Дәстүрлі құндылықтарды өзекке тепкеннен…
19.08.2015
1699
0

1Адамның өз үй-ішіндегі немесе жұмыс орнындағы жай-күйлерді өзгелердің естімеуі керек болса да, жеткізіп беруін дәстүрлі түсінікте «сөз тасу» дейді. Орыстар «выносить сор из избы» деп жатады, яғни үйдегі жағдайды, сырды немесе құпияны тысқа шығаруды білдіреді. Бұл қарапайым моральдық сана мен этикада да, дәстүрлі әдеп жүйесі мен діни дүниетанымда да құпталмайтын құбылыс. 

Бақытжан Сатершинов,
ҚР БҒМ ҒК философия,
саясаттану және дінтану
институты Дінтану бөлімінің меңгерушісі,
философия ғылымдарының докторы, доцент

Мысалы, қазақтың дәстүрлі дүниетаны­мын­да сырға беріктік ер-азаматтың бойын­дағы құнды қасиеттердің бірінен саналады. Аузында сөз тұрмайтын сып­сыңдық көбіне өсекке жақын әйелдерге тән деп есептеледі. Абайдың сипат­тауын­дағы «ойнас салып күйлемейтін», «білген сырын сыртқа жаймайтын сүйікті ер» сал­мақ­ты да жәуәнмәрт келеді. Ал оның ошақ қасындағы жан-жары түздегі ерінің «жү­регінің толқынын хаттай таниды, жар көңіліне бір жанын пида қылып, білместігі болса, оған сабыр қылады».
Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда әркімнің де аядай құттыханасы болуы тиіс «өз үйің, өлең төсегіңнің» ішіндегі жасырын жағдай оп-оңай сыртқа таралатын жадағайлықты, жайдақтықты көптеп кездестіруге болады. Телефонмен жұ­мыстағы байын «сықпыртып» отырған қатын мен сыр «таратушылықтан алақаны мен жүрегін тат басқан» (Ф.Ницше) еркектердің бейнесін өмірдің күйкі тіршілі­гінен де, әр түрлі сайқымазақ сахналарынан да көріп жүрміз. Ауылдан оқу, жұмыс іздеп келіп, қаладағы бауырын сағалаған іні-қарындас екі араға сөз тасып, ағайын­ның арасын бұзады. Кейде осындай «ин­тимді сырларды» өз құлағыңмен естуге мә­жбүр болғанда, «қатты сасып, тұра қашқың келеді». Араздасу, ажырасу, соттасу, тағы басқа келеңсіздіктер осыдан шығады. Мұндайда қоғам мен отбасында қайдан береке болсын?! Осының бәрі дана ата-баба­ла­рымыз қадір тұтқан дәстүрлі құндылық­тарды өзекке тепкеннен болып отыр.
Бұл келеңсіз көрініс отбасы, ошақ қа­сынан шығып, мекеме мен мемлекет мә­селелерін де қамтып кететіні бар. Қандай да болсын табысты да тұрақты мекеме белгілі бір ортақ корпоративтік рухпен, өзі­не тән жағымды психосферамен қам­ты­лады. Кәсіби тұрғыда сонысымен біре­гей­леніп тұруы мүмкін. Алайда, бізде сол баяғы кеңестік кезеңнен қалған бір жаман әдет бар: бастықты немесе жұмыстағы лауазымды қызметкерлерді жамандау. Ұжымда белгілі бір типтер болады, қасына жолап кетсең, ерікті-еріксіз бастықты жамандай жөнеледі. Мүмкін бұған қызметкердің жағ­дайын жасаудың орнына, оны құлы мен кү­ңіндей қанайтын, басқарудың ешқандай жауапкер­шілігін сезбейтін басшының өзі де кінәлі шығар. Бас­шы жаңадан келсе тіпті қи­ын, бейімдеп сіңіру­дің орнына, мін іздеп түр­тпектей бастайды немесе бастықтың өзі өз адамын әкеліп, бұрынғыларға шүйлі­ге­ді.
Басшы дегеннен шығады, біздегі «оппозиционерлер» анау-мынау емес, Елбасын сынаудан тартынбақ түгілі, оны өмірдің мә­ні мен сәніне айналдырып алғандай. Оны әр деңгейлердегі және түрлі өңірлердегі «сын­шылар» жұқтырып алған. Қарсы пікір айт­саң, саған «есің дұрыс па» дегендей алайып қарайды. Олардың ойынша, бүкіл қоғам өзінің елі мен Елбасын сынап-мінеуі керек сияқты, жақсыны көрмеуі керек тәрізді. Сонда «жақсы сөздің жарым ырысы» қайда, қанағат пен шүкірлік қайда? Сын «шын» болса, конструктивті болса дұрыс, ал жалаңдатып жамандау ер-азаматтың ісі ме еді? Ең болмаса, орнына өзін қойып көрмей ме, дейсің. Бұл қазақ жерінде туып, өсіп-өнгенімен, кейін «өзінің су ішкен құдығына тү­кір­ген» кейбір өзге ұлт өкіл­деріне де қатысты.
Сөз соңында бір ұзынқұлақтан естіген әңгі­мем­ді айта кетсем. Қара халықтың қа­мын жеп, соның мұңын шағып, жоғын жоқ­тай­тын ақын-жазушылардың арасында турашыл «айтып салатын» бір ағамыз бар екен. Ол да «сыншылардың» қатарынан болатын. Батыр мінезді ол кісі бір шетелде қонақ болып жатқан тұста, оның «сын­шы­лы­ғынан» хабары болған жергілікті біреу мем­лекет басшысын жағымсыз қырынан сөз қыла бастапты. Сонда жаңағы ақын ағамыз
«Елбасыма тіл тигізбе» деп атып тұрып, оның ал­дын­­дағы үстелін тамағымен қосып, аударып тастаған көрінеді. Осылайша, азаматтық абыройын сақ­тап, өзінің қадірін арттырған. Осындай қылық, шет жерде жүріп, өз елін жамандайтын құлтан­дарға сабақ болса керек-ті. «Өзге елде сұлтан болған болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді қа­зақ. «Расында бір қауым өзін өзгерт­пейінше, Ал­­ла оны өзгертпейді» (Рағыд сүресі, 11-аят) де­лі­неді Құран-Кәрімде. «Өздерің қалай болсаңдар, солай басқарыласыңдар», «Ең жаман адам – араларыңда сөз таситын, араларыңды бұзатын және адамдарды бір-бірімен шағыс­тыратын адам» делінеді хадистерде.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір