Заң саласының сардары
27.10.2017
1671
0

Тәуелсіздік алған тарихи кезеңде ұлттың өткені мен өтпегін саралап, дербес елдің ендігі ұстанар бағыты туралы толғанған азаматтардың бірі заң ғылымының докторы, профессор Өмірәлі Қопабаев болатын. Қиын-қыстау кезеңде жұртшылықтың құқықтық сауатын арттыру мақсатында жаңа оқу орнын ашуға тәуекел еткен ғалымның батылдығына ол тұста біреу сүйінсе, енді біреулер күдіктене қарағаны рас еді. Бүгінде ел ішіндегі беделді жоғары оқу орындарының қатарынан саналатын Ө.Қопабаев негізін қалаған Қонаев атындағы Еуразиялық Заң Академиясы заң саласының талай тарланын тәрбиелеп келеді. Ғалымның түрлі елдердің Конституциясымен таныса отырып жатық тілде жазып шыққан «Мемлекет және құқық теориясы» еңбегі әлі күнге маңызын жоймаған таптырмас оқу құрал. Егемен ел болудың маңызды алғышарттарын айтып, сол жолда саналы ғұмырын сарп етіп келе жатқан ғалым бүгінде мерейлі жетпіс бес жасқа толып отыр. Осы орайда тек заң ғылымына ғана емес, қазақ мәдениеті мен руханиятына ерен еңбегімен елеулі үлес қосып жүрген атпал азаматқа деген ақжарма ниетке кезек берген едік.


Сұлтан Сартаев,
қоғам қайраткері, заң ғылымының докторы, профессор, академик

Ұлтжанды азамат

Өмірәліні ҚазМУ-ге оқуға түс­кен кезінен білем. Ол кезде осы уни­­верситеттегі заң факультетінде декан едім. Қабылдау емтихандарын­да ең жоғары балл жинағанына сүй­сініп, өзін шақырып алып, оңаша сөйлестім. Өйткені, ұлт мүддесіне қызмет ете алар жас дарындарға қол­дау, көмек көрсету, ағалық кеңес айту парызымыз ғой. Алғашқы әң­гі­­мелескенде-ақ оның жоғары са­налы, терең ойлы, ғылымға үлкен бейімі, қабылеті бар ұлтжанды аза­мат екенін байқап, болашағына үл­кен үміт арттым. Сол үмітім ақталды да.
Өмірәлінің таңдаған тақырыбы тың әрі өте күрделі еді. Басқалар айт­паған, бәлкім, айтуға қорыққан «Облыстық атқару Кеңестерінің жоғарыдағыларға бағынышты кәсі­по­рындармен қарым-қатынасы» де­ген кандидаттық диссертацияны тамаша қорғады. Бірінші ресми оппоненті КСРО ҒА Мемлекет және құқық институты директорының орынбасары, әкімшілік ісі саласын­дағы кеңестік ірі ғалым А.Е.Лунев болды. КСРО БАК тарапының 1980 жылғы шолуында Ө.Қ. Қопабаевтың диссертациялық ғылыми-зерттеу жұмысы кеңестік заң ғылымдарын дамытуға маңызды үлес қосқан ең үздік ғылыми жұмыстардың бірі ретінде танылды. Бұл біздің респу­бликамыз, университетіміз үшін де үлкен абырой болды. Себебі, әр жоғары оқу орнының беделін оны бітірген, онда ғылыми жұмыстармен айналысқан түлектері көтереді ғой. Ол мұнда Қазақстан аумағында орналасқан, бірақ, республикадағы билік орындарының ешқайсына қарамайтын, тек Мәскеуге бағына­тын кәсіпорындардың тым еркінсуі­нен мемлекетіміз қаншалықты зиян шегетінін, олардың Мәскеудің аялы алақанынан шығып, республика басшыларының алдында есеп беруі, жергілікті орындарға салық төлеуі, т.б.жағдайлармен санасуы қажеттігін, мұның бәрін заңмен реттеу керектігін айтып қана қоймай, бұл мәселелерді шешу жолдарын еліміздің заңнама­ла­рына сүйене отырып, нақты, дә­лел­­ді, ұтымды көрсете білді. То­та­ли­тар­­лық билік тұсында жо­­ға­­­ры­дағыларды, қалыптасқан тәртіпті, Мәскеуге тиімді жайттарды сынау отқа өзі ба­рып түсумен бірдей ерлік еді. Осы­ның бәрін жігін жатқыза әрі батыл баяндай білген осындай дарынды, алғыр, қабылетті шәкіртім болғанын мен де мақтаныш тұтамын.
Қазақстан Республикасы тәуел­сіз­дік алғаннан кейін, 1993 жылы Өмірәлі ініміз Д.А.Қонаев атындағы университеттің негізін қалағанда енді ғылыми жұмыстармен айналыса алмас па екен деп аздап күдіктендік. Өйткені, ердің ері ғана тәуекел етер мұндай істі ойдағыдай жүзеге асыру кез-келген ғалымның қолынан кел­мейді. Ал, бізге өзі ісін жетік біле­тін, орасан зор ғылыми, рухани, мәдени әлеуеті бар, саяси қырағы осындай ұлтжанды азаматтың заң ғылым­дарын дамыту жолында еңбек еткені керек еді. Заңды мықтамай бір де бір елдің өркендемейтіні ақиқат. «Тәр­тіп­ке бағынған құл болмайды» деп атақты Бауыржан Момышұлы айтқандай, әр нәрсенің өз ережесі, өз тәртібі болады. Ал, мемлекет үшін азаматтарды бір бағытта, бір қоғам­дық ереже-тәртіпте ұстау мақсатында ортақ заңдылықтар болғаны, оны бәрі қатаң сақтағаны жөн. Осы тұрғыдан келгенде Ата Заңымызды дамытуға қолымыздан келгенше үлес қосуға тырыстық. Өмірәлі де заңгерлер алдында тұрған бұл аса маңызды істі түсініп, осы бағытта көптеген ғылыми-зерттеу жұмыста­рын жүргізді, көптеген мақалалар жазды, радио-теледидардан сөйледі. Оның айтқан ұсыныстары көңілге қонымды, пайдалы, орынды еді. Сөйтіп, ол 2000 жылы, ҰҒА академигі М.Т.Баймахановтың төрағалық етуімен болған Қазақ гуманитарлық-заң университетіндегі докторлық және кандидаттық диссертациялар­ды қорғау жөніндегі диссертациялық Кеңесте «Қазақстан Республикасы мемлекеттік билігін ұйымдастыру­дың және қызметінің конституция­лық-құқықтық негіздері» (теория және тәжірибе мәселелері) тақыры­бындағы докторлық диссертацияны өте жоғары деңгейде қорғап шықты. Мұнда биліктің үш салаға (заң шы­ғарушы, атқарушы, сот билігі) бөліну қағидаттарының тиімді әлеуетін жүзеге асыру негіздерін дамыту, бұған ықпалын тигізетін тәжірибелік және ғылыми-құқықтық негіздер, Елбасының осындай күрделі кезеңде атқарып жүрген қызметінің тиім­ділігін арттыруға бағытталған тың ұсыныстар, құқықтық, атқару және сот салаларының болашақтағы дамуы мен өзара байланысы, олар­дың өркендеу қажеттілігі, артық кет­кен тұстары мен ара салмақ тетік­терінің тиімділігін арттыру, тағы бас­қа мәселелер қамтылды. Осы ең­бекті талқылап, құптаған ғалымдар Өмірәлінің егеменді және тәуелсіз Қазақстандағы мемлекеттік биліктің құрылу әрі әрекет жасау мәселелеріне байланысты бұған дейін айтылмаған және концептуалдық бағытта тиімді ұйымдастырылу жолдарын іздес­тіруге қатысты жан-жақты негіздел­ген 60-тан астам өзіндік тұжырымдар, болжамдар мен ұсыныстар жасаға­нын айтты. Диссертацияда көтеріл­ген мәселелер өте өзекті болғандық­тан Қазақстан Республикасындағы қазіргі қолданыстағы Конституцияға енді, кейбір мәселелер конституция­лық нормаларға кірді. Өйткені, Ата Заңның жобасын талқыларда жан-жақты зерттеу жүргізетін Елбасымыз да, жаңа Конституция нұсқасын дайындаушылар да бірінші кезекте өз еліндегі білікті мамандардың пікіріне құлақ асады емес пе?.
Ғылым мен қоғамдық қызметті қатар алып жүретін қайраткерлер қай қоғамда да өте аз болады. Өмір­әлі Қажыбайұлы осындай сирек кездесетін сегіз қырлы, бір сырлы айтулы азаматтардың бірі.
Өзімнің өмірлік тәжірибе-білі­мімді, көрген-түйгенімді ой елегінен өткізіп, қорытындылай айтатыным: Бүгінгі күндері қазақ ғалымдарының ішінен аты ерекше шығып жатқан азаматтар көп. Соған біз өте қуана­мыз. Өмірәлі де қазіргі өзіміздің өсіп-дамып келе жатқан өміріміздің одан ары көркеюіне, алға қарай іл­герілеп, өркендеуіне бар күшін, еңбегін, жігерін салып, республика халқы үшін, республикамыздың қуа­нышы үшін қызмет істеп жатқан азаматтардың бірі.


Арықбай АҒЫБАЕВ,
заң ғылымының докторы, профессор

Еңбегі еленген

Өмірәлі Қопабаев қажырлы еңбегі­нің нәтижесінде жетістікке жетіп, көп­­ші­ліктің құрметіне бөленген азамат. Ол – тәуелсіздік алған тарихи сәттердің куәгері ғана емес, сол кезеңде бел шеше іс­ке кір­ісіп, егемендігіміз баянды болуы үшін қо­лынан келгенін аямаған біртуар тұлға.
С.М.Киров атындағы Қазақ мем­ле­кеттік университетінің заң факульте­тін үздік бітіріп, аспирантураға қалады. Сол тұста Өмірәлінің диссертациялық зерттеуі КСРО ЖАК сараптамасында кеңестік заң ғылымы­ның дамуына маңызды үлес қосқан ғылыми жұмыс ретінде танылады. Бұл екінің біріне берілетін баға емес екені айтпаса да түсінікті. Ол кейін доктор­лығын да абыроймен қорғап шықты.
Ө.Қопабаев басшылық ететін Қо­наев университеті бірнеше жылдан бері отандық заң, құқықтану ісіне еңбегін сіңіріп жүрген білікті мамандар даярлап келеді. Оның ғылыми еңбектері жас мамандарға таптырмас оқу құралы десек, жалған болмас. Бірнеше ғылым кандидаттары мен докторларын тәр­биелеп шығарған білікті ұстаздың заң саласындағы отандық басылымдар­дың редакциялық кеңес мүшесі екенін де айта кеткім келеді.
Мінезі жайдары, айналасына сыйлы, өз ісіне аса жауапты. Оның жақсы тәлім-тәрбие көрген, білімді, саналы ұрпағына қарап отырып сүйсінесің. Себебі бүгінгі күні сапалы да саналы адам тәрбиелеп шығарудың өзі оңай шаруа емес екені белгілі.
«Тәуелсіз ел қандай болуы керек? Жеке мемлекет дербес дамуы үшін не істеуі керек?» деген секілді өзекті сауалдарға жауап іздеген көкейкесті ойларын ақпарат құралдарына жиі ұсынып, қазақ қоғамын оятуға тырыс­қан Өмірәлінің еліне сіңірген еңбегі өте зор. Ол әлі де осы биігінен аласармай, халқына адал ұл бола береді деген сенімім мол. Елінің жарқын болашағы үшін бар қажыр-қайратын жұмсаудан таймай келе жатқан азаматты халқы да елеусіз қалдырған емес. Бүгінде Ө.Қопабаев «Қазақстан Республикасының оқу-ағарту озаты», «Қазақстан Респу­бли­касы Конститу­циясының 10 жыл­дығы» мерейтойлық медалінің, «Құрмет» орденінің иегері.


Гүлбаһрам Жебесін, журналист

Ғалымдар күнде тумайды…

ҚазМУ-дың заң факультетін қызыл дипломмен бітірген, бір­тін­деп ғылыми дамудың барлық са­ты­­ларынан өткен Өмірәлі Қо­па­баев жекеменшік оқу орнын ашып, жаңадан тәуелсіздік алған еі­лімізге аса қажет білікті ма­ман­дарды даярлауға бел буған тұңғыш ұс­таздардың бірі еді. Отарлық қа­мы­тынан жаңа құтылған, тәуелсіз мем­лекеттің егемен туын енді жел­біреткен осындай қиын-қыстау за­манда мұндай тәуекелге жүре­гінің түгі бар ердің ері ғана бара­ты­ны түсінікті. Дегенмен, түрлі қиын­шылықтарға ұшырайтынын біл­се де алға қойған мақсатынан бас тартпады.
Оның басты мақсаты өзі ашқан оқу орнын, оған қарасты Астана, Ал­маты, Талдықорған, Талғар қа­ла­ларындағы колледждерді кәсіби шеберлігі жоғары заңгерлер мен қаржыгерлер даярлайтын білім ордаларына айналдыру болатын. Расында да сол тұста заң саласы­ның мамандары мен қайраткер­ле­рін даярлайтын ескі сүрлеуден арыл­ған, жаңа сипаттағы оқу орны елі­мізге керек-ақ еді.
Иә, тарау-тарау жолы да, қа­дау-қадау көлі де, құм көмкерген шө­лі де алма-кезек көрініс беретін кең байтақ даланы мекендеген қа­зақ қабырғасы бүтін елге айналу үшін ата салтына айнымастай бе­рік болуы керек екен. Бұл мақсатқа жету жолында ұлт намысын қорғай алар ер-азаматтар Қабан жырау өлең­дерінде өрнектегендей өзде­рін көтеретін белде желмаямен жор­тып, жампоз түйе жүгін артып, адыр­надай ширығып, серпіле тар­туы қажет. Өмірәлі Қажыбайұлы кө­тере алатын бел – заң әлемі. Сер­піле тартатын садағы – ғылым жо­лындағы қаламы.
Қазақтың әр ұлы халқының дұш­панын қақырата шабар, қия­да­ғыны алыстан шалар жүрегі тү­к­ті, ерекше білікті сарбаздар дайын­дау­ды жеңі тозғанға дейін – яғни көз жұмғанша жалғастырса, ілімге ің­кәрліктен кенезесі кепкен жер сияқ­ты сусаған халқына ғылым нө­серін сіркіретіп, нәр берсе, ар­ман не? Осындай намысқа тұра ала­тын ер перзенттерінің себеп­кер­лігімен ғана елдің қабырғасы бү­тінделеді-мыс. Арқа сүйер, қор­ған болар азаматтары мұндай тәуе­келге бармаса, салпылдап бос жүр­се, ондай ел қалпына келмей­тін, салтынан түспейтін, төрт құ­бы­ласы түгенделмейтін көрінеді.
Айта берсек бұл кісінің ұстаз­дық жолынан өзге де еліне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Өмірәлі Қажы­бай­ұлы ашқан қордың қолға алуы­мен түркі халықтарының шығу тегі, өткені, мәдениеті, рухани құн­дылықтары туралы, соның ішін­де қазақ халқының тарихы, ерек­шеліктері, өзіндік болмыс-кел­беті, т.б. жайында тұңғыш тари­хи еңбек әрі өте бағалы деректерге толы «Тарих-и-Оразмұхаммед» кі­та­бының авторы, қазақ халқы­ның ұлы да мәшһүр ғалымы Қа­дыр­ғали би Қосымұлы Жалайыр­дың еңбек­тері өз халқымен қауыш­ты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір