Тұғырлы әулеттің тұмары
17.11.2017
3536
2

Фаузия Оразбаева,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымының докторы, профессор


Қазақ халқының ұғымында «тек», «тектілік» деген сөздер ерекше әлеуметтік мәнге ие. Бұл сөздер әсіресе жекеленген тұлғаларға, абырой биігіне көтерілген әулеттерге қатысты жиі қолданылады. Болмысынан ерекше дарынды туған, ата-тегінен үзілмей келе жатқан айырықша қасиеттерге бай жанұялардың жаратылысын тану үшін, немесе дара бітімді тұлғаларды бағалау үшін айтылады. Қазақ арасында мұндай бағаға ие болған әулеттер мен жеке тұлғалар баршылық. Жиырмасыншы ғасырда осындай ұлт биігіне көтерілген әулеттің бірі және бірегейі – Жұбановтар отбасы. Бұл жөнінде аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ.

Ел аузында, әсіресе, зиялы жұрт­шы­лық арасында ұлтымызға талант­ты­лар мен дарындыдарды, білімділер мен біліктілерді мол берген осынау ор­далы отбасы туралы жанды байытар жақсы сөз көп…
Әріден таратып айтар болсақ, Қуан ата мен Бибішынар анадан та­ра­ған Құдайберген мен Ахмет Жұ­банов­тар Қазақ Елінің рухани кодына, ұлттың паспортына айналған көр­некті ірі өкілдерді мол берген. Мы­салы академик Ахмет Жұбанов – қа­зақ музыкасын әлемдік биікке кө­терген, даңқы жер жарған атақты ком­позитор, Ахмет Жұбановтың қы­зы – ҚСРО халық әртісі Ғазиза Жұ­банова – ұлттық музыкамызды клас­сикалық үлгілермен сәтті ұш­­тас­тырған әйгілі кәсіби композитор, Болат Жұбанов – ұлт ғылымында өз орны бар академик, Ажар Ахмет­қызы Жұбанова – академик, химия ғылымдарының докторы, профессор, белгілі ғалым-ұстаз.
Құдайберген Қуанұлы Жұбанов – қазақ тіл білімінің ғылыми негізін салу­шы аса көрнекті тілші-ғалым, про­фессор. Құдайберген Қуанұлы мен Раушан Оспанқызының балалары: Мүслима Жұбанова – педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, ғалым-ұстаз, «Әліппенің» авторы; Ақы­рап Жұбанов – сурет училищесін бас­қарған маман-ұстаз, кәсіби су­рет­ші; Есет Жұбанов – филология ғы­лым­дарының докторы, профессор, белгілі әдебиетші-ғалым, көп шәкірт тәр­биелеген ұстаз; Қырмызы Жұ­ба­нова да еңбекқор, талапты болған. Ал қазіргі кезде ұрпақ жалғастығын сақ­тап отырған Қызғалдақ Жұбанова – экономист маман, өз ісінің білгірі. Осы әулеттің кенжесі бүгінгі ма­қа­ла­мызға арқау болып отырған, сек­сеннің биігіне көтерілген филология ғы­лымдарының докторы, профессор, тіл білімінің жаңа саласын қа­лып­­тастырған көрнекті ғалым, жо­ғары мектепте жастарды біліммен су­сындандырып келе жатқан білікті ұс­таз – Асқар Құдайбергенұлы Жұ­банов.
Байыптап қарасақ, әр қайсысы әр саланың бір-бір білікті маманы ғана емес, республикамыздың рухани әле­­мін ұлттық құндылықтармен байы­­тып отырған ірі-ірі өкілдер, әр­қай­­сысы – қазақ ұлтының сыры мен си­патын тануға мүмкіндік берер та­нымал тұлғалар. Шын мағына­сын­да­ғы дарынды перзенттермен ұлттың ру­хани әлемін байытқан Жұба­нов­тардың қазақтың тұлғатану іліміне өз үлесін қосып, сапалы ұрпақ тәр­бие­леп, әулеттану дейтін сирек айна­лым­ға түсер ұғымды да ұлт топыра­ғында қалыптастырғаны даусыз!
Осындай өскен, өнген әулеттің қа­зақ мәдениетіне, ұлттың рухани әле­міне қосқан үлесін зерделей отырып, тамырын тереңнен тартар құн­дылықтарымызды түгендеу – бүгінгі ұр­пақтың міндеті. «Егер жаңғыру ел­дің ұлттық-рухани тамырынан нәр ал­маса, ол адасуға бастайды. Жаңа тұр­патты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу.Со­нымен бірге, рухани жаңғыру ұлт­тық сананың түрлі полюстерін қиын­нан қиыстырып, жарастыра алатын құ­діретімен маңызды», – деп Прези­ден­тіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев «Болашаққа бағдар: рухани жаң­­ғыру» мақаласында атап көрсет­кен­дей, ұлттық сананың қалыптасу үлгілері мен жолдарын түгендегіміз кел­се, осындай әулет пен осындай тұл­ғалардың ұрпаққа өнеге болар мұ­расын танып-білгеніміз абзал.
Қазақ Президентінің: « Әрбір өл­кенің халқына суықта пана, ыс­тық­та сая болған, есімдері ел есінде сақ­талған біртуар перзенттері бар. Осы­ның бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс» деген сөзінің төркінінде хал­қы­мыздың бойында ұлттық біре­гейлікті қамтамасыз етудің, жеткін­шек буынға елін, жерін, біртуар тұл­­ғаларын насихаттаудың, ұрпақ са­насына шынайы отаншылдық пен патриотизмді сіңірудің бағыт-бағ­дары жатқаны анық. «Бұл – кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодтың не­гізі», – деген Елбасы ұстанымы ұлт­тың өзін-өзі танып бағалауының дәуір­лік критериі..
Ұрпақ ойы мен ұлт санасын осын­­дай өнегеге бағыттаудың өмір­шең үл­гісін қазақтың біртуар перзенті Құ­дайберген Жұбановтың: «Еліңді, жеріңді, Отаныңды сүй. Сол үшін ең­­бектен! Тарихқа үңіл: тарихы жоқ ел де, тіл де, ұлт та тұл!» деген сөздері­нен де айқын аңғарамыз. Екеуі екі дәуір­­де, екі түрлі кезеңде айтылғаны­мен, ел ертеңі мен ұлт болашағын ой­лаудан туған бір мақсат, бір мүдде жұ­мылдырған пікір сабақтастығы еке­ні күмәнсіз.
Елдік мұраттардың мәңгілігі мен ру­хани құндылықтардың озық болуы хақындағы осынау пікірлер төр­кінінде қаншама ұқсастық жатыр?! Өз­герген заманалар мен түлеген қо­ғам­дар қанатында жүріп, кешеден бү­гінге жеткен ұлт мұратының аманаты осылай жалғасты болғанда ғана Тәуесіздіктің жеңіске жетері анық!

* * *
Адамзат жаратылысы – жұмбағы мен сыры мол, көпсатылы өзгерістер­ден тұратын күрделі құбылыс.
Әр сәбидің дүниеге келу, өсу, қа­лып­тасу жолында ата сүйегімен біт­кен, ана сүтімен сіңген ғажайып тек­тік сипатымен қатар, адами бол­мы­сын айғақтар табиғи бітімі, тек өзі­не ғана тән қарым-қабілеті болады…
Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов ба­ла кезінен техника, математика ба­ғы­тындағы салаларға ерекше қы­зығу­шылық танытып, ынта байқата­ды. Ол орта мектепті бітіріп, 1955 жы­лы Абай атындағы ҚазПИдің фи­зика-математика факультетіне ма­те­ма­тика мамандығына оқуға түседі…
Өз өмірінің осы бір кезеңдерін Ас­қар ағамыз әрі мұңайып, әрі тебі­реніп, толқып еске алады…
Алматы қаласы. Тау-кен (қазіргі по­литехникалық ) институтына ең жоғары балл жинап, бүгін-ертең сту­дент боламын деген қуанышты сәт-сағаттар… Аяқ астынан қатал заман: «Халық жауының баласы!» деген айып тағып, түсіп тұрған оқуға өтпей қалғаны, арманының тауы шағыл­ғаны… Ағасы Есеттің оны ҚазПИ-дің ректоры атақты алаш перзенті, Кеңес­тер Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің алдына ертіп апар­ғаны… Сол жиған балымен ҚазПИ-дің физика-математика факультетіне оқуға түскені есінде… «Шырағым-ау, сен Құдайберген Жұбанов деген ұлы қазақтың баласы екенсің ғой» деп, ардақты ағаның бауырына басқанын қалай ұмытуға болады? Неткен мейі­рім?! Неткен адалдық?! Мәлік аға се­­кіл­ді таза, әділ жандардың арқа­сын­­да жас жігіттің болашаққа деген се­німі қайта оянды емес пе?!. «Сенің әкең – ұлы кісі» деген сөз сол сәт ж­а­рым көңіліне жарық нұр сепкендей болып еді…
Институтты бітірген жас маман Қа­зақ Мемлекеттік ауылшаруа­шы­лық институтының жоғары математика кафедрасында оқытушы болып жұ­мыс істейді. Жоғары математика кур­сынан сабақ беріп жүрген Асқар Жұ­бановты өмір, тағдыр әр алуан сын­дарға салып, әр қилы белдерге же­те­лейді. Осындай жаңа белестің бірі – техникалық бағыттан қоғам­дық-гуманитарлық салаға ат басын бұрып, басқа мамандықты игеру бол­ды.
Асқар Құдайбергенұлының өзі­нің бастапқы базалық білімін өзгер­тіп, тың салаға, жаңа мамандыққа бағыт алуы оның өміріндегі үлкен бет­бұрыс еді… Мұндай түбірлі өзге­ріс­ке қадам жасауының бірнеше се­бебі болды.
Ең басты себеп – әке рухына деген адалдық!..
1937 жылы «халық жауы» деп жен­деттер әкесін ұстап әкеткенде ту­ғанына алты-ақ күн болған жөргек­те жатқан қызыл шақа сәби – Асқар әке мейірімін сезінбей, әкенің кес­кін-келбетін көрмей өсті. Бірақ ол отыз жетінші жылдың құрбаны бол­ған әке махаббатын өмір бойы аңсап, іздеп, ғұмыр кешті. Қайда барса да, кіммен жолықса да «Сен әкең кеткенде, қырқынан шықпаған, ес біл­мейтін бала едің , әкеңді көрген де жоқ­сың» деген сөздер алдынан шы­ғып, жанын жабырқататын.
Перзент Асқар әке рухына табына жүріп, оның ішкі жан-дүниесін, жасаған істерін, атқарған қызметтерін ой елегінен өткізетін, әкенің ісі мен сөзі әркез жадында жаңғырып, іштей аяулы жанның рухымен үнсіз сырласатын, тілдесетін. Рухқа жақындау, рух­пен тілдесу оның ой-санасына өз­­геше сәуле құйып, ана тілінің құ­діретін сезінтті. Алаш жұрты қадір­леген кемеңгер жанның ісін жалғау перзенттік парызындай болып елес­теді. Жас Асқарға әке рухы кейде қа­­сында тұрған жақын бейнедей елес­тесе, кейде қол жетпейтін алыс­та­ғы биік шыңдай болып көріне­тін…
Ол тірісінде көре алмаған, ала­қа­ны­ның жылуын сезініп еркелей ал­маған әке бейнесін тұмардай түйіп, жүрек түкпірінде ұстады. Өмір бойы өзіне идеал санады. Көзге көрінбейтін құ­діретті күш әке мен баланың арасына жалғау болып, Асқар Құдай­бер­генұлын қазақ тілі ғылымымен ай­налысуға алып келді.
Екінші себеп – тіл ғылымының да­муы барысында жаңа бағыттың өмірге келуі.
Өткен ғасырдың жетпісінші жыл­дарында ғылымда гуманитарлық саланың жаратылыстану-математика пәндерімен интеграциялану бағыты кең өріс алды. Ғылымдардың то­ғысуы заман талабы мен уақыт сұра­ны­сына сәйкес қоғамда тың сала­лар­дың пайда болуына ықпал жасады. Осындай салааралық бірігуден «қол­данбалы тіл білімі» ғылымының ны­­саны мен құрамын кеңейткен «ма­тематикалық лингвистика» атты тіл ғылымын компьютерлеген, маши­налық-техникалық аудармаға негіз­деген, тілдік бірліктердің сандық өлшеміне басты назар аударған жаңа өзекті сала іске қосылды. Ғылымдағы жаңа саланың дамуы жаңа ғылыми мамандарды әзірлеуді қажет етті. «Ма­тематикалық лингвистика» ілімі тіл білімінің жаңа саласына келетін кадрлардың базалық білімі информатика, математика, статистикамен байланысты болғанда ғана тың бағыттың дұрыс жолға қойылатынын тәжірибе жүзінде көрсетті.
Асқар Жұбанов осы талапқа сай келетін бірден-бір кәсіби маман еді. Бұл – уақыт тудырған қажеттілік. Әри­не, лингвистика мен математика се­кілді бірінен-бірі алыс жатқан екі са­ланы бір арнаға тоғыстырып, тео­риялық, методологиялық жақтан те­рең игеру; ғылыми негіздері алшақ жат­қан пәндерді ортақтастырып, жаңа­лық ашу оңай шаруа емес еді. Бұ­рын-соңды айналыспаған ілім жо­лына түсу үшін көп оқу, талмай іздену керек болды. «Ғылым инемен құдық қазғандай» демекші, үлкен мақ­сатты жүзеге асыру тынымсыз ең­бек пен табандылықты қажет ет­ті.
Отыздан жаңа асқан Асекең атақ­ты тілші ғалымдар мен филоло­гия ғылымының білікті де білгір маманы Есет ағасы тарапынан математикадан филологияға ауысу туралы өзіне ұсыныс болғанда, таразы басына жауапкершілік пен тө­зімділікті қатар қойып, көп ойланды. Есіне Әке бейнесі, Әкесінің артына қалдырған: «Ата-бабаңды, сені жа­рық дүниеге әкелген әкең мен анаң­ды құрметте, олардың игі тілегі мен жақ­сы ісін жалғастыр» деген өсиеті орал­ды. Бар саналы өмірін ұлттың білімі мен мәдениетіне, рухани құндылык­тарына, адамзат игілікте­ріне, ғылым жолына, соның ішінде , ұлттың ең ұлы құндылығы қазақ тіл білімінің дамуына сарп еткен ұлы адамның ойы мен ісі, көзқарасы мен пікірі, ең­бегі мен зерттеулері жадында жаң­ғырды: «Ана тіліңді қастерле, анаң­ның, бабаңның тілін жетік біл. Тіл дегеніміз – шежіре» деген еді ғой ке­меңгер әке. Құдайберген Жұбанов зерт­теп-зерделеген тіл біліміне қадам жа­сау, әке рухымен жақындасуға, қа­зақ тілімен біржола қауышуға ба­ғыт­тады. Мағыналық иірімдері сан алуан, ой орамдары әсерлі қазақ тілі­нің бай сөздік қорына деген тылсым тартылыс жас ғалымға қанат бітірді.
Сөйтіп, математик-оқытушы тіл қа­зынасын ғылыми тұрғыдан игеруге бет бұрды. Ол 1967 жылы республи­ка­мыздағы қазақ тілін зерттейтін ғылыми орталық – Тіл білімі инсти­ту­тының күндізгі бөлімінің аспиранты болып қабылданды. Бұл жылдар «математикалық лингвистика» саласына қатысты Мәскеуде, Ленинградта, Минскіде жаңа орталықтар ашы­лып, аспиранттар мен із­дену­шілер дайындала бастаған кез еді. Қазақстанда белгілі математик-ғалым Қалдыбай Бектаев лингвис­ти­калық сөздіктердің сандық және сапалық белгілерін математикалық статистика тәсілімен зерттеуге жол ашып, тілдің сөз байлығын жүйелеуге кіріскен болатын. Тіл білімі интиту­ты­ның директоры академик Ісмет Кеңесбаев бастаған білікті ғалымдар одақтас республикалардың ішінде бірінші болып осы сала бойынша ғы­лыми топ құрып, іске кірісіп те кеткен еді. Топтың арасынан Асқар Жұ­банов алғашқылардың бірі болып Минск қаласына аттанды, «матема­тикалық лингвистика» орталығында статолингвистика бойынша білімін жетілдірді, дәрістер тыңдады, тәжі­ри­беден өтті.
Үшінші себеп – бала кезінен фи­зика, радиотехника, математикамен ай­налыса жүріп, Асқардың орыс ті­лін жетік біліп, спорттың түр- түрі­мен де, м­у­зыкамен де шұғылда­нып, таби­ға­ты­нан зерек, талапты, ең­бек­қор, із­денгіш болып өсуі.
Жас маман тіл білімінің ғылыми-тео­риялық мәселелерін электрондық құралдармен байланыста зерделей жүріп, әкесі Құдайберген Қуанұлы­ның: «Тіл – әлеуметтік көрсеткіш», «Тіл – жүйелердің жүйесі», «Тіл – ди­на­­микалық құбылыс» деген тұжы­рым­­дарын естен шығармады, осы сөз­­дердің мән-мазмұнына бойлады.
Алғашқыда тіл білімі күрделі де қиын заңдылықтар жиынтығы тә­різ­ді көрінгенімен, ол келе-келе линг­вис­тиканың қызықты, маңызды фак­­­­тілеріне жолықты. Әке зерттеген ілім дүниесіне кірді. Бұл ілімнің нақ­ты дерекке сүйенген математи­ка­лық деңгейіне қаныққан ізденуші түрлі сөз табына жататын сөздер мен қол­даныстарды машина көмегімен анық­­т­ап, мәтін құрамындағы сөздер мен сөз таптарының үлес салмағын ажы­ратып, олардың ықтималдық-
с­та­­тистикалық заңдылыққа бағыну ар­қылы тілдік жүйеге түсетінін анық­­­­тады.
Асқар Жұбанов тілдік қолданыста сөздердің жиі ұшырасуы адам ойын дәл, ұғынықты жеткізуге қаншалық­ты ықпал ететінін жиілік сөздіктерді түзу арқылы дәйектеді. Ол алғаш рет қазақ тіліндегі бірліктердің автомат­тан­ған жиілік сөздіктерін құрастыру­дың алгоритмі мен арнайы бағдарла­ма­сын жасады. Тынымсыз еңбек пен ұзақ ізденістің нәтижесінде Асқар Жұбанов 1973 жылы физика-матема­тика ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы Қалдыбай Бектаевтың жетекші­лігі­мен, академик Ісмет Кеңесбаевтың ғылыми кеңесшілігімен «ЭЕМ (электронды есептеуіш машина) көмегімен қазақ мәтінін статистикалық зерттеу» атты тақырыпта кандидаттық дис­сертациясын жоғары деңгейде қорғап шықты.
Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында қолданылған сөздердің статистикалық құрылымын шы­ға­рып, ғалым жазушы шығармасын­да 465691 сөзқолданысты пайдалан­ға­нын анықтады. Бұл жұмыс кейіннен «Абай жолы» романының жиілік сөз­дігін» түзуге көмектесті.
Асқар Құдайбергенұлы математика мен лингвистиканы тоғыстыра келіп, тіл білімінің коммуникативтік мәні жоғары, адамдардың бір-бірі­мен түсінісуіне әсер ететін қаты­сым­дық бірлік – мәтіннің мазмұны мен құрылымының қолданбалы маңызы жөнінде тәжірибелік алаңдар ашып, зерт­теулер жүргізді. Ұзақ жылғы зер­делі еңбектің қорытындысы профессор А.В.Зубовтың кеңесшілігімен «Қазақ мәтіні мазмұнын формалдау­дың негізгі ұстанымдары» деген та­қырыпта докторлық жұмыс деп танылып, 2002 жылы докторлық дис­­сертация қорғалды.
Жастайынан табанды, әр іске жауап­кершілікпен қарайтын Асекең бар күш-қайратын жаңа саланы мең­геруге жұмсады. Ол «математикалық лингвистиканың» білгір мамандары, профессорлар Р.Г.Пиотровский, А.В.Зубовтың мектебінен өтті, көр­некті түркітанушы ғалым Ә.Құрыш­жа­новпен бірге жалпытүр­кілік сөз­дер­­дің сапалық көрсеткішін зерт­­теп-зерделеді.
Уақыт мөлшерімен есептегенде жар­ты ғасырдан асып жығылатын мерзім ішінде филология ғылымда­ры­ның докторы, профессор Асқар Құ­дайбергенұлы Жұбановтың ұлт ру­ханияты мен ғылымына қосқан үлесін төмендегіше бағалауға болады. Ол:
Біріншіден, Қазақ Елін тәуелсіз «ұлт ететін мәдени-генетикалық код­тың негізі» – атадан балаға мирас бо­лып келе жатқан ана тілінің бай сөз­дік қорын замана талабына сай жаңа технология негізінде зерттеді. Бұл орайда, ғалым «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл. Сондықтан тілді қа­дірлеудің, әрбір сөздің мағынасын, мә­­нін ұғып, оны орынды пайдалана білу­дің мәні зор», – деген Мұстафа Шо­қайдың пікірін ұстанды. Ғалым сөз­дердің мағынасы мен мәнін дұрыс тү­сініп, ұтымды пайдалана білу оның сапасы мен сандық өлшемін иге­руге, қолданысқа түсетін сөздік қор­дың мазмұны мен құрамын толық меңгеруге байланысты екенін де те­рең ұғынды.
Асқар Жұбановтың өз зерт­теу­лерін­де ана тіліміздің сөз байлығын статистикалық тұрғыдан сараптай ке­ліп, ұлттың бойтұмары болып та­бы­латын қазақтың терең де мағы­на­лы, ойлы да тұжырымды, шешен де көсем сөзін мәдени-генетикалық код есебінде сақтауға ұмтылады. Ғалым ұлттың басты байлығы саналар Қа­зақ Сөзін Қазақ Елінің өркендеуі жолындағы білім қорына жинауға, картотекалық базаға түсіруге, ста­толингвистикалық жүйеге келтіруге, компьютерлік желіге жинақтауға айырықша мән береді. Осы бағыттағы зерттеуші еңбектері еліміздің оқу, бі­лім, ғылым парадигмаларының ғы­лыми негіздерін айқындауға, жаңа тех­нология мен тың салаларды жетік білетін өркениетті елдің интеллектуалды ұлт өкілін тәрбиелеуге, ақпарат­тық кеңістікке еркін араласуға мүм­кіндік жасары анық.
Екіншіден, Асқар Жұбанов ең­бек­тері ғылымдар тоғысында өмір­ге қажетті тың бағыттардың пайда болып, тіл білімінің жаңа салаларының қа­лыптасып дамуына әсер етті. Оның айқын дәлелі: қазақ тіл білі­мінің қол­данбалы лингвистика саласы бүгінгі күні үздіксіз білім беру жүйе­сінде ұр­пақ тәрбиесі мен ұлт са­­на­сын өрке­ниет­ке жеткізуде маңыз­ды орынға ие.
Үшіншіден, ғалым сөздік қордың базалық басты тірегі – сөз бен сөздік екеніне айырықша көңіл аударады. Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай: «Барлық істің басшысы – білім мен ұғым». Ал білім мен ұғымды қатар қа­лыптастыратын – сөздіктегі тілдік бір­ліктердің мәні мен мағынасы. Лексикография ілімі сөздердің саны мен мазмұнын біртұтас жүйеге түсіре келіп, тілдік қазынаның генетикалық қорын қамтамасыз етеді. Ғалым зерттеулеріндегі ғылыми-статис­ти­калық, қолданбалы-прагматикалық, теория-практикалық шешімдер лексикография ілімінің дамуына мол кеңістік ашатыны күмән тудырмайды.
Осы тұрғыдан келгенде, оқу про­це­сінде Асқар Жұбановтың көме­гі­мен түзілген жиілік сөздіктердің орны ерекше. Жиілік сөздік тілдік қол­даныста әр сөз неше рет қай­та­ла­нады, қайталану тізіміне сәйкес оның белсенді сөздік қор құрамында алатын орны қандай, жиілік ретіне қарай оны қалай орынды пайдалануға болады деген мәселелерді қамтиды. Кез келген тілді үйрету барысында сөздің тілдегі жиі жұмсалу қабілетіне, басқа сөздермен тіркесу заңдылы­ғына, сөзжасамдық белгісіне ерекше назар аударылады. Қазақ тілін мем­лекеттік тіл ретінде өзге ұлт өкіл­дері­не үйрету аса өзекті болып тұрған бү­гінгі күнде жиілік сөздіктерге деген сұраныс артып отырғаны көпші­лік­ке аян.
2016 жылы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Кенжеғалиұлы Са­ғадиевтің тапсырмасымен жалпы бі­лім беретін орыстілді мектептерде «Қа­зақ тілі» пәнін коммуникативтік ба­ғытта оқыту үшін 1–11 сыныптарға арналған лексико-грамматикалық минимум әзірлеу қажет болды. Тілді жедел әрі тиімді меңгерту, қазақша сөйлеуге үйрету әр сыныпқа қатысты ең қажет жиі қолданылатын сөздерді және сол сөздерді бір-бірімен дұрыс тіркестіруге ықпал ететін ережелерді сұрыптап алуға байланысты. Осы жұ­мысты атқару барысында профессор Асқар Жұбанов бастаған Тіл бі­лімі институтының ұжымы дайын­да­ған «Қазақ тілінің жиілік сөздігі» лексикалық минимумның сапасын анықтауға көп қызмет етті. Мұның өзі ғалымның зерттеу еңбектерінің өмір­шеңдігін , уақыт сұранысына қа­жеттілігін дәлелдейді.
Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған: «Заманауи әлем­дегі бәсекеге қабілет – мәде­ниет­тің де бәсекелік қабілеті деген сөз» дейтін құнды пікірі жалпы адами ­капиталды қалыптастырар ғылым мен білімнің, рухани әлеміміздің үнемі даму үстінде болуын міндет­тейді. Әлемдегі ғылымның қазіргі даму деңгейі ғылыми-теориялық тұжырымдардың шешілуімен емес, теорияның практикаға ұштасуымен, ғылыми жаңалықтардың қоғамға, адамға, мемлекетке келтірген пай­дасы­мен өлшенеріне көзіміз жете түсу­де. Яғни теорияның сапасы сан­дық өлшеммен бағаланып, оның практикалық маңызы артты деген сөз. Осы ретте осыдан сексен жылдан астам уақыт бұрын айтылғанымен, өзінің проблемалық сипатын әл­сіретпеген: «Білімге айналмаған ғы­­лым – пайдасыз ғылым», – дейтін ұлт­­тық тілдің ғылыми негізін қалау­шы­лардың бірі Құдайберген Жұба­новтың пікірін үнемі есте ұстаған жөн. Қажетті, ұлттық сананы жаң­ғыр­татын білімге айналу үшін ғылым практикалық-қолданбалы жағынан өмірге еркін енуі керек. Ол үшін ғылым сапасының сандық, пайыздық көрсеткішін бағалайтын есептеуіш техника, компьютерлік, инфор­ма­тикалық білім ауадай қажет.
Сөзімізді түйіндей отырып айтарымыз: зерттеу жұмыстарының неше пайыз немесе қанша рет, қандай нә­тиже бергені статистикалық тұр­ғы­дан есептеле келіп, теориялық ізде­ніс­тің қорытындысы сандық көр­­­сеткіш арқылы ғалым еңбегінің құндылығын анық­тайды. Бұл, біріншіден, қолдан­балы лингвистиканың маңыздылы­ғын көрсетсе, екіншіден, статистика­лық ғылыми бағыттың заман қажетін өтейтін көкейтестілігін аңғартады. Демек, математик-тілші Асқар Жұ­бановтың еңбектері заманауи талаптарды өтеуге, ғылым мен білімді өр­кениет талаптарымен сабақтасты­ру­ға бүгін де мүдделі. Мұндай зерт­теу­лер, әсіресе, қазіргі тың тұрпатты жаң­ғыру жағдайында Елбасы белгі­ле­ген «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ла­масының толыққанды жүзеге асуы үшін аса қажет. Мұның өзі ғалым із­деністерінің бұрынғыдан да көп сұра­нысқа ие болып, бәсекелестікке қа­білетті маман дайындауда маңызы арта түскенін көрсетеді. Осы процесс жөнінде «Рухани жаңғыруда»: «Ком­пьютерлік сауаттылық, мәдени ашық­тық сияқты факторлар әркім­нің алға басуына сөзсіз қажетті алғы­шарт­тардың санатында» деп айтыл­ған.
Асқар Құдайбергенұлы Жұ­банов­тың өміріне бетбұрыс әкел­ген, ғылым жолына арқау болған зерттеу нысаны оны әке рухына жақындатып, жолын қууға септігін тигізумен бірге өмірден өз орнын табуына да көмектесті. Әке ру­хы алдындағы жауапкершілік, ғы­лым алдындағы адалдық, ұлт ал­дын­да­ғы парыз, ел алдындағы міндет – бәрі бірігіп, оны еңбекке құл­­­шын­дыр­ды, күреске жетеледі, ғы­лыми ізде­ніс­терге жұмылдырды. Айналып келгенде, ғылымда ат­қа­рыл­ған іс те, жас ұрпақ тәрбиелеу ж­о­лындағы ұстаздық қызмет те бі­лім­ді, білікті ғалымды ғылым мен аза­маттықтың биігіне көтерді. Оның көз ­майын тауысып жазған кітаптары, зерделі зерттеулері ұлт руханиятына арна боп қосылды, тілдің қазынасына айнал­ды. Оған куә – «алтынның сы­ны­ғы, асылдың тұяғы» саналар Ас­қар Жұбановтың сексеннің сеңгіріне шыққанша еңбек етіп, ұлттық сананы жаңғыртуға, «адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруы­ның бірі» (Ахмет Байтұрсынұлы) – тілді зерттеп-зерделеу арқылы ұлт­тың мәдени-генетикалық кодын сақ­тауға, дамытуға өз үлесін қосып отыруы.
Осының өзі ғалымның ғылымға, ұлт руханиятына тектілік биігінен қа­раған азаматтық ұстанымын танытса керек.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 05.08.2020 | 00:27

Керемет жазғансыз рахмет сізге, аяулы ағамыздың рухы биік болсын, ғылыми еңбегі ұрпағымен жасасын деймін.

Аноним 09.10.2021 | 21:55

Мақала керемет жазылған. Жұбановтар әулетімен мақтанамыз, ұрпағымен мың жасасын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір