Қайсын ғұмыр – Қайсын жыр
10.11.2017
1987
0

Ұлы ақынның рухына тағзым

Сай-саланы сарыжағал түске боя­ған қазан айының соңғы күні. Ақтаудан көтерілген ұшақ Қап тауына же­тіп қонғанда түн қараңғылығы қою­ланып қалған еді. Солтүстік Кав­каз аймағының шипалы мекені са­налатын Минводы қаласының әуе­жайынан түстік. Жаңбырдан кейінгі саф ауа көкіректі кернеп, көңілді жа­дыратып сала берді.
Қазақтың білгілі ақыны Әділғазы Қайырбеков екеумізді бұл жауапты са­парға жетелеген Қайсын ақынның ру­хы болатын. «Әлемнің ақыны» атан­ған малқар халқының ұлы пер­зенті Қайсын Құлиевтің 100 жылдық мерейтойына еліміздің атынан өкіл болып бара жатқан бетіміз. Осы жер­ден оңтүстік-шығысқа қарай 102 ша­қырым қашықтықта Кабардин-Бал­кар Республикасының астанасы На­льчик қаласы бар. Көздеген ны­санамыз сол қала, іздеген хал­қымыз – малқарлар.
Әуежайдан шыға бере:
– Ассалаумалейкум, қазақ қарын­даш­лар! Есен-сау жеттіңіз бе? – деп ал­памсадай екі жігіт бізге қарай құ­шақ жая ұмтылды. Бұлар бізді тосып тұрған Мұхтар Табақсоев пен Заур Ма­хиев екен. Бұрыннан таныс жан­дар­дай құшақтарына қысып, сағы­нысқан бауырлардай төс қағыстыра аман­дасты. Жайлы көлікке жайғасып, Нальчикке қарай бет алған соң әңгіме тиегі ағытылды. Тау халқына тән өр мі­незді, ер көңілді Мұхтар бауырымыз атақ­ты «Эльбрус» баспасының редак­ция жетекшісі, ал көліктің тізгі­нін ұста­ған Заур болса республикалық кә­сіподақ ұйымының белді қызмет­ке­рі екен. Шұрқырасып, елдің жағ­дайын сұрасып жатырмыз. Әрқай­сы­мыз өз тілімізде сөйлейміз. Тү­сін­бейтін сөз кем де кем. Бәрі айқын. Бәрі ұғы­нықты.
– Әділғазы аға, байқадыңыз ба, мал­қар тілінің 60 пайызы таза қазақ сөз­дері екен, – дедім. Бұл сөзімді ес­тіп қалған Мұхтар:
– Сіздің осы сөзіңізді керісінше айтса да болады. Қазақ тілінің 60 пайы­зы таза малқар сөздері десек еш­қандай қателік болмайды, – деді әзіл­дей күліп. Шын мәнінде түркі тек­тес ағайындардың арасында бізге ең жақыны малқар тілі екеніне көзіміз жетті. Тіпті «Нальчик» дегеннің өзі қа­­зақтың «нәл», «нәлші», былайша айт­­қанда «таға», «тағалаушы» деген ма­ғына береді екен. Малқар таулары та­ға іспеттес болып доғаланып жат­қанын Мұхтар нақтылай түсті. Сон­дықтан келген қонақтарға естелік ретін­де кәдімгі аттың тағасын сыйлау дәстүрі бар дейді. Біздің қазақта да ат­тың тағасын түрлі жамандықтардан сақтайтын қасиетті зат деп қас­тер­лей­тінін, босағаға бекітіп қоятынын айт­қанда малқар достарымыз сүйсініп қалды.
Жалпы саны 120 мыңды құрайтын малқар халқы өз тарихында небір зо­балаңды бастан өткерген екен. Алыс та­рихты айтпай-ақ, кеңес кезеңін ал­сақ та бауырлас халықтың көр­ме­гені жоқ. Большевиктердің топа­лаңы­нан тең жартысы қырылып кет­кен. Ұжымдастыру, кәмпескелеу, аш­тық, қуғын-сүргін, соғыс, одан қал­ды жер аудару дегеннің ауыр аза­бын тартқан. Ата-анадан, ағайын-бауыр­дан, туған-туыстан түгел айы­рылып, туған жерден ажырап, қызыл аяқ қар кешкен, жалаңаяқ жар кеш­кен қаһарман халық тағдырдың тәл­к­егін қанша көрсе де биік рухын сақ­тап қалыпты.
– Біз қазақ халқын әкеміздей құр­­меттейміз, – дейді Мұхтар. – Өйт­кені депортация жылдарында мал­қ­ар­ларды аман алып қалған осы қазақ­тар. Біздің жұртта қазақтың жақ­сы­лығын көрмеген адам жоқ. Әкелеріміз бен ағаларымыз түгелдей Қазақстанда өмір сүрді, әлі де өмір сүріп жатқан­дары бар. 1944 жылдың 8 наурызында басталған малқарларды жер аудару нау­қаны бір-ақ аптаның ішінде аяқ­талған. НКВД тарапынан жасалған мұндай асығыстық нені білдіреді? Қол­дарына ешқандай зат алдырмай, вагондарға малша артып туған жері­нен үдере көшіртті. Осылай 5-6 күнде суыт көшкен 5 мыңға жуық малқар от­басы, шамамен 16 мыңнан астам адам Қазақстанға жөнелтілді. Қал­ғандары Орта Азияның басқа рес­публикаларына жіберілді. Бұл кезде қазақтар да жетісіп отырған жоқ еді. Аштықтан, соғыстан әлсіреп отырған халық өз басындағы қиындықтарға қара­май, үйсіз-күйсіз барған ағайын­дарымызды үйіне кіргізді, нанының соңғы түйіріне дейін бөліп берді. Асырады, бақты, құшақтарын айқара ашты. Бұны қалай ұмытасың? Ақ­сақал­дарымыз: «Қазақ деген дархан халық бар, қай жерде жолықсаңдар да қазақтарға құрмет көрсетіңдер!» деп, кішкентай баласына дейін құла­ғына құйып отырады.
Мұхтардың әңгімесі біздің көңілі­міз­ді толқытты. Қазақ халқына деген мұндай махаббатты өзгеден көрген емеспіз. Мұндай шынайы сүйіспен­шілік сезімді кімнен көріп едік?.. Ай­налайын, малқарларым-ай!
Әңгіме жол қысқартады. Қызу әң­гімемен Нальчикке жақындап қал­ға­нымызды да байқамаппыз. Тау ішін­дегі қаланың шамдары самаладай жар­қырап көріне бастады. Мен Мұх­тардан:
– Қалада Қайсын Құлиевтің ес­керткіші бар ма? – деп сұрадым.
– Әрине, – деді ол, – Қаланың дәл ортасында қоладан құйылған үл­кен ескерткіші тұр.
– Біз Қайсын ақынның тойына ар­найы келе жатқандықтан ешқайда бұрылмай, түн болса да ең әуелі сол кісі­нің ескерткішіне ат басын бұрсақ. Ақиық ақынның рухына тағзым ет­сек. Ең әуелі ақын рухымен аманда­сып алсақ деп едік…
Біздің бұл ұсынысымызға Мұхтар мен Заур қуана келісті. Осылайша түн ортасы болғанына қарамай, ұлы ақын­ның ескерткішіне келіп, рухына тағ­зым еттік.

Таңғы ас үстіндегі табысу

Мұхтарлар бізді Нальчик қала­сын­дағы «Синдика» атты қонақ үйге орналастырды. Таңертең Әділғазы ағам екеуміз таңғы асқа түстік. Ішке енсек у-ду болып, бір-бірімен қауы­шып жатқан жұрт. «Қазақтарсыңдар ма?» деп Әдекең екеумізге де құшақ жай­ғандар көбейді. Бүкіл түркі әлемі осында жиналғандай. Татар, қырғыз, баш­құрт, әзірбайжан, алтай, тағы қай­сысын айтасың… Бәрі осында. Қай­сын ақынның тойына 30-дан ас­там елдің делегациясы ша­қыры­лып­ты. Түркиядан, Мәскеуден, Санкт-Петербургтан келген қонақтар бар. Ас үстінде туған бауырдай шұрқыраса кө­ріскен туыстардың риясыз көңіл­дерін көріп, түркі жұртының ұлы­лығын сезінгендей боласың. Кезінде жер-жаһанды уысында ұстаған ба­баларымыздың әруағы тіріліп кел­гендей қуаныстық. Осы жерде мені ерек­ше қуанышқа бөлеген, естен кет­пес әсер қалдырған тағы бір оқиға бол­ды. Ол – Жаңа-Арқада туып өс­кен менің ардақты досым, қазақтың ар­дакүрең ақыны Ғалым Жайлыбай жайлы әңгіме еді. Қырғыздан келген Айдарбек пен Жиенбай ақындар да, Алтайдан, Қазаннан, Уфадан, Түр­киядан келгендер де Ғалым ақынды сұрайды. Ғалымның ақындық қуаты мен азаматтығын айтады. Өз досыңды алыстағы ағайындар мақтап жатса қалай қуанбайсың. Ғалым солардың бә­рімен араласады екен. Бірінің өлеңін қазақшаға аударған, бірінің кі­табын қазақ тілінде шығаруға жәр­демдескен. Біразы Ғалымның мөл­діреген жырларын өз тіліне аударып бас­тырған. Барған, келген, қуаныш-қайғыларына ортақтасқан. Бәсе, деймін-ау, Ғалым досымның бір орын­да байыз тауып отырмай, үнемі жол үстінде жүретіні осы екен ғой. Ме­нің түсінгенім – біздің Ғалым ас­пай-саспай жүріп-ақ бүкіл түркі дү­ниесінің сүйікті ақынына, құрметті азаматына айналыпты. Бұған халық болып қуануымыз керек. Қайсынның әлемге жайылған атақ-даңқы біздің Ғалымды да айналсоқтап жүрген сияқты.
Нальчикке аттанарда Ғалымға жо­лықтым. Ол Қайсын Құлиевтің до­сы болған малқардың талантты ақы­ны Керім Отаровтың «Сәмбі тал­дың бұтағы» атты кітабын қазақ ті­ліне аудартып шығарыпты. Алғысөзін де өзі жазыпты. Осы кітапты Ка­бар­дин-Балқар республикасы Жазу­шы­лар одағының төрағасы Мүтәліп Беп­паевқа өз қолыммен табыстадым. Мүтәліп те Ғалымға көп рахмет ай­тып, малқар әдебиетін танытудағы, на­сихаттаудағы өлшеусіз еңбегі үшін зор алғысын жаудырды.
1 қараша – Қайсын ақынның ту­ған күні. Мерейтойлық негізгі іс-ша­ра­лар осы күнге орайластырылған екен. Сағат үште ақынның өмірі мен шы­ғармашылығына арналған дөң­гелек үстелге жиналдық. Т.Мальбахов атын­дағы мемлекеттік ұлттық кітап­ханада өткен бұл жиын әлем ха­лық­тарының Қайсын Құлиев рухына бас иіп, тағзым еткен сәті десе болады. Өте жоғары деңгейде ұйымдас­ты­рыл­ған шараның аясында мерейтойға кел­ген барлық делегациялардың өкіл­дері сөз алды. Олардың әрқай­сы­сы Қайсын ақынның ақындық та­ланты мен азаматтық болмысы тура­лы өз көзқарастарын жеткізді.
Осы жиында әлемге мәшһүр ақын­ның асыл жары, академик Эли­зат Эльбаевна Кулиевамен ди­дар­ла­сып, әңгімелесудің сәті түсті. Ол кісі ме­нің анаммен құрдас екен. «Сырлы аяқ­тың сыры кетсе де сыны кетпейді» дегендей шырайлы өңінен жас кездегі сұлулықтың белгісі байқалады. Әдемі қартайған кісі. Менің Қазақстаннан келгенімді естігенде орнынан тұрып аман­дасты. Қасында бос тұрған орын­ды нұсқап, қатар отыруымды өтін­ді. Аяулы анамды еске алдым. Сіз­бен қатарлас еді дедім. Ол кісі шы­найы қуанып, естелік суретке тү­сейік деді. Суретке түсіп болған соң Қа­зақстанда өткерген жылдары тура­лы қызықты естеліктер айтып берді.
Элизат апай Қайсын ағаның 100 жыл­дық мерейтойына арнап «Былое как сегодня» атты естеліктер мен хат­тар жинағын шығарыпты. Бұл кітапты оқы­ған адамның жандүниесі нұрла­нып сала береді. Ақынға жар болу қиын да құрметті міндет. Қадыр аға­мыз­дың: «Ақынға сен күйеуге шық­тым деме, Ақынды сен бала қып алдым деп біл» дейтіні сондықтан. Эли­зат апай да ұлы ақынды бала­сын­дай аялап, тағдырдың ыстығы мен суығын қатар көтеріскен қайсар рух­тың иесі. Ақын туралы естелікті бұл кісі жазбағанда кім жазады? Баға жет­пес осы бір керемет кітаптың ашылар бе­тіне ақынның жары былай деп қол­таңба жазып берді: «Дорогому Те­миргали Муратбековичу Копбаеву с глубоким уважением и пожеланием креп­кого здоровья, больших твор­чес­ких успехов и большого счастья Вам и всему народу Казахстана! Мы лю­бим Вас!».
Осы шарадан кейін Музыка теат­рында Қайсын Құлиевтің 100 жылдық ме­рейтойына арналған Салтанатты жиын болды. Республиканың үкімет басшылары, парламент жетекшілері, қоғам қайраткерлері қатысқан жиын үш жарым сағатқа созылды. Жиында 40 адам сөйледі, бір таңқаларлығы кеш біткенге дейін лық толы залдан шы­ғып бара жатқан жан көрмедік. Бұл да халықтың сүйікті ақынына де­ген құрметі шығар. Аудитория әр сөзді ынты-шынтысымен тыңдап, жабыла қол соғып отырды. Мұндайда сөйлеген шешендердің де делебесі қо­зып, арқаланып кететіні бар. Әділ­ғазы Қайырбеков екеуміз де біраз сөздің тізгінін ағыттық. Қазақстан Жазу­шылар одағы беріп жіберген Абай атамыздың мүсінін сол елдің Жазушылар одағына табыстадық. Мен Қайсын Құлиевке арнаған «Че­гем мен Өгем» атты өлеңімді оқы­дым. Зал дуылдата қол соқты. Алматыдан ар­найы алып барған зерлі шапаны­мыз­ды Қайсын ақынның кенже ба­ласы Ахмад Қайсынұлының иығына жаптық. Жарасып-ақ кетті.
– Міне, енді нағыз қазақтың ба­ла­сы болдыңыз, – дедім. Жұрт тағы да қызу қол соқты. Осы кезде кешті жүр­гізіп отырған Кабардин-Балқар Рес­публикасының мәдениет ми­нист­рі Мухадин Кумахов менің сөзімді іліп алып:
– Біз әрқайсымыз өзімізді қазақ­тың баласымын деп санаймыз! – деді. Бүкіл зал қуана қол соқты. Өзіміздің де қуанышымызда шек болмады.
Табиғаттың ерекше сыйындай болып Қап тауларына алғашқы қар жау­ды. Түнімен жауған қар бар ал­қап­ты ақынның жанындай кіршіксіз ап­пақ дүниеге айналдырды. Ертеңіне қо­нақ үйге Элизат апамыз бізді ар­найы іздеп келіп, кешегі сөздеріміз бен сыйлықтарымызға дән риза бол­ғанын айтты. Әсіресе ұлына кигізген ша­панымыздың әдемілігін айтып, «Үй­дегі келіндерге естелік-сыйлық болсын» деп Әділғазы ағам екеумізге бір-бір жібек орамал ұстатты.
Қараша айының екінші жұл­ды­зында мерейтойға келген барлық қо­нақтар ақынның туған жеріне бет ал­дық. Әуелі Чегем ауданының орта­лы­ғындағы Қайсын Құлиевтің ме­мориалдық мұражай-үйіне тоқтадық. Мем­лекет қорғауындағы бұл мұражай ұлы тұлғаның өмірінің соңына дейін тұрған, шығармаларын жазған үйі екен. Әр экспонат өзінше сыр шер­теді. Ақынның жұмыс кабинеті, жа­тын бөлмесі, ұстаған қаламы, тұтын­ған заттары, әр кездері түскен фо­­­­­тосуреттері, кітаптары келушілерді Қайсын-ғұмырдың тылсымына жетелейді. Үйдің ауласына ақынның мәрмәр тастан қашалған ескерткіші қойылыпты. Біз ескерткішті тама­шалап, естелік суретке түсіп жатыр едік:
– Темір-ау, сендерді таппай жүр­мін ғой, – деді Мұхтар Табақсоев ап­тыға сөйлеп, – Жүріңдер! Бері жүрің­дер! – деп ол білегімнен ұстап тарт­қылай бастады.
– Мұхтар, не болды? – деймін тү­сін­бей.
– Сендерді бір кісі тосып тұр. Жүрің­дер!
Ол топты жарып, бізді ауланың сыр­тына қарай жетеледі. Сыртқа шық­қан соң баладай қуанып:
– Апа, міне, сіз іздеген адамдарды тауып келдім. Екеуі де Қазақстаннан кел­ген өкілдер, – деді Мұхтар сек­сен­ге таяған анаға жақындап. Бейтаныс кісі Әдекең екеумізді кезек-кезек бауырына басты. Біз атымызды ай­тып таныстық.
– Айналайындар, есен-саусыңдар ма? Мен өзім малқар қызы болғанмен қырық жыл Қазақстанда, Жамбыл өңі­­рінде тұрғанмын. Мектепті де қа­зақша оқыдым. Атым – Зүлфия, мы­на бала менің ұлым Мұхаммед. Мен бұл жерге бертінде келдім. Өмі­рімнің бәрі Қазақстанда өтті. Қа­зақтарды қатты сағынамын. «Қай­сын­ның тойына қазақтар да келеді» де­генді естігелі бері «бауырларым ке­ле жатыр» деп тағат таппадым. Ке­ше ғана мына ұлыма айтып отыр едім: «Басқа халықтан жаман адам шықса шығатын шығар, бірақ қазақтан жа­ман адам шықпайды» деп. Қырық жыл бірге тұрғанда қазақтан титтей жа­мандық көрмедім, айналайын! Осы «Айналайын» дегенді де қазақтан үйренгенмін. Сендер бүгін біздің қонағымызсыңдар. Үйге жүріңдер. Біз жақын маңда тұрамыз. Бір қойды бай­лап, союға дайындап отырмын. Біз­ге екі-үш сағат уақыттарыңды бө­ліңдер. Сендерді алып кету үшін ұлым­ды ерте келдім.
– Апай, қонақжай көңіліңізге көп рахмет! Сіздің шынайы сезіміңізге разымыз. Бірақ біз арнайы топпен жүр­гендіктен олардан бөлініп қала ал­маймыз ғой. Басқа да бағдарламалар бар. Қайсын ақынның туған ауылына кетіп барамыз. Сол жерде үлкен жиын болады. Бізді күтіп отырған адамдар бар. Сондықтан ренжи көр­ме­ңіз. Біз тәртіп сүйетін елміз ғой, бұл жолы да тәртіпке бағынайық, – де­дік.
– Темір балам, оның рас. Жер бе­тінде қазақтай халық жоқ. Оған кө­зіміз әбден жеткен. Өкінішті-ақ! Бір қонақ етіп жіберсем деп ем. Қай­тейін, енді. Келші, маңдайыңнан бір иіскейін. Естелікке суретке де түсіп қа­лайық, – деп Зүлфия апа мені құ­ша­­ғына қысты. Не деген сағыныш де­сеңізші! Суретке түскен соң қо­лым­ды алақанына салып біраз тұрды. Қимай түрғанын жан-жүрегіммен се­зініп, көңілім елжіреп кетті. Халық­ты бұлай да жақсы көруге болады екен-ау! Біз көлікке отырып, алыстап кет­кенше ұлы екеуі тапжылмай қа­рап, қол бұлғап қала берді.
Қонақтар мінген бірнеше автобус тар­ғыл-тарғыл жартастардың ара­сы­мен өрге қарай өрлеп барады. Қап тау­ларының ғажайып көріністері енді басталған сияқты. Бірнеше шақырым бойы тау жолымен ыңырана тартқан кө­ліктер Чегем сарқырамаларының тұсына жетіп тоқтады. Бұл бір таң­ға­жайып жер екен. Жан-жақтан қап­та­ған туристер таңданыстарын жасыра ал­май жүр. Тереңде күркіреп аққан асау өзен. Сол өзенге қасқа шыңның басынан ақкөбік болып сарқырай құлап, аппақ буға айналып жатқан сар­қырама. Тік жартастан құлап жат­қан сарқырама біреу емес, бірнеше. Тіп­ті жартастың қақ ортасынан жа­рып шыққан табиғи фонтандарды көргенде таңырқамасқа шараң қал­майды. Бас айналар биіктіктен аққан су айқайлап құлап жатқандай. Таудың іші жаңғырып тұрғаны соншалық, адамдар бір бірінің даусын әрең ес­тиді.
Артымыздан біреулер айқайлап ша­қырғандай болды. Бұрылып қа­расақ, шынында да бір топ жігіт бізді қол бұлғап шақырып жатыр екен. Мұхтар бізге жақын келіп:
– Сіздерді шақырып жатыр, – де­ді.
– Олар кімдер?
– Таразданбыз дейді. Қазақтар бол­са шақыршы деді.
– Өздері қазақтар ма? Біз жүргелі тұр­ған жоқпыз ба? Қалып қоймайық, – дедім мен шақырған топқа қарай жүре басып.
– Жоқ, қалмаймыз. Бізсіз бұлар ешқайда кетпейді, – деді Мұхтар на­ғыз таулықша қарқылдай күліп, — Бұл жер­ден де сіздердің туыстарыңыз та­былып жатыр.
Жақындай келе байқағаным бізді шақырып тұрғандардың бәрі мал­қар­лар екен. Олар құшақтарын ашып біз­­ге қарай жүрді. «Біз Таразданбыз! Біз Таразданбыз!» деп айқайлады екі-үшеуі. Аңғарғанымыз бұл жігіттер ба­лалық шақтарын Тараз қаласында өт­керген екен. Көліктерінің ко­по­ты­ның үстіне дастархан жайып қойып­ты.
– Сіздердің келгендеріңізді жаңа ға­на естідік. Енді барымен базар дейік. Дәм алыңыздар. Біз сіздерге қан­дай құрмет көрсетсек те көптік ет­пейді. Сіздермен жерлеспіз. Бәріміз Та­разда өстік. Балалық шағымыз сон­да қалды, – деп алпысты алқымдаған ақ шашты жігіт ағасы кесе толы тау ша­рабын ұсына берді. Бір-бірімізге ақ тілектер айтып, асығыс қоштастық. Осы сәт басқа емес, қазақ болып туыл­ғаным үшін өзімді бақытты се­зін­дім.
Жарты сағаттан соң біз қалың тау­дың биік қойнауында, Жоғарғы Че­гем шатқалында орналасқан Қай­сын Құлиевтің туған ауылына да жет­тік. Бұл ауыл кезінде Ел-Төбе деп атал­ған. Мұндай көркем табиғаттың ішін­де туып, ақын болмау мүмкін емес. Табиғатқа таңданумен қатар ме­ні терең ойға қалдырған малқар хал­қының ақынға деген ерекше құр­меті еді. Ақынын осынша сыйлайтын халықты бірінші рет көрдім. Оның қасында ең ұлы ақындарымызға ес­керткіш қойып, көше берумен шек­те­летін біздікі түк емес екен. Наль­чик­тегі кешегі жиындарда үкіметтің ақынға деген қамқорлығын көргенбіз. Отыздан астам елдің делегациясын шақырып, олардың жол ақысын, та­мағын, жатар орнын көтерген үкі­метке разы болмағанда қайтесің? Біз­де бизнес-форумдарға болмаса, ақынға мұндай құрмет көрсетілмейді. Ал енді Қайсынның ауылында жа­с­а­ғандарын қараңыз…
Ақынның 100 жылдығына орай «Қай­сынға қарай жүз қадам» Қорын құрып, «Тастағы кітап» атты жоба жа­сап, оның туған үйіне дейін жол­дың шетін бойлай өрлеп 100 метр тас қабырға қаланған. Биіктігі 3 метр осы қабырғаның ұзына бойына әр қадам сайын қара мәрмәр тақта бекітілген. Сол мәрмәр тақтаның әрқайсысына Қайсынның өлеңдері алтынмен көм­керіліп, қашап жазылған. Жүз тақта – жүз өлең! Біз ақындардың кітабын шығарып беруге мүмкіндік таппай жат­қанда малқар ағайындар өз ақы­нының кітабын тасқа ойып жазып қойыпты. Жол бойын жағалай, қа­быр­ғаға қарсы қаратып орындықтар қойылған. Туристер демалып отыр­ған­да қарап отырмай Қайсынның шуақ­ты жырларын оқып демалады. Та­маша емес пе?
Жоғарғы Чегем шатқалындағы ең биік шың (теңіз деңгейінен 4200 метр биік) Қайсын Құлиевтің есімімен ата­лады. Табиғатты қорғау және қол­дау жөніндегі аймақаралық қайы­рым­дылық қорының президенті Вла­димир Жансуевтің айтуынша Қай­сын ақынның 100 жылдық мерей­тойы құрметіне Қайсын шыңына екі айда екі топ жорық жасапты. Оларға Эвересті екі рет бағындырған тәжіри­белі альпинистер Абдул-Халим Оль­мезов пен Азнаур Аккаев жетекшілік ет­кен. Осы екі жорықты да В.Жан­суев­тің Қоры қаржыландырған кө­рінеді.
Қайсын туылған қара шаңырақты мемлекет өз қорғауына алған. Жүз жыл бұрынғы алаша, текемет, сыр­мақ­тар сол қалпында тұр. Үй ішіндегі тас ошақ пен мосы, шәйнек әлі бар. Да­ладағы ызғардан тоңып едік, ұлы ақынның ошағының отына жылынып қайттық.
Тура осы үйдің алдына жиылған халықта есеп жоқ. Мәдениет министрі де осында. Жас та, жасамыс та осы жер­де. Шағын митингтен соң Қай­сынның жырларына кезек берілді. Жеті жасар баладан, жетпіс жастағы қарияға дейін кезек-кезек ұлы ақын­ның өлеңдерін оқып жатты.

Тоқсан жеті жастағы жігіт

Жұрт өлең оқып жатқанда қасыма Мұх­тар келіп, ас беріп жатқан үйге, дастархан басына шақырды.
– Қайсын ағаның замандастары бар ма? – деп сұрадым одан. Ол айна­ла­ны көзбен шолып, әлдекімді іздей бас­тады. Әлден соң іздеген адамын тап­қандай болып:
– Анау тұрған ұзын бойлы кісіні көр­дің бе? – деді қолымен нұсқап, – Ол кісінің аты Мұсаби Габоев. Сол Мұ­сабидің әкесі Аслан деген кісі Қай­сынның кластасы. Аслан ата қа­зір осы жерге келеді. Жасы 97-де. Әйе­лі (Мұсабидің анасы) біраз жыл бұ­рын қайтыс болған. Бірақ Мұсаби әке­сін анасынан артық бағып-қағады. Апта сайын Төменгі Чегемдегі мон­ша­ға апарып, массаж жасатып, дене­сін уқалатып қайтады. Ақсақал әлі қуатты… Реті келгенде кесе толы тау ша­­рабын төңкеріп қояды.
– Мұхтар-ау, ол 97 жаста болса, 100 жастағы Қайсынмен қалай клас­тас болады?
– Ол заманда ауыл балаларын бір жас­пен оқытпаған. 4-5 жас қарайлас ба­лаларды бір класқа жинап оқы­та­тын болған ғой. Әне, ақсақалдың өзі де келе жатыр…
Мен қызыға қарап қалдым. Ба­сына кавказдық папаха киіп, бойын тік ұстаған үлкен кісі бізге қарай жа­қындап келе жатты. Қолында таяғы да жоқ, өз аяғымен жүр. Қалың жұрт ол кісінің алдынан шығып, жапырлай амандасып жатты. Ақсақал қасыма кел­генде мен де қолымды создым. Шір­кіннің қолының қарулысы-ай! Темірдей шеңгелімен созған қолымды мытып жібергенде саусақтарымның буын сүйектері сытырлап сынып жат­қандай болды. Амалсыздан күліп жі­бердім. Ауырсынғанымды байқаған ақсақал жымиып:
– Қалай, ауырып қалды ма? – де­ді.
– Қолыңыз әлі де қарулы екен, – де­дім күліп, – Не деген күш бұл!?
– Бұл күшімнің қайтқан шағы. Жас күнімде қол ұстасқан жігіттің тізе­сін бүктіріп жіберуші едім. Қазір ондай күш жоқ, – деді күлімсіреп ар­қамнан қағып, — Қазақпысың?
– Иә, ата, Қазақпын! Осы күштің өзі де сізді біраз жерге апарады ғой, – дедім мен, – Бізде де мықты балуан­дар болған. Ауылда өгізді жұдырықпен бір қойып құлататын қайратты жігіт­тер бар.
– Қазақ деген батыр халық. Ұлы Отан соғысында ең көп батыр қазақ­тан шыққан. Мен Қажымұқанды кө­зіммен көрген адаммын. Сондай болуды армандайтынмын. Қазақ бол­саң төрге шық, – деп қария мені төрге шығарып, өзі қасыма төмендеу отырды.
Малқарлар бас қосқанда бәрі қо­сылып ән айтады екен. Әндері не бол­са сол емес, жорық жырлары. Түр­лі дауыспен күңірентіп салғанда му­зыкалық аспаптың түк те керегі жоқ. Жүрегіңе жалын беріп, рухтан­ды­рып жібереді. Бүгін олар Қайсын ақын­ның сөзіне жазылған әндерді кө­бі­рек айтуға тырысты. Әлден соң, қо­нақкәде ретінде сіздер де ән ай­тыңы­здар деп қиылды. Ондайда то­сылып тұрамыз ба? Мен Абайдың «Жел­сіз түнде жарық айын» орындап бер­дім. «Мынау керемет ән екен!» деп та­ғы да қолқалады. Әділғазы ағам екеу­міз ақылдасып «Құстар қайтып ба­ра­ды» әнін салдық. Малқар ағайын­дар тебіреніп, қосыла айтты.
– Бұл ән бәрімізге бала күннен та­ныс, – деді мол денелі келген Хаваз есім­ді жігіт, – Біздің ата-аналарымыз да осы әнді жақсы көретін. Олар Қа­зақ­станнан елге оралғаннан кейін де бұл әнді көп жыл орындап жүрді. Сіз­дер біздің көңілімізді дөп бас­тыңыз­дар. Рахмет! Есен-сау жүріңіздер!
Қасымда отырған Аслан ақсақал ма­ған бұрылып:
– Темір, сен маған Балуан Шо­лақ­тың «Ғалия» деген әнін айтып бер­ші. Сол әнді сағынамын, – деді. Мен ол әнді орындай алмадым. Өйт­кені дәл осы кезде: «Сыртқа шы­ғыңыз­дар! Соңғы автобус кеткелі тұр. Күн кешкіріп кетті. Тез көлікке оты­рыңыздар!» деген үкім келді. Отырған кі­сілер бата жасап, орындарынан оша­рыла тұрды.
– Тағы бір сәті түсер. Сол кезде мін­детті түрде айтып беремін, – дедім Аслан қарияға. Ол менің қолымнан ұстап, сыртқа бірге шықты. Далада қа­раңғылық қоюланып қалыпты.
– Мен басқа көлікпен кетемін. Ал балам, қолыңды жай. Саған бата бе­рейін, – деді қария. Мен қолымды жай­дым. «Жағың түспей жамандық көр­ме. Менің жасыма жет! Ел-жұр­тың есендікте болсын! Амин!».

Қоштасу кеші

Бір сағаттай жол жүріп Нальчикке қай­тып келдік. Уақыт кешкі сегіздің шамасы. Қонақ үйдің жанында бізді Заур күтіп тұр екен.
– Сіздерді Сұлтан күтіп отыр. Кеш­кі асқа шақырады, – деді ол. Сұл­тан деп тұрғаны елге танымал боксшы Сұлтан Аппаев. Кешегі күні ол бізді «У реки» атты тамаша мей­рам­ханаға түскі асқа шақырған. Қа­зақтарға деген құрметі алабөтен. Қай­сынның тойына біздің келге­ні­міз­ді естіп: «Мен ол кісілер үшін дас­тархан жаямын» депті. Қарағай үс­тел қайысатындай етіп, шынайы көңілден жайылған дастарханнан дәм таттық. Танысып, көп әңгіменің ба­сын қайырғанбыз. Ол атақты был­ғары қолғап шебері екен. Серік Қо­нақ­баевтан бастап біздің бүгінгі жас боксшыларға дейін түгел танитын бо­лып шықты.
– Сұлтанның дастарханына кеше түс­кі асқа барып едік қой. Қайта бар­ғанымыз ыңғайсыз емес пе? – дедік Заурға.
– Біздің Кавказда жақсы көрген ада­мына күніне үш рет дастархан жа­саса да артық емес, – деп маши­на­сы­ның есігін ашты. Оның сөзін Мұхтар да қолдап кетті.
Сұлтанның қонақжай мейрам­ха­насында бір сағаттай отырдық. Қонақ үйге өзі жеткізіп салды. Кетерінде:
– Кавказға қашан келсеңіздер де қыз­меттеріңізге дайынмын. Біздің бауырларға дұғай сәлем айта ба­рыңыз­дар! – деп қимай қоштасты.
Әділғазы ағам екеуміз бүгін кешке бі­раз елдің ақындарын бөлмеге дәмге шақырамыз деп келіскенбіз. Өйткені ертең таңмен елге қайтамыз. «Қазақ­тың қонақжайлығын көрсетіп қайт­пасақ болмас» деп шештік. Үйден ар­найы алып келген қазы-қарта, жал-жая, бауырсағымыз бар. «Қазақстан» коньягін, Алматының апортынан жа­салған бал шараптарды да ұмыт­па­ғанбыз. Қонақтар көп күттірмеді. Айт­қан уақытта жинала қалды. Екі ап­тадан кейін 80 жасқа толатын мал­қардың даңқты жазушысы Хасан Ша­ваев, қарашайдың халық ақыны Әскер Додуев, қырғыз ақындары Ай­дарбек Сарманбетов пен Жеенбай, ал­тайлық ақын Кулер Тепуков, өзге де татар-башқұрты, түрік-түркімені, орыс-орамны бар қазақ дастарханын айнала отырып сырластық. Өлең оқыдық. Қайсын ақынның өмірі мен шы­ғармашылығы туралы толғандық. Қонақтар өте разы болып қайтты.
Келесі күні таңертең Ахмад Қай­сынұлы, Мұхтар Табақсоев, Заур Ме­хиев, Әскер Додуевтер арнайы әуе­жайға келіп шығарып салды. Кө­лік қозғалғанда кеудемізді бір қи­мастық сезім кернеп бара жатты.
Қайсын ақын жасасын! Жасасын поэ­зия!
Есен-сау тұрыңыздар, малқар қа­рын­дашлар!

 

Темірғали КӨПБАЙ,
ақын, Ха­лық­аралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты.

Алматы – Нальчик – Алматы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір