Философияда дәстүр мәселесін көтерген
10.11.2017
2225
0

Гүлжиһан Нұрышева,
философия ғылымының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Философия кафедрасының меңгерушісі


ЮНЕСКО-ның шешімімен 2005 жылы қараша айының үшінші бейсенбісі Дүниежүзілік философия күні ретінде белгіленген еді. Қазір бұл мереке үлкен дәстүрге айналды. Философия әлеміндегі ерекше жаңалықтар мен өзекті мәселелерді талқылауға, осы ғылымға еңбегі сіңген ойшылдарды ұлықтауға арналған жиындар осы күні өтеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философтары биылғы мерекелік іс-шараларды қазақ халқының біртуар ұлы, философия ғылымдарының докторы, профессор Ораз Аманғалиұлы Сегізбаевты еске алуға арнап, ғалымның «История казахской философии» кітабының қазақ тілінде жарық көруінің тұсаукесерін өткізуді жоспарлап отыр. Бұл іргелі туындының қазақша нұсқасы – рухани жаңғыруымыздың жарқын бір көрінісі.

Қазақстан ғылымының дамуына ерекше үлес қосқан отандық фило­соф­тар туралы айтқанда есімізге бірден Ораз Аманғалиұлы Сегізбаев түседі. Ол 1929 жылы дүниеге келіп, жоғары бі­лім­ді сол кездегі С.М.Киров атындағы Қа­зақ мемлекеттік университетінде ал­­ған. Ленинград мемлекеттік уни­вер­си­тетінің аспирантурасын бітірген 1957 жылдан бастап өмірінің қырық жыл­ға жуық бөлігін осы университеттің аға оқытушысы, доценті, философия-эко­номика факультетінің деканы, «Фи­лософия» кафедрасының мең­геру­шісі қызметтеріне арнады. Яғни, елі­міздің жоғары оқу орындары мен ғы­лыми-зерттеу институттары үшін фи­­лософ мамандар дайындау ісі ұзақ жыл­дар бойы Ораз Сегізбаевтың тіке­лей басшылығымен жүргізілді деуге бо­­лады және сол жылдардағы философ түлектердің сапалы да сауатты, ғылыми дең­гейлері өте жоғары болғандығын ес­керте кеткен дұрыс.
Бұл құбылыстың себептері туралы ойлансақ, олардың басым көпшілігінің О.Сегізбаевтың тұлғалық қасиет­тері­мен тікелей байланысты болғанын бай­қаймыз. Декан және танымал ға­лым ретінде Ораз Аманғалиұлы фи­ло­со­фия жолын таңдаған абитуриенттерге қатал талаптар қоятын. Әлі есімде, «Фи­лософия және саяси экономика» факультетіне құжаттарымызды тап­сырып, емтиханға дайындалып жүрген бізбен жиналыс өткізіп, оның бары­сын­да философия ғылымының өте күрделі, философ болудың оңай іс емес екенін қайта-қайта ескертіп, әлі де болса ойлануды ұсынды, құжаттары­мызды қайтып алуымызға әлі де болса кеш емес екенін айтты. Бірақ, маман­дық таңдауда қателеспегенімізге «се­німді» біз аңғал жастыққа тән ба­тыл­дықпен еш ойланбастан тағ­ды­рымызды сынап көруге бел байладық. Кейін осын­дай қатаң талаптарды ол өзінің ас­пиранттары мен докторанттарына да үнемі қойып отырғанының куәсі бол­дық және бұл талаптар біздің ғылым жолында шыңдалуымызға игі әсерін тигізді.
Екіншіден, философ мамандар дайындаудың сол кездегі оқу бағдар­ламалары мықты болды. Мысалы, жал­пы философиялық пәндермен қатар, бірінші курстан бастап мате­матика, физика, биология және тағы басқа пәндер міндетті түрде оқыты­латын және олар болашақ философтар­дың жан-жақты дамыған маман болып қалыптасуына, философияның он­тология, гносеология және басқа сала­лары бойынша терең білім жинауына ерекше игі ықпалын тигізді. Тағы бір атап өтетін нәрсе – оқу бағдарламалары бүкіл одақ бойынша философия фа­культеттерінің бәріне бірдей болға­нымен, Ораз Аманғалиұлы сол қатал заманның өзінде-ақ «Қазақ ағартушы­лығы» атты арнайы курсты енгізіп, оны өзі жүргізді. Осы пән бойынша дә­­рістерді біз ерекше қызығушылықпен тыңдайтынбыз, себебі космополитизм үстемдік еткен қытымыр заманда өзі­міздің тегімізді тереңірек түсінуге кіш­­­­­кене болса да мүмкіндік берген бір­ден-бір пән болды десек, артық бол­мас. Өз басым қазақ халқының фи­лософиялық дүниетанымын зерт­теуді ғылым жолындағы басты мақса­тым ре­тінде сол кезде таңдадым.
Үшіншіден, сол кездегі философия фа­культетінің ұстаздар құрамы өте мық­ты болды. Әрқайсысы өз ісінің ма­маны, философия ісіне берілген, ғы­лыми ізденіс пен білім беруді қатар жүр­гізген терең ойлы ғалымдар өз пән­дерін үлкен жауапкершілікпен оқы­татын. Олардың қатарында А.Қа­сымжанов, Н.Сәрсенбаев, М.Ба­­­канидзе, М.Сужиков, Қ.Рах­ма­тул­лин, Ә.Ны­санбаев, Р.Кенесарина, А.Қа­сабеков, М.Хасанов және тағы бас­қа белгілі ға­лымдардың болғанының өзі-ақ осы ойы­мызды жақсы дәлелдейді деп ойлаймын.
Төртінші, маңызды фактор – кеңес­тік идеология үстемдік құрған қиын заманда біздің философия фа­куль­теті еркіндік пен философиялық рух патшалығы еді. Ораз Аман­ға­ли­-
ұ­лы­ның дана басшылығының арқа­сында фа­культет студенттері мен ұстаз­дары өз­дерінің сүйікті филосо­фиясын алаң­сыз зерттеуге мүмкіндік алды деуге бо­лады. Факультетте жолдастық, дос­тық, ұйымшылдық, адалдық ерекше ба­ғаланды, филосо­фиялық ойлау мә­дениетінің жоғары деңгейі мінез-құлық мәдениетінің де биік болуына тікелей әсер етті.
Ораз Аманғалиұлы жақсы басшы ға­на емес, мықты ғалым да болды. Бұл да сирек кездесетін құбылыс. Адам қыз­метінің қай саласында болсын, бас­шылық пен кәсіби шеберлікті қатар табысты алып жүретіндер сирек. Ал Ораз Аманғалиұлының ғалымдығы декан, кафедра меңгерушісі қызметінен жоғары еді. Ол өзінің өмірін қазақ хал­қының философиялық дүниетанымын зерт­теуге арнады және бұл ісіне жас кезінен бастап өмірінің соңына дейін адал болды. Кандидаттық диссер­та­ция­сының тақырыбы ретінде қазақтың ұлы ойшылы Ш.Уәлихановтың көз­қа­рас­тарын зерттеуді алуының өзі оның ба­тыл ғалым екенін көрсетеді. Қазіргі кез­де үйреншікті тақырыпқа айналған қа­зақ философиясы туралы ХХ ға­сырдың 50 жылдары сөз қозғаудың өзі мүмкін емес еді. Қиын заманның өзін­де-ақ ол қазақ философиясын зерттеу мек­тебін қалыптастыра бастады, ас­пиранттары мен докторанттарының ғы­лыми ізденістеріне қазақ фило­софиясына қатысты тақырыптар беріп отырды. Оның бойындағы осы ер­жүрек­тілік алғашқы қазақ журналис­те­рінің бірі, А.Байтұрсынов, М.Дула­тов, М.Жұмабаев, М.Әуезов және тағы бас­қа қазақ зиялыларымен қызметтес бол­ған, кейін өз еркімен Ұлы Отан со­ғысына аттанып, Кенисбергте 1944 жы­лы қаза тапқан әкесі Аманғали Се­гізбаевтан дарыған деуге болады.
Осы жерде оның отбасы туралы ар­найы айта кету керек. Өмірдің қиын да қызықты кезеңдерінде оның жа­нын­да сүйікті жары Инна Михайловна бол­ды. Екеуі екі баланы дүниеге әке­ліп, жақсы тәрбиеледі. Олар бүгін өмір­ден өз орындарын тапқан аза­мат­тар. Ұлы Ерік Алматыда кәсіпкерлікпен айналысады, қызы Марина – биолог-ға­лым, Санк-Петербургте тұрады. Біз­бен бірге оның ұлы Ерік оқыды. Ол әке­сінің барлық жақсы қасиеттерін бойы­на жинаған ұл болды. Осы қа­сиет­тері үшін оны студент достары қат­ты құрметтейтін.
Қазақ халқының философиялық дүниетанымы туралы ашық айтуға мүмкіндік пайда болған 90-шы жыл­дардың басында О.Сегізбаев осы іске бірден кірісті, нәтижесінде 1996 жылы «Казахская философия XV – начала ХХ века» оқу құралы дүниеге келді. Қа­зақстан Республикасы Білім Ми­нис­тр­лігі барлық жоғары оқу орын­дарында қолдануға ұсынған еңбектің кө­лемі мен мазмұнын талдай отырып, ұс­тазымыздың еңбекқорлығына, бі­лімінің тереңдігіне таң қаласың. Са­лыстырмалы түрде аз уақыттың ішінде осыншама жұмысты атқарып шығу тек Ораз Аманғалиұлының ғана қолынан келетін іс еді. Өзі атап көрсеткендей, ол қазақ философиясын тарихи даму үр­дісі арқылы көрсетуді міндет етіп қойды және бұл бағыттағы осыған дейін­гі талпыныстардың сәтсіз болу себептері ретінде «қазақ халқының өмір сүру ерекшеліктерінен туындай­тын, сондықтан философияны ерекше рухани құрылым ретінде түсінетін схе­маға сыймайтын философиялық ойлау ерекшеліктерінің толығымен ескеріл­меуін» және «бай эмпирикалық мате­риалға көпшілік оқырманның ғана емес, зерттеушілердің тар шеңберінің де қол жеткізу мүмкіндігі болмағанын» атап көрсетеді.
Оқу құралының тағы бір ерекшелігі ретінде Ораз Аманғалиұлы оны бір автордың ғана жазып шыққанын және бұрынғы қалыптасқан жүйе бойынша оқулықтар мен оқу құралдарын автор­лық ұжымдардың дайындауының дұрыс емес екенін ескертеді. Бұл жерде Ораз Аманғалиұлының ешқашан да өзінің аспиранттары мен докторант­тарының ғылыми және әдістемелік еңбектеріне қосымша автор болма­ғанын айта кеткен жөн. Осының өзі оның ғалым этикасына адалдығын өте жақ­сы дәлелдейді. Ол аспиранттары мен докторанттарына кейбір әріп­тес­тері сияқты абстрактылы тақырыптар емес, нақты мәселені зерттеуге негіз­делген, өзекті және болашаққа бағыт­талған тақырыптар беретін. Оның «оқу құралдарын билік тағайындаған адамның басшылығымен, «тұлғасыз» ав­торлық ұжым емес, жеке тұлға дайын­дауы тиіс» деген пікірі қазір бізге де сабақ.
Аталған оқу құралының ерекшелі-гі – қазақ философиясын жалпы және тұтас түрде көрсетудің алғашқы және әзірге соңғы талпынысы болғанында. Ғалымның өзі атап көрсеткендей, оған дейінгі ізденушілер қазақтың тарихи тұлғаларының көзқарастарын жеке, үзік, маркстік-лениндік идеологияға сай түрде зерттеумен шектелді және «Қазақстанның мәдени кеңістігі кәсіби фи­лософиялық ойдың пайда болуы мен қалыптасуына қажетті алғышарт­тарды жасамады» деген ойды бас­шы­лыққа алды, тіпті ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қа­зақ зиялыларының өздері де арнайы философиялық трактаттар жазбады деп есептеді. Осы мәселеге байланысты Ораз Аманғалиұлы «гуманитарлық та­­­қырыптарды зерттеген кеңестік ға­лымдар өз еңбектеріне жанын сала біл­меді, партиялық және мемлекеттік бюрократиялық аппарат ұсынған, қа­лыптасқан үлгі бойынша жазды» деген ой айтады. Ал оның өзі қазақ фи­ло­софиясын жанымен сүйді және осы ерекшелік ғалымның еңбектерінен айқын сезіледі және күнделікті өмірде де қатты байқалды. «Қазақ филосо­фия­сы бар ма?» деген мәселе туралы күмәнді пікірлер әлі де болса естіліп қа­лады, ал осыдан 20-25 жыл бұрын ол қызу талқыланатын. Сондай пікірта­лас­тардың бірінде оның «Қазақ фило­софиясын түсінуге өрелеріңіз жетпесе, ол қазақ философиясы жоқ деген сөз емес» деп үзілді-кесілді айтып, пікір­таласқа нүкте қойған болатын.
Ораз Аманғалиұлының орасан зор ең­бегінің арқасында қазақ халқы өзі­нің философиялық дүниетанымы ту­ралы жан-жақты білім жинады. Біз бұл жерде қателесіп отырған жоқпыз: иә, ғалым халқымызға өзінің фило­со­фиясын өзіне түсіндіріп, саралап, рет­теп, жинақтап берді, сонау көне за­маннан бергі вербалдық мәде­ниет­тегі, оның мақал-мәтел, ертегі, лири­ка­лық және батырлық эпос секілді түр­­леріндегі, ақын-жыраулар шығар­ма­шылығындағы, қазақ ағартушылары мен зиялыларының еңбектеріндегі фи­лософиялық ойларды айқындады.
2001 жылы Ораз Аманғалиұлы «История казахской философии. От первых архаичных представлений дре­вних до философии развитых форм первой половины ХХ века» туындысын ұсынды. Бір қараған адамға ол алдыңғы ең­бектің толықтырылған нұсқасы бо­лып көрінуі мүмкін. Шындығында бұл туынды ғалымның қазақ фило­со­фиясын зерттеу жолындағы тынымсыз ізденісінің тағы да бір табысты нәти­жесі. Бұл екі еңбектің әлі күнге дейін ға­лымдар мен студенттердің, ма­гистрант­тар мен докторанттардың, қа­рапайым көпшіліктің үстелінен түспей келе жатқаны – Ораз Аманға­лиұлының мұрасына берілген әділ, еш­қандай қысымсыз немесе жоғарыдан нұсқаусыз берілген баға.
Оқулық ретінде ұсынылған «Ис­тория казахской философии. От пер­вых архаичных представлений древних до философии развитых форм первой половины ХХ века» (біз қазақ тіліне аударып, ұсынып отырған) автордың энциклопедиялық білімге ие екенін та­ғы да дәлелдейді. Ораз Аманғалиұ­лы­ның қазақ философиясын ғана емес, әлем философиясын, оның бар­лық мектептері мен бағыттарын және тарих, филология, саясаттану, әлеу­мет­тану ғылымдарын өте жақсы бі­ле­тіні әріптестерін де, шәкірттерін де таң қал­дыратын. Осы еңбегінде ғалым қазақ философиясының қалып­тасуы­ның алғышарттарын талдауға ерекше назар аударып, андрон мәдениеті тұ­сында өмір сүрген көшпелілердің көз­қарастары, академик Ә.Марғұлан те­рең зерттеген Беғазы-Дәндібай мә­­­­­­дениеті кезеңіндегі дүниетаным, оты­рықшы елдердегі Заратустра мен Будда идея­ларының қазақтарға әсері және Орта ғасырда қазақ жерінде ғы­лым, өнер, әдебиеттің дамуы мұқият тал­данған.
Қазақ философиясын зерттеу үшін қандай мәселелерді тексеру қажет? Осы сұраққа жауап ретінде ғалым фи­лософиядағы дәстүрлер, ұлттық тіл және философиялық білімді жеткізуші тұл­ға мәселелерін бөліп көрсетіп, олар­дың әрқайсысына әлемдік ғылыми ой жетістіктеріне сүйене отырып, жан-жақты жауап береді және нақты тұ­жырымдар ұсынады.
Дәстүрлер туралы Б.Рассел, З.К­а­менский, И.Нарский, В.Малинин, М.Вебер, Г.Беккер және тағы басқа фи­­лософтар мен әлеумет­тану­шы­лар­дың пікірлерін талдап, «…философия­да­ғы дәстүрлер – алдыңғы ұрпақтардың идеяларының, олардың нақты өмірлік үрдісінің әсерінің нәтижесінде пайда болса да, жаңа ұрпақтарға әсер етуін жал­ғастырып отырған, бұл ұрпақтар да­мытып, байытып және қоғамның ес­кірген әлеуметтік-саяси құрылымын рационалдауға бағытталған күресінде қолданатын бөлігі» деген анықтама береді және өткеннің алдыңғы қатарлы дәстүрлерін жоққа шығару арқылы жаңаны жүзеге асыру мүмкін емес екенін ескертеді. Философиялық дәс­түрлер ұлттық өмірдің қажеттіліктерін жеткізудің өзекті тәсілі, сондықтан де дәстүрлердің негізін қалаушылар әлем­­дік сахнада өз ұлтының атынан шы­ғады. Осы ойды өрбіте отырып, Ораз Аманғалиұлы қазақтың фило­софиялық дәстүрлерін кеңестік тота­литаризм жойды, сондықтан да тәуел­сіз ел философтарының басты міндеті – «қазақ философиясының дәстүрлерін қай­та жаңғырту және толығымен қал­пына келтіру» деп тұжырым­дай­ды.
Философиядағы дәстүрлер мә­селесін талқылау арқылы ғалым фи­ло­софия өзінің ұлттық формасы арқылы дамитынын және ол ұлттық тілсіз мүмкін емесін көрсетеді. Оның пікірін­ше, ұлттық тіл, оның тілдік қоры, құры­лымы бай және әдемі болған сайын қорашаған ортаны толық, дәл және нақты бейнелеу мүмкіндігі де арта түседі, ал белгілі бір себептермен дамымай қалған тіл мәдениеті адамның табиғи және әлеуметтік дүниені иге­руі­не, оны рационалды өзгертуіне зор ке­дергілер туғызады. Сондықтан да философтар өз ұлтының тілін заттық дүние туралы ойды дамытудың нәти­жесінде пайда болған ұғымдарды қол­дану жолы арқылы дамытуға ерекше назар аударды. Бұл қазіргі заманғы фи­лософтарды ойландыратын мәселе. Ораз Аманғалиұлы философтардың на­зарын Грек, Үнді, Қытай ойшыл­дарының шығармашылығына аударып, үлгі ретінде ұсынады және бұл үлгі бізге қолайлы деп ойлаймыз.
Ғалым қазақ философиясын да­мытуға қажетті тағы бір шартты бөліп көрсетеді, ол – осы философиялық кеңіс­­­тікте өмір сүруші және қызмет етуші философ, ойшыл, өз заманының рухын, мүдделері мен мүмкіндіктерін, бо­лашақ даму бағыттарын түсіне ала­тын Тұлға. Ораз Аманғалиұлы фи­ло­софтың жеке эрудициясына, фило­софия мен мәдениеттің әлемдік жетіс­тіктерінің маңызын түсініп, оны ұлттық өмір призмасы арқылы өткізе білу, жалпыадамзаттық прогреске қыз­мет ете білу қабілетіне аса қатты көңіл бөле білген адам. Өмірінің соңына дейін өзінің сүйікті философиясына, қа­зақ философиясына қызмет етіп, оның болашақ тағдырына алаңдап, жаны күйіп өткен, адалдық пен білім­діліктің үлгісі бола білген ол өзі си­паттаған Тұлғаның жарқын үлгісі. Өзі қалаған мектептің шәкірттері біз үшін ол Аристотель мен әл-Фарабиден бір кем емес Ұстаз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір