ОЛ КҮНДЕР – КӨЗ ЖЕТПЕЙТІН ЕРТЕ КҮН ҒОЙ…

0
103 қаралды

Қайсыбір тұстарда аға қадірін, іні тынысын, әпке мұңы мен қарындас назын түсінуден де қалып бара жатырмыз ба, деп күрсінетінім бар. Кеше ғана ыстық-суықты бірге тартысып, ыңғайына қарай арқаңнан қағып, қамқорлық жасаған аға-бауырларыңа ірге бөліскен соң, уақыт өте келе суық тарта бастайтының неге екен?! Әлде «бірге тумақ болса да, бірге өлмек жоқ» деген тәмсілдің ағайындық аражікті алшақтата түсетін болғаны ма.

Өзекті өртеген өзге ағайларым­ның өлімдерін айтпағанның өзінде, кешкі уақыттың бірінде тұрғылас көрші кемпір-шалдармен есік алдында әдеттегідей әңгіме-дүкен құрып отырып, үлкен әпкем Қайын­жамалдың үн-түнсіз арғы дүниеге аттанып кете барғанын айтсаңыз­шы… Маңдайынан сипай да алмай қалдық қой. Өзім­нен үлкен тетелес ағайым Ахан – Аханғали ертеңгі алпысқа толар күні алдындағы түн­де, таң ата жарық дүниенің есігін тас құлып­пен тарс жауып кетті. Қол алы­сып қалуды Алла Тағала пешене­мізге жазбапты.
Ал, ортаншы ағай – Ақли – Ахметқали Жаппасұлы Кіршібаев, Сізді ауру көп шырғалады. Ұл-қыз­дарыңыз ештеңелерін аяған жоқ, емдетудей-ақ емдетті. Бір айлан­дырса, шыр айландыратын сұм ажал соңыңыздан сүмеңдеп қалмай қойды. Адал жарыңыз Нұрзағи Әнтайқызы қиналған сәтіңізде ағаш орындықта, қа­сыңызда отырып, ауруханада таң атырды. Өзіңізді ел-жұр­тыңызға Ақли атандырған Ер­ла­ны­ңыз бен Мәншүк, Дәулетжан, Думан, Ерлан, Нұрландар ұйқыла­рын ұмытып, жұмыстарын тастады. Былайша айтқанда аурумен Сізбен бірге күресті ғой. Бірақ, бедірейген бетсіз аурудың беті еш уақытта бері қарамайды екен.
Бірге туған біздер Алматы сын­ды алып қаланың ана шеті мен мына шетінде өмір сүріп жатыр­мыз. Айлап қол алыса алмаған кездеріміз көп болды. Қалта телефоныңызды маза­лай беретінім рас еді. Тіпті, ауру меңдеп, жатып қалғаныңызда да тіл қатынастыру­шымыз осы қалта теле­фоны болды ғой. Жаратушы Иемізд­ен «Оңалта гөр, сауықтыра гөр» деген тілегі­мізді тілеп отырып, бірер таңды қасыңызда атырдым. Бірақ… Иә, бірақ, деміңіз үзілер сәтте қа­сыңыз­да бола алмағаным қандай өкінішті!.. Менің тарапымнан кет­кен қатыгездік пе, әлде өмір қағида­сы осылай ма еді?
Арабтар әр батқан күнге тізер­леп бас ие отырып, өлімге тағы бір күн жа­қында­дым-ау деп жылайды екен. Жастың ұлғая бастағаны болса керек, оңаша бір қалған сәттерде жаныңды сағы­ныш кернейтіні рас. Десе де осы «сағы­ныш» деген не өзі? Қазіргі за­манда сол сезім адамдар жүрегінен табыла ма? Құлазып, елегізіп, туыс­қан­дық бір түрткінің ықпалы­мен әсіресе, мереке күндері олар іздей қоймаған соң (Нұркамал әпкемнен басқа) іні-қарындаста­рыма «Ай­шы­лық алыс жерлерден, Жылдам хабар алғызатын» пәлені «жұмсайтыным» бар. Қайсыбірі ана бір, мына бір бас­қосуларда отырғанын айтып, әңгімені келте қайырады. Ондайда жүрегі құрығыр сызда-ап қоя береді. Дұрыс қой, бәрінің де асырап, бағып отырған бала-шағалары бар, сығым­дап ұстап, желкеден қысып тұрған қызмет, жұмыс тағы бар. Таң атса, күн бататын мына жалған дүниеде мұршаң ештеңеге жетпей жатады. Әрі қазіргі жастар әлеуметтік, эко­номикалық «са­ғынышқа» ұшыра­ғандар ғой. Оған, әрине, қоғам мен үкімет кі­нә­лі. Жастарға Араб елдерін­де­гі­дей жағдай жасалса, олар туыс­қан­дық сағынышты жүрек­теріне қай­та ұялатып алатындары дау­сыз.
Қоғам демекші, Ақли Сіз қо­ғам­­нан өз орныңызды тапқан адам едіңіз. Немістің атақты математигі Карл Гаусстың «Ари­ф­ме­тика мате­ма­тиканың, ал ма­тематика ғылым­дар­дың патшасы» дегеніндей… ең қиын – математика мамандығын таңдаған едіңіз. Еркіңізше игер­ген­дігіңіз сонша­лық – бақылау, емтихан есептерін ережеден тыс тәсілдермен қысқаша үлгіде шығара беретінсіз. Әріптестеріңіз: «Осы Сіз бүйректен сыйрақ шы­ғарып жүреді екенсіз», – деп таңданатын. Әсіресе, мектеп директоры кезіңізде аудандық, облыстық оқу басқармаларынан, министрлік тарапынан апта құрғат­пай алмасып жататын тек­серу­шілер әкіреңдеп, ақиланып келіп, кете­рінде «Ақлилап» аттанатын. Өйткені қызметіңізден қылау таппайтын. Бір отбасының балаларындай араласып-құрма­лас­қан ұжым мүшелері ара­сынан қаңқу сөз естілмейтін.
Бір көрген адам сізді томаға-тұйықтау мінезді деп ойлауы әбден мүмкін еді. Жөбішеңгі адамдарға сы­рыңыз­ды жуықта алдыра қой­май­тынсыз. Шешіле келе нағыз әзіл­қой­дың бірі екеніңізді танытатынсыз. Тұрғы­ластарыңыз Мұратжан Тоқ­панов, Бақтұрсын Смағұловтар сіздің қылжақ әңгімелеріңізге іштерін баса, ауыздарын аша күлісіп, айыз­дары қана тыңдайтын. Ешкім­нің ала жібін аттамайтын Сіз оқу­шыларға қашан да қуаныш сыйлауға тырысатынсыз. Тіршілік­тің тыны­сына қарай қайсыбір без­бүйрек­тер­ге «Таспен атқанды аспен ату­дың» шынайы үлгісін көрсете жүре­тінсіз. Кез келген ауылда біз­дің халқымыз­дың телісі мен тен­тегі қоса жүреді ғой. Бірде кешкісін мек­тептен шығып, үйге қайтып келе жатқанда содырлау мінезді бір «ағайын»: «Ме­нің балама «ай­на­лайын-ау, оқуыңды түзесеңші», – депсің, олай деп неге айтасың? – деп ат үстінен қамшы үйір­ді. Соңыңыздан келе жатып лақ­тырған тасым аттың шабына тиді. Үрке, мөңки, ауыздығын жұла тартқан аттан өзі аударылып түсіп қала жаздаған бейбақ қайта қайы­рылмастан кетті. Сонда Сіз:
– Бекер тиістің ғой, бейшара аударылып қала жаздады. Шай іш деу керек еді, – дедіңіз.
– Еш кінәңіз жоқ Сізге қамшы үйіріп тұр ғой… – дедім.
– Бар түсінігі сол, бөлімшенің шабаны ғой, – дедіңіз.
Көрінген жерде шешіліп сөйлей бермейтінсіз. Тұрғыласы­ңыз мар­құм Самат Әмірғалиевпен пікір-та­лас­қа түскенде ағытылар едіңіз. Қо­ғам, өмір, тыныс-тірші­лік жайлы, оған саясатты тұздық­тай ара­лас­тырып, көсілгеніңізде Сәкең:
– Ал, Ақлиды енді тоқтатып көріңдер! – деп, ризашылықпен қос танауын делдитіп, күлімдей бетіңізге қарап отырар еді. Рес­публи­ка бойынша шалғайдағы 70 ауданның, әлеуметтік жағдайы өте нашар отыз ауданның санатын­да болғандықтан ауылда теледидар­дың да, радионың да өрістей қойма­ған кезі.
– Осыншама хабар-ошарды осы сен қайдан аласың? Аспанмен тіл­д­есе­тін бір пәлең бар-ау, – дей­тін Сәкең.
Осының бәрі математикалық есеппен астасып жатады. Ара-жі­гін ажырата білу керек, – дейтін­сіз.
Әдебиет ауылымен де аралас-құраластығыңыз мол болатын. Та­рихи шығармаларды жата-жастана оқитынсыз. Ілияс Есен­берлиннің, Әбіш Кекілбаевтың, Мұхтар Ма­ғау­и­ннің шығармала­рына айналаңызда­ғы­лармен пі­кір-талас ұйымдастыра­тынсыз. Есен­берлин­нің «Қаһарын» кітап­ханалардан құрттырып жат­қанда қат­ты налыған едіңіз.
– Бұл ұлттың рухына, халық­тың кешегі тыныштығы мен тұ­тас­­тығын сақтаған тұлғаларына жа­салып жат­қан шабуыл ғой. Ара түсерге ша­ма жоқ, – деп булық­тыңыз.
Ауылға жиі ат басын тірейтін ақын-жазушылармен тез тіл табы­сатынсыз. Аудандағы белгілі жазушы Ахмет Жүнісовтың үйіне келіп қонақ болатын қаламгерлерге Сіз, Қатайым – Ахметқазы Жаппасұлы екеуіңіз де шаңы­рақтан дәм та­тырмай жібермейтін­сіздер. Ахмет ағайдың повесіндегі «Бозторғай көк­ке ілініп қалған» дейтін суретті сөйле­мін: «Бұл – шеберлігіңіз ғой», – деп бөлектеп айтқанда:
– Сен әдебиетті жақсы тани­сың, кітапқа рецензияны саған жаздырту керек, – деп мәз бола­тын.
«Сайтан көпір», «Қасқыр ұлыған түн», «Біздің жақта қыс ұзақ», басқа да шығармалары ту­ра­лы дәйектей сөз қозғағаныңыз­да Оралхан Бөкеев шалқақ басын аққуша иіре риясыз рахаттанатын. «Сайтан көпірдегі» жаны мұрны­ның ұшына қамалып, қылкөпірден өткендей қиналып бара жатқан кейіпкерге басараздығы бар, шалағайжолдас, пендеәуи кейіп­кер­дің айқайлай тау жаңғырық­тырып, қар көшкінін жасататын тұсын мысалға келтіріп:
– Ореке, адамға адам бұдан ар­тық жауыздық жасар ма! Шығар­маның қаны шапшыған «жанды» тұсы – міне, осы, – дегенде Ор-ағам:
– Ахметқали, сен математикада не іздеп жүрсің? Қайт әдебиеттің ауылына, – деп қушыкештене, көзін алайтқан болып, темекісінің түтінін көкке үрлейтін.
– Ол ауылдың төріндегілердің бірі болып Сіз отырсыз ғой, ризамыз соған, – дейтінсіз.
«Қайран жастық» жинағындағы өлеңдеріндегі сөз қолданыстарын ежіктей екшеп, ескілікті сөздерді нәрлендіре пайдаланғанда өлеңі ерекшелене өрнек тауып, оқыған­дарды рахат күйге бөлейтінін айт­қанда Қажытай Ілиясұлы тыпыр­шып, орнында отыра алмай, на­сы­байын астыңғы ерініне бір са­лып, оны оң қолының бас бармақ пен балаң үйрегімен қысып ұстаған қағазымен шымши тазар­тып, шақшасын төплиінің өк­ше­сіне тық-тық қағып қойып, сол алақанға салып, насыбайын қайта ататын.
– Ей, Ақли, негізі мықты бала­сың, ауылда неге қаңғып жүрсің? – дейтін Қаж-ағам көзін үш­бұ­рыштан­дырып.
– Алматыңыздың бір тамыры ауылда жатыр емес пе. Ауыл­дағылар­дың ауызы ашутастың суымен шайы­лып, тазартылған. – Бұл Ақли­дың жауабы. Қаж-ағамның «Май­мыл­дың мәдениеті» әзіл, сықақ жи­нағындағы «Ешкінің құйрығы неге қайқы?» мазақта­масы­нан бас­тап біраз сықақ­тарымен айналасын­дағыларды күлкіге бөктіріп алатын. «Қыстың қамын жаз ойламаған», тоққарын­ға мәз, салдыр-салақ бір совхоз ди­ректорын «Сыр сұлуы» әнінің ізі­менен жазған өлең-фелье­то­нымен іреп, сойған сықағын есі­не салғанда Қаж-ағам екі ала­қа­нын бір-біріне ыс­қылап қойып:
– Ахметқали, сені математи­каның «бұғауынан» босаттыру керек, – деп алдындағы «көңіла­шар» сусынды көмекейлете тастап жібе­ретін.
Хо-о-ош! Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жаратушы Жан Иеміз үшін адам өмірі қас қағым сәт қана дейді. Сол қас қағым сәтте қай пендесін өмір – өлшемінің қай бөлігіне қойғанын тағы да Жарату­шымыз біледі ғой. Жиырма жастың жалы­нына шарпылып жүрген кезімде «бір ораған шарфысын үш ораған» дегізген ақ шарфты да, ақ тиіннің терісінен тігілген ақ қаптамалы тонды да (Нұрзағи жеңгем екеуіңіз) сатып әперіп, жігіттікке ұмтылдырған Сізді жоғалтып алғалы да, Ақли, бір жылдың жүзі болыпты.
Жалпы қазір менен бастап адам­дардың жүрегінде жылу қал­маған ба деп сезіктенемін. Бірге туған ағайын­дастар бірімізді бірі­міз іздеуден қалып барамыз. Ба­рымыз да, жоғымыз да – бәрібір. Өйткені, қоғамға да адамның еш қажеті жоқ секілді. Мағжан Жұма­баев атамыз:
Ол күндер – көз жетпейтін
ерте күн ғой,
Ерте күн – ертегідей ерке
күн ғой, –
дегеніндей, ертегідей ерке күн­дер өтті, кетті.
Енді қалғандарымыз, отбасы­мыз, жалпақ жұрт аман болса екен.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ.

Пікір қосу