Өнер – достықтың алтын көпірі
19.08.2015
2196
0

1Қазіргі таңда Атырау қаласында тұратын, суретте батик жанрын таңдап алған қылқалам шебері Камила Жапалованың туындыларын көрген сәтте ойға батқанымыз шындық. Өйткені, ұлттық колоритті бойына сіңірген көркемөнер туындылары замана зарын, қоғам дертін айшықтап тұрғандай көрінді. Әр суретіне ұлтымыздың дәстүрі мен салтын, тұрмыс-тіршілігін арқау қыла отырып, бүгінгі өмірдің сәулетті салттарымен қатар, мұңға толы көріністерін де шебер берген онымен тілдесіп, сұхбат алудың сәті түсіп еді.

Камила ЖАПАЛОВА,
ҚР Суретшілер одағының мүшесі, суретші

– Камила, сіздің әр суретіңізде үлкен бір философиялық ой, тереңдік тұнып тұр. Ұлттық мәдениетпен де қабысып, дәстүр жалғастығын паш ететіні анық. Сондықтан талантыңызға бас ие отырып, өнер жолын таңдауыңызға ықпал еткен жайлар туралы сұрағым келіп отыр?
– Сұрағыңыз орынды. Менің суретші болуыма өзімнің туып-өскен ортам әсер етті деп батыл айта аламын. Мұсылман әлемінде екінші Мекке атанған Түркістан топырағында туып, бойжеттім, асыл армандарға қол создым. Бала кезімде әжем үнемі жүн түтіп, жіп иіріп, қолөнермен, алаша, өрмек, кілем тоқи­тын, тұскиіз жасайтын. Соның бәрін көріп өстім. Әжеме көмектесіп, жұмсағанына жү­гіріп кететін едім. Басқа әпкелерім мен сіңлі­лерім ойын қызығымен ол кісі жұмса­ғанда ес­тімегенсіп, кетіп қалатын. Ал мен болсам, неге екенін өзім де білмеймін, ай­нал­шықтап әжем жанынан шықпайтын едім. Ол кісі: «Егер мұрныңа дейін жеткізіп жүн түтсең, мұрныңнан моншақ түседі», – деп жүн түтуге отырғызып қоя­тын. Мен соған се­ніп, «Қашан моншақ түседі екен», – деп, балалық көңілмен пысылдап жүн түтіп отырар едім. Анам да ісмер жан.
Жалпы, біздің оңтүстік өлкеде қиық құрау, кесте тігуге қыздарды ерте жастан машықтан­дырады ғой. Мен де сол әжем мен апамның өнерін өзіме қабылдап, үлкейгенде атақты сурет­ші болуды армандадым. Сол арманым жетелеп, Санкт-Петербургтағы көр­кемсурет училищесіне әкелді. Онда әлем­ге атағы танымал әйгілі суретшілерден дәріс алған жылдарым маған шабыттың шалқар­лы­ғын, ойдың ке­мелді­гін сыйлады. Негізі батик өнері бас­тауын ерте заманнан алған­мен, қазірде онымен шұғылданатындар сау­сақ­пен санар­лық­тай. Оның себебі, аталмыш жанрдың күр­де­лілігіне байланысты болса керек. Жібек орамалға балауызбен сурет салу оңай емес. Әрі, ол өңдеуге, өзгертуге келмейді. Сондықтан әр бояуды ойланып барып жағып, әр детальды, әр штрихты шеберлікпен үйлестіру қажет.
Әжелеріміздің дәстүрін әрі қарай жалғас­тыру – кейінгі ұрпақ парызы. Сондықтан белдіктер жасаймын, оларға ою-өрнек түсіріп, моншақпен әсемдеймін. Өз киімімді өзім пі­шіп, өзім тігіп аламын. Кейде дүкеннен сатып алған киімдерімді де өзімнің «дизайныммен» өңдейтінім бар. Құрақ көрпелер де тігемін. Осы­ның бәрі қазақ қызына ең қажетті деп түсінемін.
– Суреттеріңізде айрықша энергетика бар екені ақиқат. Таңдап алған бояуға кө­ңіліңіз­де туған сурет үйлескенде таңғажайып өнер туындысы дүниеге келеді. Ұлтымыздың өнері мен мәдениетінің бастауларын көр­сететін туындыларыңыз туралы айтып өт­сеңіз?
– Ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің символындай болған бейне – Қорқыт Ата. «Қорқыт» деген шығармамда осы жағына баса назар аудардым. Кең даланың қақ төрінде отырған Қорқыт бейнесі қазақтың ән өнері мен аңыз-әпсаналарын тірілтіп, еске түсіреді. «Алтын қайық» картинасы Сарайшыққа байланысты. Бір кездегі қазақ хандығының астанасы болған Сарайшықтағы Секер көлі, алтын қайықпен серуендеген ханның қызы туралы аңызды басшылыққа ала отырып, өзіндік ой-толғамымды түсірдім.
– Суреттеріңізде тағы бір басым бағыт туған жермен байланысты. Осы орайда сіздің көрмелеріңізден философиялық ойға толы композициялар кездеседі. Бұл идеяларды қаламыңыздың ұшына қалай іліктіре­сіз?
– Туған жер – әр өнер адамының жүрек түкпіріндегі сағыныш бесігі. Кейде мезгіл желі шайқағанда жаңағы бесік тербеліске түсіп, адам көкірегіне сағыныш сазын толтырады. «Түркістан. Ескі қала» деген картинам осындай жағдайда жазылған туынды. Алыстан бұлды­рап көрінген Құл Қожа Ахмет Яссауи бабамыз­дың кесенесінің силуэті, ескі арба мен көгеріп тұрған тал, осының бәрі қосылып менің жүре­гімдегі Түркістанның бұрынғы келбетін құрайды.
«Атырау жері» деген композиция да Отанға деген сүйіспеншіліктен туған. Менің екінші туған жерім – Атырау. Шабытыма шабыт сыйлады, қиналғанда дем берді, тұлпар бәй­гесіне, аламанға жаратып қосты. Сондық­тан Атырау жеріне арнаған картина менде бар­шылық. «Махамбет», «Дина», «Қанатты қыз – Хиуаз» картиналары да осы тақырыптың бір тарауын құрайды.
– Тағы бір байқағанымыз – оптимистік бағытты ұстанасыз. Романтикалық сипатта, келешек күнге сеніммен қарауға жете­лей­тін туындыларыңыздан ғарыштық, кос­мостық энергетика лебі есетіндей. Осы турасында ой қозғасаңыз?
– Шындығында да мен өте оптимист адам­мын. Қандай көкірегім қан жылап, жербауырлап, күйінген, өкінген кездерімде де қылқаламымды алып, жарқын болашаққа деген сенімді түсіруге тырысамын. «Құс жолы» деген суретімде шетсіз-шексіз ғарыш кеңіс­тігінен құйылған нұр, айдың болар-болмас сәулесіне малынған құс жолы адамға бір ерекше көңіл-күй сыйлайды. Бұнда мен көк­шіл түске әдейі мән беруге тырыстым. Өйткені, көк түс халқымыздың түсінігінде мәңгілік жастықтың келбеті. Құстар керуені де осы ойды әрі қарай толықтырып тұр.
«Өмір ағашы» картинамда алып бәйтерек суретін салдым. Халық ертегілерінде кездесе­тін басына самұрық құс ұя салған алып бәйте­рек ше?! Ол біздің халқымызда үш түрлі ұғым­мен астасады. Бәйтеректің тамыры – жеті қат жер астындағы өмір туралы мифке жан бітірсе, діңгегі – қазіргі жербетілік тірлік, өмір, ал, ұшар басындағы жапырақтар мен бұтақтар – келешек ұрпақ. «Ұя. Өмір» деген суретімде ұяда жатқан жұмыртқа – мәңгілік өмірдің, ұрпақ жалғастығының символы ретінде қарастырдым. Ұя – отбасы. Ұя – біздің қа­сиетті Отанымыз. Осының бәрі адамға алғы күнге сеніммен қарауды үйретеді деп білемін.
– Жақында ғана Қазақстан Республикасынан бір топ суретші Түркияда болып қайтқан екенсіздер. Бұл сапарға ұйтқы бол­ған кімдер? Сапардан алған әсеріңіз қан­дай?
– Иә, өнер адамдарына шетелдерге барып, ондағы өнер адамдарымен араласып тұру өте пайдалы. Осындай шараға мен де қатыстырылып, тізімге енгеніме қуаныштымын. Бұл сапар – Қазақстаннан, Астанадан Түр­кияға, Стамбулға салынған өнер көпірі. Максаты – қазақ және түрік суретшілерін біріктіріп, тәжірибе алмасуға жағдай туғызу. Сөйтіп, екі елдің мәдени достастығын нығайту.
Бұл жоба – Қазақстандағы Юнус Эмре Мәдениет орталығы мен Стамбул қаласы Кучукчекмедже ауданының біріге отырып ұйымдастырған шарасы. Сапар барысында Стамбул қаласының көрікті жерлерімен, мәдени, тарихи ескерткіштерімен таныстық. Түрік суретшілерінен үйренетін тұстар да бар екен. Тамаша әсер алдық. Суретшілер шабыттанып, өздеріне болашақтағы тақырыптарын тауып, үлкен қор жинап келді. Ұйымдас­тыру­шыларға алғысымыз шексіз.
– Алдағы уақытта шығармашылық табыс тілейміз. Өнер шырағын жарқыратып жағуыңыз­ға тілеулеспіз.

Әңгімелескен Заря ЖҰМАНОВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір