Сын сындарлы болсын

0
193 қаралды

Жуырда «Қазақ әдебиеті» газетінде «Біржан сал» кино­сы хақында «Біржан сал ма, Біржан шал ма?» атты сын мақала жарияланды. Авторы – сыншы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әмина Құрманғалиқызы. Әуелі қазақ киносының жылт еткен жаңалығын қалт жібермей бақылап отыруға тиісті сыншының кино көрер­менге жол тартқаннан кейін он жылдан соң ғана көріп отырғанына таңырқадық. Себебі, кино 2008 жылы жарық­қа шыққан. Әрине, «Біржан сал» сияқты сүбелі туынды, классикалық кино үшін жүз жылдан кейін де жазуға бола­ды. Мұндай туындыға әр заманның ұрпағы өз ойын айтып, әр қырынан ашып жатса құба-құп. Бірақ Әмина Құрманғалиқызы сияқты сыншының ұлт мәдениетін жіті қадағалап отыратын зиялының өз заманында түсірілген киноны он жылдан кейін көріп, байбалам салуы шынымен де түсінбестік тудыратын жайт.


Жазбаны оқып шыққаннан ке­й­ін кино өнеріне қатысымыз болмаса да, үнсіз қала алмадық. Себебі, ма­қалада жөнсіз сөздер көп-ақ. Ав­тор­дың мақсаты сынау ма, әлде, мінеу ме? Сын әділетті болса – сын. Ав­тор­да жазу мәдениетінің, сын мәдениетінің қалыптаспағаны анық байқалады. Мақаланың тұтас бол­мы­сынан дүрсілдеген, зіркілдеген эмоция мен өзі айтып отырғандай «Не болса да қамтып қалайын» деген ызалы кек көрініп тұр. «Адымдап жүрмеген, сақылдап күлмеген. Жылжып қана жүріп, жымиып қана күліп, сабырмен, сыбырмен ғана сөйлеген» қазақ қызы екенін білетін апамыздың өзі бүйткеніне жол болсын. «Киноның бүкіл өне бойын­да бір атүстілік, асығыстық бар. «Не болса да қамтып қалайын» деген бір қомағай өзімшілдіктің иісі аңқиды» де­ген сөзді шын мәдениетті өнер­та­ну­шы айтпас болар. Он жыл ойланып тапқан міннің бағдары – осы.
Сыншымыз «Біржан сал» филь­мін «Қыз Жібекпен» салыстырыпты. Қазақ кино өнерінің бір биік шыңы «Қыз Жібекпен». Әрине, заман ыңғайы мен уақыттың озуына орай, қазір киногерлерде техникалық мүмкіндік бай. Бірақ, жазба авторы осы фильм үшін кино режиссері Сұл­тан Қожықовқа тырнақ астынан кір іздеген сан ғайбат тағылып, классик киногердің тіпті, бірнеше рет инсульт алғанын білмейтін болса керек. Бүгін «Қыз Жібекті» бәріміз ұлт киносының жауһары деп білеміз. Міне, уақыттың сыны. «Біржан сал» да сондай туынды.
Тағы бір күлкілі жайт, өз жазба­сын тұтас этнографиялық мәселеге арнаған сыншымыз қазақтың «сал-сері» деп аталатын әлеуметтік әскери орденінің жайы мен жапсарын білмейтіні. «Сал» сөзін «сал ауыруы­мен» шендестіріп түсінетіні байқала­ды. «Ал, сал деген кім?» деп сұрақ қой­ған автор оған өзі жауап беріп, «Сал сөзі – қимылсыз, қозғалыссыз, әрекетсіз деген сөз. Сал – өмірге, дүн­ие-малға, шешімтал әрекетке жоқ, қандай да бір соққыны терең қабылдап, үнемі өзгелерден мейірім, көмек, махаббат, еркелету күтеді. Жас баладай әрі қорғансыз, әрі шал­дуар (шамасы шалдуар деген сөздің де мәнін білмейді). Салдың тағы бір сипаты бақсы-құшынаштау, дуана­лау, арқасы, киесі болады» деген анық­тама жасайды. Бұл бір қара­ғанда, бір дүмше молданың күлкілі жазбасы сияқты көрінгенімен, ұзақ ғасырлар бойы даламызда салтанат құрған «сал-серілік» дәстүр мен «жан­болатсыз» жауға шапқан, сами­ян даланың төсінде қаны тамбаған жер қалмаған осы авангард әлеумет­тік топтың, батыр бабаларымыздың аруағын қорлау. Көрнекті фольк­лор­танушы ғалым, тақауда дүниеден өткен Едіге Тұрсыновтың зерттеу­лері­не сүйенсек, сал-серілер алғаш­қыда әскери ордендер болған, жау­дың өтінде жүріп, ел қорғаған ба­һа­дүр сайыпқыран ерлер десе, Таласбек Әсемқұлов: «Қылышым­ның майын бер» деген мақал бол­ғанын айтады. Яғни, сал-серілер де­геніміз кімдер? Сал-серілер – ры­царьлық орденнің қалдықтары. Ол – ертеден құрбаншыл, пидагер әскер болған. Яғни, жауға сауытсыз, кіреукесіз шабады екен. Әскерге ер­лік­тің үлгісін көрсету, дем беру үшін. Сонда әскердің қолбасшылары «Аналар жауға сауытсыз шапқанда, сендер неден қорқасыңдар» дейді екен. Көп жағдайда сал-серілер тү­гелдей қырылатын болған. Былайша айтқанда, олар әскери әулеттен тараған. Ал Ресейдің қол астына өткен соң, сал-серілерге қару-жарақ асынуға тыйым салынады. Енді олар қылыш-найзаларын қойып, қолына домбыра ұстап, әртістік богемаға айналып кетті. Ән салып, күй тар­тып, ел қыдыратын болды» деген дәйек келтіреді.
Сал мен серіні бөлек категория ретінде қарастырып, салды аурулар қатарына қосқан зерттеушіміз, сері дүниеден баз кешпейді деген тұжы­рым айтады. Сөйте тұра, Ақан серіні мысалға алады. Ақанның құлагері мен базараласы өлген соң дүниеден баз кешіп, безіп кеткенін Мағжан қандай толқыныспен жазғаны бар оқырманның есінде. Мұны білу бас­тауыштық сауатқа жатады. Ал, белгілі ғалым Едіге Тұрсыновтың пікірінше, қазақта «сал» мен «сері» сөздері қатар айтыла береді. Жай адамдар түгілі, сал-серілердің өздері де бұл атауларды бір-бірімен қонысы аулақ атаулар деп есептемеген. Мы­салы, Біржан сал бір өлеңінде «Сіз бұрын естіп пе еңіз Біржан сер­ді» десе, Біржанның шөбересінің келіні Рахия деген кісінің айтуына қара­ғанда, Біржанның жұбайы Әпіш күйеуін «Сері» деп атаған. Ал, өз жа­ны­мыздан қосарымыз, сөзге се­беп болып отырған Біржан салдың «Баласы Қожағұлдың Біржан сал­мын, Өзім сал, өзім сері кімге зар­мын» деген әнін біздің сыншымыз тыңдап көрмегені өкінішті. Сондық­тан жарты ақпарат, жартыкеш білім­мен өлі аруақты күңірентпей, тарих туралы сөз айтар алдында кез келген ұс­тазсынған жазарман сауатын ашып алғаны абзал.
«Алдындағы олжасын атып кет­кенде, тіксініп қалады. Осы жерде бір-екі болашаққа алаңдаған сөз айтуы керек еді» — дейді сыншымыз. Киноның тілі деген болады. Оны үгіттің, насихаттың жалынды сөзіне үйреніп қалған апам қайдан түсінсін. Даланың сал-серілерінің алдындағы аңын казак солдаттарының атып алуы – символдық эпизод. Оның мәні – киеңе қол көтерді, қасиетіңе қол сұқты деген сөз. Алдындағы несібін жатқа жегізбеген абадан ба­баларымыздың сол он тоғызыншы ғасырдағы пұшайман күйін сыйдыр­ған осы алапат лепес «Біржан сал» киносының көзге жас үйіретін әсерлі тұстарының бірі ғана. Осы жерде данышпан Асқар Сүлейменовтың «Өнердiң өмiрден айырмашылығы – өнер өмiрден үйренбейдi. Оның жаратылыстан болмаса, өмiрден ал­ар дәрiсi жоқ. Өнердiң өз өткенi, өз бүгiнi, өз логикасы мен динамикасы бар» деген сөзін ескергеннің артығы болмас.
Мақаладағы тағы бір жосықсыз мін «Біржанда шешімтал әрекет жоқ» деген айып. Есіңізге түсіріңіз, кинода көненің көзі би Маңғабыл «ұрғашы көп, ел біреу» дейді Бір­жан­­ға. Жаны сүйген Ләйліден ел ты­ныштығы үшін бас тартып отыр­ған Біржанның әркетінен артық шешімтал әрекет бола ма? Дәстүрдің қарымы қатты заманда ел егер болмасын, ағайын жау болмасын деген ниетпен Біржанның Ләйліден бас тартуы, өзегі өртенсе де өкінішсіз кетуі ел азаматына тән ірілік емей немене? Біржанның жолына жаны құрбан Ләйлінің «Қош, арыстаным, маһшарда күтем» деуі де осы ірілікке риза болған пейілден туған сөз еді. Апамыз жерден алып, жерге салған осы кино ұлт зиялылары тарапынан тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ киносының сүбелі табыстарының бірі ретінде бағаланғаны есімізде. Әрине талғамға талас жоқ. Сыншы апамыз мүлде басқа кино көрген шығар. Ұлт руханиятының абызы Әбіш Кекілбайұлының «Біржан сал» киносы туралы тебірене жазғанын кезінде бәріміз жарыса оқып, жансарайымыз көркейгені бар. Сон­дағы Әбіш Кекілбайұлының «Ер­кін­дікпен қоштасқан есіл дәурен… Көзден бұл-бұл ұшқан салдық пен серілік дәурен жайлы еліге де, еліте де әңгімелейтін бұл фильм ұлттық кинокеңістігіміздің ел сенімін мо­лынан арқалай алатын тағы бір тұр­лаулы тұлғаға байығанын баяндайды. Бұл бір өнерпаздың екінші өнерпаз жандүниесін қалай ұққандығы ту­ралы жан толғанысы. Жан тебіренісі. Авторлық фильм. Фильм-монолог. Тұтас та сом туынды. Ойланта да, толғанта да алады» — деген пікірі санамызда таңбаланып қалған. Иә, Әбіштей дананы толғандырған фильм еді бұл.
Біржанның рөлін Бекболат Тілеухан сомдауы керек еді дегені тіпті күлкілі. Жұрт алдында арқа­ланып ән айтқанның бәрі камера алдында аса тұлғалы образ сомдайды деп кім айтты? Кинода басты рөлді сомдау мен Біржан салдың әнінен концерт берудің арасын айырып алған абзал болар. Кәсіби актерлер­дің өнеріне көңілі толмай отырған сыншымыздың талғам деңгейі осы болғаны ма сонда? Жоғарыда сөз еткен мақаласында Әбіш Кекілбай­ұлы киноның актерлер құрамы ту­расында: «Фильм осындай ауыр оймен аяқталады. Оны қойған Досқан Жолжақсынов. Аса талантты актердің режиссурадағы дебюті. Соған қарамастан, биік талантқа лайық аса биік талғам мен талапты ұдайы сезіп отырасыз. Фильмде шашау шыққан бір жер жоқ. Бәрі өз орнын тауып, үйлесіп тұр. Әйгілі актердің өзі ойнаған Біржан бейнесі мейлінше дүлдүл өнерпазға тән шынайылыққа, өзек өртерлік құш­тарлыққа толы. Жастықтағы албырт армандарына адал болып өткен абзал адамның тоқтасқан шағындағы өкініштері мен мұң-зарлары аса сенімді. Дәурені өтіп бара жатқан серілік тақсыреттері өте сәтті шық­қан. Қалған актерлер басты тұлғаға бағындырылған. Аша Матай, Мәди Мұқашев, Гүлшат Тұрарова, Саят Мерекенов, Асылбек Смағұлов, Сағын­дық Жүнісов, Айдос Бек­теміров, Төлеген Қуаныш­баевтардың әрқайсысы мықшегедей қадалып, өз орындарын тапқан. Жас драматург Таласбек Әсемқұловтың әркімдер білетін әндер тақырыбынан иірімі мол келелі тағдырдың келелі си­патын жүйелі кескін-дей алғаны сүйсіндіреді. Сюжеттің дәлдігі, суреттеменің шынайылығы, тілдік мінездемелердің дөп түскендігімен таңырқатады» — деген болатын. Ұлт руханиятының ақсақалынан асып не дей алғандаймыз? Тек, рөлден жас жігіт іздеген сыншы апамызға кино сюжеті кезінде Біржан сал алпысты алқымдап қалған кезі. Ал, оның ролін сомдаған Досхан Жолжақсынов сол кезде 55 жаста болғанын ескер­теміз.
«Жесір келіншек Мақпалға Бір­жан көңілі шапқан уақытта келіп-кетіп көңілдес болып жүреді-міс. Қазақ тарихында болмаған масқара іс. Әлі күйеуінің жылы өтпеген жас жесірді ауыл шетіне оңаша отау тігіп ойнап-күлдіріп отырғызып қояды екен ғой тегі. Қазақтың жесір жө­нін­дегі заңы өте қатал. Ол енесі, қайны, қайын атасы, тіпті бүкіл ауылдың аңдуында болады. Аяғын шалыс басып, азғындыққа барса, аямай жазалаған. Тіпті өлім жазасына бұйырған» деген сөзді жазып отыр­ған апамыз Мұхтар Әуезовтің «Қа­ралы сұлуын» оқымаған сыңайлы. Бұл да сондай өнер туындысы екенін ескермейді. Апамыз «Біржан сал» киносын деректі фильм ретінде қарастыратын сияқты. Кинодра­ма­тургия дегеннің не екенін білмейді. Киноны тек музыкалық спектакль түрінде елестетеді. Әр жерде уағыз сөйленіп, мақалдатқан нақыл сөз айтылып, алтыбақанның қасында ән шырқалып, сонымен фильм бітіру керек деп санайтыны көрініп тұр.
Ұзын сөздің қысқасы – «Біржан сал» фильмі драматургиялық жұ­мы­сы мен режиссерлік шешім шебер үйлесім тапқан үздік туынды. Ұлттық кино. Қазақтың қаздай қалқып еркін жүрген дәурені басынан бұлбұл ұшып бара жатқанын білдіретін шерлі шежіре. Ел еркесі сал-серінің де дәурені өткенін мойындағысы келмей, аласұрған Біржанның көңі­ліндегі бұлқынысқа күллі қазақтың күрсінісі сиғаны жұрт көңілін тол­қытты. Ал, Ләйліні Біржанға қимай отырған сыншымыз «Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген қазақ мақалын білмейтін болса керек. Артынан аңыз ерген алты алаштың еркесі Біржан салға Ләйлі сұлу көрмей-ақ ғашық болса несі айып?
Енді бір маңызды сұрақ туады, «Біржан сал ма, Біржан шал ма» деген мақала ұлт руханиятына қандай пайда әкелді? Жақсымызды қарақтап, көрдегі аруақты қозғағанда не таптық? Қазақ руханиятының оқшау құбылысы болған марқұм Таласбек Әсемқұловтың көзі тірі болғанда, бұл жазбаны қалай қабыл­дар еді? Шын ұлт руханияты мен мәдениетінің жанашыр жоқшысы болған адам осының бәрін ойламағы лазым. Жақсының атын басқа ұрға­нымызға қуансақ, ертең көш алдына жабы мінген жаман шықпақ. Сон­дық­тан саф алтын өнерге салиқалы көзбен қараған абзал. Бір мезеттік көңілдің тыз етпе әсері өнерге баға болмақ емес. «Тарихи киноға абай болу керек. Бүтін бір ұлттың наным-сенімімен, намысымен, ұстаным-заңымен, ар-ұятымен ойнамау керек. Артыңда қалың қазақ тұрға­нын ұмытпа, киногер!» деп аяқтапты сыншымыз сөзін. Біз оның Мұхтар Әуезовтың «Мәдениетті әдебиет бол­сын деген адам мәдениетті ғы­лыми сынға ұмтылсын» деген сөзін де жадына мықты тұтқанын қалар едік.

Ербол Алшынбай.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.