Қарпық ҚҰСАЙЫНОВ
19.08.2015
1697
0

1Көрнекті ғалым, ауылшаруашылығы ғы­лымдарының докторы, профессор Қар­пық Құсайынұлы Құсайынов 87 жасқа қа­раған шағында дүниеден озды. Саналы ғұ­мырын мал шаруашылығын дамытуға, жаңалықтар енгізуге арнаған қайраткер тұл­ғаның осы саладағы 250-ге жуық ғы­лыми еңбектері, 7 монография және 20 кі­тап­шасы жарық көрді. Оның ғылыми зерт­теулерінен туған ұсыныстар өндіріске кеңі­нен енгізілді, әрі Қазақ ССР-ның ха­лық шаруашылығы жетістіктерінің та­қырыптық көрмелерінде ғалымның экспонаттары бірнеше рет қойылды.
1954 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын үздік бітірген ол, осы институттың аспирантурасын тә­мам­­дап 6 лаборатория меңгерушісі болып еңбек етті. Ал 1977-2000 жылдар ара­лы­ғын­да Қазақ ғылыми-зерттеу техно­ло­гия­лық мал шаруашылығы институтында мал азық­тандыру бөлімінің меңгерушісі қыз­метін жемісті атқарды. Осы сала маманы ретінде қашанда ғылыми жаңалықтар енгізіп, абырой биігіне көтеріле білді.
Қарпық Құсайынұлы бірнеше мем­ле­кеттік марапаттарға да ие болды.
Ол рухани әлемнің, тіл мен ділдің, әде­биеттің жанашыры еді. Қазақтың сұңқар ақыны Сәкен Сейфуллиннің немере қызы Рымжан Сейфуллина екеуі ордалы шаңы­рақтың түтінін түтетті. Сәкен әруағына қалт­қысыз қызмет етті. Сәкен қорын құру­ға, оның есімін ел жадында қалдыруға ба­­ғыт­талған үлкен шаралардың көш ба­сын­да болды. Сәкеннің өмірі мен шы­ғар­машылығы, айналасы туралы бірнеше ма­қалалары жарық көрді.
Әдебиеттің жанашыры, көрнекті ға­лым, елгезек азамат Қарпық Құсайынұлы­ның жарқын бейнесі оны білетіндердің жүрегінде ұзақ сақталады.

Қазақстан Жазушылар одағы
басқармасының секретариаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір