Беташардың бес сомы
27.10.2017
2998
1

Серікқали Мұқашев


Басқа студенттік ортаны қайдам, бастары тап журфакта тоқайласқан өңкей талантты «тұлғалардың» ішінде «қиялилықтан» кенде қалған пенде жоқ шығар, сірә. Біздің курстың өзінде жан-жақтан жиналған бірін-бірі қайталамас турашыл «қыңырлардың», әпенді «кадрлардың», арқалы «содырлардың» сан сықпыты болды. Несін айтасыз, арамызда андағайлаған асабалар да, аласұрған ақындар да, жұлқынған жыршылар да, күмбірлеткен күйшілер де, бұралаңдаған бишілер де, тіпті, «индийский» әнші де бар.

Өлләхи, осы отырған мен де қа­ра­жаяу емес едім. Тегі, тақырып тал­ғамастан, табан астында тақ ет­кі­зіп, тақпақ шығарып тастайтын «ө­нерім» болды. Әуелі мектеп бі­ті­рер­дегі шығарманы да «шедевр» шу­мақтармен шырқырата жазып, «бес» алған жалғыз «шайыр» болып, іштей: «Менен өзге ақын бар ма екен өзі?» – деп, шірене шәнтиіп кел­ген­мін осында. Бірақ мұндағы мық­ты­лардың «өлгенский» өлеңдері есімді лез­де жиғызып, өзімнің шимай-шат­пағымды елге көрсетпек түгілі, қи­палақтап, қалтамнан шығаруға да ша­мам келмей қалған.
Масқара болғанда, алғашқыда-ақ: «Аздап жазатыным бар еді», – деп ел­ге «скромный» анонс жасап қой­­ған «арындаған ақындығым» осы­лайша өте-мөте абыройсыз аяқ­талып еді.
Жанға майдай жағатын құрып кет­кір мақтауға көзсіз мастанып, еш­кімге дес бермеген өзіме де обал жоқ. Әйтпесе, «сөз патшасы» деген жа­рықтық әркімнің белі көтере бер­мейтін «шоқпар» екенін мұғалім Ады­хан Сағатов ағай ертеден-ақ ес­керт­кен. Мектепте өткен әп-әдемі кеш, қараторғайдың ұясы, ардагер ата, үздік оқушы, озат сауыншы, та­ғы­сын тағылар туралы өткір ма­қа­лам­ды тып-тыныш бұрқырата бер­мей, әліме қарамай, өлеңі түскірге ұрынып нем бар еді, ә?!
Жә, негізгі айтпағым – ақындар емес, асабалар хақында. Олардың ішін­де де кәніккен кәсіпқойлары емес, әдістеніп жүрген әуесқойлары жайын­да. Өйткені, әлгі бесаспап «қу­ғынбайлардың» ішіндегі той бас­қарғыш тамадаларға сұраныс деген сұм­дық еді.
Ол күнде бүгінгідей өздері той із­деп, топырлаған тамада жоқ. Құ­дай­дың бере салған қабілетінің ар­қа­сында тілі мен жағына сүйеніп, тиын-тебен табудың тамаша тәсілін мең­герген мықтылар жалғыз жур­фак­та ғана сияқты еді. Қай-қайсысы тойыңды басқармақ түгілі, бетті ашып, шашуды шашып, жеңгейлерді «жылатып», құдаларды «құлатып» тастайтын нағыз әмбебаптар. Той жасағыш игі жақсылардың барлығы тапшы болған тамаданы осыннан тауып, кезекке де тұрып, тіпті, күні бұ­рын тапсырыс та тастап кетер еді.
Даңқ-дақпырттары дастанға бер­гісіз арғысы – Бауыржан Үсенов, Қай­рат Шалғымбаев, Шоқан Шө­жеев, Мұхтар Бөпетаев, бергісі – Ер­махан Әбдіраманов, Ерлан Айтуаров, Се­рік Әбдуәлиев сынды санаулы сақа студенттің Алматыда ғана емес, ал­ты Алашқа асабалық атақтары ат­тан­дап, желкендерін жел жыртайын деп тұрған. Бірақ толастамайтын тойшыл нөпірдің «бас-басына бай» қайдан болсын?
Ауызданып алған азулы аса­ба­лар­дай маңдайларында жарқырап тұр­ған «жұлдыздары» болмаса да, №5 жатақханадан жөп-жөңкі жын­ның өзін бездіріп жіберуге қауқарлы өзге қасқалар да көлденең кездескен той-томалақты құр қалдырмасы анық. Шама-шарқынша ұқсап ба­ғып, көргендерін кестелеп, есті­ген­дерін әсірелеп айтса да, әйтеуір ама­наттан аянып қалмайтын оларды «хал­турщиктер» деп айыптаған ауыз болса, қисайып қалсын.
Заулата жаттап алғандарын қазір ға­на өз жанынан шығарып тұрғандай, бірінен соң бірін төкпелеп: «Ал, ха­лайық! Біраз тынышталайық! Сөзге құлақ салайық! Сіздер тұрғанда мен де саспайын. Осы тойды өзім басқара бас­тайын…», – деп жіберіп: «Жігіт­тер, сіздер де саспаңыздар. Алдары­ңыз­­дағы шөлмектердің барлығын ашып тас­таңыздар. Құрбыларды «уха­жи­вать» ете бастаңыздар», – деп тақ­пақ­тата көпірер еді талай сабаз.
Әгәрәки қызметіне жанын са­лып, «қызу» кірісіп кеткеннен көпке ұза­май, Құдай ұрып, «құлап» қал­ма­са, я қолтығына «қанат» бітіп, «қуып» кетпесе, тойдың соңына дейін тақ­пақ­тата тост беріп, диапазоны сан түр­лі деформацияға ұшырайтын дау­сымен өз міндетін орындап, осы­лай­ша тырбаңдай төбе көрсетіп жүрер еді.
Ал олжалы қайтқан аңшыдай, бар­ған жерінен «базарлықпен» орал­ғаннан кейін «тамаданың тілі – ор­тақ» деп, таңды таңға ұрып, жатақ­ха­на­да жалғасатын сауық пен сауы­­ғудан тұратын оқиғалар тізбегін «Мұрның барда бір сіңбір» немесе «Сту­денттің бір тойғаны – шала байы­ғаны» деп атауға болар еді. Бі­рақ мәселенің бұл жағы – мүлде бө­лек әңгіме.
Десе де, тойды басқару қамына «қы­за кіріскендердің» қайсыбір ке­ліс­кен қияпаты болмаса да, бір-екі мы­сал келтіре салайын.
Тамадалыққа таласы бар жур­фактағы әркім-ақ әліппеден үй­рен­гендей жатқа білетін: «Мынау тұрған Ка­надада, Оқытатын тамадаға…», – деп басталатын мән-мағынадан жұр­дай, сылдыраған судай әлқисса бар-ды. Біздің бір мықтымыз кезекті бір тойды тап осы әләуләймен ек­пін­дете бастай беріп, қара басқанда… сө­зін ұмытып қалады. Бірақ «қой­дыр­масы» қойдырсын ба? Бастыр­ма­лата қайталап, бірнеше рет басы­нан бастайды. Болмайды. Содан, әб­ден берекесі кеткен байғұс мик­ро­фонды «қылқындыра» қоюды да ұмы­тып, аузына түсе қоймаған ұй­қас­ты «жеті атасының аузынан» бір-ақ «жіберіп»… жайдары отырған жай­саңдарды әп-сәтте жымдай қыл­ған ғой…
Енді бірде тағы бір қасқамыз өмі­­рінде бірінші рет жас келіннің бе­тін ашуға барады. Өзі гитарада «ой­байлата» ойнаса да, домбыра ұс­тап көрмеген қу еді. Бірақ батыл­дықтың «бал дәмін» татқан бәле сассын ба? Ресторанның жоғарғы бал­кон-фойесіне жайқала жиналған жұрт алдына маңғаздана басып шығады. Сосын сызылған келінге тіптен тақала, талтайып тұрып алып, «Ахо-о-оу»-дан бір жіберіп алып, домбыра байғұстың «әкесін таныта», гитараша қағып-қағып қалғанда, тиегі түскір ыршып кетіп, келіннің көзін шығара жаздап, ұшқан бойда төменгі этажға бір-ақ кетеді… Тиекті төменге қарай далбақтай қуып құда кетеді…
Болса да, басқармаққа барып тұ­рып, түрлі-түрлі «түсініксіз» себеп­тер­мен «қал-қадірінше» тойдың «топалаңын» шығарып қайтысқан қас­қалардың жанында бұл дегендер – айналайын ғана. Қайсыбір қы­ла­петтерін айтарсың?
Десем де, той маусымы қызған күз­дің бір күнінде таңдаулы тама­да­лардың бірін де таппай, тығырыққа тіре­ліп тұрған тапсырысшыға жа­тақ­ханада жортып жүрген тельняшкалы ұзынтұра біреу жазатайым жолыға ке­теді. «Қойса да білім, шындық бас­қа қонбай, Өтейік уайымшыл қас­қа болмай…», – деп Омар Хайям­ның рубаиларын өз-өзінен саңқыл­дай соғып келе жатқан бұл жүгермек – екінші курсты енді ғана бастаған, өзі ішпей-жемей-ақ, «сау да болмай, мас та болмай» шалқып жүретін әпен­ді досымыз Бақытжан Әлім­құлов болатын.
– Бауырым, той басқаратын адам керек еді…
– Әбизатна!
– Бар ма?
– Тұрмыз ғой, міне!
Бітті! Іздегенге – сұраған. Көз­дері жарқ-жұрқ ете қалысып, шарт-шұрт қол алысып, екеуі тап сол жерде келісімге келе қалады. Содан, сұра­ған 25 сом ақшасына да, «шаш­бау көтеріп» баратын басқасына да мақұл болған той иесі кетеді, бірден бақытты бола қалған Бақаң бөлмеде беймарал жатқан Мақсұт Дүйсеков досқа ұшып жетеді. Жетеді де, мән-жайды жарты-ақ минутта ұғысып, жымың қағысқан ағайынды қоңыр қаз отыра қалып, той жоспарына шұғыл кірісіп кетеді.
Интернет жоқ зар заман ғой. Ой­­дан орап, қырдан құрап, тама­да­ның «трактаттарын» да, әрнеден ұр­лап-жырлап, беташардың «қырық жамау» мәтінін де мәнерлеп шығады (Құдай оңдағанда, сол уақытта әнші Жанар Айжанова «Атасы жақсы қандай-ды…» деп бастап, айналайын, бар ағайынның берекесін тізіп шы­ғатын Майлықожаның термесімен дүйім жұртты тебірентіп жүр еді). Енді ше, басқару ақысынан бөлек, бе­ташардың тиыны да төсқалтаға түсе­тін болғандықтан, шабыттары шал­қыған екеуі дәл сол сәтте анау-мы­нау өлең тұрмақ, сала-құлаш поэ­ма жазып тастауға дайын еді.
Ал келіннің бетін кім ашады? Ба­қаң өзі басқасын қатырса да, мұн­дай өнерден мақұрым қалған. Сеніп отырған Мақайы гитараны еркін «еңіретсе» де, домбыраға «шорқақ» екенін айтып, шоршып түсті. Дүл­дүл­дердің барлығы басқа тойдан бос емес. Енді кім бар?..
Желкесін жәймен қырт-қырт қа­сып алып, бөлмеден сүйретпесін та­пыр-тұпыр сүйрей жөнелген Ба­қытжан сүт пісірім уақытта дом­бы­ра­сын құшақтаған курстасымыз Ләз­затты желпілдете алып жетеді. Бол­ды! Барлығы дайын!
…Дульсинея сұлуды жетектеген Дон Кихот пен Санчо Пансаға ұқса­ған үшеуі вешір-киімдерімен шырт­тай болып, келіскен күнгі межелі ми­нутта қаланың қақ ортасындағы мей­рамханаға желіге жетіп барады. Ба­рады да, меймандар алдында маң­ғаздана қалған мықтылар тамақтарын қыр­наңқырап, иектерін тыр­наң­қы­рап, бастапқы позицияларына бекі­не берген шақта, ақсақалдар алқасы­нан күтпеген шу шығады. Ойбайлап жеткен той иесі:
– О заман да бұ заман, келіннің бе­тін қыз ашқанын қайдан көріп едің, күнім-ау?! – деп, зар илейді.
– Неге ашпайды? Ашады! Ни­че­го страшного, ағасы, – деп Бақаң да бол­майды. Болмасына анау да қой­май­ды. Ақыры, тар уақыттың таң­дауы тағы да Мақсұтқа келіп тұмсық тірейді. Тіптен терлеп кеткен ол болса домбырамен «дос» емесін тағы да айтып, зарлайды. Енді кім ашады, Құдай-ау?
Шақша басы шарадай болған Ба­қытжан өлердегі сөзін айтып жі­берген соң және тойдан түсетін ор­тақ «қазынаның» қақпағын да то­лығымен өз қолына берген соң, Ма­қай келіннің бетін ашуға еріксіз көнеді. Бірақ… гитарамен! Шарасы тау­­сылған шалдар да келіспеске ке­лі­седі.
Сонымен, тарихтағы тұңғыш ги­тарамен бет ашу рәсімі басталады, бір сомдықтар бір-бірлеп табаққа тасталады…
Басында қағаздағы мәтіннен көзін алмай, кідірістеп, келінжанға кібіртіктей сәлем салдыртып тұрса да, кезек той иесінің әріптестеріне келгенде… О тоба, Мақсұттың дауы­сы жарқын-жарқын шығып, қаға­зың­ды керек қылмай, нақышына нақ келтіріп, әуелете құйқылжытып ала жөнеледі… Міне, ғажап!
Ақ келіннің айдай жүзін «жаңа салт­пен» ашып тастаған мезетте-ақ күлім­көз жеңгейлер қолына ұстата қой­ған түйіншекті қолтығына қыс­қан Мақайдың жүзі одан сайын бал-бұл жайнап сала береді. Мұрны дел­дие, қутың қағып, Бақаңды оңа­ша шығара беріп, беташардан түскен түйіншекке өзінің толығымен қана­ғат­танатындығын және тамадалық та­быстың оймақтайына да ортақтас­пай­тындығын мәлімдеп те үлгере­ді.
Сөйткенше болмай, қыр соң­да­ры­нан қалмай, қыдиған екі орыс ке­ліп тұр дейді. Жай келмей:
– Верните нам наши деньги за беташар, – дейтін көрінеді.
– Какие деньги?! Деньги за бета­шар не возвращаются! – десіп, бұлар да бір ауыздан шақ-шақ ете қалы­сады.
Сөйтсе, той иесінің ата салты­мыз­дан бейхабар ақауыз әріптестері ұжымдарынан сыйлыққа деп жи­нал­ған 50 сомды елге ілесіп, екі 25 сом­дық­пен беташардың табағына атып жіберіп, Мақайдың құйрығын көкке ұшырып жіберген ғой. Ақыры, жағ­дайларын айтып, «жартылықтың» құ­нын ұсынған меймандарға зор тү­сіністікпен қараған Мақаң мен Бақаң 50 сомды 5 сомға айырбастап кеп жіберіп, негізгі міндеттерін абы­роймен орындауға кірісіп кетеді…
Бақытжанның басқаруымен ба­рынша жоғары деңгейде өткен осы тойға Мақсұттың мақамды әндері мен Ләззаттың лирикалық жырлары ерекше көрік бергені соншалықты, кейіннен бұл шаттықты көргендер де арманда, көрмегендер де арманда болып, айшықты қолтаңбаларымен бір-ақ кеште жұлдыздары жарқ ете қалған осынау өнерлі үшеуді өз ме­рекелеріне кезектесе шақырып жа­татын еді.

ПІКІРЛЕР1
Мөлдір Ерболатқызы 13.11.2017 | 12:09

Көз алдыма студенттік кезім елестеп, бір қуанып, бір құлазып отырмын. 5 — жатақхана, жалындаган жастар! Не деген батыл едик! Біздегі жігіттер де «тамадалық мектептен» тәлім алды. Асхат Кылыш-Бек бауырымды айтуга болады.

Добавить комментарий для Мөлдір Ерболатқызы

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір