Е деген құстың ұясын көрдің бе?

2
1 328 қаралды

Нұртөре ЖҮСІП


1.

Бір күнде тағдырыңды өзгер­ту­ге бола ма?
Бір түнде өміріңді өзгерте ала­­сың ба?
Айсұлудың өмір жолы жап-жақ­­сы басталған еді: мектепте оқу­­шылардың алды болды – оқу­­да озат, ән-күйден – бес, тәр­­ті­бін­де мін жоқ; он бес-он ал­тыға кел­генде бәдені ай­қын­да­лып, сыланып шыға келді, кеш батса болғаны – мұның үйі­нің маңайы ысқырған бозбалаға то­лып кетеді; шешесі «ысқыр­маң­дар, іштеріңе жел толды ма» деп қолына түскен нә­р­­семен тү­біт мұрт жеткін­шек­тер­ді қуумен әлек; кілең желөк­пе­нің назарын үйіргенге қыз да үй­ренді, қысқа етек көйлегімен кө­шені бір ай­нал­ғанда борбайына бозқұрт біте бас­таған небір ай­бо­зым айға қа­рап ұлыған көк­бө­рі­нің күйін кешетін…
Арманы – Алматыға оқуға ба­ру. Аттестатын алып, енді пойыз­­ға шыққалы отырғанда әке­сі кенеттен көз жұмды. Келер жылы шалының жылын берген жазда шешесі де ауырмай-сыз­дамай, ұршығын иіріп отырған күйі үзіліп кете барды. Бірінен кейін бір соққы жас қызды есең­гіретіп тастады. Бірге оқыған Ас­­қарды іштей ұнататын, ол мұн­­дай аруға қолым қайдан же­теді деп жүрексінді ме, Айсұлуға деген іңкәрлігін білдіре алмады. Көрші үйдегі Самат ештеңе деп емеурін танытпаса да әкесі мен ше­шесінің қазасы үстінде қалба­лақ­тап қасында болды. Келген мей­мандарға шәй қояды, етті де жі­ліктеп, табаққа салудың жайын жақсы біледі, Айсұлу ша­қырса бол­ды бар жұмысын ысырып тас­тап, осы үйден та­былады.
Шыққыр көзі қайдан көріп қал­ғанын? Кешқұрым ала сиыр­дың бұзауын айдап келе жатып, клубтың алдындағы ағаш орын­дық­та Асқардың бір қызбен сүйі­­сіп отырғанын көрді. Жүрегі быт-шыт, долдана жылап үйіне жет­ті, бұзауды енесінің бауырына жіберді де тамақ ішпестен жатып қал­ды. Содан кешке дейін жат­ты. Жастығы жасқа шыланды. Тө­беге қарап, бір нүктеге қада­лып, сүле­соқ кейіпте іштей арпа­лысты.
Сықыр етіп сыртқы есік ашыл­­­ғандай болды.
– Кім бар-ей?
Саматтың дауысы. Айсұлу­дың бөл­месінде сылдырмақ пер­де тұ­­тулы тұратын. Соны сыл­дыр­­ла­тып Самат ішке енді. Жарық­ты жақ­­пақ болып, оң жақ қабыр­ға­дағы түй­мені түртпектей бастап еді, Ай­сұлу ақырын ғана:
– Жақпай-ақ қой, – деді. Са­мат состиып тұрып қалды.
– Бері жақындашы. Самат қа­ра көлеңкеде қыздың үні шық­қан жаққа қарай елпеңдей бер­ген­де сүрініп кетіп, төсекке ет­бе­­ті­мен құлады. Орнынан тұр­­маққа, ба­сын көтермекке тал­пына бер­ген жігіттің қолына қыз жармаса кет­к­­ен.
– Сен мені аласың ба?
– Мен… Сені…
Саматтың одан ары сөйлеуге ша­масын келтірмей, Айсұлу жі­гітті құшағына тартты, көзінен, мұрнынан, ернінен аймалап сүйе бастады. Өзі төртбақ келген, жас­тайынан қарулы Самат ар­мандап жүрген аруы ойда жоқта құшағынан табылғасын жемті­гіне шүйліккен бүркіт құсап аш­көздене ұмтылған…
Бір күнде тағдырын өзгерт­ті.
Бір түнде өмірін өзгертті…

2.

Біреуге қарап, біреудің тағ­ды­ры өзгере ме?
Бейімбет Майлиннің «Шұ­ға­ның белгісі» атты әңгімесінде «Әу­р­е боп неге бітті ажар-көрік» де­ген өлең жолдары бар ғой. Құд­ды сол тәрізді, Алла-тағала да Айсұлуға айрықша ажар-көрік сыйлаған еді. Нағыз «ай қабақ, ал­тын кірпік, қызыл еріннің» өзі. Үлбіреген ақ жүзі, ағынан қа­­­расы көп көзі, қыр мұрыны мен белуарына түсетін қолаң ша­шы бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін алып қалуға жарайтын.
«Айсұлу Саматқа тұрмысқа шы­ғып кетіпті» деген хабарды ес­тіген күннен бастап Асқар арақ­қа салынды.
Ауылдағы кешкі отырыс, той-томалаққа барып жүріп, Са­мат та ақаңды сілтейтін болды. Қыз­ғаныштан…
Айсұлудың бетіне әлдебіреу сәл қарап қалса болды: Самат шиыр­шық атып шыға келеді, кө­зі ақиланып екі жүз грамдық қыр­лы стақанға толтыра құйыл­ған арақты аранына жөнелтеді; со­дан ұлан айғай, бықпырт тө­белес басталады; отырыстың шыр­қы бұзылады, біртіндеп Ай­сұлу ондай жерге бармайтын да болды…
Бойына пінә біткелі келіншек өз­геше ермек тапты. Магни­та­фон­нан әдемі музыка тыңдайды. Көр­­­­кем кітаптардың бірінен соң бірін тауысып тастайды. Әсіресе, өлең оқығанды жақсы көреді. Бұ­рынғыдай той-томалақ, оты­рыстарға бармаған соң Саматтың да шаруасы оңала бастады. Сов­хозға келген су жаңа водовозы астында, ферма меңгерушісімен бір­ге малшыларды аралауға ке­теді, «жүргенге жөргем ілінеді» де­гендей, кейде барған жерінен бір қойдың етін, сиырдың бір жі­лігін ала келеді. Келіншегінің аяғы ауырлағанына іштей қуа­нып жүрсе керек, бір күні ауданға ба­рып әдемі коляска сатып әкел­ді.
– Қоя тұрмадың ба? «Ырымға жа­ман» деп шешем айтушы еді…
– Ырым-пырымыңды біл­мей­мін, осыдан ұл тусаң – атын Ахат қоямын. Ахат Саматович бо­лады. Совхоздың директоры бо­лады!
– Өзің көлік айдайсың, руль­де жүргенде ішпей-ақ қойсаң бол­май ма?
– Енді… кішкене нетіп…
– Нетпейтін күнің бола ма осы?
Айсұлудың дауысы қатайған сәт­тен Самат сырғақтап зыта жөнеледі. Сыйлағаны шығар… Сүйгендіктен бе?..
Сөйтіп жүргенде СССР тар­қап кетті. Совхоз да тарады. Дү­ние-мүлік жекешеленіп, бөліске түс­ті. Саматтың водовозы Асқар­дың оң жамбасына бұйырды. Ша­расыз еркектің қолынан не келеді? Ішуден басқа не? Есіктің алдындағы қоқыс тастайтын бөшкеде босап қалған шөлмектер көбейді.
Қырсық бір айналдырса – шыр айналдырады. Бір күні ойда жоқта үйдің маңына гүр етіп бір мәшине келіп тоқтады. «Күйеуім келген шығар» деп алаңдай басып, сыртқы есікке беттеген. Келген Асқар екен. Қызу.
– Айсұлу, мен саған өлердей ға­шықпын!
– Асқар, үйіңе бар. Көр­ші­лерден ұят болады.
– Ұят-мұяттың әкесінің ауы­зын ұрайын! Сүйемін деп, жақсы кө­ремін деп айта алмадым. Енді айтамын!
– Мен тұрмыстамын… Аяғым ауыр…
– Білем. Білем бәрін. Еркек тап­пағандай сен Саматқа неге шық­тың, а? Өлтірейін бе оны!..
– Асқар! Қой деймін. Елден ұят!
– А-а! Ойнастарыңның үсті­нен түстім бе?
Қайдан шыққаны белгісіз, сай­тандай сап етіп, Самат та ке­ле қалды. Келе Асқарға тұра ұм­тылды.
– Нақ әкеңнің ауызын! Нағыз оң­баған екенсің! Ұсталдың ба бәлем!
– Мен жәй келдім, кетем қа­зір…
– Иттің баласы, қолыңда өлейін! Біреудің қатынында нең бар?
Екі жігіт бір-бірінің жағасына жармасып, қып-қызыл төбелес басталып кетті. Ажырата алмай Ай­сұлу әлек. Екеуінің де бет-ауызы быт-шыт болды. Самат­тың сойдақ тісінің бірі түбінен сы­нып, сырт етіп есік алдында жат­қан қаңылтыр итаяққа түсті. Асқардың көз алды көкпеңбек болып, оң қабағы жырылды.
– Қойыңдар! Тоқтаңдар! Қа­лың елге масқара болдық қой! – деп Айсұлу жылап жіберді. Ай­сұлудың жылағанын көріп, Ас­­қар шегіншектеген бетте кө­лігін оталдырып, үйіне қарай жы­лыстады. Солығын баса ал­май сел­кілдеп отырған Самат келін­шегін соққының астына алды.
– Мә, саған қаншық! Көр­се­тем саған ойнас жасағанды! Ішім сезіп еді…
– Самат! Мен саған адалмын. Ба­ламыз болады…
– Кімнің баласы екенін ит бі­ле ме? Көзімнің тірісінде бақы­рай­тып қойып, ойнас жасайсың, атаңа нәлет! Мә, саған! Көзіңе көк шыбын үймелетейін!
Үсті-үстіне ұрғылап жатыр. Ай­сұлу ішін ұстаған күйі екі бүк­тетіліп, құлап түсті. Қатты ашу­дан көзіне қан үйірілген Самат жас әйелдің ішінен теуіп-теуіп тас­тады.
Көрші Егеубай ақсақалдың ескі «Москвичімен» есінен та­нып қалған Айсұлуды Самат ау­дан­дық ауруханаға апарады. Үш сағат реанимация бөлімше­сінің алдында көзінен жас сорға­лап күтсе керек. Көк халатының түй­месін ағытып, реанимациядан шық­қан дәрігер сұсты жүзбен, оқ­ты көзбен Саматқа қарады.
– Сіздің әйеліңіз бе?
– Дәрігер, жағдайы қалай, ті­рі ме? Бала ше?
– Баланың өмірін сақтай ал­май қалдық. Анасының жағдайы ауыр…
– Жаны аман қалса, болды…Құ­дай берсе, бала болар…
– Өкінішке қарай, әйеліңіз ен­ді бала көтере алмайды!
Самат құлағы шыңылдап, кө­зі қарауытып, тынысы бітеліп, тө­бесінен әлдебіреу қос қолдап ұр­ғандай, есеңгіреп отырып қал­ды.

3.

– Сіз неткен сұлусыз! Айдай сұлу – Айсұлу! Жан-дүниесі бай сұлу! Осыған дейін ауылда, кө­рінбей жүрген қай сұлу!
Үстіне ала пиджак киген, ал­қызыл галстук таққан ақын – ауданға келген құрметті мейман рюм­каға меймілдете құйған коньякты тік тұрып тартып жіберді. Тіскебасарға үстелдің үсті­нен бірдеңе іздеп еді, әбден кісі күтіп, әккі болып қалған ау­дан басшысының орынбасары ша­нышқыға бір түйір қазы мен қиярды қоса түйреп, мәртебелі мейманның аузына тоса қойды. Толық шайнар-шайнамастан қыл­ғытып жұта салған ақын қойын кітапшасын суырып алып, тамағын кенеді.
– Ақиқатты айтсын деп тіл бе­­рілген! Солай емес пе? Сіздей сұлу­ға арнаған жырым. Рұқсат ет­сеңіздер, оқып берейін.
– Оқыңыз, оқыңыз. Мұндай сұ­лу жанға жыр түгілі, өмірді де арнауға болады. Замәкім зуыл­да­тып жатыр.
– Так. Оқиын. Осындай әде­мі қыздарға өлең арнамасам, не­сіне ақын болып жүрмін?!.
Жанарың – жауһар, жүзің – гауһар, жарығым!
Ақ дидардан тектілікті таны­дым.
Періштедей үлбірейді ақ жү­зің,
Сенсіз мынау өмірімнің бәрі – мұң!
– Қалай? Керемет емес пе? Сіз­ге поэма арнағым келеді. Тек алдыңыздағы рюмкеден сәл-пәл алып отырыңызшы…
– Ішпейтін едім…
– Адам ішейін деп іше ме? Осындай мөлдіреген қазақ қыз­дарын көргенде не төлкі арақ, у да ішуге болады!
– Айсұлу! Аздап алшы. Бір-екі ұрттағаннан кісі құрттап кет­пейді. Орынбасар әкім де қыстай түсті.
– Алмасаңыз, ренжимін. Сіз үшін неге болса да даярмын. Алып қойыңызшы.
Ақын да өлердегі сөзін айтып жатыр. Екі адам екі жақтан қиыл­ғасын, онсыз да қамкөңіл жүр­ген келіншек кісі көңілі қал­масын деп аздап ұрттады. Дегені бол­ған ақын әр тост сайын ле­піріп өлең оқыды. Махаббат жыр­лары… Жүрек қылын шерт­кен­дей. Бәрі сұлу келіншекке ар­налғандай. Біраздан соң Ай­сұлудың басы айналды. Сыртқа шық­қысы, үйіне қайтқысы кел­ді.
– Мен қайтайын…
– Айсұлу! Өзіңмен бір әңгіме бар. Анау бөлмеге барып, сөй­ле­сейік­ші.
– Айтарыңды айта бер.
– Бір ауыз ғана.
Ақырын көрші бөлмеге өтті. Ау­дан әкімінің орынбасарын бір-екі рет сайлау кезінде клубта көргені бар, сымпылдаған жігіт, бү­гін де жанын қоярда қоймай осын­да ертіп келген. «Астанадан атақ­ты ақын келді, депутаттыққа түсіп жатыр. Кейін көмегі бо­ла­ды. Қасында болшы, шығар­ма­шылық адамы деген бөтен ғой, оларға табақ-табақ еттің қа­жеті жоқ, жылы қабақ болса, же­теді» деп өлердегі сөзін айт­қан. Самат – вахтада. Он бес күн­де бір ора­ла­ды. Келгені бар бол­сын, бар тап­қан-таянғанын достарымен қо­сылып алып, арақ пен картаға жұмсайды. Айсұлу көптен бері сыртқа қадам аттап шықпаған. Оның үстіне бұл ақынның аты да, туындылары да жақсы таныс. Кей өлеңдерін мектепте жүр­ген­де жатқа айтатын. Аз-кем оты­рып қайтуға бекініп келген еді.
– Айналайын, Айсұлу! Құл­ды­ғың болайын. Мына кісі тегін адам емес. Елдің адамы. Сені ұна­тып қалды. Қасында бол. Қа­зір кетемін. Екеуің сырласып, өлең тыңдап отырсаңдар. Ақың­ды жемеймін. Мынау 100 дол­лар­ды ал.
– Мені ақшаға сатылады деп тұр­сың ба?
– Енді керек болады ғой…
– Қалғым келсе, өзім-ақ қа­ла­мын! Айсұлу жүз долларлық ақ­шаны жігіттің төс қалтасына сүң­гітті: – Мынаны бір жеріңе ты­ғып қой!
– Е, бәсе! Ақылың көп қой. Ме­ні ұятқа қалдырма!
Коньяктың буы ма, әлде мы­на өмірден әбден запыста болған көңілін сергіткісі келді ме, Ай­сұлу аяқ астынан шешім қабыл­да­ды.
– Қайта бер! Қонақ күтуді бі­ле­мін…
Қайта оралған Айсұлуды көр­­ген ақынның көзі оттай жай­на­ды. «Жаным, айым, күнім» деп еркелете бастады. Небір сұлу сөз­дің кестесін тоқып-ақ жатыр. Еш қинаусыз, жалынтып-жал­пиусыз бір-екі рюмка тартып та жі­­берді. Өмірі естімеген жа­лын­ды сөздерден басы айналды. «Са­мат байғұс мұның бірін де айтпады ғой!».
Жатын бөлмеге енгенде, ақын мұның алқымынан өбіп, ан­а­рын қысып, аймалап сүйе бас­тағанда Айсұлу «маған енді бә­рібір» деп ойлады. Қарсылық көр­сеткен жоқ. Денесі оттай ысып, демі бітіп, әлеуетті еркек­тің дегеніне жетпей қоймасын да сезді. Талай сұлуды құшып, та­лай тотайдың төсін тегістеген ақын тән рахатына бөлеудің та­лай тәсілін біледі екен. Әуелі екі көзден кезек-кезек сүйсе болар ма, құлағына небір құшыр қан­дырар әдемі сөздерді сыбырлай ай­та ма, ернінен үзілдіре сүйе ме, құ­дай-ау, Самат сорлыдан көр­ме­ген аймалау амалдарына жаны ра­хаттанып, тәні тәнті болғандай күй кешкені несі? Бір қолымен ана­рын, екінші қолымен бөксе тұсын сипалап, кіндік тұсқа келгенде домбырамен күй тарт­қан күйшінің ептілігіндей ерке қи­мылдар жасап, қатайған дене­сін босатып, дел-сал қалыпқа кел­­­­тірген еркек сұлу келіншектің кепкен аңқасын қандырудың барлық амалын жасап-ақ жа­тыр. Үстіне бір-екі рет шығып, қор ете түсе қалатын күйеуіндей емес. Басқа әлем! Басқа ырғақ! Басқа күй! Келіншек ыңырсып, ың­қылы күшейіп, үстіндегі ер­кектің әр қимылынан ләззат алып, екі көзін жұмған күйі ел­тіді де қалды. Қиялы шарықтап, Асқар екеуі әлдебір теңіз жаға­сын­да қол ұстасып, су шашысып, жүгіре басып жүргендей ме, қа­лай? Теңіз толқыны екеуін де ке­зек-кезек тербетіп жатқан сияқ­ты ма өзі!.. Оттай ыстық демге шарпылып, тынысы бір бітіп, бір үзіліп кететіндей ме?.. Жағада, екеуі де анадан туғандай тыр жалаңаш қалыпта, аймаласа қалғандай, ұят-аят атаулыны асау теңіздің толқыны жұтып, жасырып қойғандай: «Апыр-ау мұндай да болады екен-ау», – деген ойдың түйсік тұсына келгені де тез, кеткені де тез; әйелдік іңкәр әлемнің қақпасы ашылғандай, сол қақпаға ешкімнен ұялмай-қызармай Хауа ананың көйлегін киіп енгендей; Адам атаның үйрен­шікті қимылы жанға қуат бер­гендей, әлдебір нәзік ағыс ал­пыс екі тамырын бүлкілдете иі­ріп, үйіріп алып бара жатқан­дай; толқынға толқын қосылып, әлде әуен, әлде күй бесікке таңыл­ған сәбидің қалпына түсі­ріп, тербете түскендей; «Тән ра­хаты осы ма?» деген тосын сұрақ­ты еркектің ырсылдаған дыбысы жұтып қойғандай, мүлдем бей­таныс, бірақ соншалықты ыс­тық ләззат оты біресе күйдіріп, біресе жандырғандай… Айсұлудың бар ойы – осы ырғақ бітпесе екен, осы күй үзілмесе екен дегенге сай­ды. Ысынтып, қайнатып, тұ­ла бойындағы сезім түйіршік­те­рінің бәрін оятып, тәп-тәтті әлем­ге сүңгіген сайын «ақыры не болар екен» деген әлдебір үр­ке­соқ сезімнің жетегіне ораты­лып жатып, буырқанған азамат­тың буы кебердегі әрекетіне бүкіл жан-дүниесімен кірігіп кет­кендей еді. Толған айдай то­лық­­сып, толарсағына шейін та­лықсып жатып, жан-дүниесін шарпыған алау-оттың дәргейіне шыдай алмастан «мама» деп шыңғырып жібергенін біледі, арғы жағы не тұман, не күмән секілді; еркектің маңдайынан иіс­кеп, «өзің бір керім келіншек екенсің» деп еміренген дауысына жүзі нұрланып жатып, екі көзіне үйірілген жастың ағынына ерік берген. Жаны жусап, тәні бусап қалғандай. «Мұндай да болады екен-ау!».
Келіншектің көрпесін қым­таған ақын «Сен туралы өлеңімді келесі кітабыма қосамын» деп күбір­леп жатты…

4.

Самат вахтада жүргенде тоқ­сан­ның төртіндегі әкесін көшеде өтіп бара жатқан «КамАЗ» қағып ке­тіп, бұлардың шаңырағына қай­ғы бұлты үйірілді. «Әке­жа­ным-ау» деп анадайдан аңырап кел­ген Саматқа жұрт болған жай­ды ертесіне, жаназа намаз­дың алдында ғана естіртті. «Бәсе, әнебір кісілер бейтаныс, бұлар не­ғып жүр деп өзім де ойлап едім» деп Самат кешірім сұрай кел­ген автобаздың адамдарын зи­раттан келген бетте жаппай ті­зерлетіп отырғызып қойған еді.
Әкесінің жетісін, қырқын, жү­зін, тіпті жылын да «айыпты» та­рап көтерді.
Ішеді. Ішкенде де түбін түсі­ріп, өлтіріп ішеді. «Қубас Самат мен деген» деп дауысы тарғыл­да­нып жылайтыны да бар.
Кешқұрым аудан әкімінің орын­басары жылт ете қалған. Ай­сұлуды айналшақтап жүргенін көр­ген. Ол байғұс «күйеуім не дей­ді» дегендей Саматтың жүзіне име­не қараған.
– Барып кел! А то срогың өтіп кетеді! – деп Самат былш ет­кізген. – Тек құдай үшін іш­пе­ші! Бір үйден бір адам ішсе де жет­пей ме?..
Ол да біледі. Білгенде қай­те­ді?.. Кейде «Тапқаныңнан мың тең­ге бере тұршы» деп, шиланын ақ­тарып, сүмеңдейтінін қайте­сіз?..
Айсұлу әр отырыстан қызара бөртіп оралады. Кейде аяғын ба­са алмай, буын-буынынан әл ке­тіп, қылжаң тартып қайтады. Жоғары жақтан мейман келді де­се болды, замәкім жетіп келеді. Неге екені белгісіз: «Мейман кел­ді» деген хабарды естіген сайын селт етіп, баяғы ақынды іздейді. Оны Парламент депутаты ретін­де теледидардан екі-үш рет көр­ген. «Ақиқатты айтсын деп тіл бе­рілген!» деп саңқылдаған дауы­сын соңғы рет естіген Ай­сұлу ғана шығар. Бес жыл депутат бо­лып жүріп, елдің жайы туралы бір ауыз сөз айтпай-ақ кетті. Бірінен кейін бір кітабы шығып та жатыр. Айсұлуға арналған бір өлең жоқ… Айсұлу оңашада оты­рып алып, айнаға қарайды. Бая­ғы ажар-көрік солғын тартқан. Жүзін мұң басқан. Мына дүниеде ешбір қызық қалмағандай… Ішкі күйікті коньяктың қышқылтым дәмі басатындай; мәртебелі мей­мандардың бәрі де келіншектің сұлулығына қызыққыш, бұрын әйел затын көрмегендей еліккіш; оралының барында ойнап күлу негізгі кәсібіне айналғасын қу жал­ғанның мәжнүн талының жа­пырақтары да жұлым-жұ­лым…
Асқар сол күйі үйленбеді. Ас­танаға құрылыс бригадасымен жұ­мысқа кетті. Аз-маз табысын арақ­қа жұмсайды. Әбден қызған кез­де айтатыны бір-ақ ауыз сөз. «Е деген құстың ұясын көрдің бе?!.».
Саматта ес жоқ. Оған да бә­рі­бір секілді. Аузынан арақ иісі бұр­қырап отырып, жаңа әлгінде айт­қан сөзі:
– Әй, қатын! Енді мына тоқ­сан­дағы шешемді де жолдың бойы­на шығарып қойсақ, қай­теді? Олай-бұлай өткен «КамАЗ» қағып өтсе, жерлеуге керекті жа­рақ-жабдықтың бәрін реттеп алар едік!..
Теледидардан осыған дейін он­шақты орыс патшасының ба­сын жұтқан Алла Пугачева ән­детіп жатыр:
«Жизнь невозможно повер­нуть назад..».
Бұралаң болса да өмір жолын кері бұрудың еш амалы болма­ғаны ма?!

2 Пікір

Пікір қосу