Мұғалімнің беделі қандай?
03.11.2017
2823
0

Мектептегі «Әдебиет» пәнін оқу, оқыту мәселесі жайлы, жалпы бүгінгі балалардың әдебиетке деген қызығушылығы төңірегінде ой қозғамақ ниетпен бірнеше мұғалімге хабарласқанымызда, олар қағазбасты екенін, әрі тексерулерден босамайтынын айтып, әңгімелесуден бас тартты. Ал кейбірінің тіпті, «Қазақ әдебиеті» газетін білмейтінін аңғардық. Әрине, бұл мәселеде тек ұстаздарды кінәлаудың жөні жоқ секілді. Себебі, бүгінгі күні қоғамда Әдебиетке, оның айналасында жүрген жандарға деген көзқарастың өзгергенін байқауға болады. «Қазақ әдебиеті» пәнінен сабақ беретін мұғалімдердің айтуынша, олардың да беделі бұрынғыдай емес көрінеді. Осы орайда жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеұлы және «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәнінің мұғалімі Майраш Көбенқызының пікірін білген едік.


Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

– Қазір адамдардың әдебиетке, өнерге деген көзқарасы біркелкі емес. Тіпті, кейбірінің түсініктері адасып та жүргендей көрінеді. Адамның жан дүниесін тәрбиелейтін, азып-тозудан сақтайтын әдебиет десек, оның қоғамдағы орны бұрынғыдан да жоғары болуға тиіс секілді. Ендеше, әдебиеттің бүгінгі ролін анықтауға «Қазақ әдебиеті» пәнінің мұғалімі қаншалықты әсер ете алады?
– Бүгінде тек әдебиет қана емес, мектептерде басқа пәндерді де өз дәрежесінде оқытып жатқан жоқ. Балаларды тәрбиелейтін негізгі құрал – оқулық. Ал бүгінгі біздің балаларымыз оқып жүрген оқулық адамның ойын дамытуға емес, бар ойын жоқ қылуға бағытталған сияқты. Мен 11 жасар немеремнің кітабынан «мына сөздердің ішінен жалпы айтылатын сөздерді және жергілікті ерекшеліктерге жататын сөзді анықта» деген тапсырманы көрдім. Қазақстанның әр түпкіріне бармаған, ол жақтың халқымен араласпаған мектеп оқушысы жергілікті ерекшеліктерді қайдан біледі?.. Мұны жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге үйрету керек. Осыған ұқсас қателіктер мектеп оқулықтарында көп кездеседі. Дәл осы деңгейдегі оқулықпен балалар тілді, әдебиетті қалай үйренеді?! Бүкіл білімнің негізі – оқулық. Ал қазіргі мектеп оқулығы қызықсыз. Ондағы тапсырманы бала түгілі оның ата-анасы да ұқпайды. Сонда баланың ойы, сөйлеу қабілеті қалай дамиды? Оның үстіне қазір оқушының білімін тест арқылы анықтайтын болды. Бұл «иә», «жоқ» деп белгілеу арқылы адамды шала мылқауға айналдыру әдісі дер едім. Баяғыда оқығанымызды мазмұндап айтып, жазып беретінбіз. Соған бізді тәрбиелейтін. Ал қазір қазақтың сөзінің мәйегін, тілін түсінетін мұғалімдер қалада жоқ. Бар болса да бірен-саран ғана кездеседі. Ұстаздың шекесі қызбай тұрғанда, шәкірт қалай оңалсын? Тіпті, мұғалім өзін түзейін десе де, оқулықтың сиқы анау болып тұрған жоқ па?! Тапсырмалар соншалықты тығыз. Бірін қорытып болмай жатып, екіншісін жаттайды. Не сөздің мәнін ұғып жатқан жоқ. Ал бұрын үш тоқсанның ішінде оқығанымызды төртінші тоқсанда қайталап оқып, қорытатынбыз. «Қайталау – оқу анасы» дегенді бекер айтпаған. Төртінші сыныптан бастап, оныншы сыныпқа дейін емтихан тапсыратынбыз. Ол кезде оқытудың белгілі бір жүйесі болатын. Қай пәнді оқысаң да миыңа жеткізіп үйрететін. Қазір ондай емес, бүгін өткен тақырыпқа ертең қайта соқпайсың. Оны сен ұқтың ба, жоқ түсініп үлгермедің бе, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Үйрету әдісі, әдістеме деген мүлде жоғалды. Соның салдарынан тілге шорқақ, бүгін оқығанын ертең ұмытып қалатын, таяз ойлайтын азаматтар көбейді. Қазіргі кезде тіл құрыды. Кеңес үкіметі тілімізді құртты, болмысымыздан ажыратты дейміз. Қайта сол уақытта тіл мамандарын мықты даярлайтын. Теле-радионың төңірегіне қазақ тілін, қазақ әдебиетін білетін сауатты адамдарды жұмысқа алатын. Қазір мектепте де, министрлікте де ештеңе білмесе де қолында дипломы бар, көкесі мен әкесі барлар отыр. Қазақ мектебінде оқымаған, қазақ тілін білмейтін адамдар жоғары оқу орындарында да, билікте де толып жүр. Көбінен Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов кім десең білмейді. Оларға қазақ әдебиетінің алыптары жайлы мағлұмат берген жоқ емес, оқытты. Бірақ жадында қалатындай, құлағына сіңісті етіп, санасына тоқытпағандықтан солай болды. Өткен тақырыпты қайталауды, аз да болса соны ұқтыруды ойлап жатқан ешкім жоқ. Бұл ұлт санасын тоздыру үшін әдейі жасалып отырған қастандықпен бірдей.
Қазір латынға көшеміз деп жатырмыз. Әріптерді өзгерткеннен не ұтамыз? «Данышпан» деген сөзді латынша да, кириллицамен де жаз – бәрібір данышпан болмайсың. Ғалымдарымыз тілдің негізгі ережесін жасауға қауқарсыз болып отыр. Тілдің өзінің заңдылығына қайта оралуымыз дейміз қажет. Президент өз жолдауында да ұлттық тегімізге келуді меңзеп отыр. Ал ұлттық текті білмесек, оған қалай жақындаймыз?
Мына түрімізбен жаңарып, жақсарып кетеміз деп мен еш ойламаймын.
Біреу қашып бара жатса, соның алдыңғысы болып біз көрінеміз, ал біреуді біреу қуып бара жатса да бірінші болып біз шығамыз. Біздің халық ұлттық мінезден, ұлттық ойлаудан ажырап қалды. Ұлттық мектеп жойылды. Үш тілді үйренгенге ешкім қарсы емес. Алайда оны баланың санасына құюдың түрлі әдісі бар ғой, қазақ тілін білмей жатқан балаға басқа тілді тықпалағанда не ұтамыз? Қазақ тілін жетік түсінетін, астарлы сөзді ұғып, әзіл-қалжыңмен ойын әдемі жеткізетін сергек саналы балалар мүлде жоқ. Неге? Өйткені «Сен қайда барасың?» «Мен бәлен жердемінді» ғана айта алатын мәңгүрт ұрпақ өсіп келе жатыр. Бұған жүйесіз білім, мән-мағынасы жоқ тәрбие әсер етіп отыр.
– Егер мектепте немесе жоғары оқу орындарында «Қазақ әдебиетінен» сабақ берсеңіз, сіз үшін қандай қиындық болуы мүмкін, яки «Қазақ әдебиетін» оқытуда қандай әдістер оңтайлы болар еді деп ойлайсыз?
– Бүкіл әдебиетіміз, өнеріміз ұлтты танытуға бағытталуға тиіс. Ал бүгінгідей бет-бетімен кеткен заманда сен қандай әдісті қолданам десең де ерік жоқ. Себебі, Білім министрлігінің бекітіп берген бағдарламасынан тыс оқытсаң, сені бір-ақ күнде жұмыстан қуып шығады. Сондықтан мұғалім ештеңені де өзгертуге шамасы жетпейді. Мәселенің барлығы жүйелі оқу бағдарламасының жоқтығында болып отыр. Ұрпаққа білім беру ең алдыңғы қатарда қаралатын мәселелердің бірі. Оқу жүйесі оңалмай, біздің болашағымыздың жарқын болатынына күмәнім бар. Біз іскер, ойшыл, білікті азаматтар емес, жансыз робот тәрізді жастарды тәрбиелеудеміз. Ақша жасап алса болды басқа ештеңенің де керегі жоқ деп түсінетін ұрпақ өсіп келеді. Бұл ұлттың болашағына төнетін ең үлкен қауіптің бірі.


Майраш КӨБЕНҚЫЗЫ,
«Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәні мұғалімі:

– Бүгінгі балалардың санасында ақын-жазушылардың өмірбаяны мен шығармашылығын қағазға түскен жансыз жазу ретінде ғана көру стеоретипі қалып­тасқан секілді. Пән мұғалімдері осы көзқараспен келісе ме? Егер олай болса, әдебиеттің адам баласының көңіл-күйінен, шын өмірдегі оқиғалардан туған шынайы Сөз өнері екенін ұстаз қалай жеткізе алады?

– «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебие­ті» пәндерінің оқытылуы төңірегінде көптеген олқылықтар бар екені ешкімге де жасырын емес. Бұл ҰБТ-ны «Қазақ тілінен» тапсыру кезеңінде-ақ бастал­ған. Сол ҰБТ-ға 10-11 сыныптарды дайындау барысында бүкіл Қазақстан бойынша «Қазақ әдебиеті» пәні оқудан тысқары қалып қойды. Міне, сол кезден бастап, «Қазақ әдебиетінің» оқытылуы яғни кітап оқу тоқтады десек болады. Алғашқы ҰБТ-ны тапсырған оқушылар бүгінгі күні АТА-АНА болып отыр. Ата-аналардың мектепке деген көзқарасының өзгеруін солардың санасынан, ойлауынан-ақ аңғаруға болады. Жалпы, кітап оқымаған ұрпақтың тәрбиесінің осал болатыны айдан анық. Ал бүгінгі партада отырған бала келесі жаңғыру заманындағы ұрпақты тәрбиелейтін ата-ана екенін осы уақыттан бастап ойлауға тиіспіз. Ендеше, біз алдымен әдебиетті оқыта­тын білікті мұғалімдерді даярлауға жете көңіл бөлуіміз керек. Бұрын біз оқуға тапсырғанда баспасөз беттеріне шыққан мақалаларымыз, өзіміздің шығарған өлеңдеріміз жинақталған жеке папка­мыз­ды құжатпен қоса өткізетінбіз. Бұл эмтихан сынақтарынан тыс талапкердің қабілетін анықтап, іріктеудің бір әдісі болатын. Ал қазір кез келген ақшасы бар адам, тіпті ҰБТ-да ең төмен бал жинаған оқушы да «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәнінің мұғалімі бола алады. Болашағымыз ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты болғандықтан, жоғары оқу орындарында болашақ мұғалімдерді қабылдау қайта қаралуға тиіс. Бүгінде дипломмен мектепке келіп жатқан мұғалімдердің көбі сауатсыз. Біздің әлсіреген тұсымыз – осы. Мұ­ғалім­дерді кінәлағым келмейді. Бұған жүйенің дұрыс еместігі жауапты. Қан­дай маман даярласақ, соның нәтижесін көріп отырмыз. Тіпті, мектеп басшыла­ры да бұрынғыдай білімі мен еңбегінің нәтижесінде «орындығына» отырып жатыр ма?.. Әрине, бұл сұраққа бүкіл қо­ғам болып нақты жауап бере алмай­тын­дығымыз шындық. Демек, Әдебиет­тің біздің өміріміздегі ролін анықтау үшін жекелеген мұғалімдердің шамасы келмейді. Дәл бүгінгідей заманда өмір сүріп отырғандықтан кеше туған бала­ның да санасы уланған дер едім.
Өкінішке қарай, қазіргі кезде бәрі­міз экономика саласына қарай бет бұрып кеткендіктен, гумани­тарлық бағыт мектептерде жойы­лып кетті. Өйткені көбісі­нің таңдайтыны ағыл­шын тілі немесе матема­тика, фи­зика, жа­ра­тылыстану се­кіл­ді пәндер болған­дық­тан, оқу­шының Әде­­биет­ке деген таңдауы да жоқ. Неліктен таңдау жоқ? Себебі әде­биет пәнін оқытатын мұғалі­м­нің қоғамдағы ролі төмендеп бара жа­тыр. Бұл – халықтың ой-сана­сы­ның азып-тозғандығы­ның, әбден қалжыра­ған­ды­ғының көрінісі се­кіл­ді. Жұрт тек әлеу­мет­тік жағдайды тү­зеп, қалтасын қалыңдап алса қалған шаруа өз-өзімен шешіледі деп тү­сіне­тін болды. Ежелден-ақ сөздің жілі­гін шағып, май­ын ішкен қазақ халқы­ның бүгінгі ұр­пағы екі ауыз сөздің ба­сын құрап, өз ойын то­лық жеткізе алмайтынға айналды.
– Қазіргі кезде «Қазақ тілі» жә­не «Қазақ әдебиеті» пәндерін оқытуда қан­дай жаңа инновация­лық технологиялар (әдіс-тәсілдер) қолда­нылу­да? Жалпы, мұғалімдерге өз шәкірт­терінің қызығу­шылығы мен сұраныстарын білу не үшін қажет?
– Қазір әдебиетті таңдаған оқу­шылардан ҰБТ-да «Эссе» жазу талап етілетін болды. Менің ойымша, бұл дұрыс шешім. Осы әдісті әлдеқашан ҰБТ басталған уақыттарда қолдану ке­рек еді. Эссе – жазылуы терең шығарма түрінің бірі. Бір эссе жазу үшін бірнеше кітапты оқып, жан-жақты ізденіп, әртүрлі аргумент келтіруге тиіс. Алайда, бұл әдісті қолдануға көшуін көшкеніміз­бен, мектептерде сабақ беріп жүрген көптеген мұғалімдердің өздері дайын емес. Ол үшін оларды кінәлауға бол­майды. Себебі ұстаздарды алдын ала дайындау курстарынан өткізу керек еді. Түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы әдістемелік құралдар жасау қажет болатын. Өкінішке қарай, мұндай жұмыстарды жүргізбей-ақ бірден кірісіп кеттік. Ал мұғалімнің өзі эссенің не екенін білмей отырғанда, оқушы қалай жазсын?.. Сондықтан, ең алдымен, эссе жазуды мұғалімдерге үйретіп алғанымыз жөн болар еді. Бұл мәселе төңіре­гінде Сапархан Мерсейітованың тама­ша кітаптары мен семинарлары бар. Алайда, ол кісінің еңбектері Білім сала­сынан ешқандай қолдау таба алмады.
Әрбір сабақ оқушының нені білгісі келіп отырғанын аңғарып, оның қы­зығу­шылығын оятудан басталуға тиіс. Елбасының жолдауында оқу мен жазу­ды сын тұрғысынан ойлауды үйрету туралы ай­тылған. Әрі оқу мен жа­зу­ды сын тұрғы­сынан ойлау техноло­гия­сы жасалған. Бірақ соны қол­данып, сы­ни ойлауға үйретіп жа­тырмыз ба? Кім сабақ жоспарын сыни ойлауды үйретуге бағыттап құ­рып жүр? Сол мақалада көрсетіл­ген мәселенің бар­лығының нақ­ты жүзеге асы­рылуын кім қада­ғалауда? Қай мектеп, қай басшы мән беріп жатыр? Мәселен, физикадан мына мұғалім сыни ойлатып жатыр не­месе әдебиетші мұғалім сыни ой­лауды былай үйретіп жүр деп айта аламыз ба? Ал сыни ойлата отырып, білім берудің ертеңгі егемен еліміздің болашағы үшін өте маңызы зор. Сол себепті, мұғалімнің жұмысы нақты бағаланса, кемшілігі айтылып, оны түзетуге уақыт берілсе, аттестация­лық комиссияның жұмысының өзі осыған әкеліп тірелсе, шектік деңгей көтерілсе, екінің бірі мұғалім болып түсе алмаса, оның айлығы көтерілсе – білім жүйе­сінде айтарлықтай өзгеріс болар еді.
Сыныпта 25-30 бала болса, соның әрі кетсе бесеуімен ғана жұмыс жасай­тын әріптестеріміз бар. Ол дұрыс емес. Әр сабақ сайын алдында отырған оқу­шының әрқайсысын сабаққа қатыс­тыруға, жеке-жеке тапсырма беріп үлгеруге арналған әдістер көп. Ал сол технологияларды барлық мұғалім біле ме, оны игере алып жүр ме?.. Міне, осы сұрақтар төңірегінде қиындықтар туындайды. Бұл өте өзекті мәселе дер ед­ім. Әдебиеттің оқытылуы жайлы Қанипа Бітібаева 150-ден астам кітап жазды. Ол Абайдың шығармалары қалай оқытылуы керектігін, одан басқа да талай дүниелерді соңына қалдырып кетті. Өкінішке қарай, Қанипа Бітібае­ваның кім екенін білмейтін ұстаздар бар. Жақсы әдіс-тәсілдерді үйрететін әдістемеліктер бар. Бірақ оларды қарап, ізденіп жататын мұғалімнің уақыты жоқ. Күнделікті біт­пей­тін тексерістер, ат­тестация деген сияқты жұ­мыстардан қолдары боса­майды. Мұғалімнің деңгейін әр жерден көшірілген, шала нәрсе­лерді жаздыру арқылы анықтау мүмкін емес. Қазір бес мың немесе үш мың төлесе кез келген мұғалімнің мақала­лары жарыққа шыға береді. Қазақстан­ның білім беру жүйесінің осал тұсын осы жерден-ақ байқауға болады. Бес жылда бір өтетін аттес­тация­ның өзін дайын дүниелерді көрсетіп, ақшасын беріп өтетіндер жетерлік. Ал бұрын мұғалімдер мақала­ны да өзі жазатын. Конференция­лар мен семинарларға да өз біліктілігімен қа­тысатын. Сол себепті де бұрынғы ұс­таз­дардың мәртебесі өте биік бола­тын. Ал қазіргідей көзбаяу­шылық ұс­таз­дардың кәсіби дәрежесінің өсуіне кедергі жасап отыр. Бұл мұғалімге қойы­латын талаптың дұрыс болмауынан туын­дап жатқан мәселе деп ойлай­мын.
– Әдетте балалардың кө­­бі жақсы баға алу үшін оқиды. Олар­дың оқуға ынтасын арт­тыратын жалғыз күш «баға» болып тұрған уақытта әдебиет пәні бойын­ша ба­ғалаудың та­лап­тары қандай?
– Мейлі, ол әде­би­ет немесе мате­м­атика, тіпті сурет, ән-күй болса да бі­лім­­ді бастан басқа көшіру деп түсіндік. Кеңес өкіметі кезінде де, қазір де солай. Мәселен, Абайдың өлеңін жатқа оқып берсе, соған бестік баға қойып жүрміз. Ал оның идеясына терең үңілуді, оны өмірде қалай қолдану керектігін ойлап жатпаймыз. Бір мәтінді бастан-аяқ судыратып оқып бергеннен баланың миында түк те қалмайды. Адамның миы компьютер секілді. Жаңа ақпараттар келгенде, ескісі өшіп отыратынын ғалымдар дәлелдеген. Ендеше, оның бәрін жаттата берсек, тек түсінгенін сұрай берсек қандай нәтиже болуы мүмкін? Ал шын мәнісінде баланың ой-санасына әлгі оқыған шығарма немесе жаттаған өлеңі қалай әсер етті? Ол сол шығарманы жазған жазушының ойын толық түсіне алды ма? Оны шы­найы өмірде қалай қолданар еді? Міне, оқушының осындай сұрақтарға берген жауаптары, осы тұрғыдағы ойы баға­лануы керек. Ал кейде реферат жазба­сын үйге тапсырып, соны әкелгенің үшін ризамын деп жататын мұғалімдер бар. Неге? Өйткені, бала сабақ айтпаған соң, көбіне реферат тапсырмасын ең болмаса «3» қою үшін береді. Егер орын­даушы өз ойын талдап, дәлелдеп жеткізсе реферат тамаша жазба тап­сырмасы. Оқушыны қызықтыру ар­қылы оның әртүрлі қабілетін ашуға болады.
– Оқытушы мен оқушының ара­сындағы сабақтан тыс айтылатын әдеби шығармалар жайлы, руханият төңіре­гіндегі әңгімелер баланың ой-санасына қалай әсер етуі мүмкін? Әсіресе рухани жаңғыруымызға, ұлттық кодымызды анықтап, оны мәңгілік етуге пайдасы тие ме? Жалпы, баланың табиғи талантын қалайша танып, қайтіп ашуға болады?
– Табиғи талантты ашу үшін мұ­ғалімнің шеберлігі керек. Үйірме жұ­мыстары арқылы баланың қабілетін ашуға болады. Сабақ барысында өтіп жатқан тақырып бойынша көрмелерге, кітапханаға бару секілді жұмыстар қосымша жүруі керек. Мәселен, «Менің атым Қожаның» фильмін көрсетіп, оқу­лықтағы үзіндісімен салыстыру арқылы баланың ой-санасына әсер етуге болады. Мидың қабаттарының өзі бірінші көреді, таниды. Содан соң ғана оны жан-жақты қарас­тыра бастайды. Суреттеп, сипат­тап, анализ жасап яғни син­тез­деу арқылы қорытып шығарады. Сондықтан кез келген пәнде біз ешқашан мидың қабыл­дауына қарсы жүрмеуіміз керек. Ал бізде бәрі керісін­ше. Бүгін оқи салып, ертең «мына эссені жаз» деп жа­та­мыз. Ол эссе жазу үшін де баланың миын соған қарай жетелеп әкелуге тиіс­піз. Сұрақтар қою және бағыттау арқылы дайын­дауымыз қажет. Көптеген жас мұғалімдер: «Білімді дайын күйінде бермейді. Өздерің оқып алыңдар», – деп баланың алдына тастай салады. Бұл қате түсінік. Бал­а­ның ой-санасын берілген тап­сырманы дұрыс орындауға бағыттау өте күрделі үдеріс. Тіпті балаға тапсырма бермес бұрын ұстаздың өзі жоспар құрып алғаны жөн. Өкініш­ке қарай, мұны ескеріп, ынта-шынтасымен сабақ беруге құлшынып жүргендері некен-саяқ кездеседі. Әдебиетші мұғалім мектептегі балалардың Абай айтқан «толық адам» болып шығуына тікелей әсер ете алады. Абайдың бүкіл шы­ғар­маларында «то­лық адам» бейнесі көрсетілген. Ал біз соны балаларға жеткізе алып жүрміз бе? Мәселе сонда жатыр. Бағдарлама деген бар да, бағ­дарламада ұсынылған ма­териалдардың негізгі берілу мақсат-міндеттері деген бар. Соны көп мұға­лім­дер жан-жақты талдап, түсініп, қа­рап жатпайды. Оны тіпті қолына алып оқып көрмегендері де болуы мүмкін. 5 сыныптың оқу­лы­ғындағы кез келген тақырып болса сол шығар­ма­ның идеясы не, оны оқығаннан кейінгі күтілетін нәтиже не екенін мұға­лімнің өзі айтып бере алуы тиіс. Ал сол шығарманы қалай 45 минуттың ішіне сыйғыза отырып, түсіндіруге болады? Міне, бұл да оқыту­шы­ның шеберлігіне байланысты нәр­се. Әдебиеттің оқы­тылуы мате­ма­ти­ка­ны үйретуден де маңыз­ды. Қанша жерден ғылым-білімді меңгергеніңмен бойыңда ұлттық қа­сиет, адамгершілік сезімі болмаса – бәрі бекер. Оны ғұлама ға­лым әл-Фараби де кезінде айтып кеткен болатын. Сонды­қтан Әдебиетке жете көңіл бөліп, оны алдыңғы қатарға шығаруға тиіспіз.
– Әңгімелеріңізге рахмет!

Дайындаған
Гүлім НҰРЛАНҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір