқан қазақ әйелдерінің алдыңғы шебінде болды. Сондықтан да оны ха­лық үнемі құрметтеді. Оның дәлелі – осы жыл­дары дүниеге келген көптеген нәрестелерге Кәмшат есімі берілгені.
Кәмшат Байғазықызының отбасына, ел-жұртына қайғырып көңіл айтамын.

Шәмша БЕРКІМБАЕВА.


Қазақтың мақтанышы Кәмшат деген

Қазақтың атақты қызы, Социалистік еңбек ері Кәмшат Байғазықызы Дөнен­ба­е­ваның қазасы барлық қазақ хал­қы­ның қабырғасын қайыстырды. Кезінде қазақ қыздарының ауыл шаруашылық техни­касын меңгеруіне үлгі болған Кәмшат апамыз Бүкілодақтық халық шаруашы­лығы жетістіктері көрмесінің Құрмет дипломымен марапатталды. СОКП XXV съезінің делегаты, IX сай­ланған КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты, 1980-1985 жыл­дары КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлт­тар Кеңесі тө­рағасының орынбасары болды. 1976 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Бір сөзбен айтқанда, қо­ғамдық жұмысқа белсене араласты, елдің сөзін сөйледі. Кәмшат апамыз көзі тірі­сінде әдеби шығармалардың кейіп­ке­ріне айналды. Ол туралы Фариза Оңғар­сынова «Біздің Кәмшат» деген деректі поэма жазса, Ғафу Қайырбеков «Жұл­дызды тағдырлар» поэмасының тұтас тарауын арнады.
Ардақты ана мұсылманның бес пары­зын орындап, қажылық сапарға да барып қайтты. Кейінгі жылдары басынан ақ орамалын тастаған жоқ, барлық болмы­сымен, іс-әрекетімен қазақтың қыз-келіншектеріне үлгі бол­ды. Оның жарқын бейнесі ел жүрегінде сақталады.
Жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болсын!

Ақылбек Шаяхмет.
Қостанай қаласы.


ТҰҢҒЫШ МЕХАНИЗАТОР ҚЫЗ

Кәмшат Дөненбаева – әлемдік деңгейде көрінген қазақтан шыққан тұңғыш механизатор қыз. Одақтық деңгейде танылған біздің қазақтың алғашқы тракторисі. Соғыстың кезінде тракторды қыз-келіншектер меңгерді ғой. Кәмшат Дөненбаева үлкен Маркова тракторын игерген қазақтың көзге түскен қызы. Социалистік Еңбек Ері, СОКП XXV съезінің делегаты, 1974 жылы IX сайланған КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болды. Оның соңынан ерген механизатор қыздар, мысалы, Қызылорда облысында Жадыра Таспамбетова деген механизатор қыз болды. Бір аяғын трактор жеп қойып, протез салдырып алып, кейіннен жеңіл жұмыс істе дегенге көнбей, ауылдың беделді механизаторы болған. Сол Жадыра Кәмшат Дөненбаеваға: «Мен сіздің жолыңызды қуып, тракторшы болғым келеді. Соған сіз араласыңызшы. Маған трактор беретін түрі жоқ», – деп хат жазады. Сосын Кәмшат Байғазықызы Қызылорда облысының басшыларына айтып, Жадыраға трактор бергіздіреді. Жадыра Таспамбетова жиырма бес жасында Социалистік Еңбек Ері, КПСС-тің делегаты болды. Ол туралы Хамит Ерғалиев «Қыз-хисса» деген поэма жазды. Алты бала тәрбиелеп өсірді. Сөйтіп, Кәмшаттың нағыз ізбасары боп өмірден өтті.
Кәмшат Дөненбаева туралы Фариза Оңғарсынованың «Біздің Кәмшат» атты поэмасы бар. Сол поэманы қайта басып шығарса Кәмшат Байғазықызымен жастар тереңірек танысар еді. Социализмнің кезінде КА-70 деген трактор келді ғой. Кәмшат – КА-70 механикалық алып темірлерді ұршыққа иірген қазақ қызы. Фариза Оңғарсынова поэмасында осыны ашып көрсетеді. Соғыстың кезіндегідей бұл нағыз еңбек майданының ері деп әдемі суреттейді.
Марқұмның жаны жәннатта, топырағы торқа болсын!

Қуандық ТҮМЕНБАЙ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір