Табанды ғалым тағылымы
17.11.2017
1765
0

«Өзіңнің өткен тарихыңды танып, білуге ұмтылу қазіргі уақытта болып жатқан оқиғалардың мәнін ұғу үшін және болашақ мақсаттарға апарар төте жолды айыру үшін қажет». Ұлылардан осындай ұлағат қалған. Шын мәнісінде де түбі терең тұңғиық теңіздей тарихымыздың көпшілікке беймәлім жұмбағы мол құпиясын ашып, інжу-маржанды тауып, зерттеп-зерделеу жолының тауқымет-талайы жетіп артылады. Осы орайда тарих ғылы­мы­ның докторы, профессор, Мәскеу­дегі П.Лумумба атын­дағы Халықтар Достығы уни­верситетін тарихшы және ағылшын тілінің мамандықтары бойынша үздік бітірген Көшім Есмағамбетовтың ұлт тарихының өзекті мәселелерін екшеп, зерттеуде, Қазақ­станның рухани және зиятк­ерлік әлеуетін өркендетуге қосқан үлесі қомақты.

Қазақстан тарихын шетел тарихнамасы арқылы сараптаудың негізін салу­шылардың бірі ретінде Мұстафа Шо­қайдың бай мұрасын зерттеген, әлем­ге танытқан зерделі ғалым өзі­нің бар саналы ғұмырын ғылымның ауыр жолына арнағаны, тарихи тұл­ға­ның он екі томдық ғылыми ірі жо­басын абыроймен атқарып, айтулы қыруар жұмыстың ғылым әле­мін­де «теңдесі жоқ еңбек» деген бағаға ие болуы – дәлелсіз ақиқат. Бұл ай­ту­ға ғана оңай, ақиқатына жүгінсе, «инемен құдық қазғандай» киелі ғы­лым жолындағы шынайы зерттеуге, ерен еңбекке берілген нағыз баға. Өйт­кені, ғалымның бұл зерттеулері шет­елдік мұрағаттар мен кітапха­на­лар­ды шиырлаған, көз майын тауыс­қан жолдардың нәтижесі еді. Соның ар­қасында Қазақстан тарихының көп­шілікке беймәлім, бейтаныс жәйт­тері айналымға кірді. Шебер пуб­лицист, профессор Көшім Ес­ма­ғам­бетов: «Қазақ халқының ұлы пер­зенті – Абай Құнанбаевты Батыс әле­міне бірінші болып таныстырған да Америка журналисі Джон Кеннан болатын. Оның XIX ғасырдың 80-жыл­дарында Семейде болған кезінде сая­си жер аударылған А.Леонтьевтен Абайдың қалалық кітапханада батыс клас­сиктерінің еңбектерімен танысып жүргендігі туралы естігенін оқыр­мандар есінде болса керек. Осы ха­барды толықтыра түсуге қажетті ма­териалдар табылар ма екен деген ниет­пен Джон Кеннанның Нью-Йорк кітапханасына саяхат кезіндегі жаз­балары, фотокөріністері сақтал­ған қоры бар екендігін айтып, қазақ тілінде («Азия»), ағылшын тілінде («Қазақстан») мақалалар жарияланға­нын тілге тиек етеді.
Қандай салада болмасын, әсіресе та­рихи зерттеу деректерінің нақ­ты­лық пен шынайылыққа және ақиқат­қа не­гізделуі оның құнын да, мәнін де арттырмақ. Бұл орайда жоғарыда аты аталған еңбекте және басқа да кітап­тарда көпшілік қызығушылы­ғын ту­дыратын деректер назар аудартады: 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбіл­қайырдың Арал теңізі маңын­дағы ор­дасында болғаны жөніндегі ағыл­шын суретшісі Джон Кэстльдің күн­делігі туралы тарихи дерек, сөз жоқ құн­ды жәдігер. Джон Кэстльдің ар­қасында Әбілқайыр ханның, Бопай ханымның, Ералы сұлтанның су­рет­тері сақталып қалған. Тарихи деректе баяндалғандай, ескі готика­лық шриф­тімен 1784 жылы жария­ланған бұл құжаттың қазақ тіліндегі аудармасы (Э.Төреханов), профессор Кө­шім Есмағамбетовтің ғылыми түсі­нік­темелері және алғысөзімен 1996 жы­лы «Арыс» қорынан, ал екінші ба­сылымы Астанада жарық көрді. Әри­не, мұның өзі қазақ халқының та­ри­хына, әсіресе сонау көне за­ман­дағы мәліметтерге деген оқырман сұра­нысының жоғары екендігін дә­лелдейді.
Табиғат берген дархан дарынымен, дара қолтаңбасымен ерекшелену – екінің біріне бұйыра бермейтін си­рек құбылыс. Мәселен, кезекті зерт­­теулердің бірінде ғалым: «Ұлыб­ри­­танияда – В.Конолли, Х.Сетон-Уот­­сон, А.Шихи, Дж.Уиллер, Фран­ция­да – А.Беннигсен, Каррер д.Ан­коc, З.Лемарсье-Келькеже, Амери­ка Құрама Штаттарында – Е.Бекон, Л.Крадер, М.Рывкин, Р.Олуорт, Германияда – Е.Саркисянс, Б.Шпуллер, т.б. бастаған профессорлардың Қа­зақ­стан туралы еңбектерінсіз біздің та­рихи танымымыздың толық болуы мүм­кін емес», – деуі ғылым бойын­дағы та­бандылық пен кіршіксіз ғылыми таза­лықты аңғартады. Осы пікірімізді ҰҒА академигі, тарих ғылымының док­торы, профессор Болат Көме­ков­тің тұжырымымен дәйектеп түсуге болады: «Парасат пайымы, табиғи да­рыны мол азамат дүниежүзілік өр­кениет жетістіктерін ұлт мүддесіне пай­даланып, халық игілігіне айналдыру бағытында сүбелі үлес қосты. Про­фессор Көшім Есмағамбетовтің бір­неше шетел тілдерін жетік мең­геруі ғалымның әлемдік тарих ғылы­мын­дағы соны ғылыми бағыттар мен мектептердегі заманауи ой-пікірлерді қадағалап отыруына мүмкіндік бер­ді. Республикада алғашқылардың бі­рі болып Қазақстан тарихының зерт­­телуі туралы тың тақырыпты қоз­­ғап, отан­дық білікті ғалымдар та­ра­пынан жоғары баға алды. Қа­зақстан тарихын әлемдік тарихна­ма­ның құрамды бөлігі екендігі туралы түсінікті орнық­тырғандардың бірі ретіндегі «Действительность и фальсификация», «Что писали о нас на Западе», «Қазақ­тар шетел әдебие­тін­де» және басқа да еңбектерін атап айт­қан жөн.
Ғылыми шындық үшін күресте ол жалтақтамай, нақты да дәлелді сөй­лей отырып, турасын айтады. Ұлытымыздың тәуелсіздігі мен түркі тек­тес елдердің азаттығы үшін ғұмы­рын сарп еткен саяси қайраткер
М.Шо­қайды танып, танытуда ұлан-асыр қызмет атқарған тағылымды ғалым Көшім Лекерұлы «Мұстафа Шо­қай шығармаларының толық жи­на­ғының» он екі томдығын құ­рас­ты­рып, орасан зор еңбекті аяқтады. Алаш арысының еңбектері орыс, ағыл­шын, француз, неміс, поляк, ша­ғатай, түрік, грузин (т.б. тілдерде) жа­­зылған немесе жарық көрген. Оның еңбектері Франция, Германия, Англия, Түркия, Ресей, Грузия, Өз­бек­стан, АҚШ, Швейцария, т.б. ел­дердің мұрағаттары мен кітапхана­ла­рында шашыранды күйде ұшы­­ра­­сады. Ол ұлтқа қажет асыл қазынамыздың Отанымызға оралуына жол салды… Мұстафа еңбектерін жарыққа шығару ісінде білгір маманның еңбегі ұшан-теңіз.
Қазіргі ғылым әлемінде зор оқи­ға болған бұл іргелі еңбектің тұсауке­се­рі­не арналған Халықаралық ғылы­ми конференцияда (2013ж. 12 жел­тоқсан) отандық ғалымдар Ә.Дербі­сәлі, М.Әбу­сейтова, Д.Кі­ші­беков, Ә.Ны­сан­баев. М.Қой­гелдиев, ҚР Сыртқы істер министр­лігінің Айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі А.Арыс­тан­бекова, француз, Орта Азияны зерт­теу институтының директоры, про­фессор Оливия Феральда, француз, профессор Винсент Фурньд, Фран­ция республикасының Ал­ма­тыдағы бас консулы Патрик Ренар, түрік ғалымы Вежихи Сефа Хуат Хе­кимоғлы және т.б. қатысып, аталмыш туындыны ҚР-ның ғана емес, бү­кіл түркі әлемінің өміріндегі маңызды оқиға деп бағалады», – деген сөзі со­ның дәлелі. Ә.Нысанбаев: «Біздің тарихымызда ұялатын емес, ұлықтай­тын ұлылардың көп екен­дігіне сара жол сала білген ғалым таза тарихи дәйек пен дерекке сүйене отырып, тұлға­танудың тұғырын биіктетті», – деген пі­кір айтады.
Ғылым әлемінде өзіндік орнықты орыны, жарқыраған жолы бар же­тек­ші ғалымдардың айтқанындай про­фес­сор Көшім Лекерұлы «ұлықтайтын ұлылардың тұғырын биіктетуімен бірге» өзі де сол биіктен көріне білгені анық еді. Әдетте қуатты қаламнан ға­на тағылымдық, танымдық құнды дүниелер туады. Ол докторлық дис­сер­тацияларды қорғау кеңесінің мү­­шесі, төрағасы және өзге де жұ­мыстарда азаматтық ұстаным танытып, қаншама ғылым докторы мен ғы­лым кандидаттарын, талапты шә­кірттерді даярлады…
Осындайда «Ерлік иісі шығады ер-тоқымнан, Тарих иісі шығады шаңырақтан» деп жырлаған Қадыр ақынның жүректі елжірететін мөл­дір шумақтары ойға түседі. Шынды­ғын­да да «дархандығы даналықпен ұласқан ұлан-байтақ елінің, атамеке­нінің киесін жүрекпен ұғыну сол кіндік қа­ның тамған туған жерден, туған шаңырақтан басталмақ. Абыройлы азаматтың ғұмырының ұлы мақсаты – ғылым жолында ізденіс аясының кең­дігімен ерекшеленген­дігін аңға­руға болады. Мәселен, автордың Джордж Демконың «Орыстардың Қа­зақстанды отарлауы» және т.б. бір­қатар шетел ғалым­дарының ең­бектерін ағылшын тілі­нен қазақ ті­ліне аударып, респуб­ли­калық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская прав­да», «Қазақ әдебиеті» және өзге де басылымдарда жарияланып, үздік деген бағаға ие болуы соның дәлелі.
Мен туған ағам Көшімді Ақа деу­ші едім еркелеп. Халқына қадірі ас­қан сол Ақам­ның ғұмырлық қосағы Сатыбай Қаб­дол­қызы Алматы қала­сындағы кли­ни­калық ауруханада ұзақ жылдар аға мед­бике болып же­міс­ті еңбек етті. Ын­тымақты үлкен от­ба­сында тәлімді тәрбие, терең бі­лім алған екі ұлды (Абай, Асқар) ұяға, үш қызды (Алмат, Жаннат, Гүлмира) қияға қондырған Ес­мағамбетовтер әулетінің құтты ша­ңырағын бүгінде немерелер мен шөберелер балдай тәтті күлкісімен тол­­тыруда. «Ақиреттік жарым, шаңы­­­рақтың тіреніші – Көшекең ба­лаларының асқар таудай әкесі ғана емес, менің үлкен ақылшым, өрісім. Өзінің теңіздей терең білімімен, мі­незінің кемелдігімен менің алғаш­қы да, соңғы да «үлкен университетім» бол­ды. Бұл имандай шыным. Оған шек­сіз ризамын, тұңғыш қызымыз – Алмат білікті заңгер, өзге пер­­зент­­теріміздің әртүрлі маман­дықтарды меңгергендігі көңілімізді көркейтеді. Әкелері туған балаларын ғана емес, күйеу балаларын да (Фаил Ахметов, Рақым Хангелдин) ерекше сыйлап, жақ­сы көретін» дейді зайыбы.
Менің жазу үстелімде қазір алыс Жапонияда, Мәскеу университетінде бірге оқыған жақын досы жапон аза­маты Террадо Тоционың сарғайған хаты жатыр: «Асахи Симбун» га­зе­тінің халықаралық шолушысы және өзге де ірі салаларда жұмыс атқарған азамат өз сағынышын… «Қымбатты Кос­тян, (біздіңше «Көшеке» дегендей), Алматыдағы сенің қонақжай­лы­лығың, ыстық ықыласың, кіршік­сіз аппақ дос көңілің мені қатты тол­қытты. Сонау РУДН-дағы бақыт­ты, шат­тығы мол күндерге оралт­қандай. Өткен қимас сол бір күндер ешқашан ұмытылмайды», – деп білдіріпті.
Көз алдыма әріптестері Көшеке дей­тін аяулы Ақамның бейнесі келді. Шашына ақ қырау кіргенге дейін аға­лық көл-көсір мейірімін аямай қам­қор болған, қайран бауырым-ай! Жү­ректі мұң шалған осындай сәт­тер­де, атыңнан айналайын туған шаңы­рақ, қайта оралмас бақытты сәттер көз алдыңа келеді емес пе?! Батыстағы Қаңбақты ауылында (Атырау облысы, Кулагино (қазіргі Индер) ауданда Есмағамбет Лекерұлы мен Мүгілсім Мұратқызының шаңырағында тұла бойы тұңғыштары – Ермағамбеттен кейін осы Көшім (Ақам) 1938 жылы дүниеге келді. Ағаның төлқұжатына Ле­кер атасының тегіне жазылу се­бебін мамамнан сұрағанымда «атасы­на деген ілтипат, құрметтен туын­да­ған» деп қысқа қайырғаны бар. Тү­сінгенім – «ұл бала (мұрагер) туған әке­сін ғана емес, ата-бабасын да та­са­да қалдырмауы тиіс». «Ұл бала» де­геннен есіме түсіп отыр…
Әскери қызметкер Ертөстік Бал­ғаринге тұрмысқа шыққаннан соң, ең­бек демалысын алып, елге жеттік. Сағынып көріскен әке-шешеге об­лыстық газеттегі («Жезқазған туы») алғашқы мақаламды оқып беріп, қуантқым келді. «Қарға баласын аппағым» деп (әрі мені «тау қопарып» келгендей) ерекше ынтамен тыңдап отырған папамның жүзі кенет кү­реңі­тіп, морт сынды. «Балға­ри­насы» несі, сен Есмағамбеттің қызы емессің бе?!» деп сұсты жүзін маған бұрды. Өрім­дей кезіміз, мұндай қатты сөзді ес­тімеген күйеу бала – Ертөстік те абыр­жып, мен де қипақтап төмен қа­радық.
Тығырықтан Мәскеудегі ғылыми қауырт жұмысынан мойыны бір сәт бо­сап, елге келген ағамыз – Көшім құт­­қарды. Отағасының тік мінезіне үй­ренген мамамның ойлы жүзіне кө­­зі түскен Көшім аға: «Әке, қыз бала жат-жұрттық екенін білесіз ғой. Со­ған бола таусылуға бола ма?» деп, са­­­бырға шақырып, басу айтты. Құс қанаты талатын Батысқа шалғайдан ғылым іздеп сағындырып жеткен сүйікті ұлының көңілін қалдырғысы келмеген тәрізді. Сәл-пәл үнсіздіктен кейін үлкен дастархан басындағы қызу әңгіме, күлкі одан әрі жалғасын тапты…
Көз алдыма ағаның асыл бейнесі елестеді.
Бала кезімізден Махамбет жырларын жаттап, рухына бас идік. Қадыр ақын «бала кезін өткізді ол арғымақты эпостардың ішінде» деп жырлағанындай Көшім (Ақамның) ұлт тарихын өмірінің темірқазығы етуі, оған деген ерекше құштарлығы сол туған шаңырақтан басталғандай. Тұлғалы ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор Көшім Ле­керұлы­ның ерен ерліктің символы – Махамбеттің 200 жылдығына ар­наған «Азат рухтың күрескері» атты жи­нағында «Махамбеттің қарадан ту­сын, ханнан тусын, ел мүддесіне қыз­мет еткен, оның азаттығы үшін жа­нын пида еткен адам артық, оның құн­дылықтары мен өмірлік мұрат­тары осымен ғана өлшенеді», – деп тереңнен толғануы бекер емес. Өйткені, ол өзі де осындай мұрат же­тегінде жүріп, ғылымда ерлік жасауға ұм­тылған сиректер санатынан еді…
«Ойлы адамға қызық жоқ бұл жал­ғанда, көбінің сырты бүтін, іші тү­тін» деп данышпан Абай айтып кеткеніндей, жұмыр бастан не өтпеді дейсіз. Кездескен кедергілер (аяқтан шалу) тағы-тағылар жететін. «Құ­салықпен өтті ғой Махамбеттің көп күні», – деп, ұлы ақын айтқандай, Ақам ұсақтыққа бармайтын. Кесек мінезді, еңбектің адамы еді… Қандай да бір, «мұнар да мұнар күндерді» намыстың от-жалынымен тұншық­тыра білгенін де көзбен көрдік. Көрінгеннің та­ба­нының астында жаншылу оның табиғатына мүлдем жат еді. Қазақстан тарихынының шетел тарихнамасында өзекті мәсе­лелерін түбегейлі де те­рең зерттеуде зор үлесімен ерекше­лен­ген ірі ғалым ретінде өмірінің соңына дейін еңбе­гін бұлдап, марапат іздеген жоқ. Жер жаратын таудай атақ іздемей, ар ожда­нын сақтап, абырой іздеді… Мәңгілік Ел болуға бағыт алған алып бүгін­гі Қазақ­стан­ның өркениетке жетуі ең алдымен ғылымның, білім­нің өркендеуіне тәуелді. Ал сол жолда «күндіз күлмей, түн­де ұйықтамай» тынымсыз тірші­лік етіп, ғылымға шексіз берілген тұл­ғаларға, әсіресе тарих қойнауын қопарған тарихшы ғалымдарға мемлекет тарапынан қамқорлық аясы кеңейе түссе, шіркін, деп ойлаймын.
Туған халқының өткенін зерттеп, зерделеп, көне заман тарихының жаңа дәуір белесіне көтеріліп өркен­деуі жолында «қатепті қара нардай» ауыр жүк көтерген биік парасат иесі, ас­қақ рухты асыл аға Көшім Ле­керұлы­ның мынау жарық дүниеден озғанына биыл бір жыл толды. Өткен жылы қазан айында республикалық ірі басылымдарда «Қазақстан тарихы үлкен қазағаға ұшырады» деп хабарланды. «Қабырға сынбаса да, қайыс­тыратындай» ауыр қаза болды. «Тәу­бе» демеске шара жоқ, өйткені соңын­да мәңгі өлмейтін ғылыми мұ­ралары, еңбектері қалды… Ұрпағы, ба­лалары қалды.
«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» демекші ғасырлар үнін бүгінге жет­кізген данагөй ата-бабалар мен Отан алдындағы парызын ақтап, қарызын түгелдей өтеген ақ пейілді азамат, көр­некті тарихшы ғалым – Көшім Ле­керұлының есімі, өнегелі де өрісті жолы ұмытылмақ емес. Ішінен шыққан туған перзентіндей аялаған ғы­лыми-зерттеулері оның өлмес мұра­сындай болашаққа жол тартуда. Сізге мың тағызым, жаны жаздай жар­қыраған асыл Аға, ақ жол…

Бақыт Есмағамбетқызы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір