Соғыс шындығы толық ашылған жоқ
27.10.2017
1988
0

24 қазанда Алматы қаласының орталық мемлекеттік архивінде «Репрессия тарихы» атты конференция өтті. «Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қазақ әскери тұтқындарының қуғын-сүргін тарихы» жобасы аясында ұйымдастырылып отырған бұл конференцияда фашист лагерлерінде ажалдың тырнағынан аман қалып, кейін Кеңес одағы лагерлерінің азабын да көрген әскери тұтқындардың құжаттық деректері мен фотосуреттерінен жасақталған көрме жұмысы таныстырылып, тарихшы Дина Игсатованың «Право на добрую память» атты кітабының тұсауы кесілді.

Айта кету керек, жоба
Ф.Эберт атындағы халық­ара­лық қор­дың бастамасымен, Қа­­зақстандағы әскери тұт­қын­дар тағдырына қоғамның на­зарын аудару мақсатында ат­қарылып отыр.
Тарихшы Дина Игсатова­ның әскери тұтқындар тағды­рын фото-деректі құжаттармен сипаттаған бұл еңбегінде со­ғысқа аттанған, неміс тұт­қы­ны­на түскен, кейбірі тұтқыннан бо­сап шығып, одақтас әс­кер­лер­дің партизандар тобында түрл­і ұрыстарға қатысқан, енді бірі қайта неміс тұтқыны бол­ған, соғыс біткен соң атаме­ке­ніне келген, алайда, «немістер жа­ғында соғысты» деген күдік­пен Кеңес одағының азап ла­гер­лерінде жылдап отырған тағ­дырлардың деректері сөй­лей­ді.
Кітаптың авторы және жо­баның ұйымдастырушысы, та­рихшы Дина Игсатова: «Екін­ші дүниежүзілік соғыс – май­данға аттанғандардың көзін көр­ген ұрпақтары, замандас­тары тірі тұрса да, құпиясы мен ашылмаған жұмбағы көп та­қырып. Бұл соғыс адамзат та­ри­хындағы үлкен тарихи оқи­ғаның бірінен саналады. Иә, бұл соғыс бір ғасырға жетпейтін уақыт аралығында болса да, әлі күнге «ақтаңдақтары» жетіп ар­тылатын тарихи кезең. Мә­селен, тұтқынға түскен және ха­барсыз кеткен жауынгер­лер­дің тағдырына әлі күнге қоғам қатты алаңдамайтындай көрі­не­ді. Кеңестер одағындағы жап­пай репрессияның кесі­рі­нен КСРО-ның әскери тұт­қын­­дары мен жер ауғандарының тағдырын саяси қуғын-сүргін құр­бандарын ақтау комис­сия­сының материалдарынан білуге бо­лады. Дәл осы матераилдар не­гізінде Ресей Президентінің «Екінші дүниежүзілік соғыс ке­зінде және соғыстан кейінгі ке­зеңде қуғын-сүргінге ұшыра­ған бұрынғы әскерилер мен аза­маттық тұлғалардың – аза­маттарының заңды құқықтарын қал­пына келтіру» туралы жар­лығы шықты. Жарлыққа 1995 жыл­дың 24 қаңтарында қол қойыл­ған. Қазақтар арасында да тұтқынға түскен, хабарсыз кет­кен әскерилер көп, алайда әлі күнге дейін мұндай нор­ма­тив­ті актіге қол қойылған емес», – дейді.
Іс-шарада белгілі тарих­шы­лар, қуғын-сүргін көрген­дердің туған-туыстары мен үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысып, сөз алды. Алматы қа­ласы орталық мемлекеттік архивінің директоры Абзал Ботанов мұндай жобалардың қоғам және әскери тұтқындар ұрпақтары үшін маңызды екенін атап өтсе, өлкетанушы Ақмарал Адиетова Бөкей ор­дасынан соғысқа аттанып, не­міс тұтқынында болған қа­зақ жауынгерлерінің есімін ақтау, мәңгі есте қалдыру ша­ралары қалай жүріп жатқаны жайлы әңгімеледі. Украина ҒА Тарих институтының қыз­меткері Иван Капась Ук­раина жерінде ерлікпен қаза тапқан кеңес жауынгерлері, қазақ әскерилерінің сүйек­терін іздестіру, олардың есім­дерін есте қалдыру шаралары қалай жүріп жатқанын баян­дап берді. Тарихшы, Қазақ­стан ҰҒА Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этно­ло­гия институтының ғылыми қызметкері Алмас Жүнісбаев неміс және кеңес лагерлерінің азабын көргендердің тағдыры әлі де зерттелмей жатқанын нақты мысалдармен айтып, олар­дың да ақталу мен есім­дерін есте сақтауға толық та­рихи құқы барын айтып өт­ті.
Конференция соңында қуғын-сүрген көрген әскери тұтқындардың ұрпақтары сөз алып, бастан кешкен тағ­дырлары мен әскери тұтқын­дарды ақтаудағы өзекті мә­селелердің мән-жайын тал­­қылады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір