Парасат майданы
10.11.2017
6191
0

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ


Әдебиетке үлкен дайындықпен келген Төлен Әбдікұлы «Оң қол» әңгімесін жиырмадан асқан шағында жазып, әдебиет әлемін дүр сілкіндірді. Ал, «Парасат майданы» секілді кемел туынды қаламгердің қаламынан алпысқа жақындап қалған шағында туды. Уақыт таразысымен өлшесек, көңіліңе алуан-алуан ой тағалайтын екі шығарманың өмірге келуінің арасын отыз жылдан астам уақыт бөліп тұр. Әрине, осы жылдардың ішінде Төкеңнің шығармашылық шабыты талай мәрте жемісін беріп, әдебиетіміздің баға жетпес байлығы болып қалатын талай-талай туындылар өмірге келді. Бірақ сол дүниелердің барлығы да, осы екі аралықты жалғап тұрған жазушы шығармашылығының алтын көпірі, «Парасат майданы» повесін туғызуға себепкер болған тізбекті туындылардай болып көрінеді маған.

Әдебиет табалдырығын аттауға мүм­кін­дік берген «Оң қол» әңгімесі Төлен Әб­дікұлы­ның өнердегі ұстанымының беташарын жасап берген алғашқы туындысы бол­ды. Ал, көркем туындыдан гөрі жазу­шы­ның жан азабына көбірек ұқсайтын «Па­расат майданы» повесінен өнердегі ұлы мақ­сатын зұлымдықпен күресуге арнаған шы­ғарма авторының, сол парасат майданын қорытындылаған ойының түйінін та­нығандай боламыз. Дегенмен, «Тозақ от­тары жымыңдайды», «Әке», «Ақиқат», «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт», «Қайырсыз жұ­ма», «Өліара» секілді, осы екі шығарманың өмір­ге келуінің аралығында туған талай та­маша туындылардың көркемдік таби­ға­тын таразыламайынша, Төкеңнің тамыры те­реңге жайылған суреткерлік шеберлігін де толық тани алмайтынымыз басы ашық әң­гіме.
Зады, өнердегі үлкен суреткерлердің бар­­лығының да шығармашылық таби­ға­ты­ның күретамыры болып табылатын, індетіп өтетін өмірлік тақырыбы болады. Шекс­пир­дің ақындық жанары пенделік болмыс­та­ғы екіжүзділікке қатты қадалды. Бальзак ақ­ша құдіретінің күйретуші күшке айналып, адамдық табиғатымыздың тұнығын қа­лай лайлайтынын жырлады. Толстой пен­де баласының болмысындағы жалған­дық­қа қарсы соғыс ашып, өмір-бойы соны­мен күресіп өтті. Чехов адамның бүкіл үмі­тін қиратып, ауызға алуға да тұрмайтын өлі жандардан мәңгі өлмейтін шығармашы­лық жасады. Жазушының жаны жыртысқа түсе­тін парасат майданында жүрген қатыгез та­лант Төлен Әбдікұлы болса, жылы сәу­леден гөрі, қайғының бораны қаттырақ со­ға­тын шығармалары арқылы, түптің тү­бінде адамзатты көрге тығатын зұлым­дық­пен өмір бойы айқасып келеді.
Байқадыңыз ба, суреткерлік табиғаты Че­ховқа қатты ұқсайтын Төкеңнің шы­ғар­ма­шылығында шамадан тыс қатыгездік та бар. Егер Толстой мен Достоевскийдің өнер­лері Маслова мен Раскольников сияқ­ты, өмір сүруге еш үміті қалмаған адам­дар­дың жанын түнектен суырып алып тірілтіп жі­берсе, Чехов пен Әбдікұлының шығар­ма­ларында ізгілік үшін күресуге тиіс ғажайып сәу­ленің өзі сөніп, адамның ең соңғы үміті тал­қандалып, зұлымдықтың өртінде жанып жатады. «Тозақ оттары жымыңдайды» по­весінде жазушы Әбдікұлының өнердегі қатыгездігі Чеховтан да асып түсіп, зұ­лым­дықтың қатал табиғатын көрсету үшін ол, тіпті, тұтас бір тайпаның жанын құрбан­дық­қа шалып жіберуден тайынбайды.
Хикаяда шаңырағы қиратылып, ортасы­на түскен араку тайпасының қалай жойыла­ты­ны баяндалғанымен, «Тозақ оттары жы­­­­мыңдайды» повесін оқыған біздің бәрі­міз де ол шығармадан, қан жұтып, қасірет шегіп, зұлымдықтың отында жанып бара жат­қан ұлтымыздың жаны мен аянышты тағ­дырын көргендей әсер алғанбыз.
Асылы, жазушы Әбдікұлы, өнердің тіл, фор­ма, стиль т.с.с формальдық жағына ғана на­зар аудармай, Алланың талантқа аманат етіп арқалатып қойған ұлы мақсатын әлим­сақтан дұрыс түсінгенгендіктен, қасаң қа­ғида мен ғұмыры шектеулі идеологияның шы­лауына шырмалып кетпеген суреткер. Ше­рімізді тарқатып, қайғымызды жеңіл­детіп, адамдық сүрлеуден адасып кетпеуді үйрететін оның ғажайып дастандарының бар­лы­ғында да, пенделік мұратқа бағын­бай­тын, имандылық күнінің әсем шуа­ғын­дай жарқыраған ізгілікті идея мен толғақты ой жатады.
Төлен шығармашылығынан жалған идеологияның тіршілігіне құндақталып, уа­қытша ғана қажеттіліктің қазанын қай­натып, пенделік мұратқа ғана қызмет етіп жат­қан бірде-бір туындыны таба алмайсың. Оның қаламынан туған әңгіме, повесть, ро­мандарының ішкі табиғатында, қоғам­ның зұлымдығы туғызған әділетсіздікке қарсы шығып, ар-ұяттың сөзін биіктен сөйлеген азаматтық үн мен өмірдің жабайы шын­дығына бағынғысы келмей бүлік бас­тайтын, ой мұңын емген адамдық парасат жатады. Жазушы Әбдікұлы заман сұранысы туғызған сайқал шындықты емес, зұлымдық салтанат құрған қоғамдағы, өмір топыра­ғының астында көміліп қалған Құдайлық шындықты іздейтін суреткер. Суреткердің жа­нын шүберекке түйіп, сондай ұлы шын­дықты іздеген шығармаларының бірі – «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі.
Егер «Оң қол» әңгімесінде Алманың са­­насына батпандап кірген зұлымдық, бай­ғұс қызды қылқындырып өлтірген болса, «Тозақ оттары жымыңдайды» повесінде ен­ді сол тажалдың тұтас бір халыққа қалай ауыз салып, аяусыз жаныштап, қанға тұн­шықтырғанының куәгері боламыз.
Шығарманың басты кейіпкері Эдуард Бей­кер мырза өркениет әлемінде төңкеріс жа­саған – ұлы ғалым. Ол жасаған опера­ция­лардың сәтсіз аяқталғаны жоқ. Топы­рақ­тан адам жаратпағаны болмаса, қал­ға­нының бәрі оның қолынан келеді. Бейкер мыр­за – моргта жатқан адамның өзін тіріл­тіп алған, медицинадағы феномен. Өмір сүру­ге еш үміті қалмаған науқастарды да ая­ғы­нан тік тұрғызып жіберген – нағыз си­қыршы.
Бір жағынан шыққан тегі мен бауырына ба­сып әлдилеген топырағын ұмытып, даңқ­тың дәл осындай биік тұғырына көтерілген про­фессорды кіналауға да болмайтын шы­ғар. Өркениет әлеміне ол өз еркімен келген жоқ қой, мүлде бейтаныс өмірге оны жаңқа құрлы көрмеген зұлым тағдырдың дауылы ұшы­рып әкелді. Әйтпесе, өркениетке қыз­мет етпек түгіл, ол өзінің ішкі арманында, оның быт-шытын шығарып қиратып, күлін көкке ұшырғысы келіп жүрген адам емес пе? Оралмайтын күндер үшін! Даңқты жыл­дар үшін!
О, Тәңірім-ау! Егер қарғыс атқыр өрке­ниет болмағанда, Кияку-Бейкердің тағ­ды­рының бораны мүлде басқа жаққа қарай со­ғып, өмір-жайлауы мүлде басқаша жай­қалу­шы еді-ау! Ол ата-бабаларынан қалған ба­тырлықтың сарқытын ішіп, қанды жо­рық­тарға аттанып, жұртты тамсандырып, қалаған қалыңдығын таңдап, үйленіп, бақуатты, барақат тірлік кешер еді. Ол берген сертіне адал болып, әкесі Чородан үй­ренген киелі шөптен жасайтын дәрісін, араку жұртын емдеу үшін ғана қолданар еді. Араку тайпасының сегіз бақсысының бірі бо­лып мойындалған ол, керек болса тіпті, өзі­нің сертінде тұрып, бауырлары үшін жа­нын пида етіп, нағыз оғыландай ерлікпен қа­за табар еді. Ол…
Бірақ бәрі де оның армандағанынан бас­қаша болды. Қайғы жамылып, қасірет жас­танып, тағдырдың жартасына соғылған Кияку-Бейкердің балалық арманының күлі көк­ке ұшты. Басына аспан құлағандай қай­ғы­ны көтере алмаған ол, кіндігін кескен хал­қының тағдырынан ажырап, жылдар өте асқақ армандарының қайда қалғанын ұмытып, өркениеттің адамына айналды. Ғылымға құлай беріліп, тынымсыз ізденіс пен адал еңбегінің арқасында адам бала­сы­ның ақылы сенбейтін игілікке жетті. Бойын­­дағы ерекше дарыны оны әлемдегі ең танымал адамға айналдырды. Оқиға күт­пе­ген жерден күрт өзгермегенде, Бейкер мыр­за ештеңені де есіне алмай, өмірі қа­лып­ты арнасымен аға беруі әбден ықтимал-тұғын.
Бейкер мырзадан италияндық Ливино Паллатели есімді журналисттің сұхбат алу­ға келіп, екеуінің арасында болған әң­гіме, оқи­ғаны мүлде басқа арнаға бұрып жібереді. Ен­ді сіз, адамзат баласын Құдайдай табын­дырған құдірет иесінің емес, өткен өмірінің елесінен құтылу үшін, ұзақ жылдар бойы өзін-өзі алдаудан қажыған бейбақтың қабырғасын қайыстырған жан азабымен танысып, оған деген бір аяушылық сезім бойыңды билеп ала жөнеледі. Журналистпен әңгімелескеннен соң, профессордың ішінде бір алапат құйын көтеріліп, сезімдері өрмектің құрындай шайқалып қоя береді. Балалық шақтың белесінде қалып қойған өмірдің кермек дәмі есіне түсіп, сағыныш­тың саусақтары жан жарасының аузын тырнап жібереді. Сол уақытта ол өзінің еш­қандай да ғұлама ғалым емес, араку тайпа­сының өкілі Кияку екенін есіне түсіріп, шын мә­ні­сіндегі бақытты өмірінің терезе­сінен ой­ша сығалап, жанын қоярға жер тап­пай қиналады. Оқырманды еліктіріп әке­тетін негізгі оқиға осыдан соң басталады.
Повесттегі негізгі оқиға басталмай тұ­рып, әуелі біз, бағзы замандардағы қазақтың нағыз батырларындай жүрегі жомарт, еш­теңеден қорықпайтын, рухы асқақ баһа­дүр­лердің ерлігін тамашалағандай боламыз. Олар­дың барлығы шетінен жаужүрек жігіт­тер, хас сұлуға үйлену үшін, жан шыдамайтын ауыр сынақтан өтіп, өмірін өлімге тігу­ден де қорықпайтын – жанкештілер. Ин­деецтерді аяусыз қыратын зұлымдық бас­талғанға дейін, сіз тек, мұражай аралап, ондағы жәдігерлерді тамашалауға келген кө­рер­мендей, шығармада суреттелетін ара­ку­лықтардың өмірін қызықтап, салт-дәс­түрімен танысып, жігіттерінің намыс­шыл­дығына, ержүректігіне сүйсініп, бәрін тек алыс­тан бақылап қана жүресіз.
Міне, сүйген қызына деген шексіз махаб­батын дәлелдеу үшін, ішінде үлкендігі бар­мақтай улы құмырсқалары бар қолғапты киіп, аппақ тістерін ақситып, сізге қарап, күліп тұрған – Канато батыр. Ол он жасында аңға шықты. Бес ягуарды өлтірді. Қан­талаған көздері шоқтай жанып, тиқандармен со­ғыста жауырынына қадалған садақ оғын жұ­лып алып, атқан адамды жекпе-жекке ша­қырған – нағыз жігітіңіз, осы Канато. Мұн­дай оғылан құмырсқаларға қолын та­латқанға селт ете қоюшы ма еді, тәйірі. (Шы­ғарманы оқи бастағаныңда ондағы сипатталатын осындай көріністер «алғаным ару болмаса, алдыма алып сүймен-ді!» (Шал­киіз) деп, дүниедегі сұлулықтың өзіне асқақ қарап, батырлықтан басқаны бақыт санамаған қаймағы бұзылмаған қазақтың бағзы замандағы өмір сүру салтын көз ал­дыңа елестетеді).
Көктегі ұлы Тәңір мен ата-бабалардың аруағы қолдаған, арманы әппақ, жүрегі шы­ныдай таза, әділеттілік пен батырлықты ғана мұрат еткен ұлы тайпаға қандай нәубат келуі мүмкін? Кім олардың аруағын қорлап, рухын таптай алады? Кім? Олардың тізесін бүктіруге кімнің шамасы жетеді? Өкінішке қарай, ондай қара күш бар екен. Оның аты – өркениет. Бұл шығармада да ең негізгі қыл­мыскер көзге көрінбегеніменен, біз оның кім екенін түйсікпен сеземіз. Ол өрке­ниетті ойлап тауып, зұлымдығын заңдасты­рып алған – қоғамның санасы.
Өркениеттің зұлымдығы араку тайпасын қызыл қанға бояды, ержүрек батыр­ла­рының рухын сындырды, қыздарын күңге, ұлдарын құлға айналдырып, індет таратып, ақыр соңында оларды жер бетінен жойып жі­берді. Адамзаттық мүддені жалаулатып, айуандықпен істелген осы зұлымдықтардың барлығы да, шын мәнісінде жер бетіндегі бес-алты халықтың пайдасын ғана көзде­ген­діктен жасалған жауыздықтар болатын.
Шығарманың соңында Бейкер мырза Бразилияға аттанып, өзін даңқтың аспанына шығарған өркениеттің, тайпаластарының жерін тартып алып, қалай көзін құртып жі­берген зұлымдығын көзімен көреді. Ең ақыры оның, араку тайпасынан қалған соң­ғы индеецті құтқаруға да шамасы келмей, ша­расыздықтан зар қақсап қалады. Ақы­рында ол араку тайпасының ең соңғы адамы өзі екенін де ұмытып, тіпті, өзін адам қа­­­тарынан да шығарып тастайды.
Оқиғаның қайғылы аяқталып, зұлым­дық­тың тағы да жеңіске жеткені үшін, оқыр­манның жазушы Әбдікұлымен келіс­пеуіне, тіпті, өкпелеуіне толық қақысы бар. Дегенмен, зұлымдықтан сақтандыру үшін, оның адамзатты жарасы мәңгі жазылмайтын қасіретке душар ете алатынын жеріне жеткізіп айта алмаса, оқырманның көңілін қи­май, ығына жығыла кетсе, суреткер Әб­дікұлы өзінің жазушылық парызын адал ат­­қарып шықпаған болар еді.
Әрине, адамдық ақыл-таразымен өл­шесек – оқырмандікі дұрыс. Пенде бала­сы­ның сағын сындырмай, алдағы күндерге құл­шындыру үшін, үнемі оның рухын кө­те­ріп, шабыттандырып отыратын идея керек. Алайда, Құдайлық мизан-таразыға са­лып өлшесек, жазушы Әбдікұлынікі дұ­рыс болып шығады. Себебі, мойнына үлкен жауапкершілік жүктеп, халықтың мұңын жыр­лай отырып, Құдайлық шындықты айт­пауға суреткер Әбдікұлының еш қақысы жоқ. Ал, Құдайлық шындықты әңгімелейтін бол­сақ, қоғамда ылғи да зұлымдықтың жеңіп, салтанат құрып келе жатқаны өтірік пе екен?
Қаламның құдіретіне жүгініп, жазу­шы­ның Құдайлық шындықты іздеген сондай шы­ғармаларының бірі «Тозақ оттары жы­мың­дайды» повесі, замандасым, ақын Есей Жеңісұлының дәл байқағанындай барлық уа­қытта да маңыздылығын жоймайтын шы­ғарма болып қала береді. Және қазақты ұзақ уақыт үнсіз қалған рухымен сырластыр­ғаны, жүрегіндегі шемен болып қатып қал­ған зарын қозғағаны үшін ғана повестің маңыз­дылығы арта түспек емес. Адамзаттық ақыл-ойды тұншықтыруға жанталасып жат­қан жабайы өркениеттің зұлымдығы қай­тадан үстемдік ете бастаған, алып им­пе­риялардың жақсы өмір сүруі үшін, тұтас бір халықтарды жер бетінен жойып жіберу­дің амалдары жасалып, санамыз қайтадан қылмыскерге айнала бастаған шақта, мұн­дай шығармалар еш уақытта да маңыз­ды­лығын жоймайды. Қайта олардың маңыз­дылығы бұрынғыдан бетер артады. Езілген ұлттарға деген аяушылық сезімді оятып, адам баласының санасын сілкіндіріп, жабайы өркениеттің зұлымдығына қарсы жұ­мылдыру үшін «Тозақ оттары жымың­дайды» секілді, өз ұлтының жүрегін жұбата отырып, адамзатқа ортақ қайғыны жырла­ған шығармалар мәңгі жасауға тиіс. Өрке­ниеттің ойлап тапқан машинасы өзімізге қарсы шығып, Қабылдың пышағындай біз­дің халқымызды жайратып тастамауы үшін, мұндай туындыларды әлемнің барлық ті­ліне аударып, адамзаттық ақыл-ойдың ор­тақ игілігіне айналдырған абзал.
Жазушы Төлен Әбдікұлы адамның рухын кемелдендіре түсетін парасат май­да­нын­да толайым табысқа жеткен суреткер. Оқырмандардың зор сүйіспеншілігіне бө­ленген мұндай жеңіске ол, бойындағы таланты, жазу шеберлігі мен өнердегі ізде­ні­сінің арқасында ғана жеткен жоқ. Айласы шек­сіз, амалы шолақ ғасырда өмір сүрген су­реткерді өнердің асқар биігіне көтерген екі қанаты болды – адал махаббат пен адам­дық парасат.
Әдебиет – адамтануды ғана емес, адам болып қалуды үйрететін ұлы өнер. Міне, сон­дықтан да шын талант әдебиетке, адам­дық бастаудың қайнарын лайлайтын қо­ғам­ның зұлымдығынан өмірді тазарту үшін ке­леді. Жүрегі оттай жанып, өмірдің зұлым­ды­ғымен күресе алмаған жазушы еш уақыт­та да адам жанының суреткері бола алмайды.
Өнерге берілген адалдығы мен адамдық парасатының арқасында Төлен Әбдікұлы адам жанының суреткері бола білді. Оның қаламынан туған шығармаларында зұлым­дыққа қарсы парасат майданын ашқан оттың жалыны лаулайды. Сол жалыннан қуат алған біздің рухымыз да оның жазған әр шығармасымен бірге кемелденіп, адам­дық жолдан тайғанап кетпей, парасат май­да­нында жазушымен бірге жеңіске жетіп ке­леді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір