Өнер дейтін асау ат…
27.10.2017
1904
0

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері


Астанадан жақсы хабар жетті… Тәуелсіздік дәуірі тұсауын кесіп, балақ бауын байлаған Астана Жастар театры өзінің он жылдық тойын театрдың Бас режиссері, көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбайдың
70 жасымен үйлестіре атап, қала әкімшілігі мен Мәдениет және спорт министрлігі үлкен өнер фестивалін өткізіп жатыр дегенде қуанғанымыз рас. Өнер атаулының қай-қай түрін де жатсынбай, жаңа дәуірдегі ұлттың рухани әлеміне тиісті мемлекеттік орындардың бұлай мән беруі, ең әуелі, «Рухани жаңғыру» атты Елбасының ұлттық бағдарламасының жүзеге асып жатқанының айқын белгісі екені күмәнсіз.

Астана төрінде Асанәлі Әшімов, Әшірбек Сығай, Қайрат Сүгірбеков фестивальдарының дүркіреп өткені жұрт жадында.

Енді, міне, Нұрқанат Жақыпбай фестивалі тұсауын  кесіп отыр.

Күні кеше ғана Алматының аспанын ән мен жырға бөлеп, бір премьерадан соң екінші премьераға  шапқылап, бір жыр кешінен соң екінші бір жыр кешіне асығып жүретін жігіттер, міне, жетпіс дейтін  биікті  бағындыру үстінде… Осындай ел құлағын елеңдетіп, әдебиет пен өнер дейтін егіз ұғымның абыройын көтеру үшін тер төгіп, тебінгісін термен майлаған ұрпақтың бір өкілі өнер  олимпінен көрінген сәтте Астанаға Алматыдан сәлем жолдап, осы бір шағын мақаланы асығыс жазуға отырдым.

***

Есіме өткен ғасыр түсті…

Әуелі…

Нұрқанатпен бірге жүріп, ен­шімізге тиген уақыттың жүгін бір­ге көтерген достар түсті есі­ме…

Алматы, Алатау, Хан Тәңірі, Қар­­­қара, Мыңжылқы елестеді.

Осыдан бірер жыл бұрын Бо­сатқан дейтін құрдас жігіт арнайы ша­қырып, Нұрқанат екеуміздің от­басымызды Қарқара төрінде қо­нақ етті… Гу-гу әңгіме… Әзіл-қал­жың… Кездесудің алғашқы кү­ні аяқтала бере Босатқан ме­нен:

– Нұрлан-ау, мына құрдас өзі сөйлей ме? – деп сұрақты  төте­сінен қойып қалды. Нұрқанат жы­миып күл­ді де қойды.

Мен Босатқанның қалжыңына-қалжыңмен жауап қайтардым:

– Сөйлейді!.. Көкесін түсіріп сөй­лейді, – дедім.

– Ендеше?.. Бүгін күн ұзаққа бір ауыз сөз айтпады ғой бұ шір­кін.

– Бүгін Нұрқанаттың сөй­ле­мей­тін күні… – дедім.

– Сонда… Сөйлейтін күні қа­шан?

– Алда… Әуелі таныс. Сонан соң, көресің… – дедім: Нұрқанат Жа­қыпбайды сөйлету үшін не оның жүрегіне жол тауып сырласу ке­рек,  не театрына барып, спек­такльдерін көру керек, – дедім бұрылып.

Сөйткен Нұрқанат араға жыл­дар салып, достарына, елі-жұртына театр авансценасынан  сөйлей бас­тады. Міне, Астана төрінен сөй­леп жатыр. Өнерімен сөйлеп жа­тыр.

Иә…

Бүгінгідей адам ойы мен са­на­сына ырық бермей, біресе ойға, бі­ресе қырға, біресе алты құрлық­тың ана қиырына, біресе мына қиы­рына сүйрей жөнелер жаһан­дану дейтін жұмбағы мен сыры қа­лың дәуірде сырласуға да, театр­ға баруға да  мүмкіндік бола бер­мейді. Өкінішке орай, бұл – шын­дық!.. Әйтеуір ақталудың жолы қа­лай мол болса, театр дейтін сұлу­лық әлемінен кешірім сұрау­дың да сылтауы солай жетіп арты­ла­ды…

Оның үстіне… Нұрқанат та, Нұр­қанаттың нұрлы кеңістігіне қанат бітіріп, тел қозыдай тең өс­кен осынау дос-замандастың  аты мен абыройын ұлттық сахна өнері­нің алдыңғы сапына алып шыққан Нұр­қанаттың театры да Алматыда емес, Астанада… Сырласуға, Ас­та­на­ның Жастар театры  ұсынар сұлу ой мен сымбатты қимылдың  өрісі бөлек өзгеше әлеміне енуге, тура­сын айтсақ, екі  қала арасындағы қа­шықтық қол байлау болып отыр.

Бұл да – шындық…

Бозбала  күннен білетін до­сың­­мен анда-санда бір ұшырасқа­ның­ды місе тұтып, аз көрсең де көңіл көгін мұң мен қуанышқа, қай­ғы мен шаттыққа қатар бө­лей­тін жаратылысы бөлек за­мандас өне­ріне риза бола­сың… Театр за­лы­нан шығып бара жатып, өзіңе-өзің іш­тей сан мәрте кейіген сәт­тер еске түседі. Мына қам­шының са­бындай қысқа өмірдің жетегінде жүріп, қаншама жанды байытар, жүрекке қанат бітірер айлар мен жылдарды алыс­татып алғаныңды ойлайсың.

Бұл, сайып келгенде, Нұрқа­нат­тың нұрлы әлемінен кейінгі жан ахуалы… Өмір мен өнердің шуа­ғына қатар шомылып, жо­ғалт­қаныңмен  қайыра көріскендей, із­дегеніңді тауып, өзіңмен өзің оңа­ша қалар ғажайып бір сәтпен қайыра қауышқандай күй кеш­кі­зетін де сол әлем… Спектакльдегі жал­ғыздықтың жаралы сәт-сағат­тарынан рахат табар кейіп­кер­лер­дің болмысын көркем кейіптеу үшін сахнаның сиқырлы сыры мен көзге көріне бермес жұмбағын қа­тар өрген, ой мен сезімнің, сөз бен қимылдың үйлесімін жымдастыра өрген, шашасына шаң жұқпас ше­берлікке қалай ғана тәнті болмас­сың?! Біресе Аймен, біресе Жер­мен, біресе көлмен тілдесудің жан арпалысын, жан азабын, жан ра­хатын қатар кешкен, жұмырбас пен­деге ғана тән қайғы мен қасі­рет құндағына  таңылған, Абай сөзімен айтқанда, махаббат дейтін «тілсіз тілдің» бақытына бөленген пенделіктен арылу сәт-сағатының қалай «тұтқыны»  болғаныңды қай­тып ұмытуға болады?!

Мына қатыгездігі мен қатал­ды­ғы қып-қызыл өрттей лаулап, бет қаратпас дәуірде адамдарға де­ген үміті мен  сеніміне  жел ти­гізбей жүріп, өмірден ерте озған та­лантты қаламгер інім Талаптан Ах­метжанның пьесасы бойынша қойылған «Сұлу мен суретші» дей­тін спектакльді көріп отырып, өз ба­сым осындай күйге түскенімді ж­­асырмаймын… Спектакльдің ал­ғашқы бір нұсқасын Әуезов теат­рынан көргенім есімде. Онда да режиссер Нұрқанаттың ой-сөз-қимыл пластикасын қатар өретін сти­льдік қолтаңбасына риза болып тарасқан ек. Жәй тараспай, Шол­пан, Фаукен төртеуміз түнгі Алма­ты­ның сұлу кескініне сүйсіне, сұқ­тана қарап, қыдырыстап жүріп, ой­ламаған  жерден оңаша бір ка­феге бұрылғанымыз есіме түсіп отыр… Шампан ашып, арамызда қоңырайып үнсіз отырған  мэтрге спектаклі туралы жарысып пікір айтып жаттық. Кезек-кезек… Ан­да-санда басын изеп, келіскен сыңай  танытқаны болмаса, Нұр­қа­натта қай кездегідей дыбыс жоқ. Әлденуақ: «Бұл – эксперимент!» – деді жерден жеті қоян тапқандай. Ол үнсіздік кеңістігін бұзып, ағы­нан жарыла сөйледі: «Болашақ теат­рымның», яғни «Мен» дейтін театрдың стилі, бағыты, бағдары осылай болады бұйырса…» деді.

Кеш бойғы қызу әңгімеден  дос-жар адамдардың, сыр бөліскен сәтінен есімде  айрықша қалғаны осы! «Мен» және «менің театрым» де­ген үш ауыз сөз. «Мен» театры де­генді бұрын да ауық-ауық естіп жүре­тінмін… Бірақ өзінің бүкіл жас­тық шағы, жалынды кездері мен ел танып, жалпақ жұрт өнерін мойындаған Ғабит Мүсірепов теат­рын көзі қиып, Нұрқанат өзге теат­рға, тіпті өзге бір қалаға кете қоя­ды деп ешкім  ойлай қойған жоқ. Солай ойлай қоймағанның бірі – менмін…

Өйткені…

Нұрқанат екеумізді алғаш та­ныс­тырған да, табыстырған да осы қадір-қасиетінен айналайын ТЮЗ дейтін киелі өнер ордасы еді…

Қаз-қалпы есімде…

1970 жылдың көктемі. «Қа­зақ­стан пионері» газетіне орналас­қа­ны­ма үш-төрт ай болған жас жур­на­листпін. Бас редакторымыз Сей­дағаң – Сейдахмет Бердіқұлов: «Нұр­лан, сенің өнерге, театрға бейі­мің бар секілді… Биыл Балалар мен жасөс­пірімдер театры өзінің жиырма бесінші сезонын ашады. Сол қарсаңда балалар театры тура­лы көлемді  материал ұйымдастыр» деді.

Артта  қалған  студенттік бес жыл бойына  қос театр  босағасын тоз­дырған сұлулыққа деген ің­кәр­лік мені қаланың қақ орта­сындағы ТЮЗ-дің (өкінішке қарай, жер жет­­пегендей нарық дәуірінің арқа­­сын­да орнына оқырайып биік қа­бат­ты жаңа тұрғын  үй түскен) ғи­маратына алып келді. Материал ре­портаждық стильде, ара-тұра сұх­бат араласқан күйде газеттің екі бе­тіне жарияланды.  Осы күнде ара­мызда жоқ Әмина Өмірзақова, Бәй­ділдә Қалтаев, Аққағаз Мәм­бе­това, Қасым Жәкібаев, Сәлима Сат­тарова, Мәкіл Құланбаев, Жа­мал Бектасова, Мұхтар Бақ­ты­гереев, Алтынбек  Кенжеков, Мә­риям Жақсымбетовалардың, сон­дай-ақ арамызда жүрген Роза Әшірбекова, Шапай Зұлқашев­тардың дүркіреп тұрған кезі… Бі­разынан сұхбат алдым. Осы топ­тың ішінде менің есімде айырықша қалғаны – көзі тұнық, қимылы ши­­рақ, көкірегі ояу, театр боса­ға­сын аттамай жатып, Ғани, Сәкен, Ма­хамбет бейнелерін сомдай бас­таған жас актер Нұрқанат Жа­қып­бай. Көрсең – көз тоятын, сымбат де­сең, сымбат,  дауыс десең, дауыс,  бой десең, бой бар… Театр тілімен айт­қанда, фактурасы келіскен жі­гіт!

ТЮЗ дегеннен шығады…

Жалпы өткен ғасырдың алпы­сын­шы, жетпісінші жылдары ұлт­тық драма өнерінің бағыты мен бағ­дарын анықтауда жетекшілік рөл ойнаған қос театрымыздың бі­рінен саналатын ТЮЗ репер­туары жағынан да, актерлік мәнері мен режиссурадағы жаңашылдығы тұрғысынан да дараланып тұратын. Әбділда Тәжібаев, Шахмет Ху­сайы­нов, Әлжаппар Әбішев, Та­хауи Ахтанов, Қалтай Мұхамет­жа­нов, Садықбек Адамбеков, Сафуан Шаймерденов, Сәкен Жүнісов, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Әнуар Әлімжанов, Мұқаметқали Ха­сенов, Оразбек Бодықов, Бақ­қожа Мұқаи, Роллан Сейсенбаев, Сұл­танәлі Балғабаев, Әділбек Тауа­саров пьесалары театр жар­на­масына әр беріп тұратын. Мен-Дон-Ук, Есмұхан Обаев, Виктор Пұсырманов, Маман Байсеркенов, Қадыр Жетпісбаев, Райымбек Сей­тметов секілді белгілі режис­сер­лердің ойы мен қиялы тербет­кен сахна туындыларына жұрт ағы­лып жататын. Әлгі айтқан ак­тер­леріміздің ізін қуа келіп, осы жыл­дар ішіндегі дебюттік қойы­лымдар мен премьераларға актер­лік жаңа мәдениет, соны сипат бер­­ген Досхан Жолжақсынов, Ға­зиза Әбдінәбиева, Лидия Кәде­нова, Балтабай Сейтмамытов, Гүлжамал Қазақбаева, Кәдірбек Демесінов, Шол­пан Сіргебаева, Тұрсын Құра­лиев, Райхан Халиол­диналар театр авансценасынан енді-енді көріне бастаған еді.

Сол жылдарда әкемтеатр мен жас­тар театрының арасында шын ма­ғынасындағы шығармашылық бә­секе, жарыс бардай көрінетін… Жақ­сы бәсеке! Өнерге қанат біті­рер бәсеке! Театрдың өрістеп, өр­кен жаюына мұрындық болар кә­сі­би жарыс! Өнер жарысы!

Жақыпбаев  сомдаған жарқын, жақ­сы рольдердің дені осы кезеңде өмірге келді. Көрермен көңілінен  шы­ғып, театр мамандарының жы­лы қабағы мен жоғары бағасын ал­ған бейнелер қатары молайды. Сол кезеңнен менің есімде қалған екі рольге тоқтала кеткім келеді. Біріншісі – Маман Байсеркеұлы қой­ған Сәкен Сейфуллиннің «Қы­­зыл сұңқарларындағы» Ер­ке­бұланның (Сәкеннің прототипі) бейнесін сомдауы. Менің  сүйінге­нім – Нұрқанаттың пьеса айнала­сын­да шектелмей, Сәкенге қатыс­ты арғы-бергі әдебиеттермен та­ны­сып, монографияларды оқып, ба­рынша үңгіп, ізденгені. Маман ағасы екеуінің  түн баласы ұйқы көр­мей, күрделі дәуірдің қиын  мі­незін талдай отырып, ұлы тұлға­ның жан дүниесін ашуға ұмтыл­ға­ны.

Спектакль сәтті қойылды. Сә­кенді көрген қарттардың біразы­ның аман кезі. Солардың бірі – Әлжаппар Әбішев. Премьерадан соң: «Айналайын, Нұрқанат, мың жаса!» Сәкенімізді қайыра тірілттің ғой…» деп көзіне жас алғаны есім­де. Екіншісі – өзімнің тұңғыш пье­сам «Шырақ жанған түндегі» Таңат­тың рөлін ойнауы. Осыдан тұп-тура қырық жыл бұрын Вениа­мин Ким қойған спектакльдің көрермен көңілінен шыққаны – театр тарихына айналған әңгіме. Досхан, Ғазиза, Нұрқанат және театр майталманы – Қасым Жә­кі­баев (бірінші құрамдағылар) сом­даған Сағын, Нұргүл, Таңат, Көрші бей­нелері қаз қалпы жадымда. …Бұл да ұзақ әңгіме. Менің бұл ара­да айтпағым: актер-Нұрқанат­тың ойы мен бойын қасаңдық қо­рығына қамамай образ табиға­тын ашу үшін еркін қимылға, көркем ізденістерге батыл барғаны. Ел санасында қаһарман-кейіп­кер­лер сомдаушы ретінде қалыптаса бас­таған актердің күтпеген жерден сұлу­лық көрсе, есі кете елітуге, елі­­туі­нің төркінінде кіршіксіз та­за­­­лық жасырынған бозбала жігіт­тің ахуалын соншама нәзік, сон­ша­ма сыршыл, соншама нанымды етіп бейнелеуі көрермен көңілін бау­рап алды. Бұл талантты актерді жаңа  қырынан тануға жол ашты. Актер бойындағы пластикалық мүмкіндік молынан танылды.

Бүгінде, ойлап отырсам, күллі өнері мен өмірі адам жанының қал­тарыс-бұлтарыстарын ашуға, сол арқылы мына ұлы дүниенің ой мен қиялға бағына бермес жұм­ба­ғын зерттеп, сырына бойлауға сар­қыла жұмылған, театр дейтін кие­лі дүниені соған бейімдеген ре­жиссер – Нұрқанаттың қазақ теат­рына құбылыс болып енген, еш­кімді қайталамайтын қолтаң­басы өз бастауын сол өткен ғасыр­дың жетпісінші, сексенінші жыл­да­рынан алғандай елестейді.

Иә…

Қазіргі қазақ театр өнерінің ше­кара асқан абырой-беделін қа­бырғасы қайыспай көтеруге жа­раған Астана Жастар театрының ел ауызында жүрген аңызға пара-пар ақиқатының жолы оңай бол­ған жоқ. Осы бір «ақиқаттың жолы ауыр» дегенде менің есіме ылғи кешегі қазақ ТЮЗ-інің сахнасына  сән берген  Нұрқанаттың Айтматов шығармалары бойынша қойылған «Жан азабы», Оралхан Бөкейдің «Атау кере», Сұлтанәлі Балға­баев­тың «Қыз жиырмаға толғанда», Әділ­бек Тауасаровтың «Махаббат аралы» пьесалары бойынша қойыл­ған өрісі бөлек өзгеше дүниелері есіме түседі.

Бұл – кешегі күнгі Нұрқанат.

Бұл – менің есіме түсіп, ау­зы­ма ілігіп отырғандары ғана.

Қайран ТЮЗ?!

Қайран қазақы бояу реңі әлем­дік ойлаумен үндесе, үйлесе өріл­ген ескі ТЮЗ-дің майталмандары­ның ұлттық театрымыздағы орын­дары ерекше  еді ғой. Бексұлтан Жә­кеев­тің «Әке тағдырындағы» Әке бей­несін сомдаған Бәйділдә Қал­таев­тың қайғы мен қасіретке ма­лынған, жанды баурап әкетер қа­зақы қоңыр дауысы қалай еді?! Әр­қайсысынан бітімі бөлек реа­лис­тік мектептің иісі аңқып тұра­тын еді ғой… Дауысы жүректің қыл пернелерін қозғайтын Нұрқа­нат­тың қоңыр үні мен бейне сом­дау, кейіпкер кескіндеу мәне­рі­нен өз басым сол ұлы шалдарды есті­ген­дей, көргендей боламын әлі күн­ге…

Кейін актер Нұрқанаттың ре­жиссер Нұрқанат болып, өнердегі өз жаңа сүрлеуін іздеуге бет алған кезінде алдына ақ жол айтып, бата-тілектерін білдірген де осы Мү­сірепов театрының тарланбоз­дары еді…

ТЮЗ біздің ұғымымызда Нұр­қанаттың біте қайнасып кеткен ұлы төрі болатын.

Сондықтан…

Бірер жыл өзі көркемдік жетек­ші болған айтулы театрдан режис­сура­дағы өз сорабы айқындала бас­таған дарынды  өнер иесін бас­қа жаққа кете қояды деп ойла­мауы­мыз заңды еді.

Жаратылысынан артық сөзді ұната бермейтін Нұрқанат Жақып­бай үндемей жүріп, ақыры өз Үні мен өз Қолтаңбасын танытар жол­ды өзі таңдады… Өзі қанаттарын қа­тай­тып, буындарын бекітіп, бойын тіктеткен, ойын түлеткен бір топ шәкіртімен Алматының «тар жол, тайғақ кешулерін» артқа та­с­тап, Елордаға бет түзеді. Шол­паны мен екі ұлы – Алматыда. Үйсіз-күйсіз Нұрқанат – Астанада тұрып жатты. Жаңа театрдың ір­ге­сі қаланды. Адалдықтың ақ жо­лы­нан аттамауды серт санайтын аза­мат Астана әкімшілігінің есік, тө­рін тоздырып жүріп, әуелгі қолы жет­кен бірер пәтерге театр ар­тис­терін, кіргізді. Жатақхана ретінде пайдаланды. Қалибек Қуанышбаев театрының бір бұрышына қоныс­танып межелі мақсаттарын орын­дауға кірісті… Әртүрлі ғимараттарда репетиция жасап жүріп, жалынды жастардың ыстық жүрегі қалалық театрды өнердің кең айдынына алып шықты. «Әке орнына әке, ше­ше орнына шеше болған» дей­тін халқымызда ескіден жеткен сөз бар. Нұрқанат мойнына ілген жаңа театрдың қамытын ерінбей-жалықпай сүйреді. Сөйтіп жүріп, қалалық театрды қаз тұрғызды. Бір сөзбен айтқанда, басшы да, қосшы да өзі бола жүріп, өнердің өзегін жал­ғады… Оқушылар Сарайына ауы­сып, көздері ашыла бастады… Театр репертуары жаңа дүние­лер­мен толықты. Нұрқанаттың ға­рыш­тық мінез бен ғаламдық ойды игеруге ұмытылған пластикалық шешімдері дүркін-дүркін өтетін халықаралық фестивальдерінің гранприін жеңіп алып жатты. Әрі-беріден соң жаңа дәуір тудырған постмодерндік үлгідегі әлемдік театрлармен қаймықпай тайталас­қа түсті.

Үстіміздегі жылы жастар теат­ры өзінің мерекелік оныншы мау­сы­мын сәні мен салтанаты жарас­қан жаңа ғимаратта қарсы алды.

Театрдың жаңа дәуірі бастал­ды.

Қазақстан театрларының лек­сиконында «Нұрқанаттың театры» деген жаңа тіркес пайда болды.

Еңбек – ер жігіттің көркі.

Өнер талант пен тағылымға, та­ным мен талғамға негізделсе, тұл­ғаның да, тұлға соңынан ерген ұжымның да бағы жанатынына көзіміз жете түсті. Біздің жастау кезімізде «Ефремовтың МХАТы», «Любимовтың театры», «Мәм­бетов­тің әкемтеатры», «Пансоның театры», «Стуруаның театры» дей­тін сөздерді жиі естуші едік… Соң­ғы оншақты жыл қазақтың өнер әлеміне «Нұрқанаттың театры» дейтін ұғымды енгізгені – уақыт ақиқаты. Соның арқасында талай сәйгүліктің жалын тарап, аламанда жолын ашқан ұлт өнеріне өз қол­таңбасы анық, өз бояу-реңкі қа­нық спектакльдер келді. Жүйелі, пластикалық бітімі мен болмысы таза жаңа театр келді. Әлемдік клас­сиканың інжулерінен сана­ла­тын Шекспирдің «Асауға – тұ­сауы», Гогольдің «Ревизоры», қа­зақ  драматургтерін жаңаша оқу кеңіс­тігіне жетелейтін Әбіш Кекіл­байдың «Абылай ханы», Бердібек Соқпақбаев,  Сұлтан Раев, Оралхан Бө­кеев, т.т. авторлардың театр ре­пертуарынан берік орын тебе бас­тауы –  игілікті оқиға.

 

***

Өнер дейтін асау мінезді хас тұл­пар.

Асауды жуасытып, бағып, бап­тап аламанға қосу үшін уақыт ке­рек. Уақыт – талант, уақыт – па­ра­сат, уақыт – ізденіс, уақыт – ой, уақыт – сезім, уақыт – ұлы махаб­бат! Осынау бай палитралы кеңіс­тікті ырықтау үшін, ең бастысы, Мі­нез, Төзім дейтін қос компо­нент­тің болғаны ләзім. Сонда ғана өз кәсібіне, өз ісіне бар болмысы­мен кіршіксіз адал адам ғана Тұлға дей­тін биікке көтеріледі. Өнер атты асаудың ноқтаға басын іледі. Асауы ноқтаға үйренгенше өнер дей­тін әлемнің онсан қиын­дығын басынан өткереді. Жығы­лады. Сүрі­неді. Уақыт топырағына ау­нап, сілкініп, қайта тұрады. Уақыт рухын шақырып, еріне қайта қонады.

Нұрқанаттың өнері – Уақыт­тың аламанында суырылып алға шық­қан хас тұлпардың мінезіндей хас өнер екені анық!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір