«Тастүлек» анимациялық фильмі хақында
19.08.2015
2322
0

546«Тастүлек» анимациялық фильмін Қазақстан республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм киностудиясы» мен «GURSHIK» студиясы бірлесіп жасаған. Бұл картинанытәуелсіздіктен кейінгі қайта өрлеуге бет алған ұлттық кино өндірісіндегі анимациялық фильмдердің үздіктер қатарын толықтырған қазақ киносындағы ұлттық мәдениет пен ұлттық құндылықтар тақырыбын өзек еткен, көркемдік деңгейі жоғары, сәтті туындылардың бірі деп бағалауға болады.

Фильмді жасаушы шығармашылық топ Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының үздік түлектері. Сценарий авторы – Ербол Бораншы, қоюшы режиссер-аниматорлар – Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы.
Ел аузында құсбегілердің атасы Жалайыр Шора жайлы «Мен аспанда жүрсем қана­тым талат, жерге қонсам Жалайыр Шора ал­ат» деп келетін аңыз-әңгімелер әлі күнге айтылады. Сол құсбегілердің атасы Жалайыр Шора аспан еркесі, құс біткеннің патшасы бүркіттерді бабына келтіріп баптап, қайыруын тауып саят құрған кісі екен. Оның үстіне сол қырын құстарды түсі мен сипатына, тұрқы мен жаратылысына қарай «Сен Ақшегірім Нарынның еркесі бол, Сабалақ сарым Сауыр тауды мекен ет, Қаракерім бара ғой, Боғда таудың еркесі бол, Сен Ақиығым Алтай тауын мекенде» деп төрт сілемге ұшырыпты дейді. Осыдан бастап бүкіл қазақтың кең байтақ даласы мен асқар тауларын мекендеп, зеңгір көгінде еркін самғаған құс еркесі қырандар­дың иесі Жалайыр Шора деген наным қалып­та­сыпты. Құсбегілікті кәсіп еткен сахара халқында осы Жалайыр Шораны пір тұтып құрметтейтін, тіпті Жалайыр Шора аян берген екен дейтін де дәстүр болған.
Ықылым заманнан бергі осындай дәстүр­дің негізінде ел аузында айтылатын, құс­бе­гілік­ке байланысты аңыз-әңгімелердің ішін­де «Тінейдің сары құсы» дейтін аңыз бар. Осы аңыз-әңгімелердің желісінде жазылған Қытай қазақтары арасынан шыққан ғалым, зиялы азамат Нығмет Мыңжанидың «Тінейдің сары құсы» дейтін этнографиялық әңгімесі жарияланған. Дәл осы әңгіме «Тастүлек» фильміне негізгі арқау болған. Демек, қазақ анимациясындағы соңғы жылдары іркес-тіркес жарыққа шыққан «Мұңлық-Зарлық», «Толағай», «Қошқар мен теке», «Ертөстік және айдаһар» атты фильмдерден кейінгі, ұлттық фольклорлық қазынамыздан нәр алған тағы бір сәтті туындыға куә болып отырмыз.
Ендеше «Фильм несімен сүйіндірді, сәтті шыққан тұстары қайсы, «Тінейдің сары құсы­ның» әдеби нұсқасын пайдалануда қандай тәжірбиені қолданған, ұтқаны қайсы, ұттыр­ған, әттеген-ай дегізген тұстары бар ма? Көр­кемдік деңгейі қандай?» деген мәселелер төңі­регінде картинаға талдау жасап кө­рейік.
Фильм авторлары әдеби шығарманың бас кейіпкері мен негізгі оқиға желісін алып, қайта сюжет құру тәсілін қолданған. Бұл экранизация тәсіліндегі тәжірибеден өткен әдіс. Осы жердегі қолданған тәсілдерді әдеби нұсқа мен фильмді салыстыра отырып қарас­тырсақ, фильмнің өзіндік ерекшеліктері мен ұтқан тұстары айқындала түсетін сияқты.
Мысалы, алдымен фильмдегі әдеби нұсқадан алынған, ұқсас екі мәселеге тоқ­тал­­сақ: бірі, фильмдегі негізгі қаһарман – бас кейіпкер қыран құс әдеби нұсқадағыдай қаз-қалпында қалып, тек атауы ғана өзгер­тілген. Әдеби нұсқадағы Сары құс – Тастүлек деген атпен берілген. Екіншісі, әдеби нұсқа­дағы Сары құстың нағыз қыран, есті құс екенін айғақтайтын Айдаһарды өлтіретін, жын буып, көтеріліп ауырған кісінің жынын қағып алатын, иесі қайтыс болған соң бір жылдан кейін, иесінің асына келетін, соңында иесінің зиратына соғылып өлетіні сияқты оқиғалар фильм­нің негізгі сюжеттік желісін құрайды. Осы сюжеттер негізінде дүниеге келген «Тас­тү­лек» фильмінің нұсқасы, атап айтқанда жа­ңа сюжет, жаңа композициялық құрылым, Тінейдің Сары құсына байланысты ел аузында айтылатын әңгімелердің нұсқа­сынан мәні мен мағынасы жағынан да, көрерменге бере­тін әсер қуаты жағынан да еш кем шықпаған.
Қуантатыны сол, әлмисақтан бері ұрпақ­тан-ұрпаққа ауызша тарап келе жатқан фольклорлық жауһарымызды бүгінгі күннің көзқарасымен, еркін ойдың қуатын сіңіре отырып дамытады. Фильмнің ұлттық дәстүр, құндылықтарымызды ұрпақтар санасына таныстыру, сіңіру парызын толықтай ақтап шыққанын айтпағанда, фильм идеясы қайсы-бір замандардан бергі адамзат қоғамының мәңгілік трагедиясы болған ТҰЛҒА мен кішкентай адамдар арасындағы әділетсіздік­пен аяқталатын ащы да болса шындықты, дүниеқоңыздық пен көрсеқызар-суық қол­дық­ты, һәм кішкентай адамдар жағынан ауыр трагедиялық жағдайларға ұшырай бе­ре­тін ТҰЛҒАЛАР тағдырын көрсетуге тырысады. Тырысып қана қоймайды, оп-оңай жеткізеді.
Ал әдеби нұсқадағы сюжетке ұқсамайтын өзгерістерге үңілсек, төмендегідей төрт түрлі өзгерісті байқаймыз. Алғашқысы оқиғаның басталуы әдеби нұсқадағыдан басқаша. Әдеби нұсқада оқиға ауыз әдебиетінің ертегі жанрларының дәстүрі бойынша, бошалап кеткен биесін іздеп шыққан құсбегі Тіней, мұз үстіне құлындаған биесінің шуын жеп, тояттап отырған Сары құсты жолықтырады да оны ұстап алады. Бұл жерде құсбегі ақиық қыранды арнайы іздемеген. Ал фильмде Ақиықты арнайы тұзақ құрып ұстайды. Бұл фильм оқиғасының басталуы болғанымен, фильм басталмас бұрын баяндалатын, қыран құстың жаратушыдан өз салауатын алған тіршілік иесі екенін айғақтайтын, тамаша кіріспе эпизодты айтпай кетуге болмайды. Бұл бір тапқыр шешім болған. Олай дейтініміз, дәл осы кіріспе эпизод фильмнің не туралы екенін сездірумен бірге, көрерменді фильмге бірден ендіріп жібереді. Ары қарай фильм сюжеті өрбіп кетеді. Әрі осы шешім әдеби нұсқадағы «Тінейдің сары құсының» анима­ция­лық нұсқасын жасауда сценарист пен режиссердің тамаша бір тетікті таба білген­дігінің айғағы.
Екінші өзгеріс – құсбегіге қолындағы қыранының не үшін тышқан мұрнын қанатпай қойғанының себебін айтып, қыранның қасие­тін түсіндіретін оқиға. Әдеби нұсқада қол­ға түскен тұтқын Сары құстың Алтай асып келген Ақиық қыран екенін, оның қасиеті мен бабын құс иесі Тінейге түсіндіретін еді. Ал фильмде бұл мәселені Жалайыр Шора бабаның өзі түсіндіреді. Жалайыр Шора қыраны аңға түспей қапа болған құсбегінің түсіне кіріп, аян береді. Дәл осы түс көргізіп, аян бергізу тәсілі орынды пайдаланылған, әрі фильм құсбегілікке байланысты болғасын Жалайыр Шорадай аңыздық ірі тұлғаны көрер­менге таныстыруға үлкен пайдасы тиген. Күміс сақал абыздың өз аузымен беріл­ген аңыздарда айтылатын диалогтары керек жерінде сәтімен пайдаланылған, әрі өте көңілге қонымды шыққан.
Үшінші бір үлкен өзгеріс бұл – әдеби нұс­қада жоқ жаңа бір кейіпкер, жаңа бір образ дүниеқор, нысапсыз пенде бейнесі фильм сюжетіне сәтті кірістірілген. Бұл кейіпкер 23 минуттық фильмнің өн-бойында үш-ақ рет көзге шалынады. Демек кішкентай ғана эпизодтық кейіпкер. Алайда, осы кішкентай кейіпкердің сәтті шыққан образы бүкіл фи­льм­нің айтар ой мен негізгі идеясын арқалап тұрған сияқты. Фильмнің драматургиясы адамзаттың серігі, ұлы даланың еркесі бол­ған қыран құстың айдаһармен алысып, жын-шайтанмен жұлысқан ерлігіне қарамастан сол адамдардан опасыздық көруі, әрі сол опасыздыққа төзбеген текті де қасиетті қыранның өз-өзін жазым етуі дейтін болсақ, осы драмалық тартысты шырқау шыңына жеткізуге әсер етуші дәл осы дүниеқор, пайдакүнем кішкентай образ. Аталмыш образдың бейнесі фильмде үш ақ эпизод арқылы шебер ашылған.
Дәл осы тұста фильмге тауып қосылған тағы бір детальды айтпай кетуге болмайды. Ол –Тастүлектің Айдаһармен алысқанда зақымдалған тегеурінінің орнына салынған алтын тегеурін. Дәл осы тегеурін дүниеқордың болмысын ашуға және қыран құстың ауыр трагедиялық хәлге ұшырауына себепкер болады. Міне, осы тауып қосылған деталь біз айтып отырған өзгерістердің төртіншісі бол­мақ.
Жоғардағыдай экранизация тәсілдері мен ұтымды шешімдер жиналып келіп кейде қырандық пен асылдықтың, тоғышарлық пен пасықтық, дүниеқоңыздық сынды кішкентай пен­делік­тің құрбаны болып кететін трагедияны алға тартады.
Біз фильмнің драматургиялық құрылысы мен сценарийлік шешімдеріне ғана тоқтал­дық. Ал фильмдегі кейіпкерлер образының (Тастүлек, Айдаһар, адамдар бейнесі) қыранның қырандай, айдаһардың айдаһар­дай, т.с.с. нанымды болып сызылуы мен күрделі әрекеттердің шынайы да ширақтығы, ком­позициялық құрылымның шымырлығы, режиссерлік шешімдердің дәлдігіне дейін қай-қайсысы да жоғары кәсібилікті, шебер суретшілікті дәлелдейді.
Бұдан бөлек фондық суреттердің салынуы мен фильм музыкасының сазды, әуенді көркем болып, картина мазмұнына қабыса жазылуы да өз алдына бөлек тоқталуға тұрар­лық дүниелер.
«Тастүлек» анимациялық фильмі қазақ киносындағы үзілейін деп тұрған фольк­лор­лы-экрандық байланыс дәстүрін жалғаған сәтті туынды. Сондай-ақ, қазақстандық киноматографистерге ұлттық кино өндірісін өркендетуде, ауыз әдебиеті мен жазба әде­биет үлгілерінен пайдалануды ұмытпауды тағы бір рет ескерткен туынды болды деп есептейміз.

Жанат СҰЛТАНҒАЗЫ.  

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір