Ұстазға деген сағыныш
10.11.2017
2823
1

Мектеп қабырғасында осынау бір алып ұстазым – Сейітжан (Сейтмұхамет) Тәбәрік­ұлынан сабақ алғаныма 63 жылдан асыпты. Ал ол кісі мені етене жақын тұтып, енді оқушы емес, сырлас досы, тіпті туған інісіндей болып кеткеніме 30 жылдан асты. Екі бірдей жоғары дәрежелі білімі бар (Владивостоктың педагогикалық институтын, Семей зооветеринарлық институтын), орыс-қазақ тілдерін таза білетін, қылшылдап тұрған жас жігіт аудандық партия, кеңес қызметтеріне хатшылық, төрағалық қызметтерін атқарды. Семей облысының Абай, Ақсуат, Аягөз, Шұбартау, Бородулиха, Ново-Щульба аудандарында жан аямай еңбек етті. Иә, көре алмағандар күндеп, сүріндіргісі келген кездері де болды. Бірақ Сейітжан ұстаз мойымай, еңсесі түспей, қиындықтарды да жеңіп, халық сыйлаған құрметті қайраткер дәрежесіне көтерілді. Бір бойына бірнеше маманның қасиетін қондырған, энциклопедист, оқымысты болудың өзі екі есе бақыт болса керек. Кейбір адам бойындағы ғажап қасиеттерінің қадірін түсінбей, өз өміріне өзі зиянкестік жасайды. Сол себепті таланты бола тұра, ұзаққа шаба алмайды. Себебі, ізденбейді, оқымайды. Мақтаннан, қолпаштан қаш­пайды. Содан да өрісі тарылады. Ұстазым осы жағдайларды әр кездескен сайын айта беруші еді. Ұстазым Абай, Шәкәрім, Мағжан, тағы басқа да алыптардың кітаптарын жас­танып жатып оқитын. Одан алған әсерлерін әр жиындарда нақыл сөз ретінде айтып оты­ратын. Мәселен, Шәкәрім атамыздың «Алты әңгіме» деген тарауын жатқа айтатын… Ұстазым Толстой мен Шәкәрімнің өмір бойы дос болып, хат жазысып тұрғанын мақтан ететін. Солардың адамгершілік, мейірім туралы ғибратты әңгімелерін талмай әңгіме­лейтін. Сол әңгімелер арқылы Сейітжан ұстаз біздерді ізгілікке тәрбиеледі. Өзі адал, таза адам болды.
Сейітжан ұстаз ақын-жазушылардың жаз­ғандарын бақылап, зерттеп, оқып отыратын. Ұстазымыз жауапты қызметтерін ат­қара жүріп, жергілікті газеттерге әртүрлі та­қырыптарда мақалалар беріп тұратын. Ол әде­би, көркемсөзге шешен болды. Көркем, та­рихи мазмұндағы кітаптар қолынан түс­пейтін. Кейде таң қалып: «Ойпырым-ай, ұс­тазым партия, кеңес қызметтерінде уа­қы­тын бекер өткізген екен. Сол кезде тарихи зерт­теулермен шұғылданса, тауды қопарар еді-ау», – деген ойға келемін. Шындығында, ұс­таздың білімі терең еді. Терең зерттеулермен шұғылданды. Зейнеткерлікке шық­қан­нан кейін, Семей қаласындағы мұрағаттарда тал­май отырып, бұрын белгісіз болып келген көп деректерді тапты.
Жастайынан жүрегі таза, білімді азамат енді әртүрлі тақырыптарға зерттеулер жүр­гі­зе бастады. Аты ұмытыла бастаған қай­рат­кер­лерді, ақын-жазушыларды еске алып, олар­дың еңбектерін жарыққа шығару ние­тімен 20 жылда 14 кітапты тасқа басты. Жасы 89-ға аяқ басқанда да қажымай, өмірден оза­ры­нан 1,5 ай бұрын соңғы кітабын аяқтап, флеш­каға түсіргенін айтып еді.
Жасыратыны жоқ, ұстазым жазған кітап­тар­дың ішіндегі кейбір көрнекті тұлғалар жө­нінде республикаға белгілі тарихшылар, жазу­шылар біле бермейтін тың деректер аз емес. Ұстаздың 30 жылдан аса өмірі іздену­мен өт­ті. Қашан көрсең де, үнемі жұмыс үстінде бол­ды. Түске дейін жазғанын түстен кейін тү­зетіп, кешке дейін оны тағы да басқа ой­лар­мен ауыстырып, еңбектеніп отыратын. Осы жылдар ішінде ұстаздың қаламынан мы­надай кітаптар жарық көрді: «Жанақ ақын», «Замана ағысы», «Мәннан Тұр­ған­баев», «Қайран Мәннан», «Алаш арыстары», «Жүре­гім неге тулайсың?», «Жүрек сөйлейді», «Тау­қымет», «Судьба», «Тұлпардың ізі өш­пейді», «Алаштың алтын көпірлері», т.б. Ұстаз­дың бір еңбегі республика көлемінде аса ірі қайраткер – Мәннан Тұрғанбаевқа ар­налды. Ел өміріне ерте араласқан Мән­нан қазақ халқының тума талант, қайраткер ұл­дары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Әуе­зовтермен тізе қосып еңбек етті. 1937 ж. сот­сыз, үкімсіз, үштіктің айыптауымен атыл­­ды.
Ұстазымның тағы бір еңбегі «Жүрегім неге тулайды?» деп аталады. Алғысөзін жазған сатирик, журналистер сыйлығының лауреаты Қазыхан Әшенов былай депті: «Сізді кейде Ақан сері, Біржан сал дегендей, Сәкен шежіре дегім келеді…». «Тауқымет» атты кітабы Мағауия Абайұлының отбасы, тағдыры жайлы деректі роман десе болады. Бұл кітапқа Құнанбай қажы ұрпақтарының зұлмат жылдардағы тағдыр талайларын паш етерлік деректер, зерделі зерттеулер енген. Ұстаздың тағы бір көрнекті еңбегі «Жүрек сөйлейді». Бұл кітапта өзімен бірге Қайнар орта мектебін үздік бітірген, Мәскеудің университетін Сталиннің қызы Светланамен бірге оқыған ардақты досы, әрі ірі ғалым Бақтажар Мекішов, Рамазанов Аманолла, Сағидолла Құбашев, ашаршылық кезінде жоғалып кеткен жалғыз апасының орнына апа болған, Социалистік еңбек ері Гүлсім апайы туралы аса құнды деректер берілген. Осы кітаптың «Кемелдік» атты тарауында Жанақ Сағындықұлы туралы көп ғалым біле білмейтін тың деректер берілген. Жанақ ақын 1770 жылы Сарыарқа төсінде Абралы же­рі, Кент бойында дүниеге келген. Жа­нақ­тың ақындық қуатын, оның айтыс өлең­дері­нің дүлдүлі, көкдауыл ақын екенін айтып, тол­ғау дастандарын ғылыми түрде жұрт­шы­лыққа жария еткен білгір білімділердің алды Шо­қан Уалиханов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Мар­ғұлан, Сәкен Сейфуллин, бертінде Мұх­тар Мағауин, ғалымдар Ахмади Ысқақов, Х.Сүйіншалиев, Серік Қирабаев, Рахманқұл Бер­дібаев,Тұрсын Жұртбай сияқты бірнеше талантты қаламгерлер еді. Мұхтар Әуезов: «Жа­нақ, Сүйінбай, Шөже,Түбек, Майкөт, Құл­мағанбет, Жамбыл сияқты талай елдерге атақтары жайылған ақындарды алсақ, со­лардың өмір бойы қолданған негізгі ақын­дық жанры көбінесе айтыс екенін білемін», – депті. Жанақ Сағындықұлының тапқырлық, сын­шылдық, турашылдық қасиеттері кейін­гі көп адамдарға үлгі болған. «Жанақ жақ­сы­лықты дәріптеп, кемшілікті сынаушы, тарыққанда ақылшысы, қуанғанда сайраушысы болыпты халқының», – деп қазақ әдебиетінің өткен ғасырдағы классигі Сәбит Мұқановтың жазуы тегіннен болмас. Жанақ ақын жайлы В.В, Радлов пен дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин де бейтарап қала алмаған. Жанақты: «желсе жеңіс, шапса шабыс бермеген кәрі тарланның бірегейі» деп жоғары бағалаған екен. «Түркі ақындарының халық әдебиетінің нұсқалары» деген атпен Петербургте басылған В.В.Радлов еңбектерінің 111 томына енгізілген жазбада былай дейді: «Жанақ ұлттық айтыс жанрының дүлдүл ақыны. Казақи салт-әдет айтысының бас­таушысы. Жанақ пен Түбек айтыстарының кейбір үлгілері 1879 жылы шыққан Ыбырай Алтынсариннің «Киргизская хрестоматия» деген кітабына енген. Бұл екі ақын айтысы Сәкен Сейфуллиннің 1931 жылғы шыққан «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» атты кі­табында басылды. КАЗ.ССР ҒА Орталық ғы­лыми кітапханасының фондасында сақ­тау­лы болатын. 1-111 томдары. (іс №1396,П-256 )». Филология ғылымының докторы, про­фессор Бауыржан Ерденбеков: «Өзі күшті болғанмен, сөзі кесек болғанмен, артында жоқтаушысын қалдырмаған талай дүлдүл мен бұлбұл уақыт қорытысында қалып бара жатқандай ма? Әйтпесе бүгін 240 жылдығы той­ланбақ түгілі, ескерілмей қалып бара жат­қан Жанақ ақын кімнен кем еді?» («Семей таңы» №1 05.06.2011 ж.). Әлкей Марғұлан Шо­қан, Қаракесектің кішкентай тымағын киіп алып, қобызын тартып отырған Жанақ ақын­ға бар ықыласын аударып, зейін қоя­тындығын кейін жазып алған. Ұлы күйші, шерт­пе күйдің атасы Тәттімбет Қазанқапұлы Қоянды жәрменкесінің жанында әкесіне ар­нап үлкен ас береді. Оған ақындардан Жа­нақты бас қылып, Шөжені, домбырашы Дүй­сенбайды шақырады.
Сейітжан ұстаз Жанақ ақын туралы мынадай әңгімені кітабында жазыпты: «Бірде Бә­кі төре Жанаққа: «Жанақ, сен нағыз да­рын­ды ақынсың, әрі ақылдысың. Алайда екі мінезіңді жоятын бол, бойыңда оңбайтын қыңыр мінезің бар», – депті. Сонда Жанақ: «Тақ­сыр, өлең деген – сөз. Мен сіздің тап­сыр­маңызды айтсам, ол менің емес, сіздің өлеңіңіз болып табылады. Ал мен кісіден өлең үйреніп айтар жайым жоқ. Бас билігімді берсем де сөз билігімді бере алмаймын», – де­се керек. Сонда Бәкі төре ашу шақырып: «Кет ондай болса», – депті. Жанақ бұған асып-саспай: «Құп, тақсыр», – деп, төре сый­лаған ат пен шапанын алдына қалдырып, ерін арқалап, қобызын қолына ұстап, жаяу жүре береді».
Ұстазымның «Тауқымет» атты кітабында Абай ұрпағы бастан кешкен азаптарын мұра­ғат деректері арқылы терең үңіліп, зерттеп, оқыр­мандарға түсінікті, жатық тілмен жет­кізе білді.
«Тұлпардың ізі өшпейді» атты еңбегіндегі әрбір хикаят, әрбір мақала көнекөз қарияның көрген білгендері, өз құлағымен естігендері, көңіл­ге түйгендерімен шегеленіп, қарапайым оқыр­манға түсінікті тілмен өріледі. Автор Абыралы өңірінің тумасы ретінде сол өңір­дің тарихы туралы, атауының қайдан шыққаны, Абыралы ауданының құрылуы, таратылуы, 1931 жылғы ақпан-наурызда, Қа­зақстандағы ең тұңғыш ең ірі «Абыралы көтерілісі» туралы, Семей полигонының зардаптары туралы толғанады.
«Абылайдың ақ туы» «Қайнардағы қай Қо­быланды?», «Еңсегей бойлы Есім хан», «Тәу­кенің тәубесі» сияқты шығармалар, ер­те­дегі қазақ тарихы туралы сөз қозғалады. Аса қадірлі ұстазымның еңбектерін осылайша тізбектей беруге болар еді, оны газет беті көтермейді ғой.
Әрине, Сейітжан ағамыз туралы әңгі­ме­легенде ақкөңіл, тап-таза Күнтай ше­шемізді атай кетпеуге болмас. Шешеміз де педагог. Бүкіл өмірін оқу ісіне арнай жүріп, жанындай жақсы көрген өмірлік жарына нағыз серік бола білді. Қуанышында қуанды, ре­ні­шіне күйінді. Олар 5 бала тәрбиелеп өсірді. Барлығы да жоғары дәрежелі білім алды. Бүгінде шешеміз де 90 жасты алқымдап қал­ды. Енді бұл ананы күтіп-бағу балаларының мін­деті. Күнтай шешеміздің бес баласының атынан барлық ауыртпашылықты бір өзіне көтеруді мойнына міндет қылған ортаншы қызы Тоғжанға деген ризашылық сезім мол. Тоғжанның мінезі жұмсақ, ақкөңіл, кімге болсын жақсылық жасасам деп тұратын, тым нәзік жан. Ақындық та бойына дарыған сияқ­ты. Ұстазым Сейітжан да балаларының ішін­де осы баласына ерекше көңілі ауғанын бай­қайтынмын. Тоғжан өлеңдерін ұялшақ­ты­ғынан жарыққа шығармай жүр. Оның мы­на бір «Иман» атты өлеңін айта кеткенді дұрыс көрдім:
Адамға ең алдымен иман керек,
Иманды жүрегіне жинау керек
Алла берген иманнан айырылмай,
Көзінің қарасындай қорғау керек…
Бүгінде Сейітжан ұстазымның 11 немере, 5 шөбересі бар. Соңында мәдениетті, өнегелі, қамқор, халқына адал қызмет атқарып жүрген ұрпақ қалдырған ата-ана бақытты. Сейітжан ұстаз бен Күнтай шешеміздің тамаша тәрбиесі ертеңге үлгі-өнеге. Ұстазым Тоғжан баласының атынан барлық ұрпағына деген өсиетін жазбаша қалдырыпты:
Жолың болсын Тоғжаным!
Б……….ң болсын қанатың
Тірегің болсын Б……….Ң,
Отбасы бол ордалы.
Ағайын іздеп баратын
Қадырлы бол анаңдай,
Сабырлы бол бабаңдай
Жарқын болсын ғұмырың
Шамшырақ боп жанардай
Қасиетті ана бол,
Байсалды әділ дана бол,
Мейірманды туысқа,
Бауырмалды пана бол.
Әрине бір мақаламен ұстазымның еліміз­ге, Отанына сіңірген еңбегін толық жеткізу мүм­кін емес. Ағаның ортамыздан кеткеніне бір жыл толды. Бала-шағасы қалай сағынса, мен­ің сағынышым да олардан кем емес. Әкем­дей болған асыл, ақ жарқын, жүрегі әппақ ар­маншыл, қайраткер ұстазымнан айырылып, жетім қалған сәбидей болып жүрмін.

Болатбек НӘСЕНОВ,
тарих ғылымының докторы, профессор.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 28.11.2019 | 22:29

Абыралы өңірінде кімдеген батырды іздеге,қоржында жылқышы ауылында болған туралы дерек бар а

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір