Бас

0
646 қаралды

Рахымжан Отарбаев


Жеті жыл бұрын жазылған шығармам еді. Саяси бояуы қою жағылыпты. Содан белгілі себептермен Қазақстанда жариялауға тоқтам қойылды. Десе де, шетел ерекше қызығушылық танытуда. Түрік ағайындар бұл романды төрт-бес ай ішінде үшінші мәрте қайта басты. Сонымен қатар, орыс, қытай, ағылшын, француз, неміс, әзербайжан, қырғыз тіліне аударылып үлгерді. Алды баспа бетін көруде. Мәскеулік «Роман-газета» журналы шығар кезекке қойды.
Көп оқырманым жан-жақтан сұрау салып жатады. Сол себепті «Қазақ әдебиеті» газетіне әр жерінен шымшып үзіп беруді жөн көрдім.

Автор.


Айналаға күміс тозаңын төге-төге Ай да өрісінен алыстап кеткен шақ. Піл­тесі таусылған жұлдыздар да солғын тар­тып, сөне бастапты. Екін­ді­ден бері отыр­ған орнынан қоз­ғал­маған Ноэль­дің құйрығы тозып, көзі кі­легейленіп, кірпігі желімденіп шы­датар болмады. Бозала бояқ жүгірген терезеден жүзін аударып, балконға шыққысы келген. Зауқы соқпады.
– Тіршіліктің тағы бір таңы ат­ты. Біз­ге күлімдеп қарар ма екен? Не ай­­та­сың, Махамбет аға? – деді ал­дын­да тұр­ған ақсүңке басқа қарап. – Сені же­тіқат жер астынан қазып ал­дым. Үр­леп жан сала алмадым. Бірақ исі қа­зақ зәру болған мәлике жүзіңді мү­сіндедім. Маған риза бол. Сөкпе. Әлім құрыды. Титықтап біт­тім. Қай­тамын Мәскеуге…
Ақсүңке бастың сәбидің алақа­нын­дай көз аңғалағы жылтыл қағып, жақ сүйектері сақ-сақ қозғалысқа ен­ген екен дейді.
– Әй, Ноэль мені Алматыға лақ­ты­­­рып кету үшін көрімнен қазып ал­дың ба? Бұл не сұмдығың?
Сақ-сақ қозғалысқа енген жақ сүйек­терден осы сөз анық естілді. Өң бе, түс пе айыртар емес.
Өзі атақты Герасимовтың шә­кір­ті-тін. Қазақстанда қаны тамбай тұрған жал­ғыз антрополог. Қыр мұ­рын­ды, ашаң да әдемі жігіт Мәс­кеуден алғаш оқу бітіріп келгенде… Қа­зақтың ар­ман­да кеткен арыста­ры­ның бәрін жіп­ке тізіп тірілтемін деп күпінген. Қы­сы-жазы қозыжон қор­ғанды, бүкір бел кезеңді сағалаған. Тақасы тозған. Күнсіп маңдайына кепкісі батқан. Шашыраңқы са­қа­лына шаң қонған. Топырақты үңги-үңги небір күрек пен сүйменнің ұшын жылтыратқан. Басы бар аяғы жоқ арман да… Жарықтық­тар­дың жам­басы тиген жерден қу бас­ты қазып алып, тірі мүсінге айналдыра қой­са… Ханы айыр қалпақты баса киіп, қаумет сақал тағынып, жүзінде ой мен мұң қатар шарпысып, көзін көк­жиекке қадап, халқының бола­шағын безбендеп отырса… Оң тізесін бас­қан биі ай маңдайынан тер мон­шақ­тап, селдірлеу біткен сұйық сақалы кін­дігін қағып ол тұрса… Босағадан оң ті­зесін бүгіп, айбалтасына сүйеніп, қос көзі шоқтай маздап батыры көрінсе… Пау, шіркін!
Сол арманның жетегінде жүріп Мә­­­дениет һәм білім министрлігін жа­ға­ла­ған. Тарихи және мәдени ескерт­кіш­терді қорғау қоғамын сағалаған. Ака­демияның ғылыми-зерттеу инс­ти­тут­тарын айналсоқтаған. О, тоба аруақты бабалардан қалған өлең-жырға, аңыз әңгімелерге ешбірі қамшы салдырмайды. Лыпып тұр. Бірінің ау­зынан бірі бүріп әкетіп ескі сөзді гөйі­теді-ай, кеп. Құлағына майдай сің­ген әңгіменің аяғында бұл тұрып: – Ақылы асқан ағалар-ау, сол арыстардың сүйегі қайда жатыр? Аттан сап іздейік те. Та­былмай кет­пес. Бас сүйегін қалып­тайын. Жүз­дері­не нұр-сипат үстейін. Со­сын жар­қыратып кітаптарына қо­сайық. Жайнатып кілем мен көрнекі құралға басайық. Кейіннен сол мүсін ес­керткішке айналар, – демей ме?
Бұл сөзді естігенде сайдың сауыс­қа­ны құсап сұңқылдап тұрған немелер кө­­ше көлеңкелеп жым-жылас жоға­лар. Аңы­рып бұл қалар. Өйтетін де жөн­дері бар екен. Бақса бұлар қазақтың маң­­дайы­на біткен марқасқалардың тек жаз­ған-сызғанын зерттепті. Қорғап ға­лым атаныпты. Бір-бірін қолпаш­тап­ты. Төрге озыпты. Екі тізгін, бір шыл­­быр­ды иеленіпті. Нәпақа айы­рып­ты.
Сол жақсы мен жайсаң қай жерде жан үзді. Кәлласын қай құзғын шұ­қы­ды, хабары аз. Сыпа бойларын сипат­пай­ды. Төтелей түссең нәубетті нә­лет­тейді. Со заманды қарақаттайды.
– Кімнің сүйегін жіліктеп теріп жү­­рейік, – деп бір ақбас академиктің тұ­саулы аттай, шапшығаны бар. – Қой, шы­рақ, жайыңа жүр. Аулақ. Ін қазатын көр­­тышқан емеспіз. Соның оқуын бі­тір­ген екенсің. Бара ғой. Береке тап!
Емен есігі ерініп ашылатын меке­ме­­лердің талайынан көңілі суып, ақы­ры Талғар беттегі бір қорғанға келген. Шөк­кен бурадай боп, бір қырындап жат­қан қорған бұрын қазылып, то­нал­май, ішіне небір құпияны бүккен сын­ды.
Қарш еткізіп күрек салып еді, бет топырағы жұмсақ боп ілінді. Тек екі-үш күрек бойы төменнен шықырлап таудың ұсақ тарғыл тасы көрінді. Ұлы сәскеде екі көмекшісі Вова мен Мәлік те келіп жеткен. Алматыда бір көше бойында қатар өскен достар. Екеуінің де жұмыстан қысқарып бос жүрген беті.
– Осы жерден алтын тапсаң айт­па­ды деме, бізбен бөлісесің, – деген ыл­ғи терлеп жүретін Вова.
– Әйтпесе, тартып аламыз. Бала-ша­ғамыз онсыз да аш отыр, – деген Мәлік ілмиіп тұрып.
Әрине, бұл құрдастардың әзілі.
Шөккен бурадай боп бір қырындап жат­қан қорған көрер көзге ғана кіш­ке­не екен. Үш жерден күрек салып, құ­лаш­тап сүймен ұрғанда былқ етер бол­мады.
– Әй, айдың-күннің аманында тау қопарып, төбе ақтарып не ғып жүрген жансыңдар?! Ұрысыңдар ма? Қаланың шпанасы шығарсыңдар, – дейді тар маң­дай, тарғыл бет құбақан шал қам­шы үйіріп. – Тап қазір хабар беріп, қа­матып тастаймын.
Вова мен Мәлік шындап сасайын деді.
– Соғыс кезінде бір топ алаяқ, экс­педициямыз деп келіп, қорған біт­кенді қопарып, бар қазынасын жым-жылас тонап кеткен. Сендер де солар­дың сойы шығарсыңдар?! Айт, кәне, шыныңды! Әйтпесе…
Қаймана қазақ қамшы үйіріп тұр­ған соң Ноэль отырған орнынан кө­теріл­ген.
– Ақсақал, абыржымаңыз. Біз ар­найы рұхсаты бар адамдармыз. Мынау ме­нің паспортым. Сенбесеңіз кө­ріңіз.
Ат белінде манадан бері қоқырайып тұр­ған шал паспорттағы жазуды әріп­теп оқыды да, селк ете түссін. Сосын атынан домалай жығылсын.
– Құдай қарғаған басым кімді түс­теп танымай тұр. Ойбай-ау, сен Қа­зақ­станды басқарған Жұмабай Шаяхметов кө­кемнің жалғыз тұяғы екенсің ғой. Мәс­кеуде оқуда деп естуші ек. Келші бер­мен. Мауқымды басайын, – деп әлгі шал Ноэльді қаусырма құшағына ал­сын. – Біз Жұмабай көкеммен не­мере туыспыз. Талай ағалығын көрдік. Жарықтық қарапайым кісі еді. Жалғыз ұлын жер қазатын оқуға беріп… Мәс­кеуде дегенге дәу бастық боп оралар. Сүйенішіміз болар деп жүрсек…
Тар маңдай, тарғыл бет құбақан шал жаспен шылады ма, әлде босап кет­кен мұрынның ылғалы ма, бетін си­палаумен болды.
– Мұны сақ дәуірінен қалған қор­ған деуші еді, балалар. Күн кешкіріп ба­рады. Үйге түсіңдер. Бауырымды тап­тым. Бір тоқтының басын мүжітпей жібермеймін. Қапысын тапса қасқыр да тартып кетер. Жүріңдер. Ертең де күн бар. Қорған қашып кетпес…
Ертеңіне таңғы салқынмен кі­ріс­кен. Шай қайнатым уақытта қолда­рын­да бір-бір үшкір күрегі бар ауылдың он­шақты жігіті де жетті. Әлгілерді азан­да айқаймен оятып, көмекке ертіп келген тоқты басын ұстатқан туыс шал екен. Мұның әкесінен көрген жақ­сы­лы­ғының өтеуі де…
Қайратты жігіттер қоя ма, жан-жа­ғынан бірдей үңги қазып, қорғанды қорс етіп салды. Қазған шұңқыр те­рең­деп лақатқа таянғанда-ақ Ноэльдің жүре­­гі зырқ ете түскен.
– Әлі де дендей түсейік. Бірақ бұл біз ойлағандай емес, ертеректе тонал­ған қорған болды, – деген. Ұстазы Ге­расимов екеуі әне бір жылы Запоро­жье­де дәл осындай қорғанды қазғаны бар-ды. Онда да дәл осындай адам мен ат­тың сүйегі аралас бей-берекет көміл­ген екен.
Ауыл жігіттері әбден сартап болған ат­тың бас сүйегін алып шығып қабыр­ғаға сүйеді. Сағағына баланың басы сиып кеткендей. Сәйгүліктің өзі екен. Қа­ба жалы шірімепті. Тұтас шықты. Бір күрек тереңнен бір құшақ құйрығы да табылды. Ал, адам сүйегі ұнтақ боп уа­тылып, шашылып жатыр. Қару-жа­рақтан ада. Тінтіп іздегенде табылғаны жал­ғыз күміс тостақан. Бүйірінде ір­кес-тіркес боп сына жазу тұр. Бар-жо­ғы сол. Үшеуі қолдарына жалғыз күміс тос­тақанды ұстап Алматыға жүрерде ауыл азаматтарын алғыстаған. Алтын табамыз, күміске қарық боламыз деп қанжығасына екі қанар қап байлап кел­ген тар маңдай, тарғыл бет құбақан шал алаяқ тонаушыларды ма, жолы бол­маған ағайынын ба, әлде ұлын дені дұрыс оқуға бермеген көкесін бе әй­теуір күбірлеп боқтап қыр асып кет­кен…
…Ауыл әкімі Қарауыл таң атқалы үйір­сіз айғырдай азынап, елдің зы­қы­сын алып бітті:
– Табыңдар, Құрақ қартты! Жердің ас­­тына түсіп кетсе де табыңдар! – деп еден­ді солқылдата тепкенде есік кө­зінде қағаз басып отырған түймедей қыз ұшып-ұшып кете жаздайды.
– Өткен жолы жылқысын ұрылар қуып кетіп еді. Ізіне түсіпті. Соның дауы­мен көрші ауданда жүр екен, – деп кел­­ді жұмсаған адамдары.
– Астанаға хат жазып, шәт-шә­ле­кейімізді шығарып!.. Тып-тыныш жұ­мы­­сымызды атқарып отырғанда дәу бас­­тықтың көз қырына іліндіріп! Адам пай­ғамбар жасынан асқан соң байыз тауып, Алладан жанына медет тілемес пе? Жегені ақ май, ішкені қағаз шай, одан артық не керек? Көрпені төрт қа­баттап салып, көтенін күлге көміп отыр­мас па? Жоқ, біздің ауылдың шал­дары, әйтеуір екі қолға бір ермек тауып алғыш. Баяғыда Махамбеттің басын қазып әкетіңдер деп Алматыдан бір қо­ра адам шақырып елді бөрліктіріп еді. Ендігісі – мынау. Атам басы жоға­лып кетіпті, тауып беріңдер, деп зікір салып жатқаны. Атаңа ғана нәлет! – деп күйіп-жанды. Дереу ауылдық пош­та бастығын шақырып алып оған ақыр­сын.
– Бір көзіңді қысып алып, үнемі қал­­ғисың да жүресің. Саған айтқаным қайда? Ақпа құлақ ит-ау, аудандық, об­лыстық әкімшілікке жазылған арыз­дар мен Астанаға жолданған хаттар болса ашып оқы да тура өзіме әкеліп бер, – деп.
– Ойбай-ау, өткенде үстіңізден жа­зылған жеті-сегіз арызды қолыңызға тап­сырған ем. Оқып, хат иелерін жал­ғыздап балағаттап екеулеп өртеп ек қой. Құрақ қарттың хаты мен арқылы өт­кен жоқ. Келсе шөміштеп қысып ұстап алмаймын ба? Алдыңызға жайып сал­маймын ба? Демек, хатты аудан ор­та­лығындағы поштадан жөнелт­кен.
– Солай шығар, – деді ауыл әкімі ентігін басып. – Бар. Мұқият бол! Осы­дан бар ғой, осыдан! – деп сұқ сау­сағын безеп, бір көзі қыли, тырли арық жігітті кабинетінен қуып шық­қандай етті.
Күн екіндіге таяғанда Құрақ пен жер­гілікті оппозиционер Иса әкім кең­сесіне беттеді деген хабар Қарауылға да жеткен. Шапалай басып олардың ал­дын орап кеп кабинетіне жайғаса қал­ды.
Артынша Құрақ пен иегіне оншақ­ты тал қыл-қыбыр біткен жергілікті оп­позиционер Иса көрінді.
– «Хатқа жүйрік сол қалқа мұсыл­ман­ша» дегеннің кері келді, – деп ауыл әкімі әңгімені қиыс бастады. – Бізді басып озып, біз емес-ау, аудан, облыс әкі­мін кәперіңізге алмай, Астанаға тө­телей хат жазатынды шығарыпсыз.
– Шырағым, қолда өскен баласың, мұ­қатпай сөйле, – деді Құрақ сабыр сақ­тап. – Менің ала алмай жүрген ұзын­да – өшім, қысқада – кегім жоқ. Атам­ның басы қайтадан қабіріне жер­ленуі керек.
– Оны алматылық ғалымдар бізге бе­ре ме? Әлдеқашан алтынмен аптап, кү­міс­пен күптеп бір жерге қойған шы­ғар?
– Алтынмен аптауын… Қараусыз әр жерде қалды деп естимін. Жоғалып ке­тіпті.
– Ит өлген жерге сіңір создырып баратын қаражат қайда ақсақал-ау, – деп әкім алақанын жайды. – Ақша жоқ. Бюджет тамызып қана береді. Бас іздеңдер деп ақша бөлмейді. Оны өзіңіз де жақсы білесіз. – Бұлардың текетіресін телефон қоңырауы бөлді.
– Әле, Мәмеке, әле, ассалау-маға­лей-көм. Сіз екеніңізді түскен қоңы­рауыңыздан-ақ танимын ғой, – деп азы­нап тұрған әкімнің көзі жыпы­лық­тап, беті күлмеңдеп кетті.
– Үйленгелі жатыр ма? Оқуын біті­ріп? Ой, азамат!.. Қайдан дейсіз? Өскеменнен. Пау, Алтайдың аруын аққудың көгілдіріндей ғып… Әне, болар бала деген сол. Құдалыққа?.. Бас құда дейсіз бе? Бұл мен үшін шексіз құрмет қой, Мәмеке-ау. Тек жаным ұясында болса… Сіз үшін құда емес, Құдайдың алдына да туралап жетермін. Е-е-х! Ал, хош, – деп телефоннан әзер ажыраған Қарауыл мына қақпастың әр сөзіме елеңдеп, ішіне түйіп отырғанын қарашы, деп ала көзденіп алды. Десе де, көңілін тапқысы кеп: – Құреке-ау, әлгі ұры алған жылқыңызды тапты деп есіттім. Құтты болсын, – деп салды.
– Иә, көрші ауданнан ұсталды. Мал ұрысы қазірде табылар-ау. Маған керегі атамның бас ұрысы боп тұр.
– Жағдайды айттым. Басқа қолдан ке­лер көмек аз. Шықпа, жаным, шық­па, деп отырған ауылдық жерміз.
– Әй, Қарауыл, – деді қарт қатула­нып. – Үкімет бас ізде деп ақша бөл­ме­сін. Жарайды, түсінемін. Ал, мына ір­геңде жатқан атақты Мұрат Мөң­ке­ұлы, Ма­лайсары, Дәрі мен Қара, Итем­геннің зиратына неге белгі орнатып, жаңарт­пайсыңдар? Көз алдарыңда жер­мен-жексен боп өшіп барады. Ой­дан-қырдан қырғын халық келіп тү­неп, тәу етіп жатады. Білген адамға әр­қайсысының осы қалайы жоқ, қа­зақ­тың бір-бір арыстары емес пе?
Қарауыл бұл жолы да бұлт ете түс­ті.
– Ақсақал, мұсылман дәстүрінде зират жаңартады дегенді естігеніңіз бар ма? « Құран кәрімде» жазылып па екен? Шариғат қоспайды.
Сөзден тосылған Құрақ: – Өй, сен де бір, – деп үнсіз тынды.
– Жата берсін. Жаңартсаң болды, бұ­­лар өлім тілейді. Біреуміз босқа рә­суа боп кетерміз.
– Алты Алаштың ардақтылары-
ай, – деп Құрақ қарт төменшіктеп ор­­нынан көтерілді.
– Тууын әр жерде туып, өлгенде біз­дің округке жинала қалғанын қара­шы, – деп Қарауыл күбірлеп, терезеге көз тіккен. Қараңғы тұмшалай бастаған екен.
Осы кезде есік алдында шу шық­сын. Ауыл оппозиционері Иса екен, әл­декіммен жағаласып жатқан.
– Құдайдан сұрап алған жалғыз әкімімізге кіргізбеймін деп… Көрдің бе мұның әуселесін? Топалаң тиген қойдай қылармын!
– Әй, Иса, бұл не, тыныш күнде қара дауыл көтеріп… Туыңды бұлғап!
– Бұл – Алаштың туы, менің қо­лым­да қалды. Қонған тұғыры берік.
– Ендеше тоқта, – деді әкім же­кі­ріп. – Кімді топалаң тиген қойдай қыл­­ғың келеді, а!
– Демократиядан қия басқанның бә­рін де!
– Өй, аузыңнан айналайын! – деп қал­ды Құрақ қарт манадан бері еш сүйе­ніш таба алмай, қоңылтақсып қал­ған көңілін осы сөз толтырып жібер­ген­дей.
– Өй, сен оппозициямын деп өй­тіп талтаңдай берме. Ортақ тәртіп бар, заң, зәкөн бар. Еліруін мұның!
– Дұрыс, – деді Иса сұқ саусағымен Қа­рауылдың көзін шұқып алардай боп. – Тәртіп ортақ. Талап бірдей. Бюд­жет­тен ақша қаралды, ендеше ауылымызға неге газ жүрмейді? Құдықтың құрттап кет­кен суын ішіп жұрт безер болды. Әр үй­ге су құбыры неге тартылмайды? Ал, әл­гі ортақ тәртіп қайда, қане, көрсет өзі­ме?!
– Өй, аузыңнан айналайын! – деп қалды Құрақ қарт тағы да Алаштың ала туының астына тұрып жатып.
– Өй, сіз де бір, – деп әкім каби­не­тінен шығып кете қоймаған қартқа кі­жінді. – Өңшең кежір.
– Тарт тіліңді! – деп Иса әкіммен тіп­­ті кеуделесіп қалды. – Алақандай ел­ді алалайсың. Шопыр ғып балды­зыңды алдың. Хатшың – құдашаң. Бухгалтерің – көңілдесің. Көршің…
Мұнан соң әкім басымен қайтіп шы­дасын: – Өй, әкең!.. Түрменің тү­біне шірітейін сені! Көзіңе көк шыбын үй­­мелетейін! – деп жағасына жармас­қан.
– Қазір… Сірке сыққандай ғып тас­­таймын! – деп туды тастай салып бұл да ұмтылған. Әйтеуір, хатшы қыз бен шопыр балдызы, бухгалтер бойдақ ке­ліншек арашаға түсіп, айыз қанар анық төбелеске жібермеді.
Жағаласқандар да,, арашаға ұм­тыл­­ғандар да әр жерде отырып аздап дем басты.
Құрақ қарт қайтуға бекініп, ауыл әкіміне бір ауыз сөз айтты.
– Асыл текті Махамбеттің басына ақ­ша жоқ та, құдалыққа бар екен, жо­лың болсын, шырағым!
– Дүние ғаламдасамыз, жаһан­да­са­мыз деп өңір тиегін ағытып, бәрі ор­тақ деп жатқанда істеп жүргендерін қа­рашы. Надандық-ай!
– Өзің надансың, – деді Иса әкімді ала туының ұшымен түртіп. – Мен жаһандаспаймын. Бәрі ортақ. Қатын-балаң да ортақ па сонда? Ішер асың, киер киімің… Жапанда жалғыз өлер­мін. Көрші ауылға симай қаңғып кел­ген ит. Саған қор қылғанша, сол басты өзім барып тауып алып келемін.
– Махамбетіңмен қоса құры, зән­та­лақ!
– Не дедің? Қайтала!
– Оттама!
Бір-біріне тың күшпен қайта ұм­тыл­ған әкім мен оппозиционерді хат­шы қыз, шопыр балдыз, бухгалтер бой­дақ келіншек тағы да арашалап әке­тісті…
…Күн ұясына талықсып барып жы­ғылған. Ақ түн енші алып жатты. Санкт-Петербург шаһары у-шудан ба­сы қатып тұрды. Аспан өңіп кеткен, ажар­сыз. Желбегейге тиер жел бар. Не­ва да тыншыр емес. Бетон жағалауға жет­кенше желкелескен толқындар бір-бірін өлтіріп жатты.
Слава сағатына қарап тағатсыз­дан­ған. Мана көпір жиегінде кездесеміз дес­кен. Абраам неге кідірді? Жүргінші көп. Ақ сәулеге шомылып сеңдей со­ғы­лысады. Әй, бірақ, қысқа күнге қы­рық жерге көмбе көмген қу емес пе? Та­ғы бір айла-шарғысы да. Қартайып қал­ғанымен өзінің криминалды топта бе­делі бар. Басшысы да, қосшысы да емес. Солардың ақыл қалтасы. Деген­мен соңғы жылдары қашты-қудыдан тартынып, жеке әрекетке жиі барып жүр. Былтыр Айвазовскийдің атақты бір картинасын шетелге түпнұсқа деп жа­сырын өткізген. Онысы көшірме боп шығып басы дауға байланған. Жа­налқымда жиған-тергенін беріп құ­тылды дескен. Рас шығар. Мұнымен сөй­лескенде тісін жасырып, тілін көр­сетіп-ақ баққан. Әйтпесе мәймөңкеге жоқ еді. Әне, өзі де келіп қалды. Асы­ғып емпеңдеп басады. Басының бәрі маңдай. Екі самайда толар-толмас екі уыс шаш.
– Слава, кеше «Россия 24» ка­на­лы­нан берілген жаңалықты көрдің бе? – деген айналасына абайлап көз сап.
– Жоқ.
– Ендеше тыңда. Қазақтардың ер­теде өлген бір ақынының басы жо­ға­лып кетіпті.
– Жоғалсын.
– Өй, сенде бір… Соны тапқан жан­ға бір миллион доллар ақша ұсы­нып­ты.
– Оны қайдан табамыз?
– Қажеті жоқ. Енді ақылдасатын шаруа бар. Сенің қолыңнан келеді.
– Айта бер.
– Мұсылмандар өз бастарына ие бо­ла алмай жүріп… Өлгендердің басын іздеуге шығыпты. Қапы қалмайық.
– Тапсырма қандай?
– Эрмитаждың қоймаларының бі­рін­де Кенесарының басы сақтаулы. Мен жолай алмаймын. Құйрығымда қоңы­рауым бар. Сенің жөнің бөлек. Әзір­ге өмірбаяның таза. Қырағы көзге ілін­бегенсің.
– Сонда…
– Сол басты алуымыз керек. Сақ­тап қоямыз. Қазақтар түбі оны да із­дей­ді. Сол кезде сауда қызады. Қым­бат­қа өткіземіз.
– Қиын.
– Күзетшінің тілін тап. Қалғаны оңай. Жолын өзім айтам.
– Ойлап таппайтының жоқ, шеф!
– Пайда ортақ. Жарма-жар! Ке­ліс­тік пе? Әкел қолды!
Ақ түнде алысқан қолдар ұзаққа дейін ажыраспаған…
…Бәрі Си-Эн-Эн телекомпания­сы­ның күндізгі хабарынан басталған. Ге­нерал Хьюстің өзі ұзақ жыл НАТО әс­керінің құрамында болған. Әскери қызметі аяқталған. Десе де, әлемнің әр түк­пірінде соғысып, өзге жұртқа от жа­латқан бұл үйінде тыныш жата алар ма? Көзі қып-қызыл еді. Қан қап­та­ған­дай. Туа бітті. Төрт қабырғаға қамала-қа­мала тіпті құтырынып кетті. Бұрынғы әскери достары іздеуді қойған. Аз нә­па­қаға алданып жатыр да. Тісі жоқ өң­шең ботқа жегеннен не күтсін. Алма жүзі алаулап тұрған сол диктор қыз не деп еді?
– Бұл бұрын әлемнің ешбір елінде бол­маған оқиға. Қазақстанның Ха­лық­аралық «Бәйтерек» қоры Махамбет ақын­ның басын тауып әкеліп берген адамға бір миллион доллар сыйақы ұсынды. Басты іздеуге бірнеше топ жедел аттанып кетті…
Ал ендеше! Дереу жанында тұрған глобусқа жармасқан. Қазақстанды қанша іздесе де таба алмады. Әзірге Америка қырына алған елдердің тізімінде болмаған да… Мейлі ғой.
Тұра тұр! Бас түгендейді. Бұларға да ата керек екен ғой. Демек, өлген атақты адам. Көмген. Кейін іздесе жоқ. Түн жамылып ұрлап кеткен. Мұқият жасырған. Әбден зарықтырып бермек. Қомақты қаржыны қалталарына баспақ. Табылған ақыл!
НАТО әскері талай елге сайран сал­ған. Қаласын қиратқан. Даласын ойрандаған. Халқы шыбындай қырыл­ған. Сұрауы жоқ соларды қойшы. Ал, әлгі басшылары ше? Алтын тағы ас­ты­нан кетпегендер. Олардың да кәлләсі мүжілген. Ұрпағы ертең-ақ естерін жиып осылай іздеу салса? Шаһитіміз деп жата қап жоқтаса? Моласын қо­пар­мас па? Басын іздемес пе? Әп, бә­лем!.. Жаңа бизнестің төбесі мен мұн­далап көрінді ме?
Мұнан соң генерал Хьюс Нью-Йорк­тегі пәтеріне қалай сияр. Өзімен бірге соғыста сыналғандардың ең се­німділерін үш топ қып бөлек-бөлек жи­наған. Сыбыр сап кеңескен. Атқа­рылар істің ауқымын анықтаған. Кез­десер қиындықты таразыға салған. Шығар шығын, болашақта түсер пайда шотқа қағылған. Сонан соң қай-қай топ та құлшынып сала берген.
Бәрі де: – Мұсылмандардың бас­тары қалайша қымбаттап кеткен? – деп таңқалысқан. – Өзге діндегілердікі ше?
– Сөзді көбейтпе, – деп оларды Хьюс қабағымен жасқады. – Сендердің бастарыңды бес долларға ала ма?
Бірінші топ Иракқа аттанған. Дар аға­шы алдында өз иманын өзі үйіріп өлетін Саддам Хусеиннің басын ұрлап шығуға.
Екіншісі АҚШ-ты «Қабаған ит» деп нәлеттеп кеткен Муаммар Кад­да­фидің көмілген жерін табуға.
Соңғысы бір уыс топырақ бұйыр­май, денесі теңізге тасталған Бен Ла­ден­нің су астынан қаңқасын іздеуге.
Генерал Хьюс сәт сайын қол теле­фо­нына үңіліп, қуанышты хабарды күту­мен отыр…
…Алматының сәулелі көшелерінің бірінде Махамбет ескерткіші бой тү­зеді. Салтанатпен ашылар күні бел­гіленді. Сол күні қала халқы ақынның күм­бірлеген күйімен оянды. Алатаудың иығынан асып құлаған қара бұлттың іргесі сетінер емес. Қайта бүйір тіресіп, қалыңдай түсті. Гүл құшақтаған зиялы қауым ақын өлеңдерін жарыса оқып жатқан жастарға, артынша аспанға қа­рап алаңдайды. Қала әкімі мен Мә­дениет министрі қайта-қайта дайын­дықты көріп, ескерткіштің ақ жа­мылғысын тексергіштейді.
– Ескерткіш «Бәйтерек» қорының қа­ражатына салыныпты.
– Е, салмай. Иесі олигарх емес пе?
– Мына күнді қарашы. Түнеруін.
– Махамбеттің аумаған өз мінезі ғой. Басқа не дәметесің?
– Ойбай, келіп қалды. Үндеме! – деп қауқылдасып көпшілік иін тіресіп, алға лықсыды.
Нұри Утенович машинасынан түсіп алдымен Алатауға қараған. Най­за­қара шыңы көкке ұмтылып барады. Ұшар басын ақ қармен қырлап, егеп алыпты. Сосын таудың бір шоқысындай боп ақ жамылғымен тұрған ескерткішке көз тіккен. Қарсы алдында толқын-тол­қын боп теңселіп тұрған халыққа сүй­сіне қарады. Осы сәтте найзағай кү­міс қайшыдай жалт-жұлт етіп, ұйып қалған қазбауыр бұлттарды қиғылап жіберген. Күн көзі көрінді. Ақ қоян сәу­ле секектеп жүгіріп ел-жұрттан сүйін­ші сұрап жүрді.
– Қадірлі әлеумет! – деп төраға мик­рофонға тақап кеп. – Махамбет – елдік пен ерліктің символы! Ол бүгін та­лай ғасырдан бері аңсар болған тәуел­сіздігіміздің тұғырына көтерілді. Бұл – кешегі қоңыраулы найзасын қол­дан түсірмей, қабырғалы елім, қа­зыналы жерім деп өткен барша ба­ба­ларға деген құрмет пен тағзым.
Сөзін қысқа қайырған Нұри ес­керт­кіштің жанына еркін басып кеп жі­бек жіпті соза тартқанда ақ жамылғы екі­ге құлаш жаза айырылды. Азынай шап­қан ат үстіндегі ақын қара желді қақ жарып барады. Қолындағы оңды-солды сермеген қайқы қылышы, қарсы тұрар қай жау бар, дейтіндей. Оң жамбасында құндағы дөңгелене біткен қозықұйрық домбыра көрінеді. Таңмен төгілген күйге тентек ағын боп қосыла кетердей. Тебіренген төраға тағы да лебіз жалғады:
– Толғамалы найзамен,
Толықсып жауға шапқанда,
Бір озғанмын халқымнан! – деген Махаң осы.
Алыс-жақынға бірдей аты мәшһүр тұлғаның өзі кеп қолға түсіп тұрғанда айырылып қалмайын деп Қайып ты­пырлап алға ұмтылған. Жете бере:
– Өмір бойы Махамбет шығар­ма­шы­лығын зерттеп келем. Мынау – сол ең­бегім. Ал, бұл – ақын өлеңдерінің соң­ғы басылымы. Сізге тарту етейін деп тұрмын, – деп аптығып әдемі мұ­қа­балы екі кітапты ұсынды.
– Рахмет, Қайып. Махамбеттің өлең­дері жан-жақты зерделенді ғой. Ен­дігі жерде жазған хаттарын жарыққа шы­ғарыңдар. Саяси астарына, әлеу­мет­тік мәніне үңіліңдер. Ол өмір сүр­ген дәуір шындығы сонда қалқып шы­ғады. Тарихқа долбар керегі жоқ. Нақ­тылық қажет, – деп қаумалаған елге бет бұра бергенде, оң қолтығынан Бай­ма­хан саңқылдап қоя берді.
– Шіркін, осындай ақылға зәру боп жүрміз ғой, – деп жалпақ жауы­ры­нымен Қайыпты көлегейлеп берді. – Өзім басқаратын институттың бес ға­лымы ақын жазған хаттарды ғылыми айналымға әзірлеп жатыр. Екеуі – док­торлық, үшеуі – кандидаттық қор­ға­мақ. Сосын…
– Әй, Баймахан қолға түскені – бар-жоғы елу хат. Бес ғалым қорғайды дейсің. Бет бар ма осы сендерде? – деп бір ақ кірпік шалдың шарылдап қоя бергені. Неткен сүйкімсіз еді. Шөлдеп, су іздеген лақтың маңырағанындай. Алақ­тап қалған Баймахан шалды та­ныды. Ғұмыр бойы түртінектеп, мұра­ғат ақтарып, мұражай кезіп, көне­лік­тер­дің көшірмесін жинайтын қыр­­­­­сық-ты. Онысын ешкімге ұстатпай, шыр-пыр боп қаралай қызғанып жү­ретін. Аттың төбеліндей боп анық көз­ге түсер жер еді. Әттең… Тақиясы­ның шеті майсақтанып алдын орап кет­кенін қарашы.
Еңселі ескерткішті айнала шолып, сүйсіне көз тігіп тұрған Имашқа көп іші­нен суырыла шыққан Дүрия жедел ба­сып жеткен.
– Қайным, сыртыңнан тілеуіңді ті­леп жүретін жеңешеңмін. Мына тұр­ған Махамбет – менің көкем. Жақын қарындасымын. Қыз алыспаймыз. Бүгін өлгенім тірілді, өшкенім жанды деп тұрмын, шырағым. Қуанғаннан жы­лап та алдым. Қазір маған сөз бер­гіз, микрофон ұсын. Көкемнің басын қа­­лай іздеп жүргенімді жария етіп ай­тайын. Таппай қоймаймын дейін. Сөйт.
Имаш қарсы алдында тұрған тұ­лыптай бәйбішеге қарап ойланып біраз тұрды. Сосын басын тербеді.
– Ықыласыңызға рахмет, жеңеше. Бұл жолы сөз бермеді деп өкпе арт­паңыз. Басты табыңыз. Сосын талай сұх­­бат құрармыз. Шетелден келген жур­­налистер жүр. Алғыр құлағын қай­шы­лап. Сыр алдырып қайтеміз.
– Сөз бостандығын қайда қоямыз? – деп бет-аузы көгіс тарта бастап еді, Қайып кеп қақбайлап әкетті. Енді құ­тыл­­дым ба дегеніңде бала көп ойнаған қуыр­­шақтай боп қалған бір әнші ке­лін­шек: – Қазірде өнер адамының оң қо­­лы сол қолынан ұзын. Сұрамсақ қып қой­ған осы заман. Маған тау ба­сынан кот­тедж соқтырып бер. Өзіңе ар­нап ән жаз­дырамын. Сахнадан орын­даймын. Ата­ғың тіпті әуелейді, – деп өңіріне жар­масып жатты.
Өз өмірбаянынан жырта қарыс ес­­телік кітап жазған жылтыраған бе­тінде бір тал қылтанақ жоқ көсе жазу­шы Мәдениет министрін өкшелей қуып: – Еңбегім сіңді. Өңірімде егемен елі­­міздің бірде-бір марапаты жоқ. Ор­ден­ге ұсын. «Отаннан» кем болмасын. Өл­­сем де басымда музыка ойнатып өлейін, – деп зар құсып жүрді.
Бұл кезде көпшіліктің шетін ала Ықас пен Қашқария ортасындағы қара сөм­кені алма-кезек тартысып жатқан. Мы­на күмбір қаққан күй мен ағын су­дай төгіліп жатқан өлеңдер әйелімен ара­дағы дауды анық естіртпейтінін біл­се де Ықас тістене сыбырлап, ыш­қынып басылады.
– Қой дедім! Ұят болады дедім!
– Жабам үстіне! Франциядан әкел­­­ген шапаным дейм. Жібер же­те­сіз… О несі-ай!
– Күлкі етеді мына жұрт! Ойбай-ай, өлдім-ау!
Қашқария шірене тартқанда Ықас­тың қолында сөмкенің шұнтиған бір қарыс құлағы ғана қалды. Күйеуінен құ­тылған бетте Қашқария жүгіре ба­сып топқа қойып кеткен. Шетелден ат арытып келген журналистердің қор­шауын­­да тұрған төрағаның алдында же­­тіп, ентігін басты. Шешесінің елеу­ре­­ген түрін көріп Айым теріс ай­нал­ған.
– Сіз де журналистсіз бе?
– Жоқ. Кешірерсіз, мына атқа өзіңіз қос қолтығынан демеп мінгізген ақын ескерткішін көріп, жүрегіміз жа­рылғалы тұр. Шексіз разымыз. Сізге ар­нап француз модельеріне арнайы ша­пан тіктіргенмін. Соны сыйлауға рұх­сат етіңіз, – деп бұлғын бөрік, ал­тын айшықты шапанды ұсына берді. – Ал, басты тауып, сізге өз қолыммен алып барамын. Сеніңіз маған!
Төраға келіншектің қолынан сый-сыя­патын алып, рахметін айтқан. Со­сын жан-жағына көз тастап, манағы иі­ні тозып кеткен ақ кірпік шалды тауып алды да:
– Ақсақал, келіңіз. Осы салтанатта сіз­дің де бір шапан еншіңіз бар шығар. Сіз­­ге жаптым. Игілігіңізге киіңіз, – де­ген.
– Тарих қопарып, шаң жұтқан ғұ­мы­рымда бар көрген құрметім осы! – деп қырсық шал кемсеңдеп кетті. – Алла разы болсын!
– Қайыршыға бұйырғанын қара­шы, – деп өкпелеген Қашқария көп іші­­не жылыстап сіңді.
– Адам ата мен Хауа ананың тұң­ғы­­шы Қабыл қызғаныштан Абылды өлтір­ді. Бірақ көмуін білмеді. Қарға жөн көрсеткен. Содан бері қазақ аспа­нында қара қарғалар қаптап кетті.
– Тайқазанының қақпағы жоқ, ұлы­­ларының басы жоқ бұл неткен ие­сіз ел?!
– Махамбет көтерілісшілерге қа­рыз­­дар. Оның даңқы үшін мыңдаған жасақ қырылып кеткен. Атақты жал­ғыз өзі иемденді. Сол қазақ алдындағы қарызын басымен өтеді.
– Ықылас – Иуда. Олар – өмір­шең. Әлі күнге арамызда жүр, – дес­кен ала­бөтен топ ереуілдетті жатты.

Қазағымның намысы едің жа­нитын,
Жау тосумен бұзылыпты сан ұйқың.
Басың кетті, мынау марғау даланың,
Адам қылып шығарам деп әр итін.
Әй, Махамбет! –
деп Мақатай ақын ескерткішті құ­шақ­­тап жылап жатты.
– Төраға мырза, бір сұрақ беруге рұх­­сат етіңіз. Махамбет ақынның ба­сы қолды болды деп есіттік. Жалпы сіз­дің ел­де көрнекті тұлғалардың ба­сы жиі жо­ғала ма? – «Би-Би-Силік» бота тір­сек сары қыз аш масадай қа­да­лып ау­зы­на микрофон кептеген.
– Азаттық үшін күресте талай ұлы тұл­ғаларды жоғалтқанымыз рас. Өшік­кен жауының басын кесіп алу, әрине, та­ғылық. Бірақ бұл тек біздің ел­ге тән кө­рініс болса бір сәрі. Сіздің ел­дің та­ри­хына көз жүгіртсек те осын­дай ке­лең­сіз оқиғаларға жиі ке­зігеміз. Ал, ақын­ның бас сүйегі жо­ғалған жоқ. Оны аса қымбат жәдігер көріп азамат­тарымыз сақтап отыр. Өздері әкеліп береді.
«Си-Эн-Эн» тілшісі ескерткіштен көз алмай тұрып:
– Махамбет патша чиновник­тері­не елу шағым жазыпты. Арызқой бол­ған ба? Соншама арыз жазған адам дұш­пан­дарымен қай уақытта со­ғысып жүр? – деп сұңқылдасын.
– Бас-аяғы он жыл соғысқан. Сон­­да жылына – бес арыз. Оның дені қара бас­тың қамы емес. Қалың бұқараның жайы. Көптік ете ме? Сауаты болған соң ащы өкініш ішінде қалай тұншықсын? Қазірде сол арыз-армандар ұлт-азаттық көтерілісінің ең сенімді куәсіне айналып отыр.
Бет-аузын қыл-қыбыр басып кет­кен «Әл-Жазира» компаниясының жігіті: – Айтыңызшы, Махамбет шет­ел­діктерге мұнай кенін бермеймін деп соғысқан ба? – деп тосын сауал тас­тады.
– Жоқ. Ол кезде әлемде мұнай әлі игерілмеген-ді. Көтерілісті бастаған ұлт намысы болатын.
– Намыс дейсіз бе?
– Иә. Ұлт намысы! Егер ол бол­ма­са, біздің бабаларымыз әлем кар­тасында тоғызыншы орында тұрған осыншама ұланғайыр жерді иеленіп қалар ма еді? Отты қарусыз. Қызыл қолмен!
– Түсіндім.
– Халайық, – деді сосын ол жі­гер­лі үнмен. – Жыл сайын мектеп бі­ті­руші ұландар ақын ескерткішіне тағзым етіп, ұлт намысына ант берсін. Біз таусыла қалса мұнай мен газды, көмір мен темірді тіпті кез келген қаз­ба байлығын шеттен сатып ала­мыз. Ал ұлт намысын жоғалтсақ ше? Онда бәрінен де айырылғанымыз!
Теңіздей толқып теңселген елдің қуанышты даусынан мың кептер дүр сілкініп көкке көтерілді. Сатырлай жауған шапалақ даусы Алматы аспанын шырқау биікке көтеріп бара жатты…
…Эрмитаждағы Кенесарының басына жұмсалған Слава келесі жолы әріптесін күліп қарсы алған. Абраам да разы кейіпте: – Ақша ұстайтын алақаным қышып еді. Жарайсың. Джоһар Дудаевты білесің ғой. Енді соның да… – деп жатты.
Алматының «Көк базарында» кіндігін ашқан қыз-келіншектер Қытайдың айналасына алтын тиын үйілген тоқ қарын, томар бас мүсінін сатып жатты. Әлгі шал өз-өзінен мәз боп күледі-ай, кеп.
Сол базарда жас жігіттер адам басын күлсалғыш сувенир ғып саудалап тұрды. Сувенирдің екі көзі мағынасыз үңірейіп, шексіздікті көрсетеді.

Пікір қосу