Апамның мәсісі
27.10.2017
3810
5

Ержан Байтілес


Алакөлеңке үйдің бір бұрышында сіресі басылған, қонышы әбден қыржым болған мәсі жатыр. Иесі апта бұрын ғана мәңгілік мекеніне аттанған еді. Қос мәсінің қажетсіз жатқанын көрген жігіт апасынан шын мәнінде айырылғанын, енді қайтып келмейтінін анық түсінді. Түсінгені сол еді, көкірегі сыздап, көзінің алды буланып, буын-буыны босап, дел-сал күй кешті де қалды. Қабырғаға сүйеніп, отыра кетті. Көз алдында көлбеңдеген кино секілді көріністер жүре берсін сосын.

Бұл шал мен кемпірдің бауырына басқан баласы болатын. Көкесі қа­сы­нан бір еліге тастамайтын. Өлім-жі­тімді жерден басқасының барлы­ғы­на алып жүретін. «Біз өлген жерге ба­ра жатырмыз» десе, баланың өзі есік алдындағы ағашты көлеңкелеп қа­ла беретін. Бірақ апасы қайда бар­са да, келген кезінде мәсісінің қо­ны­шынан тәтті-пәтті, құрт-ірімшік шы­ғарып жататын. Мәсіден шыққан та­лай мәмпәсиге тойып еді-ау…

***
Әлі есінде. Апасы мен көкесі Түр­кістан жағындағы ағайындарына қазалы жерге көңіл айтуға кетті. Бұл сол күні әке-шешесінің қасында қал­ды. Шал мен кемпірдің көзі жоқ­та баланы ата-анасы әбден айналған. Бар жылы-жұмсағын алдына тосып, әкесі ат боп ойнап, анасы алдында құр­дай жүгіріп қызмет қылған. Сол кү­ні шеткі үйге қонып қалды. Азанда тәт­ті ұйқының құшағында жатқан ба­ланы анасы оятып алып, маң­дайы­нан бір иіскеп, сыртқа қарай же­теледі. Ұйқысы шала күйінде же­те­гіне ере берген. Үлкен үйдің есігін сығалай ашты да баланы зып еткізіп ішке кіргізіп жіберді. Қараса, апасы су құйып, көкесі жуынып отыр екен. Қаракөлеңкеде көкесінің қабағы өте салқын көрінді. Қатулы. Әлдебір нәрсеге ашуланып, қапалы жағдайда отырғаны айқын байқалған. Мұны көрді де:
– Келдің бе? – деді зілді үнмен. Ба­ла үнсіз басын изеді. Апасына қа­рап «онда шәйнекті мынаған бер, осы құйсын», – деп бұйырды. Кө­ке­сінің қаһарынан қорыққаны бар, аузы-мұрнына су толған темір шәй­некті көтере алмай мықшың­да­ғаны бар, бала тізесі қалтырап, қолы ді­ріл­деп су құя бастады. Әр саусағын та­рамдап жуып, білек тұсын ысқы­лап, бетін қайта-қайта шайып, құла­ғы­ның ішіне дейін тазалаған көкесі ұзақ отырды. Мұның белі талды. Бал­тыры сыздап барады. Сол сәтте көкесі тосын сұрақ қойды.
– Осы саған апаң керек пе?
Үнсіз ғана басын изеген. Артық бір­деңе айтуға шамасы келмейді. Ті­лі байланып қалғандай.
– Керек болса, онда неге бүгін қа­сына қонбадың?
Сұраққа сұрақ жамалды. «Кеше… сіздер жоқта… шеткі үйде… ұйықтап қа­лыппын». Бір сөйлемді бөліп-бө­ліп зорға айтты. Соғыс көрген кө­ке­сінің сұсы сұмдық еді. Дей тұрғанмен бұған дәл бұлай ашуланған, қаһарын төккен кезі болған емес. Кіндігінен ер­ген балаларының маңдайынан иіс­кемек түгілі, саусағының ұшын ұс­тамаған адам. Әйтеуір осы не­мере­сін бауырына алып, бар мейірім-ма­хаббатын аямаған. Көкесіне иек ар­тып, еркеліктің түр-түрін көр­сет­кен шолжаң баланың сүмірейіп тұ­рысы мынау енді. Ауылдың ди­рек­то­рын әкесінен қайырып жіберсе де: «Байекеңнің баласы осындай, қай­теміз?» – деп жылы жымиып кете бе­ретін. Бір басына бір ауылдың бар билігін бере салған көкесінің бүгінгі көңілін бала санасы түсінер емес. Апасы да көкесінің бұл әрекетін аса жақ­тырмайтын сияқты. Таңғы шай­дың қамымен жүрсе де, баласының состиған тұрысына көзінің қиы­ғы­мен қарап қояды. Араша түсуге дәр­мен жоқ. Шалынан оңбай сөз есту оған да оңай деймісіз?
– Түнде сақалы беліне түскен, өзі аппақ киінген бір шал келді, – де­ді көкесі баяу үнмен. «Мына кем­пір­дің баласы қайда?» – деп сұрады со­сын. Сенің жағдайыңды ойлап: «Ба­ласы күнде қасына жататын, ол бү­гін ғана басқа үйге қонып қалып еді», – деймін шырылдап. Шал бол­ма­ды. «Баласына керек болмаған кем­пір маған керек, алып кетемін», – деп апаңның қолынан сүйрей бастады. Содан амал жоқ, түнімен әлгі шалмен айқасуға тура келді. Таң ат­қанға дейін арпалысып, зорға де­генде апаңды алып қалдым. Енді қон­бай қалсаң, әй, менің шамам кел­мейді-ау».
Қолындағы шойын шәйнегін тастай салып, бала апасына қарай зау­лай ұшты. Етегіне жармасып, жы­лап жатыр. Аяғынан қапсыра құ­шақтап алған. Тап қазір әлгі сақалы бе­ліне түскен шал алып кететіндей ен­тіге жылайды. Апасы баласын бауырына басып, маңдайынан сүйіп, басынан сипап, көкесіне естілер-естіл­мес «баланың зәресін алдың-ау» деген. Оны елейтін бала жоқ. Өк­сігін баса алмай, ентігін жиюға ша­масы жетпей, қорсылдап жылай­ды. Содан бастап апасының көлең­ке­сіне айналды. Қайда барса да, қасында. Көзінен бір мезет тайдырып алса, айырылып қалатындай, көкесі айт­қан шал алып кететіндей жанұ­шыра іздейді. Ал кемпіріне төрт жас­тағы «қарауылды» теліп бергеніне кө­кесі өзінше риза…

***
Жасы отыздан асса да әлі басын құ­рамай жүрген ағасын «тәте» дей­тін. Апасы тәтесін шақырып алып «кө­кеңнің далаға кеткеніне біраз бол­ды, қарап келші» дегенін көр­пе­нің астында жатып естіді. Сонда да ұйқысын қимай, шолжаңдығына ба­сып жата берген. Таңғы астың жағ­дайын реттеген апасы, мұны тұр­ғызып алды. Жуындырып, киімін ауыс­тырып, дастарқан басына әкел­ді. Жаңа піскен бауырсақтың иісі мұрнын жарып бара жатса да, бала қо­лын созбайды. Өйткені алдымен кө­кесі ауыз тиюі керек.
Есік айқара ашылды. Екі ағасы кө­кесін арқалап келе жатыр екен. «Құ­дай-ай» деуге шамасы жеткен апа­сы орнынан ұшып түрегелді. Қо­самжарланып бұл да ерді. Үйдегілер аяқ асты абыржыды да қалды. Әй­теуір, азан-қазан. Төрде жатқан кө­­­кесінің қолын уқалап апасы отыр. Ауыл­дағы медпунктте жұмыс істей­тін анасы қолына дәрі-дәрмегін кө­теріп алып олай-бұлай жүгіреді. Аға­лары бір-біріне соғысып ол жүр. Екі көзі бағырайған бала апасының қа­сында мына көріністі тамашалап үн­сіз ғана мұңаяды. Бір кезде үсте­ріне ақ халат киген бірнеше адам сау етіп үйге кіріп келді. Мұны желке­сі­н­ен сүйреп, дәлізге шығарып жі­бер­ген. Ішкі бөлмеден әлсін-әлсін апа­сының дауысын естиді. «Не бол­ды­лап» жатыр. Дәрігерлерің үн қат­пайды. Мына үнсіздік апасының жа­нын жаншып барады. Одан сайын сұрақ­тың астына алады әлгілерді. Әл­ден уақыт өткенде апасының дауыс салып жылағанын естіді. Ау­даннан келген дәрігерлер сол үнсіз қалпы есіктен шыға берді. Ашылған есік­тен ентелей ішке енген. Апасы кө­кесінің кеудесіне басын қойып, боз­дап отыр екен. Қасына барып еді… «Айырылып қалдық қой», – деп баласын құшақтап жылап жатты. Апасына қосылып бұл да екі көзіне ерік берді.
Өлік үстінде шырқырап жылаған жас баланы кім жақтырсын?! Үл­кендердің бірі төргі бөлмеге кіргізіп жіберіп, есігін сыртынан құлыптап тастаған. Нәп-нәзік саусақтарымен есік­ті қанша тартқыласа да ашыл­ма­ды. Ашу мен ызаға булығып есікті сындырмаққа бекінген. Онысынан да түк шықпады. Әбден діңкелеген ба­ла жерді сабалап жылап жатты. Әл­ден уақытта бір көше кейін тұра­тын Байдүйсен ақсақал ішке кірді. Артынан дәрігер ілесе келді. Дәрігер ақ­сақалдың білгін түріп, әлденені қолына қапсыра байлап, өзі сағаттың тіліне ұқсас дүниеге қарап, үнсіз отыр­ды. Сосын: «Қан қысымыңыз кө­те­ріліп кетіпті, қатты уайымдауға бол­майды», – деп бір дәріні берді. Дә­ріні тілінің астына салған Бай­дүй­сен қарт үнсіз ғана отырған. Жерде жы­лап жатқан баланы қасына шақы­рып, қапсыра құшақтады. Көзінен ақ­қан жас тарам-тарам болып мұр­тын айналып өтіп, иегінен жерге та­мып жатыр. «Байеке, көп ұза­май­мын. Көп ұзамаймын. Артыңнан бара­мын», – деді де егіле берді. Ара­да айға жуық уақыт өткенде екінші кө­шеде Байдүйсен қарттың денесін кө­терген көпшілік қорымды бетке ал­ды. Ол да қандыкөйлек досының соңынан иті жоқ ауылға кете бар­ды…
***
Ауыл шетіндегі зиратта қара қо­рым адам жүр. Кранға дейін әкеп қой­ған ба, қалай? Адам жерлеп жат­қанда әйел мен бала мортық басына бармайды әдетте. Бұлар апасы екеуі қорымның сыртында қарап тұрды. Құжынаған адам көкесі оралған кі­лемді жердің астына жіберді. Сосын әлгі кран үлкен бетонды жерден іліп алып көкке көтерді. Жан-жақтан ай­қайлаған адамдар бетонды көке­сі­нің үстіне әкеп қоя салды.
– Апа, көкем келмей ме енді?
– Келеді, балам.
– Үстіне кранмен бетонды жаба сал­ды ғой. Одан қалай шығып келе­ді?
Апасы баласының қолын қатты қы­сып, кемсеңдеп жылай бастады.
Содан бастап үйінен адам арыл­майтын болды. Сөмкесін көтеріп кемпірлер, таяғына сүйеніп шалдар, ауылға үш мезгіл қатынайтын авто­бустан лек-легімен әртүрлі кісілер ке­леді. Үйде көбіне үш-ақ адам бо­лады. Апасы мен інісі, сосын өзі. Бұл көшедегі қақпаның алдында тұрады. Үйге келе жатқан адамдарды бай­қаса, есіктің алдында тұрып: «Бұрын келіп пе едіңіз?» – деп сұрайды. Бұ­ған дейін келіп кеткен адам болса, үнсіз үйге жібереді. «Келмеп едік» десе, қазір «апама ескертейін» деп үйге тұра жүгіреді. Бұл жақтың сал­тында қара жамылған үйдің жоқтау айтатын дәстүрі бар. «Үйге адамдар ке­ле жатыр» дегенді естіген апасы үн шығарып, қожайынын жоқтап жы­лай бастайды. Көрісіп болған соң, басу айтып, дастарқан басына оты­рып, құран сүрелерінен қайырып, бет сипайды. Бала жыл бойына дар­базадан әрі аттап баспады. Өзі құралпылас балалармен ойнамады. Қызық қуған құрдастарына ермеді. Апасының жағдайына алаңдап, ете­гіне оралып жүрді де қойды. Ешкім жоқта апасы өзінен кейінгі інісін аяғына тербетіп отырып жылайды. Бұл аз ғана уақыттың ішінде шөгіп, қар­тайып қалған апасының жасын сүртеді. Апасы өле-өлгенше: «Ер­жан­тайым, қолқанатым, көкесі кет­кенде қасымда болған жантор­сы­ғым», – деп айналатын. Осы күндері апасының айналып, қолынан сүйіп, маңдайынан иіскегені есіне түссе, жүрек тұсы шымырлап қоя береді.
Көкесінің жылдық асын берген­нен кейін туған-туыстың бірі көңіл шай­ға шақырған. Апасы баласын ертіп шықты. Екеуінің де бір жылдан бері үйдің қорасынан әрі асқаны осы.
– Апа, енді бізге далаға шыға беру­ге бола ма? – деп сұрады бала. Үн­сіз ғана бас изеген апасының кө­зінен жас парлай берді…

***
Уақыт деген пенденің ырқына еш көнбейді екен ғой. Зырылдаған за­мананың диірмені кешегі құл­ды­раңдап шауып жүрген, апасының мәсісінен шыққан бар тәттіге жалғыз өзі иелік етіп үйренген шолжаң ба­ла­ның да мұртын тебіндетіп, дауы­сын гүрілдетіп, есейтіп қоя берді. Мек­теп бітіріп, Алматыға оқуға ат­тан­дырды. Апасы жиі келіп тұратын. Басынан сипап, маңдайынан иіске­геннен кейін қасыма отыр деп ым­дайтын. Сосын мәсісінің бір бұры­шы­нан мың теңгелікті алып, қолын кө­легейлеп, ешкімге көрсетпей ақ­ша ұсынатын. Бұл – апасының бая­ғыдан әдеті. Мәсісінен шыққан дү­ниенің барлығын осы баласына еш­кімге көрсетпей береді. Өзгесі көр­мейді емес қой. Тек көрмеген сыңай танытады. Әйтпесе, барлығы ба­ласын мәсісімен тойындырып жүр­генін біледі.
Оқу арасындағы бір демалыста ауылға келген. Қалтарыста отырған апасын байқамай қалыпты. Ана­дай­дан көрінген анасына сәлем беріп, бұ­рыла бергені сол еді «Е, туған ше­шең­ді тауыпсың ғой» деген қарлы­ғың­қы дауысты құлағы шалды. Жү­гіріп барып, апасының етегіне аунай кеткен. Апасы сонда қатты ренжіген. Айналып-толғанып жүріп ашуын зорға тарқатып еді.
Кейін үйленіп, үйлі-жайлы бол­ға­нында да апасы мәсісінен тығып тамақ беретін әдетін қоймады. Тіпті, мұ­ның балаларынан жасырып, мә­сісінен әлдебір нәрсені алып, қо­лына ұстатып жататын. «Апа-ау, басқа-басқа өзімнің балаларымнан тығып бермей-ақ қойсаңызшы», – деп күлсе, апасы «Әдірем қалғырлар жемей жүр дейсің бе? Қойшы соларды. Ешкімге көрсетпей өзің ғана жеші», – дейтін еміреніп. Ал бұл болса, апасы берген дүниені одан тығып балаларына ұсынып жататын. Ой, дүние-ай десейші.
Ауылда күн суық деп Алматыға жіберген апасы жылы жерде жатпапты. «Қайтамға» басыпты. Бір апта бойына ешкімге көнбегесін ағалары көлікке салып, ауылға қарай алып шыққан ғой. Отарға жетер-жетпес су сұраған екен. Судан бір ұрттапты-дағы: «Салқын екен», – деп қоя салыпты. Сосын көйлегін түзеп, басындағы орамалын реттеп, тіп-тік отырған дейді. Сол отырған күйінде мына дүниеден көшіп кете беріпті ғой.
Кішкентайынан бауырында өсіп, бар қамқорлығын көріп, аналық махаббатын сезініп, әбден еркелеп өскен апасын әлі де өлдіге қимай жүр еді. Көкесінің қасына жатқызып, жер астына өз қолымен тапсырып, жетілігін берген күннің өзінде көңілінде апасы ақ жаулығы желбіреп, таяғына сүйеніп, тық-тық басып келетіндей көрінетін. Есік алдындағы өзінің үйреншікті орнына жайғасып, жүнін түтіп немесе тәтесі еккен азғантай мақтаның қоқысын тазалап отыратын сияқты болатын. Әлгінде үйге кіргенде бала күнінен ас-ауқат жеген, кәмпит пен пі­ші­найдың түр-түрінен ауыз тидірген мәсінің қисайып бір бұрышта жатқанын көріп, бозарып отырғаны мынау. Енді бұған ешкім, ешқашан мәсіден құрт-кәмпит алып бер­мейтін болды…

ПІКІРЛЕР5
Дәулет 28.10.2017 | 00:43

Өмір ғой… Мәсілер иесіз қалып барады. Керуен деген осы, бір орнында қалмақ ештеңе жоқ…

Айнұр 03.01.2018 | 09:08

Ең болмаса осындай әжемізде болмады ғой біздің.Жан тебірентер жақсы әңгіме екен.

Асель 04.07.2019 | 00:37

Менде кемпір- шалдың тәрбиесінде болдым. Ата-әже деп атаған емеспін. Апа-көке деп атайтынмын. Дүниеге әкеле салысымен, қырқымнан шықпай жатып -ақ, әке-шешем кемпір-шалдың қойнына салған.
Өздерінің айтуы бойынша жас болдық, әрі сен диплом қорғайтын кезде дүниеге келдің, сол себептен кемпір-шалдың қызы боп шыға келдің дейтін. Апам мен көкемнің мені әке-шешемнен қызғанышын айтып жеткізе алмаймын енді. Ал апам мен көкем бір-бірінен мені қызғанатыны ол мүлде бөлек әңгіме.)))). Керемет дүние жазыпсыз. Оқып көңілім босап, біраз нәрселер ойға түсті. Жатқан жерлері жайлы болсып, иман байлықтарын берсін!

Аноним 01.05.2020 | 10:29

Керемет жазылған дүние екен.

Аноним 03.05.2020 | 00:58

Ержан ағамның сипаттауы ерек қой…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір