Баланың өскен бесігі – кең дүниенің есігі
10.11.2017
1372
0

«Баланың өскен бесігі – кең дүниенің есігі» дейді дана қазақ. Шиеттей балаларымен Алматыдан қуғындалып, Семей асып сергелдеңде жүрген жылдарында Фатима Ғабитова анамыз киелі Меркі өңірінен пана тапқан екен.

Сүт кенжесі Мұрат Мұхтарұлы да шөбі шүйгін, суы шипалы осы өңірде дүниеге келеді. Қазақ даласы­ның басынан өткен талай қилы за­ман­дардың қай-қайсында болма­сын, аты да, заты да өзгермеген, кел­­ген-кеткен халықтарға аларынан берері мол Меркі өңірі талай тарих­тың куәгері екендігі сөзсіз. Тоғыз жолдың торабында орналасып, тоқ­сан ұлттың мәдениеті тоғысқан өлкеде түрлі өнер мен мәдениеттен сусындап өскен Мұрат Мұхтарұлының төл бесігі-кең есігіне сапары.
«Менің Меркім!» дегендегі Мұрат Мұхтарұлының әдеттегі қасаңдау жү­зін­де еріксіз пайда болатын жылылық күз айларының мизамшуақ күндерінің шапағатымен шырайлана түскендей. Күннің бе екен, әлде өзінің ұлын асы­ға күткен Жер Ананың ба екен, әлде сол ұлдың әңгімесін тыңдауға асыққан Ата жұрттың қызуы ма екен, әйтеуір елден ерек жылылық жиынға жиналған жасты да, кәріні де, хакімі мен әкімін де жақындатып жіберді.
Мәдениет үйіндегі Меркінің ел ақсақалдары, ардақты аналары, бетке ұстар азаматтары және жастармен болған қауышу әңгімелер, аудандық мұражайдағы Мұрат Әуездің өмір жолына арналған бұрыштың ашылуы мен «Времен связующая нить» және «Ділім» кітаптарының тұсаукесері, одан кейінгі жаңа мектептің ашылу салтанаты, ағаш отырғызу рәсімі, аталарымен бірге суретке түсуге ке­зек­ке тұрған бүлдіршін балалардың әппақ адал пейілдері қашанда бір­қа­лыпты, байсалды Мұрат Мұх­тарұлының бала көңілін оятып жібер­ген­дей болды.

Қалдыгүл Жаныбаева.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір