Жанар аруларының әлемі
03.11.2017
1454
0

Шетелдік қаламгерлерді қоя тұрып айтсақ, өзіміздің қазақ жазушыларының арасында әйелдер тақырыбына «қол тигізбегендер» жоқ-ау, сірә. Ал енді арулар әлеміне дендей еніп, әйелдің сан қилы психологиясын санаңа сіңіріп, қолыңа ұстатқандай қаузай жазып, оқырманына мөлдірете ұсынған Әзілхан ағамыз, Бексұлтан ағамыз екендігінде дау жоқ. Бұрындары мерзімді баспасөз беттерінен ара-тұра жарияланатын әңгімелерін ғана оқыған едім. Жуықта ғана «Алаш» баспасынан жарық көрген «Өмір сүрсем… кеш емес» атты әңгімелер жинағын оқыған соң осы ағалардың қатарына мен замандасымыз Жанар Әбдішованы да қосқым келді. «Кімдермен шендестіруді тапқан екен» дегізбей, алдынала айтарымыз – жазу мәнері мен деңгейі бойынша емес, көтерген, таңдаған тақырыбы бойынша қосуға әбден болады. Бұл мақаланы ғылыми талдау немесе терең рецензия ретінде емес, есімі көп атала бермейтін, өміріне қаталдау қараған тағдырымен тайталасқа түсіп келе жатқан дарынды жазушы қызымыздың ересен еңбегіне білдірген қатардағы оқырманның жылы лебізі деп қабылдағандары дұрыс оқушы қауымның.

***
Жанардың «Өмір сүргім ке­леді» атты алғашқы кітабы 2014 жылы жарық көрген екен. Мына қолдағы кітаптың атауы – «Өмір сүрсем… кеш емес». Ал енді осы жинақтың беташар әңгімесі – «Өмір, саған ғашықпын»…Тіксініп қалғанымыз рас. Тәні мен жаны жаралы, сана мен жүрек күйзелген, өмірдің көлеңкелі жағын көбірек көріп, тіршіліктің ащы дәмін көбірек татқан жанның, тіпті бір сәт фәни-жалғаннан үмітін үзген адамның таңдаған тақырыптары сияқты екен. Оқи бастадық. «Оң жақ төсімде кішкентай түймедей, қатты «дөңгелек» пайда болғанда, басында қобалжысам да, қу тір­ші­лік­пен жүріп, артынан ұмытып та кеттім. Себебі ол жанға батып ауырмайды, оның бар-жоғы да белгісіз… Бірақ мен сіркем су кө­тер­мей, шаршайтын болдым. Әлде бір қауіпті сезгендей, әлде бір жа­мандыққа ұшырайтындай, суыл­даған жүрегімнен мазам кетеді. Арқам тартып ауырады. Жиі жөтелетін болдым. Үйдің тіршілігі бітпейді, себебі оны да бұрынғыдай апырып-жапырып істей алмай­мын: жүйкем жүн болып, қайратым құм болып, ештеме өнбейді»…
Сол қатты дөңгелекті 50 дол­ларға бірақ «сылып тастамақ» болған алаяқ дәрігерге тұтылып, одан соң атынан адам шошырлық ракты емдейтін ауруханада кейіп­керіміз жаныңды суырып алардай оталардың неше түрін басынан өткізеді. Жаны қатты қиналғанда «Алланың бұйырғаны болады, қайтем енді, қолымнан не келеді, небір асылдар, небір та­ла­нт­тар да қырыққа жетпей бақилық болып кетті, солардан әулиемін бе мен» деп өзін өзі жұбатады. Алайда ол өзін алдарқату, әйтпесе «тақыр жолмен келе жатсаң, ол да саған жылы ұшырай аяғыңның астына жайылып: «Алда байғұс-ай, жүріп қалшы, кетесің ғой сен де мәңгілік­ке, ал мен тірілер үшін осында қала беремін» дегендей болады. Жасыл жапырақ та тым жасыл болып: «Кетесің ғой сен, көріп қал­шы мені!» деп көзіме оттай басылады… Ұшып бара жатқан бозторғай да көздерін маған қадап: «Иә, ажал күтіп тұрғанын білу – өте ауыр жаза» деп пырылдап ұш­ып бара жатқандай әсер етеді»…
«Мен емшегі жоқ әйелмен тұра алмаймын!» деп күйеуі кетіп қал­ған Гүләйім, қосағының қолын уысынан шығармай ұстап жатып көз жұмған Наташа, «мойынға ілінген өлім ноқтасының ертесі не, кеші не» деп, ауруханадан шыға салып, асылып қалған алыс ауданнан келген келіншек сияқты палаталастарының тағдырларын әңгіме арқауына шеберлікпен өре отырып, жазушы обырдай сұрқия сырқаттың зымияндығын шегіне жеткізе баяндай отырып, осы әңгімесін «Өлгім келмейді! Өмір сүргім келеді!» деген жүйкеңді жүн­дей түтіп, тұла бойыңды мұз­дата­тын ызғарлы тіркеспен аяқ­тапты…
Шыдай алмадым, Өскеменнен Алматыдағы авторға телефон шалдым.
– Жорамалыңыз дұрыс, – деді Жанар. Қысқа ғана есендіктен соң: – Андағы тозақтың барлығын өз басымнан өткеріп, о дүниенің босағасынан қайта оралған жан­мын… Әңгімені студент кезімнен жаза бастап, «ертең де күн бар ғой» деп саяқсып жүруші едім. Сырқат­тың беті сәл қайтқан соң «ертеңім­нің» жалқы сәтте жоқ болуы мүм­кін екендігін ойлап, өзімді орын­дыққа «шегелеп» қойып, са­нам­дағы «мұрағатымды» ақтарып, жанталасып жазуға кірістім. Жаз­ғандарым оқырманға ұнап жатса – мен үшін қуаныш та, үлкен марапат та сол…
Біраз әңгімелерінде кейіпкер­дің іс-әрекеті мен замана талабы, дәуір тынысы астасып, өзара үйлесім тауып жатады. Мәселен — «Нанның дәмі». Жаңадан ғана үйленген Нарқызы мен анасын қалдырып, ауылдан майданға аттанған Төлеген алғашқы ұрыс­тар­дың бірінде-ақ фашистердің қолына түседі. Концлагерьдің азабын бір кісідей-ақ басынан өткерген ол «Мұсылмандарды тылдағы жұмысқа жіберу жөнін­дегі» науқанға ілігіп, қолдан қолға өтіп, ақыры Голландиядан бірақ шығады. Аштықтан өлуге таяған жігітті жаңа қожайыны қатарға қосып, өзінің сыр жасау кәсібін үйретеді. Келе-келе бауыр басып, жұмыскер жігітті өз ұлындай жақ­сы көріп кетеді. Соғыс аяқталған соң, қожайын барлық қажетті құжаттарын жөндетіп, еліне қай­туды Төлегеннің өз еркіне береді. Бірақ, фашистердің тұтқынына түскендерді ол жақта сатқын ретінде қабылдап, он жылға дейін түрмеге қамап, ауыр жазаға тартатындығын айта келіп, ол «Ал сендерді, – ол қағазына қарап, – мұсылмандарды концлагерьден шығарып, құжаттарыңды жөнде­тіп, қара жұмысқа алуды өтініп, фюрерге хат жазған адам – ала­ш­ор­­дашы, яғни Кеңестер одағы­ның қас жауы екен! Сондық­тан оның құтқарған адамдары қолда­рына түссе, бірден ату жазасына кесіп, отбасына да маза бермей, қу­далайды екен» дегенді қоса айтады…
Елге деген, анасы мен жарына деген сағынышы қаншама атойлап тұрғанымен, Төлеген қайтуға жасқанады. Сол кездері қожайыны кенеттен қайтыс болып, бүкіл ша­руасын, әйелі мен жалғыз қы­зын Төлегенге аманаттап кетеді. Барлық шаруаны өз қолына алып, қожайынның қызына үйленіп, балалы болады. Отыз жыл өткен соң «Қызыл ізшілер» арқылы іздестіріп, тауып алған, өзі соғысқа аттанғанда іште қалған ұлынан хат келеді Төлегенге.
…Құстай ұшып жеткен мұны Москвада қарсы алған ұлымен қауышқанда бойында пәлендей бір туысқандық алапат сезім болмаған еді, ал енді «Ресей жерін көк­тей өтіп, қазақтың сағым дала­сына келгенде, Төлегеннің жүрегі шым ете түсті.Сары далаға қарап, көзінен жас ақты. Әлсін-әлсін пойыздың терезесінен басын шығарып, самал желге бетін тосты. Шексіз, шетсіз сайын далаға той­май-тоймай телміріп, қарап отырды»…
«Анасының, жақын-жуықтың құшағына бір-бір «сүңгіп» шыққан Төлеген, қара шашын бастыра ал­қы­зыл шаршы орамал салып, ақ­сары, бойы өзімен жедеқабыл, сүм­бідей болып, көз жасы көлдей төгіліп, бір әйел тұр құшағын ашып… Нарқыз екенін білді… біл­ді де қапсыра құшақтай алуға батылы жетпей, аялай арқасынан ақырын ғана сипалады… бетінен сүюге де қаймықты». Әңгімеде Төлеген туралы көп айтылғанымен, Нарқыз жайлы айтылған аз ғана деректердің салмағы әлдеқайда басым. Осы Нарқыздың бейнесі сонау жылдары қосақтарын соғыс жалмаған жас жесірлердің типтік образын сомдап тұрғандай. Оны автор былай жеткізеді: «Қаңғырып, айдалада қалған қайыршыдай аянышты күйін…қайранға батып, қаңырап қалған , ескексіз қайық­тай бейшара қалпын көп көзден қалай жасырарын білмей, жан­та­лас­­қан… үкілеген үміті желге ұш­қан, аянышты жетім қалпын еш­кімге көрсеткісі келмеген, шын қуанған кейіп танытқан…бірақ іші күйіп барады, жүрегі қысылып барады, тарам-тарам болып аққан жас бетін жуып барады, сырғып барады… ие болар емес…». Нар­қыз­дың өзі: «…үміт отын маздатып, басқаға мойын бұруға мұрша бермеді… өзім де Төлегеннің елесімен өмір сүрдім емес пе? Өз жайымды ойлаған күнім болды ма менің? Шашымды тарасам да, айнаға қарасам да… Төлеген үшін қарадым… сол үшін өмір сүрдім, апамды да өз анамдай сыйлап, құрмет тұтып, алдынан қия өтпедім… жалғызы жақсы азамат болып өссін, келе қалса, үй-жайы ұядай болып тұрсын деп арыстандай арпалыстым емес пе!?… – дейді ойша.
Бұл – сұрапыл соғыс кезеңінің салған лаңының салдары болса, «Жүректегі сыр» әңгімесі – ұжым­дас­тырудың аласапыранын­да баласын осында қалдырып, шетел асып кеткен әкенің бертінірек елге оралуы. Төлегеннің сүйегі Еуро­па­да қалса, оралман ақсақалға ту­­ған жердің топырағы бұйы­ра­ды.
Адамға бірде алдын, бірде сыртын берген нарық заманының сиқын өз басыңнан өткізгендей көрсетіп,көзіңе елестетіп отыра­тын, жазылу шеберлігі мен адам­ның характерін аша білуі жағынан шоқтығы биік шығармасының бірі – «Заманың түлкі болса…». Мұнда алғаш саудасын сағыз сатудан бастаған пысықай да жұлымыр Гулечканың баюдың жолында адами қарым-қатынас пен қа­сиеттердің барлығын таптап өтіп, әдірем қалдырған нешетүрлі қитұрқы әрекеттеріне тәнті болады оқырман. Ақыры зиратқа қойыл­ған қымбат гүлдестенің гүлдерін тарқатып, әрлеп, бөлшектеп, өтім­ді «тауарға» айналдырып отыр­ған әрекеті үстінде қолға түседі. Лауазымы жоғары, қымбат гүлдестені жоғалтқан адам Гулеч­каны тіпті түрмеге жаптыра­ды. Алайда қандай амал ойлап тапқаны бір Аллаға ғана аян, Гулечка бұл пәледен тез құтылып, дүкендерін көбейткен үстіне көбейтіп, жарқылдап-жайнап, саудасын жасап жүр…
Әр ауылда, көп шаңырақта кездесіп тұратын от басы, ошақ қасылық дау-жанжал, сүйікті­ле­ріне, сыңарларына жасалған опасыздықтың кесірі, әйелдер арқылы берілетін қызғаныш пен күйініш жинақтағы біраз әңгі­ме­лер­дің арқауына айналған. Сол күйкі тірліктен туындаған шағын ғана оқиғалар арқылы қазақы-
лы­қ­­тың етек-жеңі қырқылып, адам­гершілік пен өзара сыйластық­тың өзегі қусырылып бара жатқан әлеуметтік ірі мәселеге айналып бара жатқандығын меңзейді автор. Ана тіліміздің мүкістігі, белең алып бара жатқан маскүнемдіктің, жемқорлық пен суицидтің алдын алмаса болмайтындығы да кейіп­керлердің іс-әрекеттерінен елес беріп, ойға жетелеп отыра­ды.
Өзінің басын жарған, қабыр­ғасын сындырған, үйден қуған қорлықтарын талай көрген Үкіш енді «аузына арақ тисе болды күйеуі­нің үстіне қарғып шығып, қылғындырғысы, тым құрымаса періп-періп жібергісі келіп тұра­тын болды. Бірнеше рет солай болды да… Енді баяғы Үкіш құсап, «әлгі жынды ұйықтады ма?» деп Әзербай қашатын болды үйден…». Осы арақтың кесірінен бүлдіршін­дей, он екіде бір гүлі ашылмаған жас қыздары атылып өледі.
Күйеуі мен баласын ашаршы­лық­тан құтқару үшін жоқшылық кезде жарты қап бидайға өз еркі­мен сатылып, әйелі өлген Шоңе­кеңе тиген, соның тепкісіне шы­дап келген «Әй-әй апа» — Алтынның аянышты өлімін суреттеген шап-шағын «Арманда кеткен ақ құсым» әңгімесін төбе құйқаң шымы­р­ламай оқу мүмкін емес.
Ал енді ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып үйреніп қал­ған оқымысты кәрі қыз Шә­киза­даның үй ішіне қатты өкпелеп, кәрі шешесімен ауыл шетіндегі тоқал тамда тұратын Есеттің үйіне өз аяғымен барып, келін болып түсуі («Үңгір де болса , үйім еді»), бастығының тапсырмасымен танысып, жүкті болып қалғанда сүйіктісінің «халық жауы» екенді­гін әшкерелеп, айдатып жіберген, өмір бойы «үш әріптің» кеңсесінде істеген, қазіргі күні қаусап отырса да, «біреу мені аңдып жүр» деп терезесін тұмшалап отыратын кемпір туралы («Жауапты тап­сырма») әңгімелердің астарында жеңіл юмор бар. Жинаққа автор «Тілек тіле Алладан», «Қарттар қарап қалмады» сияқты уағыздық дүниелерін де енгізіпті.
Кітапты бас алмай, бір демде оқып шықтым десем шындыққа жанаспас. Қызыға, құныға оқыға­ным рас. Жанардың аруларының барлығы да шынайы өмірден алынған, әркім байқай бермейтін, өзіміздің жанымызда жүрген кейіпкерлер. Жазушы қатпар-қатпар кеніштен алтын жуғандай сұрыптап, сол көпшіліктің ішінен өз кейіпкерлерін таңдай іріктеп, өзіне ғана тән зергерлік тәсілімен қырнап, оқырманына асыл дү­ниелерін ұсынған екен. Жазарың мол болсын, Жанар, Алла саған денсаулық берсін!

Айтмұхамбет ҚАСЫМОВ, Қазақстанның
Құрметті журналисі

Өскемен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір