«Ең алдымен рухани тыныштық керек»
17.11.2017
1825
0

Елбасы «Діннің тұтастығы – елдің тұтастығы: діни алауыздық ұлттық алауыздыққа апарып соқтырады» деген еді. Бүгінгі таңда тек біздің елімізде ғана емес, әлемнің дамыған мемлекеттерінде де діни экстремизм мәселесі өршіп тұрғаны белгілі. Дінтанушы Кеңшілік ТЫШХАН руханияттың ең нәзік бөлшегі – дін төңірегінде өз пайымын айтып берді.


Кеңшілік ТЫШХАН, дінтанушы


– Түрлі жат ағымдардың елі­мізге келу тарихы қашан және қа­лай басталды?
– Шынын айту керек, осы уа­қыт­қа дейін біз қандай мәсһабта еке­німізді де сұрастыра бермей­тін­біз. Қазақ үшін жалпы «ислам ді­ні» деген ортақ ұғым болды. Одан кейін, ол басқа дін екен деген мә­селе біздің тарихымызда болған жоқ. Кезіндегі біздің дін ғұла­ма­ларымыз осы мәселенің барлығын тәп­тіштеп сұрап, халыққа керегін бе­ріп отырған. Сол себепті ешқан­дай мәселе туындаған жоқ. Ал енді тәуелсіздіктен кейінгі жағдайы­мыз, одан кейін ислам мемлекет­те­рінің байланысы, соның ішін­де­гі ең үлкен қызмет атқарғаны – дінге бет бұрған жастарымыздың өз мемлекетімізде жоғары діни бі­лім алу мүмкіндігі болмағаннан кейін, діни ғалымдар жетілме­ген­діктен, артынан еретін азаматтар болмағаннан соң көбісі шетелдерге діни білім қуып кетті. Соның ар­қасында кейбір ағымдардың ор­талықтарына, сол жердегі мед­ре­селерге тап болып, бірнеше жыл оқып, сол елдің суын ішіп, киімін кигеннен кейін біздің Қазақстанға солардың идеологиясын әкеліп тықпалады. Өкінішке қарай, біз­дің азаматтарымыз оны сұрыптап жататындай діни сауаты болма­ған­дықтан, солардың қатарына кетті. Енді қазір діни білім беру бойын­ша мемлекеттік заңнама­лар­ға өзгерістер енгізіліп жатыр. Нақты тексерілгеннен кейін қо­сым­ша шетелдердегі жоғары оқу орын­дарында білім алуға мүм­кін­дік бар. Бірақ нақты айқындалған, дұрыс екендігіне көз жеткізген оқу орындарына оқуға ғана рұқсат беріледі. Әрине, бұл кеш болуы да мүмкін. Бірақ «ештен кеш жақсы» демекші, кейінгі жастарға ие болып қалсақ та жаман емес. Дегенмен бұл ағым солай кірді. Сонымен бірге басқа да көптеген ағым­­дар кіріп кетті. Қазір білесіз, Қа­­зақстанда қаншама дест­рук­тив­ті, дәстүрлі емес ағымдар, со­ның ішінде протестанттық ба­ғыт­тағы қаншама ағымдар кірді. Оның ішінде қаншама қарагөз­деріміз бар. Сондықтан мұның бар­лығы біздің ұлт болашағы үшін, діни ұлттық тұтастығымыз үшін, ертеңгі күнгі рухани бір­лі­гіміз үшін алғышарттар деп айтуға болады. Сондықтан бұл нәрсемен әлі де болса табанды түрде күресу керек. Тек қана мемлекет, үкімет емес, жалпы азамат, қоғам, отбасы болып сергек қарауымыз керек. Өйтпеген жағдайда діни алауыз­дық өз қаракөз қандастарымыздың арасында ушығып кетуі мүмкін. Өйткені қазіргі әлемдік саясаттың бір ұшқыны осындай діни алауыз­дық тудыру арқылы мемлекетте дүрбелең тудыруға себеп болып отыр. Сонықтан біз осының алдын алуымыз керек.
– Бүгінде, әсіресе жастардың дінге көптеп бет бұрып жатқаны рас. Әйтсе де, сол жастардың көп­ші­лігі діни білімді өз бетінше ізде­не­ді. Осындайда олар адасып, жат ағымға кетіп қалмауының алдын қа­лай алуға болады?
– Бұл – ең үлкен проблема деп ай­туға болады. Өйткені діни білім беру орталықтары мемлекетімізде әлі де көп емес. Тәуелсіздік алған жылдары біздің діни басқармамыз Өз­бекстанға қарап тұрды. Өзбек­стан­нан кейін біздің өзімізде имам­дар дайындайтын «Ислам инс­­титуты» ашылды. Қазір енді «Нұр Мүбәрак» Ислам универ­си­теті болып құрылып, соның айналасында имамдарды дайындап жатыр. Бірақ енді бұның барлығы жеткілікті деп айту қиын. Сол се­бепті жастар қазір интернет зама­нында көптеген нәрселерді ба­қы­лап отыр. Баяғыдай мешіт­тер­дегі имамдардан емес, олар ақпаратты интернеттен ала қоюға бейім. Оның үстіне қазір бәрі әлеуметтік желіде отырады. Ал әлеуметтік желілерде дін таратушы арнайы мүд­делі топтар бар. Сол арқылы олар қаншама адамдарды өздеріне тартып жатыр. Адамдарды топқа кіргізіп, онда түрлі мәселелерді талқылап, діни уағыздарды жүр­гізу арқылы өздеріне тартып жат­қан жайы бар.
«Сәләфизм», «уаһһабизм» бойынша көп мәліметтер орыс тілінде та­рал­ған. Өйткені бұрынғы пост­кеңестік елдерге тарату үшін, Ре­сей­де осы нәрсені қолдану үшін орыс тілді ортада да бұл мәселенің қарқыны жоғары. Сондықтан осы тіл­де айтылған уағыздар немесе ви­деороликтер, әртүрлі сайттарға тіркеліп, дінге кіріп жатқан азаматтар бар. Яғни, діни сауаттылық деген нәрсе әр адамға керек қажет­тілік. Адам дінсіз өмір сүруі мүм­кін емес. Өйткені іште қандай да бір сенім бар. Сол сенімді ай­қын­дайтын көптеген тетіктер бар. Со­дықтан ішкі қажеттілік қана­ғат­тануы үшін адамдар, әсіресе жас­тар сол нәрсені іздейді. Бір күн бол­мас бір күн сол нәрсеге қарай бет бұрады. Әрине, дінге бет бұр­ған жастардың барлығын мешітте үй­рету оңай емес. Дегенмен, қазір дұ­рыс бағытта білім алу үшін мем­лекеттік діни басқарманың арнайы сайты, парақшалары бар, со­лар­дан үйреніп немесе арнайы сауалнама, сенім телефондары ар­қылы сауат ашу маңызды болып тұр. Әрине, оған бармаған жастарымыз, көп жағдайда интернеттен аламын деп адасып жатады. Сон­дықтан бұл мәселені де бірізділен­діру керек сияқты. Ал уағыз айту, аза­маттарды дінге тарту деген мә­селе қазір қарастырылып жатыр. Бірақ оның бәрінің аузына қақпақ болу қиын. Сондықтан жастар осы мәселеге мұқият болса. Діни бі­лімді мешіттерден, тіркелген ар­найы мекемелерден алса. Қазір мем­лекетте арнайы медреселер ашы­лып, жазғы сауат ашу курстары жұмыс істеп жатыр. Солардан алатын болса ертең адасып қалмас үшін өте маңызды қадам болар еді. Өйткені рухани тыныштық, рухани бірлік деген өте маңызды.
Он екі ғасырдан астам уа­қыт­тан бері ислам дінін ұстанып келе жа­тырмыз. Оның ішінде Әбу Ха­ни­фа бағыты Қазақстанда орнық­ты. Ешқандай діни алауыздық де­­ген мәселе болған жоқ. Бізде дін ұс­тану жағынан кемшілік болма­ған. Бізден қаншама дін ғұлама­лары шықты. Оның бәрін теріске шығарып, мансұқтап, оның бар­лы­ғы адасқан болған, қазіргі келе жатқан «сәләфилер», «уаһһабис­тер­дің» діні ғана ақиқат, қалға­ны­ның бәрі адасқандар деу – ол үл­кен фитнаның, алауыздықтың ал­ғышарттары болып саналады. Жас­тар, әрине қызуқанды, бейім­дел­гіш. Осы қасиеттеріне байла­ныс­ты осындай ағымдардың
қа­та­рын толықтырып жатқан жағ­­­­­дайлар бар.
– Дін – руханияттың ең нәзік бө­­лігі. Ол сенімге келіп тіреледі. Жас­­тардың жат ағымға ілесуінің бас­ты себебі олардың жүрегінде ата-бабамыздан қалған дәстүрлі дін­ге деген сенімінің аздығынан ба әл­де бұл туралы сауатының таяз­ды­­ғынан ба?
– «Дәстүрлі дін» деген соңғы кез­­де айтылып жүрген термин ғой. Жалпы, бізде мұндай сөз бол­ған жоқ. Өйткені, бұрыннан ұс­та­нып келе жатқан діни көз­қара­сымызды басқа ағымдардан ажы­ратып алу үшін «дәстүрлі дін» де­ген терминді қолданып жүрміз. Бі­реулер «дәстүрлі дін, дәстүрлі ис­лам» деген бола ма?» деп айтып жа­тады. Ислам – бір ғана ислам. Ол ешқашан бұзылған жоқ. Құран өз­герген жоқ. Қай жерде болмасын ислам – ислам болып қала бе­реді. Бірақ біз оны қалай түсін­дік? Біздің қазақи дүниетанымдағы исламдық көзқарастар қандай? Ғұламаларымыз дін туралы не айтты? Оның ішіндегі ең басты құндылық не? Міне, осы мәселелер тұрғысынан әр халықтың өзінің менталитеті, ерікті көзқарасы, ұстанымдары, рухани мұрасы бар. Рухани мұраны жаңғырту, рухани жаңғыру деген мәселе расында да өте өзекті болып отыр. Егер кімде-кім өзінің дәс­түрлі құндылық­тарынан су­сын­даған болса ол азамат теріс ағымдардың артынан еріп кете қой­майды. Қарны аш болса да, әлеу­меттік жағынан қиналып жат­са да экстремизмнің қатарын тол­тырып кетпейді. Өйткені ол сол құндылық арқылы өзін сақтап қалады. Біздің дәстүрлі дініміз, көз­қарасымыз, соның ішіндегі ис­лам ғұламалары, жалпы қазақ­тың қандай ағартушысын алып қарамаңыз, барлығы дерлік мед­реселерден білім алып су­сын­дағын. Алдыңғы әл-Фарабиден бас­­тап, кешегі Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіптерге дейін, тіпті Алаш зиялыларының басым көп­шілігі медреселерден білім алды. Олай болса, дәстүрлі дінді берік ұстан­ған, құндылықтарды сақта­ған, әрине бұл жерде «дәстүрлі» де­ген сөз исламнан бөлек деп тү­сін­беу керек, біздің салт-дәстүрі­мізбен қабысқан, тіпті қазір дін деп айтудың өзі қиын. Қазір ис­лам­ның құндылықтары біздің салт-дәстүрімізде бар. Оны бөле-жарудың өзі қиынға соғады. Со­ның мәнін түсініп, байыбына барып, тіпті керек болса рухани құн­­дылықтар бойынша, әр халық­тың өзінің рухани мұрасына байланысты тәрбие сағаттарын көбейтетін болса дейміз. Мектептерде балаларға «дінтану негіздері» деген сабақ оқытылып жатыр. Бі­рақ бұл жерде балаға қандай да бір бағыт-бағдар бере алмайды. Өйткені зайырлы қоғам болғаннан кейін қандай да бір діни құн­ды­лықтарды уағыздау ол зайырлылық қағидаларына қайшы келеді. Ондай жағдайда, мысалы қазақ сал­тының өзінің рухани мұрасын дә­ріп­теуге құқымыз бар ғой. Қан­шама зиялыларымыз, дін ғұла­маларымыз бар. Солардың еңбек­те­ріне не­гізделген рухани құн­дылықтар бойынша да тәрбие сағаттарын беру керек. Яғни жастардың, өскелең ұрпақтың бойына діни құндылықтарды дарытпайтын болсақ, онда олар ертең «ақиқатты» басқа жақтан іздейтін болады. Ал ол кезде оның көзқарасын бері қайтару – қиынның қиыны. Сон­дықтан «ел боламын десең бесі­гіңді түзе» демекші, жастардың осы көзқарастарын қалып­тас­тыру­ға, рухани құндылықтары жан­дандыруға, ұлтымыздың мүд­десіне қызмет ететін, ел ішінде бүл­діргі әрекеттерге бармайтын жас­тарды қалыптастыру үшін ең ал­дымен өзіміздің өткенімізді тү­ген­деуіміз керек. Соны жүзеге асыру үшін телеарналардан, радиолардан әртүрлі бағдарламалар арқылы дәріптеп, әлеуметтік же­лі­лерде арнайы жобалар ұйым­дастыру керек. Ең алдымен бізге рухани ты­ныштық қажет. Ал рухани ты­ныш­тық болмаған мемлекетте, бөл­шек-бөлшек болған қоғамда елдің әл-ауқатын дұрыс­тау да мүм­кін емес. Алтынмен аптап, күміс­пен қаптап қойсаңыз да адам­ның ішкі құндылығы қалып­таспайтын болса ол мемлекет бү­лінуге дайын тұрады. Сондықтан осы құндылық, руханият деген түсінікті бірінші орынға шы­ғара­тын кез келді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Нұрлайым БАТЫР.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір