Қуанып оянған ауыл
10.11.2017
2700
1

Бұл сонау кеңес заманында ай­­­­тылатын ескі анекдот еді. Ре­сей­дің қиыр шығысында (бәлкім қиыр терістік, бәлкім батыс…) екі қа­зақ солдат кезігіп қалыпты-мыс. Совет армиясы қа­та­рын­да қыз­мет етуге ша­қырыл­ған қара­көз­­дерді военкомат қай түк­пір­лерге лақтырмады дейсіз! Екеудің біреуі Нарынқолдан екен. Екіншісі оның На­рын­қолдан екенін ести сала есі кетіп, сұрақтарын қарша бората жөнелмей ме.
– Мәссаған! Ауылдарың тура таудың етегінде ғой, иә?
– Иә, таудың түбіндеміз.
– Қарағайлы орман ауылдың дәл шетінен басталады дейді ғой. Рас па?
– Иә, рас.
– Орман ішінде аң-құстары да мол шығар ә?
– Әрине!
– Тура ауылдың ішімен өзен ағып жатады деген ше?
– Иә, тау жақтан Жағатал деген өзен ағып, төмендегі Байын­қол­ға құяды.
– Ғаж-ж-ж-а-а-а-а-п!..
– Бауырым, сұрақты сонша жау­дырдың. Өзің Қазақстанның қай жеріненсің?
– Кегеннен…
Екі солдат осылай танысқан кө­рінеді.
Ол кезде екеуі екі бөлек аудан. Об­лыстары бір болғанмен шаңы­рақ­тары бөлек, түтіні бөлек. Ол да бір дәурен екен. Оңтайластыру де­ген желеумен 1997 жылы екі ау­дан қосылып тынды.
Былтыр ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына орай «Егемен Қазақ­стан» кітапханасының сериясымен «Жиырма бес жыл: жеңістер мен жемістер» атты жинақ жарық көр­ді. Ширек ғасырдың көркем ше­жіресі іспеттес кітапта тәуел­сіздігіміздің әр жылы туралы елі­міз­ге танымал тұлғалар ой толға­ған. Осы біз тілге тиек етіп отырған 1997 жыл туралы толғам әйгілі Ше­­рағаңның – Шерхан Мұртаза­ның өткір тілімен таңбаланып, тас­­қа түсіпті. Шерағаң бүй дейді:
«1997 жылғы газеттердің ті­гін­ділерін парақтап қалсаң, ал­дың­нан: «Аукцион! Аукцион! Аукцион!» деп бақандай әріп­термен теріл­ген жарнамалар қаптап шыға ке­леді. Кейде газет көлемінің жар­тысынан көбін алып жатады.
Сонда ол жарнамалар не айтады?
– Балалар бақшалары сатылады;
– Клубтар сатылады;
– Кітапханалар сатылады;
– Мәдениет үйлері сатылады;
– Зауыттар сатылады;
– Кеніштер сатылады;
– … сатылады, сатылады, са­ты­­лады.
… «Аукцион! Аукцион! Аукцион!» деп жар салған шақта мил­лиардтың мүлкі миллионға, мил­лионның мүлкі мыңға кетті.
Арадағы айырмашылық қай қал­таға түсті деп ойлайсыз? Қажы­гелдиннің қалтасы да, көмейі де кең екен. 1994 жылы премьер-ми­нистр болып тағайындалғанға дейін, зерттеушілердің айтуынша, Қа­жыгелдин аса ірі бай бола қой­маған. Үкімет басында отырған үш жылдың ішінде халық қазы­на­сы­на суық қолын аямай салған».
Шерағаңның осы жазған­да­ры­нан бір ащы шындықтың себезгі жарығы қылаңытады. Оспадарсыз оңтайландырудан, орынды-орын­сыз сатулардан ел зардап шекпеді деу қателік болар еді. Ауданың не, облыстар да «оңтайландырудың» құры­ғына ілініп, біріне бірі қосы­лып жатты. Тілінің уыты бар бір әріп­тесіміз сол кездегі шенеунік­терді мына ағаштан ұшырсаң, ана ағашқа, ана ағаштан ұшырсаң мына ағашқа барып қона салатын қар­ғаларға теңеп еді. Рас, атқамі­нер­лердің ондай реформалардан қылы қисайған жоқ, зілмауыр жүк халықтың иығына түсті.
Нарынқол да сөйтіп қысқарған ау­дандардың қатарында кете бар­ған.
Содан бері де, міне, 20 жыл зыр етіп өте шығыпты. Ел экономикасы, Құдайға шүкір, көтерілді. Енді ал­дымыздан шекаралық аудан­дарымыздың етек-жеңін қымтап, іргемізді нығайту мәселесі шыға бастады.
Есімізге Маркстің «Европаны ком­мунизм елесі кезіп жүр» деген бір сөзі түсіп отыр… Қазір Райымбек ауданын да елес болмаса да, ер­теңге деген үмітті оятатын бір жақ­сы лепес шаңытып тұр. Үлкен­дер «Жақсы лепес – жарым ырыс» демеуші ме еді мұндайда. Кегенді қоя тұрып, әңгімеміздің бісміл­ләсін Нарынқолдан бастауымызға да осы гәптің түрткі болғаны рас-дүр.
Биыл жазда Алматы облыстық мәслихаты қазіргі Райымбек ауданы есебінен 711 937 гектар жер бө­лу арқылы жаңа аудан құру туралы қаулы қабылдағанда-ақ же­тім қозының күйін кешіп жүрген на­рынқолдықтар елең етіскен. Мұ­ның алдында да ел алғысын ар­қалап жүрген облыс әкімі На­рын­қол өңірін бір аралап өтіп, үміт отын жағып кеткенін естіген­біз.
Енді, міне, осы туралы Аста­на­дағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы облысының әкімі Амандық Ба­таловтың өзі мәлімдеді. «Облыс­та жаңа аудан құрылатынын қуана ха­барлаймын. Шешім қабылданып қойды. Үкіметтің қаулысы, Ел­ба­сының шешімі шыққаннан кейін қуа­нышты жаңалықты халыққа жет­кіземіз. Ұсыныс бізден болған еді. Нарынқолға барғанымызда жас­тардың дені ауылды тастап кет­­кенін, Алматыда базар жаға­лап, жұмыссыз жүргенін білдік. Осы­дан кейін ол жерде Нарынқол ауданын құру туралы ұсыныс жа­садық. Шекарасын бөліп, көрсетіп қой­дық, тек процедуралық жұ­мыс­тар қалды. Содан кейін шешім қа­былданады. Біз комиссия құ­рып, Нарынқолдағы мекемелерді аралап, жағдайды көріп қайттық. Келесі жылдың бюджетіне соның бәрін енгізіп, жоспарлауымыз ке­рек», – деді ол.
Әкімшілік тұрғыда екіге бө­лін­генімен Нарынқол мен Кеген Аспантаулар аясындағы жұрт үшін тел ұғым, егіз есім екендігі бел­­­гілі. Шекара түбінде, желдің өті, елдің шетінде жұпыны тірлік ке­шіп жатқан халық аудан ор­талығының жақындағанына, бір кездері дүрк көтеріліп, қалаға қоныс аударғандардың қайта ораларына, сөйтіп қаңырап жатқан ауылдардың тамырына қан жүгіреріне қуанулы.
«Адамның адамшылығы істі бас­тағандығынан білінеді, қа­лай­ша бітіргендігінен емес» – дейді да­нышпан Абай. Ендеше осынау басталған істің барынша баянды боларына имандай сенгіміз ке­леді.
Ауылға (Райымбек ауданына, яғни Кеген мен Нарынқолға деп ұғыңыз) әр барған сайын жақ­сы­сына сүйініп, жаманына күйініп қай­тасың. Аға дос Ғалым Жайлыбай «Ауылдарың жақын, қандай жақ­сы сендерге!» деп қызығады. Рас, жиі болмаса да торқалы той, топырақты өлім дегендей, аракідік ат ізін салып тұрамыз. Баяғыдай со­ғымын сойып, еті мен құрт-майын әзірлеп күтіп отыратын әке-шеше болмаса да, бір тартылыс күші тартады да тұрады, әй­теуір. Ауасы ма, адамдары ма, та­би­ғаты ма…
Ауасы демекші, бір әңгіме еске түседі осындайда. Ана жылдары (біздің ана жылдарымыз кеңес өкі­метінің кезіне тіреледі де тұра­ды емес пе) қызылордалық Нұрлан есімді бір жігіт аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып қызмет етті. Сол азамат оқу жылы аяқталуға жақындағанда бір топ озат оқушыларды Алматыға апталық демалысқа алып келмей ме. Үш-төрт күннен соң-ақ бала­лар­дың басым бөлігінің басы ауырып, балтыры сыздап дегендей, қың­қыл-сыңқылдары көбейе бас­тапты. «Қой, құрысын, аманында ата-аналарының қолдарына тапсырайын», – деп Нұрекең кері қайт­қан. Қайқының кезеңіне шық­­қанда шопыр мәшиненің мо­торын суытып алмақ болып аял­да­са керек. «О, құдірет! Әлгі ауырды де­ген балаларым бір қарасам жол­дың жиегінде алысып-жұлы­сып, қуаласпақ ойнап, шауып жүр, – деп жалғайды әңгімесін Нұрекең. – Мен бұл өңірдің ауасы­ның өзі ем екенін, тынысыңды кеңітіп, жа­ныңа дәру сыйлайтын ғажап қа­сие­ті бар екенін сол сәтте қапысыз сезіндім-ау деймін. Рас айтам, осы­нау таулы өлкенің ауасы мен же­лінде бір тылсым сиқыр бар!».
Байлық дейтін байлық та жоқ бұл өлкеде. Қазақстанның көп жерімен салыстырғанда халықтың да тұрмыс-тіршілігінің қоңтор­ғайлау екені көзге ұрып тұрады. Бар байлығы өңдерін жел тотық­тырған қарапайым адамдары мен жоғарыда айтқан саф ауасы және тұмса табиғаты.
Қазір аудан бойынша 120 мың­ға жуық ірі қара, 74 мың жылқы, 533 748 қой бар. Бұдан көретініміз ау­дан экономикасының локо­мо­тиві – мал шаруашылығы. Одан соң аздаған егін шаруашылығы, оның ішінде картоп. Кәдімгі әзіл­кеш бір бауырымыз айтатындай палауға да ұялмай қосуға болатын сапалы нарынқолдық картоп. Десек те, ауа райының қолайсыз­ды­ғы, жерінің б­иіктігі, орталықтан шал­ғайлығы қай саланы да дам­ы­туға аз кедергі жасамайтыны тағы белгілі.
Аспантаулар аясындағы ар­ман-мекеннің басты байлығы – адамдары. Бір сөзбен айтқанда – Адами капитал! Осы өлкеден қа­нат қағып, қазағына танылған әде­биет пен өнердің ірі өкілдерін, ел дамуына еселеп еңбек сіңірген даңқты қайракерлерді, спорт саң­лақтарын санап көріңізші, сау­са­ғыңыз жетпей, жаңылып қаласыз. Ендеше қайта қалпына келтірілге­лі жатқан жаңа ауданға баратын жаңа басшылар арман-мақсат­та­рын үкілеп отырған адамдарға қам­қорлықты басты кредосына ай­­налдыруы керек!
Ел сұраған талай-талай басшылар өтті бұл өңірде. Есте қа­латындары санаулы ғана. На­рын­қол ауданында бірінші хатшы бол­ған Бақыт Оспанов ағамыздың ер­лікке бергісіз бір ісі жадымда ыл­ғи жаңғырады да тұрады. «Түу» десе түкірігі жерге түспейтін хатшы аудандық газетте қамыттағы ат­тай боп қажып жүрген ақын Ер­кін Ібітановқа кезексіз үш ай дема­лыс алып беріп, Мұқағали туралы кө­лемді дастан жазып шығуды тапсырған. Аудандық ауылшаруа­шы­лығы басқармасы бастығының мой­нына Ерекеңнің отбасын үш ай бойы тегін азық-түлікпен қам­та­масыз етіп тұруды жүктеген. Ере­кең тапсырманы тастай қып орын­дап шыққан. Және қандай орындаған десеңізші! Әйгілі шедевр «Хан-Тәңірі, қайдасың?!» поэ­ма-романы дүниеге осылай кел­ген! Қасиетті сөз өнерінің құ­нын бір кісідей-ақ түсінетін пара­сат­ты басшы орман шаруашы­лы­ғының қарағайдан қиып салған даң­ғарадай төрт бөлмелі үйін ақынға шығармасының қаламақы­сы ретінде тарту еткен.
Міне, Нарынқол мен Кегенге ру­хани жаңғыру тұсында осындай тұлға болуға татитын іскер басшы керек. Ол басшы әдебиет пен мә­дениет қана емес, барлық сала бойын­ша қол астындағылар мен өзінің алдына орасан мақсат қоя білгені жөн. Қазіргі заманғы менеджмент дейтін мамандықтың майын ішкен Шэд Хельмстер дейтін дәулескер бизнесмен бүй дейді: «Мақсат жоспарды анық­тайды, жоспар әрекетке әкеледі, әрекет нәтижеге қол жеткізеді, ал нәтиже табыс береді. Осының бәрі бір ғана МАҚСАТ дейтін қара­пайым сөзден басталады!».
Қандай да бір креативті жос­пар­лардың өзін қысқа ғана уа­қыт ішінде жүзеге асыруға бола­тын қа­зір­гідей заманда бұл өңірде қол­ға алатын шаруалар шаш-етек­тен.
Мәселен, еліміздің батыс өңі­рі­нен Қытайға тартылып жатқан газ құбырының бір тармағын неге Сүмбе арқылы өткізбеске? Бая­ғы­да Алаш арыстарының бірі Мұ­ха­метжан Тынышбаев Іле жаға­лауы­мен темір жол жүргізуге бо­ла­тынын дәлелдеп, жобасын жа­сағаны еске түседі. Қарқара жәр­меңкесін қайта жаңғыртып, халықаралық сауда орталығын құру да соншалықты қол жетпестей арман емес қой. Жүн өңдеу зауыты, кірпіш зауыты, ет комбинаты сияқты жабылып қалған ірілі-ұсақты шағын кәсіпорындар ілкімді де іскер кәсіпкерлерді сар­ғайып күтуде екені де жасырын емес. Алматыдан Нарынқолға дейінгі республикалық маңызы бар автожол да жамаудан көз ашпай тозуға айналып барады. Ашылуын асыға күтіп жатқан алтын көмбедей кен орындары қаншама! Көрген жанның көз қуанышына айналып, талайларды тамсандыр­ған таулы өңірдегі туризм саласы да тусырылған күйі қозғаусыз ол жа­тыр. Айта берсең қолға алар жұ­мыстар көп, өте көп.
Нарынқолға барған сайын Хан-Тәңіріне сағына да, табына да қа­рап, көз алмасыңды суарасың. Әгәрәкім күн бұлтты болып, асқар шыңды көре алмай кетсең, әл­дене­ге көңілің алаңдап, бір нәрсең жетіспегендей, неше күн бойы нәмақұл кейіпте жүрерің бар. Осы жолы барғанда да, қайтқанда да Тәңіртаудың қағанындай қаһарлы шың қасқайып қарап тұрды. Тіпті біз алыстағалы бері бұрынғысынан да айбарланып, биіктеп кеткендей ме дейім.
Жұмысқа үлгеру үшін жолға тым ерте жиналып, елең-алаңда ат­танып кеттік.
Нарынқол қуанып оянып жатты.
Сейдағамыз, Сейдахмет Бер­ді­құлов ағамыздың әнебір шығар­ма­сындағыдай қаншама жыл мұңайып оянып жүрді.
Тағы да ұлы Абайға жүгінеміз: «Жа­мандықты кім көрмейді. Үмі­тін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш­нәрседе баян жоқ екені рас, жа­мандық та қайдан баяндап қалады дей­сің! Қары қалың қатты қыстың ар­тынан көгі қалың, көлі мол жақ­сы жаз келмеуші ме еді!» ( 37-сөз).
Биыл жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты
бағ­дарламасында Елбасымыз
Н. Назар­баев: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңыз­ды көріністерінің бірі. Бұл кез-келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық ко­­­дының негізі», – деп атап өтті. Рас! Баршамыздың ұлттық ко­ды­мыздың негізі туған жерімізде, ата­мекенімізде екендігі айдай ақи­қат қой.
Иә, дәл қазір жалғыз Нарынқол ғана емес, шекара түбіндегі әр ауыл қуанып оянатын болды. Қуану­ға себеп те жоқ емес. Туған өл­кенің көркейіп, өркендеуіне та­ғы да бір алғышарт жасалғалы отыр. Неге қуанбасқа!

Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ,
ақын, Райымбек ауданының
«Құрметті азаматы».
Арнайы «Қазақ әдебиеті»
газеті үшін.

ПІКІРЛЕР1
Мөлдір Ерболатқызы 13.11.2017 | 12:31

Хан-Тәңірі, қайдасың? Сені сагындым, ел-жұртыңды сағындым! Пай-пай!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір