Таңдамалы еңбектердің VІІІ томы
10.11.2017
1518
1

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты абайтану бойынша ғылыми зерттеулерді жүйелеп, жарыққа шығару ісін жалғастыруда. «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдық басылымының VІІІ томы осы игілікті істің жалғасы болып табылады. Жоба әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Ғылыми-зерттеулерді гранттық қаржыландыру» бағдарламасы бойынша орындалды.


Абайтану. Таңдамалы еңбектер. VIII том / авторлар: Дәдебаев Ж., Әб­диманұлы Ө., Кәкішев Т., Би­сен­ғали З.Қ., Сейтжанов З.Н., Тле­пов Ж., Салқынбай А.Б., Умбетаев М.Б., Тұрысбек Р., Бисенбаев
П.К., Кар­бозов Е.К.; жауапты ред. Қ. Мә­дібаева; жалпы ред. басқ.
Ж. Дә­дебаев. – Алматы: Қазақ уни­вер­ситеті, 2016. – 279 б. ISBN 978-601-04-1617-8 (ортақ), ISBN 978-601-04-1712-0 (VІІІ том).


«Абайтану. Таңдамалы ең­бек­тер­дің» VIII томында Абай (Иб­раһим) Құнанбайұлының шы­ғар­ма­шылық мұрасын пәнаралық зерт­теудің нәтижелері көpiнic тап­қан. Онда Абайдың ілімі, әдеби мұ­ра­сы, абайтану тарихы, ақын шы­ғармашылығында негізделген құн­дылықтардың негіздері, па­йым­дау мен бағалау жүйесі, бі­лім концепциясы, поэтикасы, шындық және шығармашылық қиял, маз­мұн мен пішін секілді мәселелер қо­ғамның интеллектуалдық және тұ­рақты дамуымен сабақтас қа­растырылған.
Сегізінші том монографиялық жи­нақ болып табылады. Абай Құ­нанбаевтың шығармашылығын өз­ге гуманитарлық пәндер тоғы­сын­да зерттеу заманауи әрі өзекті ғы­лыми міндет. Мұндай бағыттағы зерттеулер жаңа, инновациялық бі­лім өндіруге алып келеді. Жобада не­гізделген болжамды нәтижелер сияқ­ты іргелі инновациялық өнім­ге қол жеткізу туралы мақсат бұған дейін ешбір зерттеушінің, зерттеу­шілер тобының алдына қойылған емес.
Монография кіріспеден, сегіз та­раудан және қорытындыдан тұ­рады. Еңбектің соңында моног­ра­фиялық зерттеуді жүргізуге негіз бол­ған ғылыми жобаның жалпы си­паттамасы берілген.
«Абай мұрасын пәнаралық зерт­теудің өзекті мәселелері» деп ата­латын бірінші тарауда көкей­кес­ті, маңызды ғылыми мәселелер қоз­ғалады. Тарау авторы – профес­сор Жанғара Дәдебаев. «Абайтану тарихы» деп аталатын екінші тарауда абайтану тарихының жалпы мәселелері қарастырылған. Тарау­дың авторлары – әдебиеттанушы ға­лымдар Тұрсынбек Кәкішев, Өмір­хан Әбдиманұлы, Ерхан Карбозов. Абайтану ғылымы мынадай екі салаға негізделеді. Бірінші са­ла­ның зерттеу пәні – Абайдың өмі­рі мен шығармашылығы. Екін­ші саланың зерттеу пәні – Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған еңбектер. «Абайтану та­ри­хы» дегенде осы екі саланың екін­шісі туралы сөз болады. Екінші та­рау тұтасымен осы екінші са­ла­ның өзекті мәселелеріне арналған. Абай­тану ғылымының тууы мен қа­лыптасуының маңызды мәсе­лелері үш кезең бойынша қарас­ты­рылып, ғылыми және практикалық маңызы бар ойлар мен пікірлер не­гізделген. Монографияның үшін­ші тарауы «Абай (Ибраһим) Құ­нанбаевтың шығармашылық әле­мі» деп аталады. Тараудың авторы – профессор Жұмат Тілепов. Автор Абайдың шығармашылық әлемінің пәнаралық мәселелері, поэтика, жанр мәселелерін нақты талдаулар негізінде саралайды. «Абай және билер сөзі» деп аталатын төртінші тараудың авторы – профессор Ж.Дәдебаев. Автор Абай­дың ұлттық және жалпыа­дам­заттық мәні бар қағидаларының бастауларын барлайды. Тарауда ше­шендік өнер, билер сөзі арнасында қазақ халқының Абай ілі­міне негіз болған дәстүрлі мә­де­ниеті мен дүниетанымы өзегіндегі рухани құндылықтарының мәні ашылған. Бесінші тараудың авторы, тілші-ғалым А.Салқынбаева өмір құбылыстарын байқау мен ба­ғалаудағы Абайдың шығарма­шы­лық даралығы жөнінде пайымдайды. Алтыншы тарау Абай мен Ақыт ақын арасындағы шығарма­шы­лық байланысқа арналған. Тарау авторы, профессор З.Сейтжанов Ақыт ақынның әдеби із­де­ніс­те­ріне Абайдың көркемдік дәстүрінің әсерін саралайды. «Абайдың қарасөзі: болмысы мен бітімі» деп атал­ған жетінші тараудың авторы, про­фессор З-Ғ.Бисенғали Абайдың қа­расөздерін жаңа көзқарас тұр­ғысынан зерделейді, нақты талдау­лар жасайды. Сегізінші тарау «Абай шығармашылығындағы ұлттық жә­не жалпыадамзаттық руханият ар­налары» деп аталады. Авторлар Р. Тұрысбек пен М.Үмбетаев атал­ған мәселелерді бүгінгі қоғамның интеллектуалдық және тұрақты да­муымен сабақтастыра қарастыра­ды.
Жалпы алғанда, аталмыш көп­томдық басылымның абайтану са­ласындағы маңызы жоғары. Бұл құнды кітаптардың абайтанудың арна­сын кеңейтіп, мәнін тереңдетіп қана қоймай, көзі ашық, көкірегі ояу қазақ баласының рухани қазы­на­сын байытуға септігі тиері анық.

Мұсалы Ләйла Жұматайқызы,
филология ғылымының
кандидаты,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті.

ПІКІРЛЕР1
Добавить комментарий для ТАҢДАМАЛЫ ЕҢБЕКТЕРДІҢ VIII ТОМЫ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір