Қанатыңды тауып алып, ұш жаным!..

1
402 қаралды

Айнұр ТӨЛЕУ


Алматы облысы Жамбыл ауданы Дегерес ауылында дүниеге келген. 2004 жылы Алматыдағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты тәмамдаған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің филология факультетінің түлегі. Гуманитарлық ғылымдар бойынша әдебиеттану мамандығының магистрі.


ТАМШЫ
Бір тамшы барады әйнектен тайғанап,
Тайғанақ тірлікті аймалап.
Әйнекке тамады тағы да бір қонақ,
Бір қонақ барады сырғанап!
Аспанның көзінен асығып мөлт еттің,
Мөлт еттің, ғұмыр-ай мөлтек тым.
Жанымен әйнекке жаншылар
Осылай өледі тамшылар.
Осылай қозғалып бір нүкте,
Бір нүкте келеді тірлікке.

Келте екен бақыттың буы тым
Тамшылар жұтады уақыттың уытын.
Буланған әйнекке қарадым
Жылаған жанарды сезбестей
Жүректің суретін саламын
Кетті деп мөлтек мұң кездеспей…

Бірдеңе
Уақыт және Кеңсітік…
Кеңістікте ерегестік, керістік!
Біз секілді миллиард бас, мың дене
Кеңістіктен іздеп әлек бірдеңе!
Қайғы да емес, іздейтіні мұң деме,
Махаббатқа ұқсайтын сол бірдеңе.
Табылмаған, жоғалмаған бұл неге?
Атағым кеп тұрса соның шын атын,
Тілім де осы қалады екен күрмеле!

Әй Бірдеңе!
Сені іздеймін бәрібір,
Мен жеткенше, мен кеткенше
Кірлеме!

Қызыл іңір
Жиекке барып жығылдың.
Жығылдың қалай іңір күн?
Шоп-шолақ сәтін ғұмырдың
Қып-қызыл қылып сімірдің!

Жиекте тұрды күн кетпей,
Бірді түсінбей, бірді ұқтым
Күйгелек әлем күңк етпей,
Тынысын тартты тірліктің!

Қып-қызыл еді жаным да,
Ұқсайтын саған іңір сәт.
Өзіне ұқсас жалынға
Жүгірді жүрек ұрыншақ.

Жүгірдім саған іңір күн
Туыспыз ғой біз енді.
Жиексіз Жерге жығылдым
Қанатып алдым тіземді…

Аспандағы қоштасу
Көк аспанның көкірегі гүр етті
Аяп кеттім аспандағы жүректі.
Күркіреген күннің даусын бір естіп,
Жердің бетін жасын жарды,
Дір етті!

Көшеде едім,
Ал көшеден әр қашты!
Сан мың тамшы тас-тағдырмен арбасты!
Сені қайдам, су астында қалдым мен,
Кезге өкпелеп кезіктірген алғашқы.

Тас көшеде тек тамшыға тұрақ бар.
Көмейіме көміледі сұрақтар
Біз секілді аспан жақта, әнеки,
Қоштасады бұлттар… ұлы мұраттар.

Ұш, жаным…
Біз екеуміз ұқсаймыз ә?
Ұқсаймыз!
Жанқамақта күнелтеміз,
Қыстаймыз…
Аспан жақты аңсаймыз кеп ауырып,
Бірақ неге ұшпаймыз?

Сол аспаннан бір сәт күдер үзбедік.
Түсініксіз бірдеңені іздедік.
Тұңғиыққа телміріп те көргенбіз,
Бірақ қатар жүзбедік.

Ойдан өзі жасап алып ұстаным,
Қойған қамап құс-жанын,
Мына әлем бір сәт мүлгіп кеткенде,
Қанатыңды тауып алып, Ұш жаным!

Шақырады паң кеуделі асыл күн,
Асыл күнге бас ұрдым.
Қанатыңды қай тарапқа жасырдың?
Ұшып бірге өтейік,
Төбесінен мынау шулы ғасырдың.

Пешене
Періштелер жазып отыр мықты өлең.
Мықты өлең де тәмам болар нүктемен.
Мың нүктелер ой түзеді күтпеген,
Сөз түзеді бітпеген…

Ғажайып, ал ғажайып,
Сенбеген соң, бара жатыр азайып.
Сен екеуміз бәрін қолдан жасайық!
Пешенеге жазылмаған тағдырды,
Періштеден тартып алып жазайық!

Өткен күндер – ымырт шақ!
Ымырт шақты тура қазір ұмытсақ,
Ар көтерген арқамызды дәл бүгін
Күнге тосып жылытсақ…

Кеше толған, қайта бүгін солыпты Ай,
Өзгереді ол да ешкімнен қорықпай!
Үрейі жоқ, қанаты бар тағдырлас,
Қашып жүрсің маған неге жолықпай?

Эхоның мұңы
Тереңдік іздедім кеңдіктен,
Іздейді білемін ел біткен.
Көркіне жұтына қарайтын,
Нарыс па ең, сен әлгі мен күткен!

Көңілді екенсің сен бүгін,
Қайтеміз әлемнің кеңдігін.
Құшағың кеңістік тар ғана,
Алдыңа жығылдым арлана.

Жығылған жоқпын мен, құладым
Жанымды жайпады мың ағын.
Жаңғырық болмысым мазалап
Келеді атыңды сұрағым.

Танығым келеді өзімді,
Табыстап беймаза сезімді.
Есіме түсіргім келеді,
Жаңғырмас жан болған кезімді.
Туғанын түсінбес
Эхоның бағы үшін!
Сәуірде солатын Нарысым.
Тау-тастан, орманнан іздеп жүр
Өзіңді Жаңғырық-намысың!

Кемпірқосақ
Жұмыр жерге қарап қойып қуанып,
Өткіншінің мөлдірінен су алып,
Шөлдемеген қой-ешкісін суарып
Сұлу кемпір жүреді,
Жарылардай жүрегі…

Жердегілер оған қарап күледі
Қалың бұлттан шыққандай шын тілегі
Елжіреткен қос әлемнің жүрегін
Кемпірқосақ жер мен көктің тірегі.

Пейіл және пиғылына қарамай,
Шашырайды түрлі-түсті сан арай.
Оны көріп қарттығына кейіген
Бір кейуана қуанады баладай.

Ойына кеп қисыны жоқ сан айла,
Бір топ бала жүгіреді арайға.
Сұлу кемпір сан айлаңа қарай ма?
Қосақтарын сақтау үшін қалай да,
Өң береді одан сайын арайға.

Хас батырдың буындары босады
Көрінгенде сол кемпірдің қосағы.
Шыға қалса шын перизат көрікті,
Тілін жұтып қояр еді бөрікті.

Кемпір дейді оны жұрт.
Кеңкілдейді нені ұғып?
Доға-болмыс дөңгелек жер секілді
Көрген емес зорығып.

Кемпірқосақ – доға әлем,
Домалақтың жартысы,
Өз қолыммен бір ескерткіш соғар ем
Жиіркенішті оған бірақ,
Жер бетінің тартысы.

***
Төңкерілген қазан сынды теріс қып,
Аспанымды аңсадым.
Бал мен уын жер бетінің бөлістік
Ал мен бүгін у ішкеннен шаршадым.

Қызық екен мекендестер, жер деген
Неге бізге біржола өлетін у бермеген?!

Бұл мекенде күн де жоқ қой,
Бірақ сенсің ең ыстық!
Саған қатты ұнайды,
Қол ұстасып жүре алмайтын кеңістік!

Ұнайды ғой,
Саған осы жер-мекен.
Алыс жақтан айға сырды
Отырасың ақтарып,
Мен жайында жерлесіңе
Айта алмайсың, шаттанып!

Ей, ғизатым!
Миллардтардың бөлшегі!
Жалғыздығын жұлдыз санап жұбатқан,
Түсініксіз сендер жақтың өлшемі,
Соның үшін бәлкім сені ұнатқам,
Соның үшін жақсы көрем мен сені!

***
Өкініш деп қоя салған шын атын,
Қалауымды көзімнен-ақ ұғатын,
Гүр еткенде жасын сынды бір жарқыл,
Шатырының астына алып тығатын.

Керіспейтін сауықтардан кеш қалсам,
Қайдасың деп сұрамайтын ешқашан,
Жанарымнан жанымды оқып қоятын
Сол адаммен енді қашан достасам?

Көйлек кидім қос етегі бүрмелі,
Танысын деп топ ішінен бір мені.
Ол аңдамай өтіп кетті қасымнан,
Аңдағандар аямастан тілдеді.

Аңдағандар аямастай тілдеді,
Мендік сезім қаперіне кірмеді.
Жауынды күн жер сүйреген етегім,
Көк аспанның көз жасына кірледі.

Тамыз таңы
Мөлдір тамшы дір еткен
Төмен қарай құлапты.
Көзден емес жүректен
Сорғалаған сыр ақты!

Қара көздің моншағын
Мойыныңа ілмеймін.
Тойтарыссыз сонша ағын
Тоқтатуды білмеймін.

Айтылмаған мен талай
Қанық едім аңызға.
Аспан жақтан анталай
Сыр тамады Тамызда.

Шық тұнады мөп-мөлдір
Күлтесіне гүлдердің.
Мұң құлады көктен мың
Мен қоштасып үлгердім.

Жапырақ-хат
Хат жазып едім ғой,
Жапырақ бетіне
Жанымның жап-жасыл шақтарын.
Бұтақтан түсетін сетінеп
Сөзімді сен бірақ таппадың!

Мазалап сені де жиі мұң,
Қураған хаттарға қарадың,
Кейідің!
Алдыңа үзіліп түсетін,
Осы еді жапырақ кейібім.

Бір сөзі оқылмай жазбаша пікірдің
Қамсыз-ақ хаттарды сыпырдың.
Желменен желп етіп алдыңа құлаған,
Жанымның сөздерін өртедің,
Бітірдің!

Күз болып кетеді
Тізгінін тартқызбай жирен күн
Уақыттың алдында ұялдым,
Имендім!
Соқтасы шықпайтын солқылдақ күйімді
Осылай хат қылып жазуды үйрендім!

1 пікір

  1. Шулы ғасырда өзің де шулатып, із қалдырып келесің. Жарайсың! Қаламың ұштала берсін!

Пікір қосу