Жазушының жалғыздық әлемі
03.11.2017
3563
0

Көркем шығарма, әсіресе, «роман жанрының оқырманы кеміп барады, ұзақ-сонар туындыны оқуға ешкімнің уақыты да, қалауы да жоқ» деген кесімді тұжырым басымдық танытқан уақытқа тұспа-тұс келдік.Қайдам, жақсы туындыны оқырман көлеміне қарап оқымайды ғой… Интернеттегі түрлі маңызды-маңызсыз жаңалықтарға, керекті-керексіз ақпараттарға сағаттап уақыт жоғалтып жатамыз. Оның қасында көркем шығарма, роман дегеніңіз басқа әлемге ертіп кетіп, жаңа адамдардың ортасына түсіріп, жаңа тағдыр кешіріп, жаңа ой түйдіріп, өмірге басқа қырынан қарата алатын бір шебер дүние емес пе?!

Біз сөз етер қос роман да сондай көркем дүниелер. Жазушы Асқар Алтайдың бірі ертерек («Алтай бал­ладасы»,1993), бірі кейін («Туажат», 2011) жазылған екі романын бір кітапқа топтастырып, оқып отыр­мын. Оның да өз мәні бар.
Жазушы Асқар Алтай шығарма­шылығы қалың оқырманға жақсы танымал. Қай туындысы болсын аға буын өкілдерінен де, өз қатарлас­та­рынан да, жас буыннан да оң ба­ға­сын алып үлгерген. Қаламы қарым­ды жазушы не жазса да көркемдеп, шұрайлы тілмен шынайы жазады. Сәкен Иманасов сөзімен айтсақ, «не жазатынын жақсы зерттеп, біліп алатын жазушы».
Автордың бұл кітапқа енгізілген қос романы сюжеті сүреңсіз, тілі жадағай, танымдық сипаты олқы түсіп жататын кейбір шығармалардан жұрт «түңілген» қазіргі заманда алыс­­тан шөлдеп келе жатқан жолау­шы-оқырманды кәусар бұлақтай туындыға оқыс кез қылып, сусының басатын, бас алдырмай оқытатын дүниелер дей аламыз. Тіпті, тәуел­сіз­дік тұсында жазылған қайсыбір шығармалардан оқ бойы озық тұр.
Жазылған уақытына қарамастан қос туындыға тән бір ортақтық бар. Ол – ЖАЛҒЫЗДЫҚ. Автордың өзіне осы тақырып етене жақын тә­різді, жалғыздықтың мәні мен ма­ғынасын, қадірі мен қасиетін жақсы білетіндей…
Қос романның бас кейіпкер­лері– аңшы Ұлар мен жауынгер Байбура. Екеуі де кең даланы, оның құз-шат­қа­лын, аң-құсын жанына жақын тар­тып, адам баласынан алшақ жүреді. Ұлар аңшыға бұл жалғыздық дүниеге шыр етіп келген күннен маңдайына жазылған болса (аңшы­лықпен күн көрген әке-ше­шесі Алтай баурайында жеке-дара көшіп қонады), Байбураны тағдыр­дың тар соқпағы жал­ғыздық­қа же­телеп апарады. Қос кейіпкер де осы үй­­рен­шікті өмір салтына бауыр басып, одан ажырағысы кел­мейді, жалғыз­дықтан жандарына жайлы­лық та­ба­ды, тәндеріне тыныштық ұя­ла­тады. Автор сөзімен айтсақ, «Адамнан гөрі аңға тән тіршілікке үйір».
Адам баласынан шет қалғанды «жалғыз» дейміз. Шын мәнісінде, Ұлар мен Байбөрі жалғыз емес. Қалың қауымнан сырт жүргенмен олар ұлы Алтайдың сұлу табиғаты, азулы аңы мен алуан құсына жақын жүреді. «Алтай балладасы (Алтай­дың алқызыл модағайы)» романын­да Алтай өңірінің ауызбен айтып жеткізе алмас табиғаты, суы мен нуы, оны мекендейтін аң-құсы сон­ша­лықты шынайы әрі қыз баланың қолынан шыққан кестедей көркем суреттелген. Осы тұста танымыңыз кеңейіп, Алтай өңірі, ондағы тір­ші­лік жайлы мол мағлұмат аласыз. Өз басым көп нәрсені осы романнан білдім десем артық айтқандық емес. Автордың жер жағдайын, ел жағ­да­йын, жан-жануар мен аң-құс жа­йын, этнография мен ұмыт болған аң­шылық, саятшылық туралы жақсы білетін мол біліміне таң қалмасқа шараң жоқ. Бүгінгі күнде кез келген тақырыпқа білсін, біл­ме­сін жаза беретіндер көп қой. Асқар Алтай олай етпейді. Алтай баурайын суреттегенде автордың өзі ерекше ша­быттанып кететіндей. Бүге-шеге­сі­не дейін бейнелеп, тәнті етеді. Ал­тай өңірінің адамдары, аю тір­шілігі туралы молырақ білгіңіз келсе, «Алтайдың алқызыл модағайын» оқыңыз дер едім.
«Туажат (Тамұққа түскен сәуле)» романында автор тайыншадай арлан мен арқардай қаншықтың тағылық тектілігін, арланның аң да болса «арлы» әрекетін, Байбураның аңшы­лық әккілігін, аңшы жігітпен ақшу­лан қаншық арасындағы өмір үшін тайталас, иен даладағы қос жырт­қыш­тың қасиетін, характерін ашып береді. Автор екі романда да түз та­ғысы туралы жаза отырып (бірінде – аю, бірінде – қасқырлар), олардың тағылық тектілігін танытады. Адам мен жыртқыш аң арасындағы тайта­лас, текетірес оқырман бойына рух бе­реді, еріксіз жігерлендіреді. Екі ро­манда да жыртқыштан қорқу сезі­мі­нен гөрі оқырман бойына қай­сар­лық дарытуға тырысқандық бай­қала­ды ма, қалай?
«Алтайдың алқызыл модағайын­дағы» Ұлар иен тауды дара мекендеп, ата кәсібін жан-тәнімен сүйген кә­нігі аңшы болса да қатыгез емес. Ал «Тамұққа түскен сәуле» романындағы Байбура болмысынан қатыгездік байқалады. Нағашысының жар де­генде жалғыз атын жем қылған соң «бөрі қуғынға» бет алған жас аңшы қолына түскен құмбыл қаншықты тірідей сояды. Жантүршігерлік құ­бы­­лыс. Автор бұл қатыгездіктің се­бе­­бін өзі ашып береді. Байбура қаны қазақ, жаны қазақ әрбір азаматтың жанына жара боп батқан, бойында ыза мен намыс ойнатқан «сексен алтының» – атақты Желтоқсан көте­рілі­сінің куәгері. Сол бір бейкүнә жастар мен қатыгез қоғам арасын­дағы қақтығыс жас жігіттің жүрегіне «шер-шемен» болып байланған. Бұл соның салдары.
Қатыгездік–қатыгездік қана ту­дырады. Ал адам баласына жалқы тірлік кештіріп, жандүниесінде жал­ғыздық сезімін күшейтеді… Қоғам­нан ­қатыгездік көрген жас жігіт­ жал­ғыз­сырау, жатсырау сияқты «же­­тімдік» күйге түседі, автор сөзі­мен айтсақ, психологиялық жақтан Байбура туажат күй кешеді, фило­со­фиялық жақтан туажат ой мең­дейді. Суреткер осы романы арқылы бұ­рын­ғы әдеби-мәдени ұғымға таныс емес, қазіргі қоғамға тән ТУАЖАТ атты түсінік-ұғым қалыптастырып, тыңнан ғылыми айналымға енгізіп отыр. Байырғы туажат, жүрежат, жұ­рағат деген қазақи танымды соны қырынан байытып, бұл сөзге ешкім күтпеген жаңа мәнді пси­хологиялық-философиялық мағына үстеп бергені анық көрініп тұр.
Ал террор мен зинақорлық, құл­дық пен қатыгездік сияқты сұмдық­тар ашық көрініс тапқан қазіргідей «маламатан қоғамда»жазушы өзін тереңнен тербеткен сойқан жағдай­ларға суреткерлік көзбен ой жіберіп, тың таным қалыптастырып отыр­ға­ны тағы шындық. Бұл енді кез кел­ген оқырман мен зерделеушіні қы­зық­тырарына, жаңаша ой жүгіртеріне жол ашады…
Асқар Алтайдың өзі де «туажат» ұғы­мына бірден келмегеніне қос ро­манды оқу үстінде көзіміз жете түскендей. Алдымен Ұлар аңшының жалғызбасты ғұмыры жазылса, жылдар өте келе жазылған Желтоқ­сан­ көтерілісінен кейін жалғыздыққа ұшырайтын Байбура тағдырында рухани сабақтастық, іштей түлеу бары сезіледі. Жалғыздықтан жа­ны­на тыныштық тауып, қоғамнан тыс қалған туажаттық ой ауаны иелеп ал­ған қос кейіпкерінің тағдыр-та­лайы араға уақыт салып туындағаны байқалады.
Өзінің тағдыр-талайы мен жара­ты­­лысын өзіне жат қылған, жау қыл­ған зұлым қоғам – жат қоғам, туа­жат қоғам. Шығарма атауының «Туа­жат» аталуы да осы себепті. Ол жай­лы автор былай дейді: «Мынау өзін­дей туажат адам тудырған қиян­кескі қоғам, өзіндей туажат пенде тіксінген қияметті дүние жалғаса берері хақ. Ал Туажат – осы бір оспа­дар сұмдығын жасырған жалған дүниеге, озбыр қылығын жасырған қоғамға жат жаниесі. Ендігі уақытта қорланған сезімі, қор болған сенімі жүрегін суынтқан Туажат шыдай алмас… Алапат әрекетке белін бай­лар, ірі іске басын шалар».
Шығармада Байбурамен қатар аяқ алып жүретін, ерекше сұлу су­рет­телетін және бір образ бар, ол –Бозие –Ана-Бөрі сұлбасы. Мифтік об­раз, автор қиялынан туған образ, бірақ өте әсерлі әрі көркемдік қыз­меті жоғары образ. Бұл – Байбура өзі терісін тірідей сыпырған қаншық қасқырдың өлі денесінен бумен бір­ге көтеріліп, боз сағымға айналған беймәлім сәуле. Бәлкім, бөрі рухты киелі сәуле! Ол да сыңарынан Бай­бу­раның айыруымен жалғыз қалған, жалқы күй кешкен жұмбақ бейне.Байбура тығырыққа тірелген сәтте көз алдында көктен сәуле боп құйы­лар құбылыс… Сана жетпес жырақ­тан жалғыз сорғалап түсер ғажайып субстанция.
Ана-Бөрі сұлбасы қаншама рет қиын-қыстау кезеңде Байбураға кө­мек­ке келіп, қанша жерде туажат пен­дені ажалдан аман алып қалады. Туажаттай бас кейіпкердің бойында өзіне кәміл сенім оята білген де тек осы Ана-Бөрі образы.
Ал, «Алтай балладасындағы» көң­іл сүйсінтер образ – Алтайдың ақ төс қара аюы – Айқоңыр.
Менің алғашқыда жатсынып, соңында ерекше жақсы көріп қалған образым. Азулы дала жыртқышының өмір салты мені ерекше қызықтырды. Жақсы көріп қалғаным соншалық, оның жыртқыштық құмарлықпен Атқыбұлаққа шомылуға келген құла құнанды қыз Бұлабикеге тап берге­нін – бойжеткен қыздың иен тау ара­сына жалғыз келген өз кінәсі, Ұлар­дың Шаған анасын шапқанын – қос Қаражал арасындағы алып астау сайға жалғыз үй – қараша қо­сын тігіп, анасын жалғыз тастап кет­кен Ұлардың кінәсі деп, тіпті Ай­қоңырдың Бұлабике бейітін қазып, сүйегін көрден шығарып алға­нын – жыртқыштық құмарлыққа балап, кешіріп қойдым!..
Міне, бұл романның малға ша­уып, кісі етін жеп, өзінің тағылық қасиетінен айнымаған жыртқы­шы­ның өзі оқырманды шексіз баурап алады. Оған бауыр басып, жақсы көріп кетесің. Ол да еркек аюға тән жал­ғыздықта тіршілік етеді… Ұлар екеуі де жалғыздықта жүріп бірге жан кешеді… Ал, туажат күй кешкен Байбура да жалғыздықта өмірден өтеді. Тіпті оның өртке оранып, жал­ғыз өлгенін ешкім білмей қала­ды. Ондай адам өмірде мүлде болма­ған­дай… Жазушы осы арқылы не айтқысы келді екен? Бәлкім, адам да бір ғайып жаратылыс иесі, дүниеге дара болмыс күймен келіп-кеткені білінбес дегенді меңзегені болар.
Айқоңыр – аю да болса есті, бой­ын­да терең түйсікпен жақсы көре білетін, өзінің тағы ғұмырын талғаммен сүретін жыртқыш. Автор оның мінезі, әрекеті, өмір салты, тіпті табиғатта аңға тән «ұстанымын» да соншалықты нанымды суреттейді. Аюдың мұншалықты көркем образға айналуының өзі шығармаға ерекше көрік, қайталанбас мағына беріп, қазақ әдебиетінде тың, өзгеше кейіпкер тудырып тұр.
«Терең түйсікпен жақсы көре білетін» деуіміздің себебін түсіндіре кетейік. Шығарма Айқоңыр аюдың Атқыбұлақ басына шомылуға келіп жүрген Бұлабике қызға деген сезімі оянып, оны бірнеше күн аңдып, соңында қызды қармағына түсіргені жайлы күтпеген оқиғамен басталады. Аю сұлу Бұлабикеге жемі үшін емес, ару қызға лайық тәніне қызыққан соң шабады.
Көпшілік білсе керек, ел аузында аңыз бар. Ертеде аю бір әйелді ұрлап әкетіп, үңгірінде ұстап, жауырынын жалап жүн шығарып, жабайы жан қылып жіберген екен. Автор осы аңыз­ды арқау еткен сияқты, онысы барынша нанымды шыққан. Соны­мен қатар жазушының туған өңі­рінде, ақиық Алтайдың биігінде «Қыз­бейіт» атты жер бар екен. Атау­ы­ның өзінде жұмбақ сыр жасырылған Қызбейіттің де шығу тарихында осындай аңыз жатса керек.
Көркемдік тұрғыдан да шашау шықпаған, сюжеттік тұрғыдан да тартымды роман оқырманды елік­ті­ріп әкетеді.Жыртқышқа тән жал­ғыз­дық пен тағылық сезім шығарманың өн бойына созылып жатыр. Қимас­тық сезім билеген Айқоңыр­дың есі­нен Бұлабике елесі ешуақытта шыққан емес, сол үшін басын қанша рет қатерге де тігеді… Аюдың осы аң­сар сезімі оны оқырманға таны­тып, оқиға алаңына шығарады; осы аусар сезім түбіне жетіп, ажал құш­тырады.
«Туажат» романы да аңыздық негізден, түркілік танымнан ада емес. Шығармадағы Ана-Бөрі сұл­басы – түркілік Көкбөрі тотемі негізінде алынып отырғаны анық. Ана-Бөрі сәби шағынан жетім өскен Байбураны бауырына тартып, туажат қоғам тудырған туажат пендесін періштедей жебеп, қиын-қыстау кезеңде «адасқақ ұлын» анасындай ажалдан құтқарып қалып жүреді. Себебі, Байбураның болмысында, характерінде бөрілік қасиет бар. Сәби шағында анасынан айырылып, жетімдік көріп өскен Байбураның бойында қатыгездік пен жалғыздық, анасын ер-азаматқа тән үнсіз жоқтау, іштей егіле іздеу секілді сезімдерге орын бар. Қаншық Ана-Бөрі сұлба-сәулесін анасындай қабылдайтыны да содан.
Ал түз тағысы еркіндікті, дербес­тік­ті сүйеді. Байбура да сондай. Қас­қыр өліспей беріспейді, өлімге бас тіккіш, Байбура да… Бөрі тәкаппар, өлексеге әуес емес, бойын таза ұс­тау­­ға тырысатын текті жыртқыш, Байбура да… Сондықтан да бөрі рухты Байбура – сұмдығы мол лас қоғам мен дүмше дүниеге Туажат.
Байбураны ахиретке де қамқор­шы киесі –Ана-Бөрі алып кетеді. Өмірде өзі жол көрсетіп, жетелеген Бозиесі өлімге де өзі бастап барады. Ана-Бөрі – Бозие бейнесі – жазу­шы­ның аса бір сәтті ойлап тапқан, бәл­кім санасында найзағайдай жарқ етіп туған тылсым образ десек те бо­лады. Қазақы оқырман үшін тыл­сым күш, ғайыптан келер көмектің қасқыр Ана кейіпінде келуі әрі нанымды, әрі соншалықты әсерлі. Бөрі тектес, бөрі тағдырлы қазақ баласының жанашыры Ана-Бөрі болуы оқырманға рух береді.
Шеберлікпен өрілген шығарма­ның тұтас атмосферасы, қаһарман аурасы оқырманды үнемі рухтан­ды­рып, жігерлендіріп отырады. Жал­ғыз­дықта ғұмыр сүрген жандар бол­са да, олардың таңғажайып тағ­дыр­лары оқырманын жалғыз­дық­та қалдырмайды, қайта жалғыздықтың қадір-қасиеті мен қасірет-кесапатын таныта түсетіндей…Жалпы, автор осы бір романдары арқылы жалғыз­дық психологиясы мен жалғыздық философиясы секілді күрделі ұғым­дар­ға өзі де терең бойлауға күш сал­ған­дай әсерде қаласың… Ол шығарма табиғатынан авторлық ремаркамен анық сезіліп те отырады.
Екі шығарманың шешілу шешімі де өте тартымды. «Алтай балладасы» романында Бұлабике бейітін қазып, жас сұлу мәйітін бейіт сыртындағы кәрі қарағайға сүйеп қойған Ай­қоңыр аю мен бейіт басына таң қа­раң­ғысында жеткен Ұлардың жекпе-жегі, бір қызға ғашық болып, құ­март­қан адам мен хайуан – екеудің бірін бірі жеңе алмай, екеуі де жас­ты­ғын ала өлгендігі суреттеледі. Шы­ғарма немен басталса, сонымен аяқталады. Роман Айқоңырдың Бұлабикеге құмарлығы, қапылыста жыртқыштың қолына түскен бой­жет­кенді Ұлардың ажал аузынан аман алып қалған бетпе-бетінен басталып, шығарма соңында Бұла­би­ке сүйегін жыртқышқа қорлат­пай­мын деп арашашы болған Ұлар мен аюдың жекпе-жегімен тәмам­далады. Алғашқы кездесу аю үшін де, жастар үшін де жақсы аяқталға­ны­мен, соңғы кездесу екеуінің бір­дей ажалына себеп болды. Мұның арасында – аңшылық тұрмыс, Алтай­дағы аю тіршілігі, психология­сы, із-түссіз жоқ болып кеткен әке, Айқоңыр аюға жем болған ана, Бұлабикенің әкесі Қызыр бай ауы­лы­ның көрінісі, алтын қазып жатқан кержақ-орыстар жайы және т.б. көп­теген қоғамдық, тарихи-саяси мә­селе­лер сөз болып отырады. Бірақ негізгі сюжеттік желі – «Айқоңыр – Бұлабике – Ұлар» үштағанынан тұрады.
«Туажат» туындысының шешімі мүлде басқаша. Шығарманың аяқ­талуы өте ойлы, өзгеше сезімге жол ашады. Оқырман автордан мұндай шешім, мұндай нәтижені күтпесе керек. Швед қызы Мария-Агатаның бойына бала бітуі, оны ахиретке жол тартып бара жатқан Байбураның «сана көзімен» көруі, сол жатырдағы шарана арқылы жат ел, жат жерге бұйыратын ұрпағы болатынын се­зінуі, қалтасынан түсіп қалған дөңес шынының алапат өрт тудыруы – бәрін де шағын-шағын суреттеулер арқылы қысқа қайыра отырып жазушы барлық оқиғаны, барлық ойды бір түйінге шебер жымдастыра білген.Сюжеттің жылдам шешім табуы да туындыға көрік беріп тұр.
Айтпақшы, «Алтай баллада­сында» өліп бара жатқан Ұлардың басында «Ұлым…» деген бір көмескі ой жылт етеді. Ол да соңғы сәтте, жалғаннан фәниге аттанар шешуші сәтте ұлын есіне алады. Бұл – оң жақта отырып Ұлардан жүкті болып қалған Бұлабике дүниеге әкелген сәби… Екі шығарманың бас кейіп­кері өздері өмірден өтіп бара жатса да, соңынан ұрпақ қалғанын бірі (Бай­бура) сана көзімен, енді бірі (Ұлар) ақыл көзімен көріп, ақтық де­мі таусылар шақта есіне алады. Кез­дейсоқ ұқсастық па, әлде…Бәл­кім, кейіпкер болмысына лайық заңдылық болар. Кейіпкер атаулы­ның өз өмірі, өз тағдыры, өз сезімі мен өз пси­хо­логиясы, өз философия­сы бар емес пе?! Біз мұны кейіпкер та­биғатынан туындаған, авторға бағынышсыз кейіпкер шешімі деп ұқтық.
Екі роман да рухани жақтан жалғыздық психологиясы, жалғыз­дық философиясы арқылы бір-бірін тандем болып толықтырып тұрғаны ақиқат. Қос кейіпкердің жалғыздық­тағы жандүниесі арқылы түрлі пси­холо­гиялық, философиялық астар­лардың терең тұстары да біртіндеп ашылып, автор шығармашылығына ықпал етіп отырғаны романдарда анық білініп тұрады.
Қос роман соңында жарық дүние мен жалған қоғам, қилы-қилы қоршаған орта бүкіл саналы ғұмы­рын­да әділдік, адалдық үшін аласұ­рып тіршілік кешкен, өз ұстанымы­нан айнымаған қос «жалғыз» (Ұлар мен Байбура) – көкжал азамат­тар а­қы­рынан соң да кең дүние өз күй­бең тіршілігіне көшіп, қалыпты өмір айналымын жалғастыра бе­реді… Өзекті қарыған өкініш, сана­ны сіл­кінткен жігер тек оқырман са­на­сына өзгеріс әкелері сөзсіз, сезі­міне селт еткізер ұшқын шашары шексіз.
Бұл дегеніміз көркем шығарма өзінің басты поэтикалық міндетін атқарып шықты деген сөз.Авторлық қуатты ізденістен туған романдар оқырманының санасын тағы бір дүр сілкіндіріп салды. Адамдық пен тағылықтың, табиғат пен болмыстың мынау дүрмек дүниеде жалғыздық сезім жайлаған, туажат ой кернеген кезде қандай күй кештірерін қос роман қайыра бір еске түсіріп өтсе керек.

Айман МЕНТЕБАЕВА,
филология ғылымының кандидаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір