Болашақ бүгіннен басталады
03.11.2017
1907
0

Әліпби ауыстыру – ең алдымен бо­лашақ ұрпақ үшін маңызды шешім. Ла­тын әліпбиіне көшу мәселесі елі­міз­де бүгін ғана талқыланып жатқан жоқ. Ел­басымыз «Қазақстан – 2050 стра­те­гия­сы – мемлекеттің жаңа саяси бағы­ты» атты Жолдауында, 2006 жылғы Қа­­зақстан Халықтары Ассамблея­сы­ның XII сессиясында сөйлеген сөзінде латын әліпбиіне көшу туралы сөз ет­кені белгілі. Халықтың бұл жайында құ­лағдар болғанына да он шақты жыл­дың жүзі болды. Бұл мәдени эво­лю­ция­ның маңыздылығы Елбасымыздың «Ру­хани жаңғыру – Болашаққа бағдар» Жол­дауында кеңінен көрініс тауып, қа­жеттілігі тайға таңба басқандай ай­қын­далды.

Әрине, жазба тіл – ғасырларға жал­­­ғасар мәдени ескерткіш. Қазақ қо­ға­мындағы әрбір адам бұл құбылыстан тыс­қары қала алмайды. Ағартушылық ре­форманың үнемі алдыңғы шебінде жүре­тін ұстаздар қауымы үшін бұл үл­кен жауапкершілік, керек десеңіз, сын­­дарлы сын. Ғылым мен білімнің отын жаққан, ертең ос­ы әліпбиді үй­ретудің бейнеті мен зейнетін көретін ұс­таздар қауымы жаңа әліпбиді өмірге ен­гізуге байыппен қарап, қажеттілігін тү­сініп, терең ұғынумен қатар, 2018 жыл­дан басталатын даярлық кезеңіне ру­хани-психологиялық, педа­гоги­ка­лық кәсіби шеберлік жағынан дайын болуы керек.
Қазақ педагогикасы тарихында қа­зақ әліпбиін жасаумен, оқулық жазу­мен, оның әдістемесін негіздеумен пе­дагог-ғалымдар айналысқаны бел­гілі. Оған мысал ретінде бір өзі- тұтас бір мектептің рөлін атқарған, «Қырғыз (қа­зақ) хрестоматиясының» авторы Ы. Ал­тынсаринді, араб алфавитінің не­гі­зінде қазақ тілінің үндестігіне үйлесетін әліпби жасаған А.Байтұрсыновты атасақ та жеткілікті.
XX ғасырда ұстаздар қауымы «Сауат­сыздықпен күрестің» барлық қиын қыстау кезеңінен өткені тарихтан белгілі. Тарих осы міндетті тағы да ұс­таздар қауымына жүктеп отыр. XXI ға­сырдың көзі ашық, көкірегі ояу жұр­тына латын әліпбиін үйрету ондай қиын­дық туғызбаса да, кадр дайындау, оқулықтар шығару, оқу-әдістемелік кешендер жасау жолында ұстаздары­мыз­ға тер төгуге тура келеді. Ата-ана­лар­ға, шәкірттерге насихаттау-түсін­діру жұмыстарын жүргізу, латын әліп­биіне көшудің мектепте педа­го­гикалық-психологиялық алғышарт­тар­ын жасау, т.б міндеті бүгіннен бас­талады.
Латын әліпбиі – ғылым мен тех­никаның, жаңа технологиялардың тілі. Жаңа әліпбидің қабылдануымен оқу­шыларымыз орфографиясы мен ор­фоэпиясы бір-бірімен қабыспайтын, екеуі екі тілде «сөйлейтін»тілдік ауыт­қу­шылықтан құтылады деп ойлаймыз. Қа­зіргі уақытта саны 42 әріптен тұра­тын кириллицаға негізделген әліп­бимен оқыту кезеңі шұбалыңқы болып, жарты жылға тақау уақытты алады. Әліпбидің ықшамдылығы, «бір дыбыс – бір әріп» қағидасына негізделуі – бас­паша және жазбаша әріп танып, сауат ашатын балаларымыз үшін жеңіл әрі уақыт жағынан ұтымды болып, сауат ашу мезгілін қысқартады деп ой­лаймыз.
Қазақ орфографиясын рефор­ма­лау­ға бағытталған, фонетикасы мен гра­фикасы бір-біріне сай латын әліпбиі арқылы жазба әдеби тілді еркін мең­герген, рухани кемелденуге бет алған, білім салтанаты үстемдік құрған ұрпақ қалыптасатыны сөзсіз.

Рахима Сәкенова,
Алматы қаласындағы
Ш.Уәлиханов атындағы №12
мамандандырылған гимназия
директоры, п.ғ.к.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір