АДАМ БІЗДІҢ СОҢҒЫ ҮМІТІМІЗ

0
91 қаралды

Джон СТЕЙНБЕК,
Америка жазушысы


Менің шығармаларымды осынша биік мәртебеге лайық деп тапқандары үшін Швед Академиясына мың да бір алғыс. Нобель сыйлығын алып, өзім аса сыйлайтын, бек құрметтейтін үлкен қаламгерлердің алдын орап кеткеніме іштей кішкене ыңғайсыздық туындаса туындаған шығар, ал оған қол жеткіз­геніме бола керемет шаттанып, қабағат қуанғаныма ешбір күмән болмауға тиіс. Дағды бойынша, бұл сыйлықты алған кісі әдебиеттің болмысы мен даму ба­ғы­ты жайында өзінің кәсіби не жеке ой­ларын жайып салуы керек еді. Бірақ, мен осы бір алабөтен мезетті сол әде­биетті жасаушылардың биік міндеті мен жауапкершілігі турасында сөз қоз­ғаудың ең тамаша сәті деп тауып тұр­мын. Но­бель сыйлығының және мен табан тіреген мына мінбердің бас ай­налар биік дәрежесі мені ризашылық біл­дірген немесе кешірім сұраған тыш­қан­ның тілінде шиқылдамай, сүйікті кә­­сібім мен дәуірдің ыстық-суығын ба­сы­нан өткерген ізгі ниетті ірі адамдар сый­­лаған даңққа арқаланып, арыс­тан­ша гүркі­реу­ге мәжбүр етуде. Әдебиет – қаңыраған бос шіркеулерде отырып ғи­бадат әуенін ыңырситын, бозара әлсі­реген кінәмшіл мүриттердің құрғақ уағызы емес. Мо­нас­тырьда болатын сай­лау, не азық тапшылығынан үміті кесілген қалендір шайқы үшін өткізі­летін алдаусыратпа ойын түрі тіпті де емес. Әдебиет құдды тілдің өзіндей ежелгі нәрсе. Ол адамдар сұранысынан туындаған. Әрі аса зәруліктен басқа жағдайда көп өзгере қоймайды. Ежелгі терістік еуропа ақын­дары, ортағасыр­лық кезбе шайырлар және бүгінгі күн жазушылар… бәрі бір-бірінен ешбір айыр­ғысыз. Мүлде бөлек болып дара­ланбаған. О бастан-ақ олар­дың қыз­меті, міндеті мен жауапкершілігі бы­лай­ғы адамдар тарапынан белгіленіп отырған. Адамзат дәл қазір аса бір ала­са­пыран уақыттың сүркейі мен сұмды­ғын бастан кешуде. Осы арадан сөз а­л­ған біздің даңқты ардагеріміз Уильям Фолкнер бұны жер жүзін жайлаған сұмдық үрейдің трагедиясы ретінде атап, ұзақтан келе жатқаны сонша, рухы­мызға сіңісті болып кеткенін, сон­дықтан да, жазуға татитын жалғыз ғана нәрсе – адамдардың қайшылыққа толы ішкі дүниесі екенін ескертіп өткен бо­ла­тын. Фолкнер адамзаттың тым әлсіз бо­­латыны сияқты оның анағұрлым күш­­ті екенін де басқаларға қарағанда әл­деқайда анық байқапты. Қор­қы­нышты түсіну мен оны жеңудің – жазушының жан сақтап тұрынуыдағы түпкілікті себептерінің бірі екенін де ол жақ­сы білген. Бұның енді ешбір жаңалығы жоқ. Жазушылардың сонау әл­мисақтағы міндеттері әлі өзгере қой­ған жоқ. Олар адамзаттың ілгері жыл­жуы үшін әлі де болса біздің қай­ғылы қателіктеріміз бен жеңіліс­терімізді аяусыз әшкерелеп, көрдей қараңғы, қор­қынышты түсімізге аз да болса сәуле сеуіп тұруларына тура келеді. Бұ­дан сырт, жазушылар адам баласы­ның өз рухы мен жандүниесін жетіл­діре алар қабілет-қасиеттерін, қиындықтан құт­қарар ерлігін, қайсар жігерін, бауыр­малдығы мен махаббатын жария ма­дақтап, тебірене жазулары тиіс. Әл­сіздік пен үмітсіздікке қарсы жүргізетін бітпес ұрыста бұның бәрі жарқын үміт пен талмас қайраттың қатар желбіреген жалауларына айнала­тыны сөзсіз. Менің түсінігімде, қайсыбір жазушы адам­зат­тың кемелденетініне шындап сенбейді екен, онда ол бұл жұмысқа өзін арнай ал­майды әрі жақсы бір қаламгер боп же­тіле алмақ емес.

Нобель сыйлығын алғанда сөйлеген сөзінен үзінді.
10.12.1962 жыл, Стокгольм.
Қытай тілінен аударған
Серік НҰҒЫМАН.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.