Ел есіндегі есім

0
104 қаралды

Жазушы Асан Жұмаділдин көбіне ауыл өмірін жазып, өз кейіпкерлерінің арасында тірлік кешкен қаламгер. Жаңаарқа жерінен, Атасу кентінен ұзап шықпай-ақ өндіріс, кеніш, алып құрылыс, ғылым туралы жазған шығармалары да бір төбе. Бертінде заман өзгеріп, заң жаңарған шақта, өтпелі уақытта, қоғам түлеген кезеңде қиюы қашқан сәйкессіздіктер көп кездесіп, сол қиындықтарды бұл кісі де бір адамдай бастан кешірді…

Болашақ жазушының «Жаңаарқа» деген тұңғыш өлеңі 1946 жылы «Советтік Қарағанды» газетіне басылады. Саналы ғұмырының көп бөлігін оқу-ағарту ісіне арнаған Аскең 1948 жылы Қарағандының мұғалімдер институтына түсіп, оның тіл-әдебиет факультетін 1950 жылы айы­рықша дипломмен бітіреді. Сол жылы Жаңаарқа ау­дандық оқу бөліміне мектеп инспекторы болып орналасады. 1951 жылы Атасу ұжымшарының Ақтүбек бөлімшесінен ашылған жеті жылдық мектептің тұңғыш директоры болады. Осы жыл­дары А.Жұмаділдиннің өлең, әңгіме, очерктері облыстық, аудандық газеттерде жиі жарияланып тұрады. 1953 жылы Жаңаарқа стансасында тұңғыш ашылған Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ орта мектебінің директоры болып тағайын­далады. 1960-64 жылдар аралығында аудандық газетте бөлім меңгерушісі болған ол оқу бөліміне қайыра ауысып, мектеп инспекторы болып 1973 жылға дейін істеген. Одан кейін «Жаңаарқа» газетінің редакциясына ауысып, бөлім меңгеру­шісі, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Өмірінің соңына дейін әдеби-этно­графиялық «Өмір» журналының бас редакторы болды.
«Өмір» журналы – Жаңаарқадан 1992 жылдан бастап шыққан әдеби-этнографиялық басылым. Журналдың негізгі мақсаты – Жаңаарқа топыра­ғында бұрын-соңды өмір сүрген әйгілі адамдар­дың, ата-бабалардың өмір жолынан бұған дейін беймәлім болып келген мағлұматтар беру, осы өңірде өмір сүрген ақын-жазушылардың шығар­мала­рын, ел аузында сақталып келе жатқан ескі аңыз-әңгімелерді, өлең-жырларды жариялау, елдің тарихы мен тұрмыс салтына, этнография­сына байланысты қызықты деректер ұсыну, сон­дай-ақ жаңаарқалық оқырмандарды Қазақстан­ның әр шалғайындағы әдеби, мәдени өмір жайындағы дүниелермен таныстыру, республикаға танымал ғалымдардың, қаламгерлердің түрлі сипат­тағы ғылыми-танымдық зерттеулерін, мақалаларын жариялап отыру. Көлемі 7 баспа табақ журналдың бірінші нөмірінің таралымы 25 мың дана болды. Өйтетін жөні де бар. Құ­рыл­тайшылары мықты: халық депутаттары Жаңаарқа аудандық Кеңесі, Қарағанды металлур­гия ком­бинаты, Жәйрем кен байыту комбинаты. Басылымның алғашқы нөмірінде сол әлді құрылтайшылар, дилы демеушілер «Өткенімізді танып, келешектің кезеңінен асайық» деп (Секен Әбішұлы, Жаңаарқа аудандық халық депутаттары Кеңесінің төрағасы), «Біліктілік биікке бастайды» деп (Нұрша Кәкенов, Жәйрем кен байыту комбинатының директоры), «Сапар сәтті болғай» деп (Қалқаман Бошаев, Қарағанды металлургия комбинатының бас бухгалтері) лебіз білдірген.
Аскеңнің туындылары республикалық «Қа­зақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан», «Ленин­шіл жас» газеттеріне, «Жұлдыз», «Жалын», «Қазақстан әйелдері», «Халық мұғалімі» журнал­да­рына басылып тұрған. Кеңес милициясы туралы шығармалар бойынша тұңғыш жария­лан­ған республикалық әдеби конкурста «Тергеу аяқ­талған жоқ» повесі екінші жүлделі орынды иеленді.
А.Жұмаділдиннің жүзге жуық әңгімесі, екі жүзге тарта очеркі, отыздан аса сын-рецензиясы газет-журналдарда жарық көрді. Оннан аса повесть-хикаясының әрқайсысы жеке-жеке кітап болып шықты, олардың қатарында «Келін­шек», «Сең бұзылғанда», «Қайырлы сапар», «Құт құбыры», «Жұмысшы әулеті», «Байдалы би», «Битабар балуан», «Инемен қазған құдық» деген туындылары бар. «Жанжал», «Шаққан қажы» повестері, «Біз келгенше», «Белестер бедері» ро­ман­дары баспалардан жарық көрген. Осы туындылары Аскеңнің ерен ізденімпаздығын көрсе­теді, ел мұрасын көнекөз қариялардан жинастырып, Жаңаарқаның ауызша тарихын зерттеп, жаяулап, атпен, мәшинемен жүріп, іс-сапарлары мен демалысын пайдаланып, аталған еңбектерінде зерделеп, оқырман қауымға жеткізе білді.
Аскеңнің 2003 жылы «Кенже-Пресс-Медиа» баспасынан жарық көрген көлемді дерекнама кіта­бын белгілі ғалым-жазушы, Қазақстан Респу­бликасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Қой­шы­ғара Салғараұлы «Қалай болғанда, салынып жатқан тарих сарайының қабырғасына өз сәнімен, өз мәнімен қаланар сапалы бір кірпіштің өмірге келгені шындық» деп жоғары бағалады. Филология ғылымдарының докторы Балтабай Әбдіғазиұлы былай деп жазады: «Қолына қалам ұстаған кез келген жанның өмірлік нысанасына, қаламгерлік мұратына баларлық бұл еңбек елге деген махаббаттың, туған топыраққа деген пер­зент­тік сүйіспеншіліктің символы деуге тұрар­лық».
Бұдан кейін жаңа деректермен толықтыры­лып, 2009 жылы ұсынылған екінші басылым – «Жаңа­арқа» энциклопедиясы марқұм Асан Жұмаділдин­нің Жаңаарқа ауданының 80 жылдық мерей­тойы­на қосқан зор үлесі деп санауға әбден болады. Бұл шығарма тек қана жаңаарқалықтардың ғана емес, барлық республика оқырмандарының сүйіп оқитын кітабына айналғаны анық. Алдағы уақыт­та осы кітаптың үшінші басылымы 3 том болып шыққалы отыр. Онда дерекнамамен қоса Кенеса­ры хан бастаған Ұлт азаттық көтерілісі, соның ішінде Ақтау бекінісі туралы тың дерек­термен өрілген «Оралған» тарихи романы мен бұрын жарық көрмеген шығармалары жариялан­бақ.
Аскең азамат ретінде көпшілікке сыйлы, үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты елгезек жан еді. Әкеммен аудандық газет редакциясында бірге қызмет атқарды, немере ағам ақын Мақсұт Бай­сейітовпен досжар қарым-қатынаста болды.
Марқұм қазақ тарихының ақтаңдақтары мен айтақырларына рухани нәр жинақтала бастаға­нына балаша қуанатын. Жазушы Асан Жұмаділ­дин­нің жарқын бейнесі оны білген адамдардың жүрегінде, мыңдаған оқырмандарының жадында ұзақ сақталатыны кәміл.

Сәбит БЕКСЕЙІТ.

Пікір қосу